Рио-де-Жанейрода өтіп жатқан Паралимпиялық ойындарда бұдан бір ай бұрын Олимпиада жүлдегерлері атанғандар көрсеткіштерінен де артық нәтижеге жетіп, сенсация жасаған спортшылар шықты. Атап айтқанда, 1 500 метрге жүгірген 4 бірдей паралимпиадашы Ойындарда осы қашықтықта чемпион болған 26 жастағы америкалық Мэттью Центровицке алтын медаль алып берген уақыттан да жылдам жүгіріп өтті.
Олимпиадада бәсекелестерінің бәрінен десі басым болу үшін Мэттьюге 3:50,00 минут жетіп жатыр еді. Ал арада ай өткен соң сол қашықтықта алғашқы 4 орынды алған паралимпиадашы жігіттердің бәрі де бұдан озық нәтиже көрсетті. Айталық, Паралимпиаданың алтын медалін жеңіп алған алжирлік Абделлатиф Бака бұл межені 3:48,29 минутта бағындырды. Оның соңындағы эфиопиялық Тамиру Демиссе 3:48,49 минут көрсеткішімен – күміс, кениялық Генри Кирва 3:49,59 минут көрсеткішімен қола медальдарға қол жеткізсе, алжирлік Фуад Бака 3:49,59 минутпен жүлдесіз қалды. Байқап отырған болсаңыздар, мұның өзі Риода топ жарған Центровицті артта қалдырып кетеді!
Айтқандай, Олимпиадада осы қашықтықта күміс медаль жеңіп алған да Алжирдің Махлуфи Тауфик есімді атлеті еді. Ол бұған 3:50,11 минут нәтижесімен жетті.
Рас, Центровицтің жеке үздік көрсеткіші бұлардың бәрінен әлдеқайда жоғары – 3:30.40 минут.
Дегенмен, фактінің аты факт. Олардың сол жолы мүмкіндігі шектеулі спортшылардан қалып қойғандары шындық.
Руслан ИГІЛІК