16 Қыркүйек, 2016

Бұрынғы бас дәрігерге үкім шықты

263 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін
Осыдан төрт ай бұрын Жам­был облыстық денсаулық сақтау басқар­масының басшысы Е.Мас­алимов және оның екі орынбасары, сондай-ақ, мемлекеттік сатып алу, экономика және бюджеттік жоспарлау бөлімдерінің жетекші­лері пара алды деген күдікпен ұс­талған болатын. Сол кезде Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросының облыстық департаменті бұл лауа­зымды тұлғалардың аймақтағы меди­циналық мекемелердің бас дәрігерлерінен 300 бен 10 000 доллар көлемінде пара алғандарын жариялаған еді. Сондай-ақ, олар қызметтік өкілеттіктерін теріс пай­далана отырып, дәрі-дәрмек және медициналық жабдықтардың тендерлерін өткізуде заңсыз әрекет­терге барған. Жуықта №2 Тараз қа­ла­лық соты Жамбыл об­лыс­­­тық денсаулық сақтау басқармасының бұрынғы басшысы Е.Масалимовке үкім шығарды. Іс материалдарына қа­рағанда, Масалимов өзінің қызметтік өкілеттігін пайдалана отырып, осы басқармаға қарасты емдеу мекемелері басшыларынан бірнеше мәрте пара алған. Мысалы, қалалық перинатальдық орталықтың бас дәрігері өз бас­тығы Маса­лимовке барып, сапалы меди­циналық қызмет көрсету үшін жылжымалы рентген аппаратын беруді өтініпті. Басқарма басшысы оған «жолын жасау­ды» айтқан. Ақырында бас дәрігер оған 150 мың теңге пара бергеннен кейін бұл мәселе оң шешіліпті. Сот Е.Масалимовті Қыл­мыстық кодекстің 361 және 366-баптары бойынша кінәлі деп тауып, қызметтік өкілеттігін теріс пайдаланып, пара алғаны үшін оған 10 млн 800 мың теңге көлемінде айыппұл салды. Және мүлкі тәр­кіленіп, өмір бойына мем­лекеттік қызметте жұмыс істеуіне тыйым салынды.  Оралхан ДӘУІТ, «Егемен Қазақстан» Жамбыл облысы