Бокстан Қазақстанның жастар құрама командасы Германияның Одердегі Франкфурт қаласында өткен дәстүрлі Бранденбург кубогы турнирінен 4 алтын, 3 күміс және 2 қола медаль алып келді. Боксшылардың осы жеңісіне байланысты құраманың бас жаттықтырушысы Ғалым Кенжебаев Германияда кезекті рет өткен турнир туралы әңгімелеп берді.
– Турнирдің өту деңгейі қалай болды?
– Биылғы турнир өте жақсы өтті. Оған қатысушы елдер ең мықты деген боксшыларын әкелді. Біздің елден осы додаға 9 спортшы қатысып, соның төртеуі жеңімпаз атанды. Атап айтқанда, 49 килодағы Рустам Хамидов, 52 кило салмақтағы Айдос Арапов, 75 килодағы Бек Нұрмағамбет және 81 килоға дейінгі салмақтағы Бекзат Нұрдәулетов жеңімпаз атанды. Жалпыкомандалық есепте Қазақстан командасы екінші орын алды. Бірінші орынды бес алтын жүлдемен Ресей боксшылары иеленсе, үшінші орынға бір алтын медаль жеңіп алған Германия құрамасы көтерілді.
Бұрын боксы жақсы дамыған елдер басқаларын қалпақпен ұрып аламын деп келетін. Ал қазір жағдай мүлдем басқаша. Турнирде бәсекелестер көп болды. Соның ішінде солтүстік көршіміз туралы айтқым келеді. Ресейдің жастар құрамасы қандай турнирге, жарысқа болсын жақсы дайындықпен баратындарын тағы бір рет байқатты. Биыл қараша айында Санкт-Петербургте жастар арасында әлем чемпионаты өтеді. Ресей осы додаға шындап кіріскен сияқты. Біздің команда да осы чемпионатқа дайындықты бастап кетті. Қазір құрамада құрмет тұғырына көтерілуге асығып жүрген боксшылар баршылық.
Жалпы, әлем бойынша жыл сайын талантты, талапты жастар көбейіп жатыр. Бұл бокс сияқты спорт түрлерінің жылдам дамып келе жатқанын көрсетеді. Қазір әлемде спорттың осы түрін ұлттық спортқа айналдырған елдер көп. Сол үшін біз Бранденбург кубогы турнирінде әлем чемпионатына қатысатын командаларды зерттеп көрдік. Ал жаһандық жарыста біздің басты қарсыласымыз Ресей мен Кубаның құрамалары болады. Биылғы сында кубалықтар болған жоқ. Бірақ біз оларды Ресейдің Анапа қаласында өткен турнирде көргенбіз.
– Құрама жиі өзгеріп тұра ма?
– Иә, жиі өзгереді. Команданың резерві тағы бар. Жаңа айтқанымдай, біздің елде бокс жақсы дамып келеді. Бокс федерациясы жастар боксын дамыту үшін қолда бар мүмкіндіктердің бәрін жасап отыр. Спорттың осы түріне елімізде үлкен мән беріледі. Елімізде бокс орталықтары, спорт кешендері бар. Олар көбейе береді. Спорт кешендерінің көбейгені жастарға жақсы. Қазір өз басым көшеде бос жүрмей, спорт алаңдарына баратын жастардың талайын көріп жүрмін. Менің ойымша, Данияр Елеусіновтің алтын медалі, Әділбек Ниязымбетов, Василий Левит, Иван Дычко мен Дариға Шәкімованың жүлделері жастарға жақсы әсер етуде. Бір өкініштісі, біздің елде ауыр салмақтағы жастар аз. Осы жағы проблема болып тұр. Сондықтан ауылдарға барып, ел-елді аралап, ауыр салмақтағы жастарды іздеуіміз керек.
–
Команда әлем чемпионатынан басқа тағы қандай жарыстарға қатысады? Жалпы, алдағы жоспары қандай?
– Украинада ағайынды Кличколардың турнирі өтеді. Соған боксшыларды тағы іріктейміз. Оған кімнің баратынын шешеміз. Жеңіл салмақта басқа боксшылар баратын шығар. Бізде жеңіл салмақта бәсеке күшті. Шаршы алаңның шаңын қағып, өзін көрсеткісі келетін жастар көп. Олар жас болған соң, жеңіске деген жігері, ұмтылысы бар. Ал Бранденбург кубогы турниріне қатысқан 75 және 81 килоға дейінгі салмақтағы боксшылар сол күйінде қалады. Содан кейін қазан айында Халықаралық әуесқой бокс қауымдастығының академиясында өтетін жиынға қатысамыз. Ал қарашада әлем чемпионатына соңғы дайындықты жүргіземіз. Чемпионат 14-26 қараша күндері өтеді.
Әңгімелескен
Дастан КЕНЖАЛИН,
«Егемен Қазақстан»
АСТАНА