16 Қыркүйек, 2016

«Хат қоржын»

442 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін
iОқырман ...үміт артады Колледж оқушылары көбеюде Кәсіптік білім беретін біздің колледжге оқуға тілек білдірушілер қатары жыл өткен сайын көбейіп келеді. Алдағы оқу жылына кәсіптік бағдар жөнінде қам-қаракет жасап жүрген педагогтар тоғыз ауылда болды. Мұның бір нәтижесі – тоқсанға таяу ұл мен қыз осында оқуға өтініш беріп, болашақ мамандықты колледжде алуға тілек білдірді. Олардың арасында орта мектепті биыл бітіргендер де бар. Механизатор, шофер, сондай-ақ тоғызыншы сынып базасында техник-механик, бухгалтер-экономист мамандықтарына қызығушылар да аз емес. Агроколледждегі қазір білім мен тәрбие алып жатқан оқушылардың сексен екісі механизатор мамандығы бойынша оқып, олардың жиырмасы колледжді биыл аяқтап отыр. Осы мамандық бойынша өткен жылы бітірген жиырма екі шәкірттің он үші жұмысқа орналасты. Ал тоғызы әскерге шақырылып азаматтық парыздарын өтеп жүр. Болашақ жастардікі десек, осындай шәкірттерге үміт артамыз.  Бақытжан ҚОСПАЕВ, Ақжайық аудандық аграрлық-техникалық колледждің директоры Батыс Қазақстан облысы ...дабыл қағады Шипажай қашан қалпына келеді? Талдықорған қаласынан 110 шақырымдай қашықтықта орналасқан  «Қапал-Арасан» шипажайы кезінде бір мезгілде 500-ден аса тынығушы қабылдайтын. Кейіннен шипажай ғимараты талан-таражға түсіп ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кеткен. Құдай оңдап, жанашыр азаматтардың арқасында 1992 жылы салынған 150 орындық шипажай ғана сақталып қалған. 2000 жылдардан бастап ғимараттарды қалпына келтіру, күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. 2002 жылдан шипажай демалушыларды қабылдай бастады. Айта кетейік, Арасан суы құрамы жағынан аты белгілі шипажайлардың суынан бір мысқал кем емес. Емге дауа тұрғысынан алғанда Венгрия, Италия, Франция секілді әлемге белгілі елдердің атақты шипажайларынан асып түспесе, кем соқпайды. Енді, міне, шипажай тағы қаңырап бос қалды. Бағдарлы бағдарламаларда адамның денсаулығына зор ықпал ететін демалыс орындарына мән беріліп жатса да «Қапал-Арасан» шипажайына кезек тимей тұр. Бұл сауықтыру орны жұмыс істеп тұрғанда жұмысшылардың басым бөлігі жергілікті тұрғындардан болған. Бүгінде ауыл халқы да демалыс орны қайта ашылса нұр үстіне нұр болар еді дейді. Қазақстандағы ежелгі ем орнының бірі саналған шипажай қайта қалпына келтірілсе екен.  Әсет ДАЛБАЕВ Алматы облысы, Ақсу ауданы, Арасан ауылы ...үлгі тұтады Құлпынай өсіре білесіз бе? Бүгінде кәсіп ашамын деген азаматқа Үкімет мүмкіндік беріп, бизнесті дамытудың жол картасы бойынша елімізде жас кәсіпкерлердің саны артып келеді. Сондай азаматтың бірі –  жас кәсіпкер Нұрлан Апушев шаруашылығын бастап, Астанадан 60 шақырым жердегі Шортанды ауданының Дамса ауылында құлпынай егуді қолға алды. Тамшылатып суару әдісімен 1 гектар жеріне 50 мың құлпынай көшетін отырғызып, әр апта сайын 100 келі өнім алып отыр. «Химиялық препаратсыз табиғи өнімге деген сұраныс та арта бастады. Егін алқабында 20-ға жуық адам еңбек етіп жатыр. Әр түп құлпынай жидегі 1-2 келі өнім береді, жазғы аумақта 100 тоннаға дейін өнім жинаймыз деп жоспарлап отырмыз. Жаңбырлы жазда өсім бітік шығады және құлпынаймен қатар басқа да жидектердің түрін көбірек өсіруді  қолға алсақ дейміз», дейді шаруа қожалығының басшысы Н.Апушев. Сырттан келетін қоспасы бар жемістен гөрі өзімізде өндірілген өнімді неге тұтынбасқа? Өзгенің өніміне жүгіргенше, өзіміздікін өрге сүйрейік, шетелге экспортқа шығуына жағдай жасайық.  Айман МҰҚЫШОВА Ақмола облысы, Шортанды ауданы, Дамса ауылы ...батасын береді Жас отбасына ақ тілек Шетпе ауылындағы Жастар орталығында «Ақ орамал» акциясы аясында «Жас жанұяға ақ тілек» атты іс-шара өткізілді. Тәрбиелік маңызға ие шараны орталық басшысы А.Қонарбаев жүргізді.  «Жастар орталығы Елбасының тапсырмасына орай қолға алынған республикалық дәрежедегі шараның тәрбиелік маңызына мән беріп отыр. Қазіргі таңда жастар тәрбиесіне, оның ішінде жас  шаңырақ көтерген отбасыларына қатысты күрмеуі қиын мәселелер көбейіп келеді. Оның басты себебі – отбасылық құндылықтардың төмендеуі. Бүгінгі шарада жастар отбасы тәрбиесі және ақ орамалдың қасиеті жайында тереңірек мәлімет алады деген ойдамын», – деді А.Қонарбаев. Шарада жастарға ақ орамал туралы әндер айтылып, өлеңдер оқылды.  Т.Ахметова деген әжей жас шаңырақ көтерген Алмас пен Жаннұрға ақ батасын беріп,  ақ орамалын тақты.  Дина ӨТЕПБЕРГЕНОВА, Жастар орталығының маманы Маңғыстау облысы, Маңғыстау ауданы   ...жаңалығын жеткізеді Сурет-видео студиясы ашылды Қызылордалық жас кәсіпкер Нұржан Әбсаматов мемлекеттік қолдау аясында өзінің кәсіби сурет-видео студиясын ашу идеясын сәтті жүзеге асырды. Кәсіпкердің идеясын Даму қоры қолдап, 7 млн теңге көлеміндегі несие қаражатына қажетті құрал-жабдықтар сатып алды. Алғашқы мамандығы бойынша Нұржан Әбсаматов қаржыгер болса да, мамандығы бойынша  жұмыс жасамаған. Студенттік жылдары ол сурет-видео салонына фотограф-дизайнер болып жұмысқа тұрған. Салонда екі жыл қызмет атқарған Нұржан өзінің тек осы саланы дамытқысы келетінін түсінді. Сондықтан да Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясына оқуға түсіп, продюсер мамандығы бойынша диплом алды. – Оқуымды аяқтаған соң сурет және видео саласында жинаған тәжірибеме сүйеніп,   бизнес бастауға бел будым. Студиямды ашып та үлгердім және бүгінде қызылордалықтарға тиімді бағада кәсіби қызмет көрсетудеміз, – дейді Н.Әбсаматов. Бизнесті қалай жүргізу және қаржыны тиімді басқаруды үйрену үшін  кәсіпкер «Студенттік жастардың кәсіпкерлік бастамасын қолдау» бағдарламасы аясында кәсіпкерлік курсын оқыды. Ол қазір 6 азаматты тұрақты жұмыспен қамтып отыр. Ниет БҰЙЫРСЫН Қызылорда