15 Қыркүйек, 2016

Ұлттық құндылықтар ұйытқысы

562 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
bakirКез келген ұлттық құндылықтар әлеуметтік іс-әрекеттің нәтижесі мен ғасырлар қалыптастырған мәдени мұралар жиынтығы. Олар материалдық және санадағы ой мен түрлі әдет-ғұрып нормаларын қамтиды. Бірақ, бұл бөлініс шартты сипатта болады, ал тұтастық пен олардың бір-бірімен тығыз қарым-қатынастары тұрақты мәнге ие. Бірінсіз-бірі жоқ және бірін-бірі толықтырып отырады. Адамзат  өмір сүру қамымен жүріп мұндай құндылықтарды ойымен де, қолымен де жасап жатқанын күнделікті байқай бермейді. Алайда уақыт өте келе таразы басына түскен іс-әрекеттер мен ой-тұжырымдар сан түрлі сынақтан өтіп сұрыпталып, жетіліп, толыға түсіп, шынайы құндылықтарға айналады. Сондықтан да кез келген құндылықтардың терең тарихы бар. Сонау сақ, ғұн дәуірлерінен бастау алатын ұлттық құндылықтарымыз, әсіресе, рухани сала заманына сай талай тағдырды басынан кешірді. Ұлы далада ислам діні тарай бастағанда әдет-ғұрып, салт-санамызға да әсер етті. Бұл құбылыс дінімізге, соған байланыс­ты ділімізге кейбір өзгерістер әкелді. Бірақ, олардың көбі дала тұрғындарына жұғымды болды, тұрмысына жат болмады. Ертеден келе жатқан харамға қол салмау, өтірік айтпау, жемқорлық, парақорлық, әділеттілік сияқты қасиеттер жаңа ислами мазмұнға ие болды. «Құдайдан қорықпағаннан қорық», «Ар-ұят – иманнан» деген тәрізді көптеген сөз тіркестері мақал-мәтелге айналды. Бұлар ұлттық құндылықтарымызды арттыра түсті. Ұлтымыздың рухани құндылықтарын тығырыққа тіреген тірлік патшалық Ресейдің елімізді отарлауымен тікелей байланысты болды. Сан ғасыр сараланған әдет-ғұрпымыз, салт-санамыз күрделі өзгерістерге ұшырады. Отаршылар  жеріміздің құйқалы өңірлерін иемденумен шектелмей, тілімізді, дінімізді, ділімізді өзгертуді қолға алды. Өйткені қандай бір халық болмасын оны айқындаушы осы үш ерекше қасиет жойылса, олардың иесін кез келген тобырға қосуға болады. Патшалық Ресейдің саяси жалғасындай болған кеңестік кезеңде рухани ахуалымыз жүдеушілікке ұшырады. Бұл ұлттық құндылығымыздың негізгі тіні тілден бас­талды. Жетпіс жылдай уақытта қабылданған республиканың екі Конституциясында ұлтымыздың тілі туралы бір ауыз сөз болмады. Ұмытылған жоқ, саналы түрде жазылмады. Қайшылықты саясат 1938 жылғы 13 наурызда БКП(б) ОК мен КСРО Халық комиссариаты «Ұлттық республикалар мен облыстардағы мектептерде орыс тілін міндетті оқыту туралы» қаулыдан бас­тау алды. Біздің басшылар да, «белсенді» қосшылар орыс мектебін, орысша оқытуды көбейтуге, орыс тілінің үстемдігін орнатуға жеңдерін түре, маңдайларын сүрте кірісті. Ал саяси қуғын-сүргінді басынан кешіп отырған зиялы қауым аузын аша алмады, үрейлі бұқара халық үнін шығармады. Содан аз жылда орыс тілі үстемдік алып шыға келді. Мұның зардабын жетпіс жылдай көрдік, көп нәрсеге көндік. Шетелдік құбылыстарды тарихи, ұлттық ерекшеліктерімізді ескере отырып қабылдай алмаудың  кейбір қиыншылықтарын бастан кешірудеміз. Соның бірі – халқымыз үшін аса мәнді тіл кеңістігіне қатысты  болып отыр. Тіпті, тәуелсіздік алғанымызға ширек ғасыр болса да, мемлекеттік мәртебесі бар ана тіліміздің мәселесі көбейе түспесе, азая­тын түрі жоқ. Бүгінгі Тәуелсіздік талаптары, Мәңгілік Ел болу мақсаты әрбір азаматымыздың ата-баба дәстүріне берік болуын, асыл рухани құндылықтарымызды қатаң сақтай білуді, оны қазіргі заманның өскелең  идеяларымен байыта алуды қажет етіп отыр. Алғы шепте ана тіліміз тұруы қажет. Егемендіктің елең-алаңында елжанды азаматтарымыз тіліміз үшін күресіп, оның мемлекеттік мәртебесіне қол жеткізуі тегіннен-тегін емес еді. Өйткені тіл рухани құндылықтардың «локомотиві» қызметін атқарады. Онсыз алға жылжу мүмкін емес. Әбдіжәлел БӘКІР, саяси ғылымдар докторы, профессор