Қазақстан Республикасы
Ұлттық экономика министрлігі
2015 жылғы 30 маусым №478 Астана қаласы Қазақстан Республикасы
Энергетика министрлігі
2015 жылғы 22 маусым №419 Астана қаласы
БІРЛЕСКЕН БҰЙРЫҚ
Қазақстан Республикасының магистральдық құбыр туралы заңнамасын сақтау
саласында тәуекел дәрежесін бағалау критерийлерін және тексеру парағының
нысанын бекіту туралы
«Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік бақылау және қадағалау туралы» Қазақстан Республикасының 2011 жылғы 6 қаңтардағы заңының 11-бабы 1-тармағының 2) тармақшасына, 13-бабының 3-тармағына және 15-бабына сәйкес бұйырамыз:
1. Мыналар:
1) осы бірлескен бұйрықтың 1-қосымшасына сәйкес Қазақстан Республикасының магистральдық құбыр туралы заңнамасын сақтау саласында тәуекел дәрежесін бағалау критерийлері;
2) осы бірлескен бұйрықтың 2-қосымшасына сәйкес Қазақстан Республикасының магистральдық құбыр туралы заңнамасын сақтау саласында тексеру парағының нысаны бекітілсін.
2. Осы бірлескен бұйрықтың 3-қосымшасына сәйкес кейбір бірлескен бұйрықтардың күші жойылды деп танылсын.
3. Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігінің Мұнай-газ кешеніндегі экологиялық реттеу, бақылау және мемлекеттік инспекция комитеті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:
1) осы бірлескен бұйрықты Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;
2) осы бірлескен бұйрық Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгенінен кейін он күнтізбелік күн ішінде оның көшірмесін мерзімді баспа басылымдарында және «Әділет» ақпараттық-құқықтық жүйесінде ресми жариялауға жіберуді;
3) осы бірлескен бұйрықты алған күннен бастап он күнтізбелік күн ішінде оның көшірмесін Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің «Республикалық құқықтық ақпарат орталығы» шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнына жіберуді;
4) осы бірлескен бұйрықты Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігінің ресми интернет-ресурсында және мемлекеттік органдардың интранет-порталында орналастыруды;
5) осы бірлескен бұйрықты Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркегеннен кейін он жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігінің Заң қызметі департаментіне осы тармақтың 2), 3) және 4) тармақшаларымен көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді ұсынуды қамтамасыз етсін.
4. Осы бірлескен бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасы энергетика вице-министріне жүктелсін.
5. Осы бірлескен бұйрық оның алғаш ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрі
________________ М.ҚҰСАЙЫНОВ
Қазақстан Республикасы Энергетика министрі
_____________ В.ШКОЛЬНИК
«КЕЛІСІЛГЕН»
Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының Құқықтық
статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің төрағасы
________________ С.АЙТПАЕВА
30 маусым 2015 жыл
Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің 2015 жылғы 30 маусымдағы
№478 және Қазақстан Республикасы Энергетика министрінің 2015 жылғы 22 маусымдағы
№419 бірлескен бұйрығына 1-қосымша
Қазақстан Республикасының магистральдық құбыр туралы заңнамасын
сақтау саласында тәуекел дәрежесін бағалау критерийлері
1. Жалпы ережелер
1. Осы Қазақстан Республикасының магистральдық құбыр туралы заңнамасын сақтау саласында тәуекел дәрежесін бағалау критерийлері (бұдан әрі – критерийлер) «Қазақстан Республикасындағы бақылау және қадағалау туралы», «Магистральдық құбыр туралы» Қазақстан Республикасының заңдарына және Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің м.а. 2015 жылғы 17 сәуірдегі № 343 бұйрығымен (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде №11082 болып тіркелген) бекітілген Мемлекеттік органдардың (Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкін қоспағанда) тәуекелдерді бағалау жүйесін қалыптастыру әдістемесіне сәйкес, магистральды құбыр саласындағы тексеру субъектілерін тәуекел дәрежелеріне жатқызу мақсатында әзірленді.
2. Осы критерийлерде мынадай ұғымдар пайдаланылады:
1) тәуекел дәрежесін бағалаудың объективті критерийлері (бұдан әрі – объективті критерийлер) – белгілі бір қызмет саласында тәуекел дәрежесіне байланысты және жеке тексерілетін субъектіге (объектіге) тікелей байланыссыз тексерілетін субъектілерді (объектілерді) іріктеу үшін пайдаланылатын тәуекел дәрежесін бағалау критерийлері;
2) тәуекел дәрежесін бағалаудың субъективті критерийлері (бұдан әрі – субъективті критерийлер) – нақты тексерілетін субъектінің (объектінің) қызмет нәтижелеріне байланысты тексерілетін субъектілерді (объектілерді) іріктеу үшін пайдаланылатын тәуекелдер дәрежесін бағалау критерийлері;
3) Қазақстан Республикасының магистральдық құбыр туралы заңнамасын сақтамаған кездегі тәуекел – магистральдық құбыр саласындағы субъектілердің, өнімді жөнелтушілердің және мемлекеттің мүліктік мүдделерін бұзудың ықтималдылығы;
4) тексеру субъектісі – өнімді магистральдық құбырмен тасымалдауды және (немесе) оны пайдалануды жүзеге асыратын магистральдық құбырдың меншік иесі немесе магистральдық құбырға өзге де заңды негізде иелік ететін заңды тұлға не олар уәкілеттік берген, операторлық қызметтер көрсететін ұйым, ұлттық оператор;
5) өнім – тасымалдауға дайындалған және тиісті өнім түрі бойынша техникалық регламенттерге сәйкес келетін, тұрақты (тұрақты емес) газ конденсатын, табиғи газды, ілеспе газды, басқа да сұйық және газ тәріздес көмірсутектерді, мұнай өнімдерін қоса алғандағы мұнай.
3. Қазақстан Республикасының магистральдық құбыр туралы заңнамасын сақтау саласындағы бақылау субъектілерін (объектілерін) ішінара тексеру үшін тәуекел дәрежесін бағалаудың объективті критерийлері қолданылмайды.
Қазақстан Республикасының магистральдық құбыр туралы заңнамасын сақтау саласында ішінара тексерулер үшін тәуекел дәрежесін бағалау критерийлері субъективті критерийлер арқылы қалыптастырылады.
2. Субъективті критерийлер
4. Субъективті критерийлер:
1) деректер базасын қалыптастыру және ақпарат жинау;
2) ақпаратты талдау және тәуекелдерді бағалау кезеңдерін қолдана отырып жүзеге асырылады.
5. Деректер базасын қалыптастыру және ақпарат жинау заңнаманы бұзатын тексерілетін субъектілерді (объектілерді) анықтау үшін қажет.
Тәуекелдер дәрежесін бағалау үшін мынадай ақпарат көздері:
1) мұнайды тасымалдау графигінің нақты орындалуы туралы тексерілетін субъект ұсынатын есептілікті мониторингілеу нәтижелері (бұдан әрі – есептілікті мониторингілеу нәтижелері);
2) бұрынғы тексерулер нәтижелері. Бұл ретте, бұзушылықтың ауыртпалық дәрежесі (өрескел, елеулі, болмашы) тексеру парағында көрсетілген заңнамалар талаптарын сақтамау жағдайында белгіленеді;
3) расталған шағымдар мен арыздардың болуы және саны.
6. Қолда бар ақпараттар негізінде субъективті критерийлер үш көрсеткішке бөлінеді: өрескел, елеулі, болмашы.
Субъективті критерийлер осы Критерийлерге қосымшада келтірілген.
7. Өрескел көрсеткіштің бір расталған критерийі 100 көрсеткішіне теңеледі және ішінара тәртіпте тексеру жүргізу үшін негіз болып табылады.
Егер өрескел көрсеткіш бойынша критерийлерді растау анықталмаса, онда тәуекел дәрежесін анықтау үшін елеулі және болмашы көрсеткіштер бойынша қосынды мәні есептелінеді.
8. Елеулі көрсеткіштердің қосынды мәнін анықтаған кезде орындалмаған критерийлердің үлестік салмағына 0,7 коэффициенті қолданылады және мына формула бойынша есептелінеді:
ΣРз = (ΣР2 х 100/ΣР1) х 0,7
мұндағы:
ΣРз – елеулі көрсеткіштердің қосынды мәні;
ΣР1 – бағалауда қолданылатын елеулі дәрежедегі критерийлердің жалпы саны;
ΣР2 - елеулі дәрежедегі расталған критерийлер саны.
Бұрынғы тексерулер нәтижелері үшін талаптарды сақтамау критерийлерді растау болып табылады.
Болмашы көрсеткіштердің қосынды мәнін анықтаған кезде орындалмаған көрсеткіштердің үлестік салмағына 0,3 коэффициенті қолданылады және мына формула бойынша есептелінеді:
ΣРн = (ΣР2 х 100/ΣР1) х 0,3
мұндағы:
ΣРн – болмашы көрсеткіштердің қосынды мәні;
ΣР1 – болмашы дәрежедегі бағалауда қолданылатын критерийлердің жалпы саны;
ΣР2 – болмашы дәрежедегі расталған критерийлер саны.
Бұрынғы тексерулер нәтижелері үшін талаптарды сақтамау критерийлерді растау болып табылады.
Бір ақпарат дереккөзі бойынша тәуекел дәрежесінің көрсеткіші мына формулаға сәйкес көрсеткіштеді қосу арқылы анықталады:
ΣР = ΣРз + ΣРн
мұндағы:
ΣР – субъективті критерийлер бойынша тәуекел дәрежесінің жалпы көрсеткіші;
ΣРз – елеулі көрсеткіштердің қосынды мәні;
ΣРн – болмашы көрсеткіштердің қосынды мәні.
Тәуекел дәрежесінің көрсеткіштері бойынша тексерілетін субъект (объект) мыналарға жатады:
1) жоғары тәуекел дәрежесі – тәуекел дәрежесі 60-тан 100-ге дейінгі көрсеткіш кезінде және оған қатысты ішінара тексеру жүргізіледі;
2) жоғары тәуекел дәрежесіне жатпайды – тәуекел дәрежесі 0-ден 60-қа дейінгі көрсеткіш кезінде және оған қатысты ішінара тексеру жүргізілмейді.
Тәуекел дәрежесін талдау мен бағалау кезінде нақты тексерілетін субъектіге (объектіге) қатысты бұрын ескерілген және пайдаланылған субъективті критерийлердің деректері қолданылмайды.
Ішінара тексеру жүргізу мерзімділігі жылына бір реттен аспауы тиіс.
Алынған мәліметтер талдауы және көрсеткіштер бойынша бағалау жарты жылдықта бір рет жарты жылдықтың соңғы айының бірінші күніне дейін жүргізіледі. Өткен жартыжылдық талдау кезеңі болып табылады.
Ішінара тексерулер тиісті есептік кезең басталғанға дейін күнтізбелік он бес күннен кешіктірмей құқықтық статистика және арнайы есептер бойынша уәкілетті органға жіберілетін жүргізілген талдау және бағалау нәтижелері бойынша жартыжылдыққа қалыптастырылатын ішінара тексерулер тізімдері негізінде жүргізіледі.
Ішінара тексерулердің тізімдері:
субъективті критерийлер бойынша ең жоғары тәуекел дәрежесі көрсеткіші бар тексерілетін субъектілердің (объектілердің) басымдығын;
мемлекеттік органды тексеруді жүзеге асыратын лауазымды адамдарға түсетін жүктемелерді ескере отырып жасалады.
Қазақстан Республикасының магистральдық құбыр туралы заңнамасын
сақтау саласында тәуекел дәрежесін бағалау критерийлеріне қосымша
Тәуекел дәрежесін бағалаудың субъективті критерийлері
Ақпарат көзі Критерийлер Көрсеткіш дәрежесі
есептілікті мониторингілеу нәтижелері Есептілік үш және одан көп рет ұсынылмады Өрескел
Мұнайды тасымалдау кестесін орындауды бұзушылық анықталды Елеулі
Есепті беру мерзімін бұза отырып ұсыну Болмашы
бұрынғы тексерулер нәтижелері
(ауыртпалық дәрежесі көрсетілген талаптарды сақтамау жағдайында белгіленеді) Мұнай және газ саласындағы тау-кен (пайдалы қазбаларды барлау, өндіру), мұнай-химия өндірістерін жобалауға (технологиялық) және (немесе) пайдалануға, магистральдық газ құбырларын, мұнай құбырларын, мұнай өнiмдерi құбырларын пайдалануға лицензияның бар болуы туралы талапты сақтамау Өрескел
Теңіз айдынында тартылған магистральдық құбырда авариялардың алдын алу құралдарын, сондай-ақ авария болған жағдайда немесе жөндеу жұмыстары кезінде теңіз айдыны арқылы тартылған магистральдық құбырды өнімді теңізде өндіру объектілерінен ажыратуға мүмкіндік беретін бекіткіш арматураны орнату бойынша талапты сақтамау Өрескел
Мұнай тасымалдау жөніндегі қызметтер жөнелтушілерге магистральдық құбырлар жүйесінде мұнай тасымалдаудың қолданыстағы маршруттары бойынша мұнайды магистральдық мұнай құбырларымен тасымалдау кестесіне сәйкес ұсыну бойынша талапты сақтамау Елеулі
Магистральдық құбырдың еркін өткізу қуаты бар кезінде магистральдық құбыр меншік иесінің не магистральдық құбырға өзге де заңды негізде иелік ететін тұлғаның немесе олардың атынан жөнелтушілерге өнімді тасымалдау жөніндегі қызметтерді көрсетуге уәкілеттік берілген оператордың Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген шектеулерді ескере отырып, барлық жөнелтушілерге өнімді магистральдық құбырмен тасымалдау жөніндегі қызметтерге қолжетімділікті ұсынудың тең жағдайларын қамтамасыз ету міндетін сақтамау. Елеулі
Мұнай тасымалдауға арналған магистральдық құбырларды «Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес есепке алудың бақылау аспаптарымен жарақтандыру бойынша талапты сақтамау Елеулі
Магистральдық құбырдың шектеулі өткізу қуаты кезінде мұнайды және (немесе) мұнай өнімдерін магистральдық құбырмен тасымалдау жөнінде қызметті көрсетудің кезектілік бойынша тәртібін сақтамау Елеулі
Тасымалдау көлемін және бағытын көрсете отырып, мұнайды тасымалдау кестесін нақты орындау туралы есептілікті уәкілетті органға белгіленген мерзімде ұсыну бойынша талапты сақтамау Болмашы
расталған шағымдар мен арыздардың болуы және саны Үш немесе одан да көп расталған шағымдар мен арыздардың болуы Өрескел
Екі расталған шағым мен арыздың болуы Елеулі
Бір расталған шағым мен арыздың болуы Болмашы
Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің 2015 жылғы 30 маусымдағы
№ 478 және Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігінің 2015 жылғы 22 маусымдағы
№ 419 бірлескен бұйрығына 2-қосымша
нысан
Тексеру парағы
Қазақстан Республикасының магистральдық құбыр туралы заңнамасын сақтау саласында магистральдық құбырдың меншік иесіне немесе магистральдық құбырға өзге де заңды негізде иелік ететін заңды тұлғаға не олар уәкілеттік берген операторлық қызметтерін көрсететін
ұйымға, ұлттық операторға қатысты
(тексерілетін субъектілердің (объектілердің) біртекті тобының атауы)
Тексеруді тағайындаған мемлекеттік орган _________________________________________________________
______________________________________________________________________________________________
Тексерулерді тағайындау туралы акт ______________________________________________________________
(№, күні)
Тексерілетін субъектінің (объектінің) атауы ________________________________________________________
______________________________________________________________________________________________
Тексерілетін субъектінің (объектінің) (ЖСН), БСН ___________________________________________________
______________________________________________________________________________________________
Орналасу орны ________________________________________________________________________________
______________________________________________________________________________________________
№ Талаптар тізбесі Талап етіледі Талап етілмейді Талаптарға сәйкес келеді Талаптарға сәйкес кел-мейді
1 2 3 4 5 6
1 Мұнай және газ саласындағы тау-кен (пайдалы қазбаларды барлау, өндіру), мұнай-химия өндірістерін жобалауға (технологиялық) және (немесе) пайдалануға, магистральдық газ құбырларын, мұнай құбырларын, мұнай өнiмдерi құбырларын пайдалануға лицензияның бар болуы туралы талапты сақтау
2 Теңіз айдынында тартылған магистральдық құбырда авариялардың алдын алу құралдары, сондай-ақ авария болған жағдайда немесе жөндеу жұмыстары кезінде теңіз айдыны арқылы тартылған магистральдық құбырды өнімді теңізде өндіру объектілерінен ажыратуға мүмкіндік беретін бекіткіш арматура орнату бойынша талапты сақтау
3 Мұнай тасымалдауға арналған магистралдық құбырлар «Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес есепке алудың бақылау аспаптарымен жарақтандыру талабын сақтау
4 Мұнай тасымалдау жөніндегі қызметтер жөнелтушілерге магистральдық құбырлар жүйесінде мұнай тасымалдаудың қолданыстағы маршруттары бойынша мұнайды магистральдық мұнай құбырларымен тасымалдау кестесіне сәйкес ұсыну бойынша талапты сақтау
5 Магистральдық құбырдың еркін өткізу қуаты бар кезінде магистральдық құбырдың меншік иесі не магистральдық құбырға өзге де заңды негізде иелік ететін тұлға немесе олардың атынан жөнелтушілерге өнімді тасымалдау жөніндегі қызметтерді көрсетуге уәкілеттік берілген оператор Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген шектеулерді ескере отырып, барлық жөнелтушілерге өнімді магистральдық құбырмен тасымалдау жөніндегі қызметтерге қолжетімділікті ұсынудың тең жағдайларын қамтамасыз ету талабын сақтау
6 Магистральдық құбырдың шектеулі өткізу қуаты кезінде мұнайды және (немесе) мұнай өнімдерін магистральдық құбырмен тасымалдау жөнінде қызметті көрсетудің кезектілік бойынша тәртібін сақтау
7 Магистральдық құбырдың меншік иесі не магистральдық құбырға өзге де заңды негізде иелік ететін тұлға есепті уәкілетті органға мерзімінде ұсыну бойынша талапты сақтау
Лауазымдық тұлға (тұлғалар) ___________ _______ _____________________
(лауазымы) (қолы) (Т.А.Ә. (болған жағдайда)
___________ _______ _____________________
(лауазымы) (қолы) (Т.А.Ә. (болған жағдайда)
Тексерілетін субъектінің жетекшісі _________________________ ______
(Т.А.Ә. (болған жағдайда), лауазымы) (қолы)
Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің 2015 жылғы 30 маусымдағы
№ 478 және Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігінің 2015 жылғы 22 маусымдағы
№ 419 бірлескен бұйрығына 3-қосымша
Күші жойылды деп танылған кейбір бірлескен бұйрықтардың тізбесі
1. «Қазақстан Республикасының магистральдық құбыр туралы заңнамасын сақтауда жеке кәсіпкерліктің тәуекел деңгейлерін бағалау өлшемдерін бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Мұнай және газ министрінің м.а. 2012 жылғы 30 шілдедегі № 127 және Қазақстан Республикасы Экономикалық даму және сауда министрінің м.а. 2012 жылғы 31 шілдедегі №234 бірлескен бұйрығы (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 7834 болып тіркелген, 2012 жылғы 29 тамыздағы 2012 жылғы 12 қыркүйектегі № 562-569, 598-602 (27642, 27675) «Егемен Қазақстан» жарияланған);
2. «Қазақстан Республикасының магистральдық құбыр туралы заңнамасын сақтауда жеке кәсіпкерлікті тексеру парағының нысандарын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Мұнай және газ министрінің м.а. 2012 жылғы 30 шілдедегі № 128 және Қазақстан Республикасы Экономикалық даму және сауда министрінің м.а. 2012 жылғы 31 шілдедегі № 235 бірлескен бұйрығы (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 7835 болып тіркелген, 2012 жылғы 12 қыркүйектегі № 598-602 (27675) «Егемен Қазақстан» газетінде жарияланған);
3. «Қазақстан Республикасы Мұнай және газ министрілігі мен Қазақстан Республикасы Экономикалық даму және сауда министрлігінің кейбір нормативтік құқықтық актілеріне өзгерістер енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Мұнай және газ министрінің 2013 жылғы 11 шілдедегі № 123 және Қазақстан Республикасы Өңірлік даму министрінің м.а. 2013 жылғы 16 шілдедегі № 135/НҚ бірлескен бұйрығымен бекітілген өзгерістер енгізілетін Қазақстан Республикасы Мұнай және газ министрлігі мен Қазақстан Республикасы Экономикалық даму және сауда министрлігінің нормативтік құқықтық актілері тізбесінің 6-тармағы (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 8619 болып тіркелген, 2013 жылғы 11 қыркүйектегі № 209 (28148) «Егемен Қазақстан» газетінде жарияланған).
Бұйрық Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2015 жылғы 3 тамызда Нормативтік құқықтық кесімдерді мемлекеттік тіркеудің тізіліміне №11828 болып енгізілді.