16 Қыркүйек, 2016

Жасампаздық жылнамасы

339 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін
egemen-kazakhstan-1993zhyl-mamyr1993 * 4 мамырда Абай атындағы опера және балет театрында Абай қорының тұсаукесер рәсімі өтті. Жиында сөз сөйлеген Президент Нұрсұлтан Назарбаев 1995 жылды Абай жылы ретінде атап өтуге ЮНЕСКО-ға ұсыныс жасағанын хабарлады. *8 мамырда Алматының бас алаңында Тәуелсіз Қазақстанның алғашқы әскери шеруі өтті. *11 мамырда Алматыда мемлекеттің идеологиялық қызметінің мәселелері жөніндегі республикалық кеңес өткізілді. Кеңесте баяндама жасаған Президент Н.Ә.Назарбаев Қазақстан қоғамының алдында тұрған маңызды міндеттердің бірі азаматтық келісім мен ұлтаралық татулықтың нығаюы екенін жариялады. Баяндама мәтіні «Егемен Қазақстан» газетінің 13 мамырдағы нөміріне басылды. * 15 мамырда Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесі Төралқасының «Қазақша жер-су аттарын, атауларды орыс тілінде дәл жазуды тәртіпке келтіру және Қазақстан Республикасы жекелеген әкімшілік-аумақтық мекендерінің атауларын өзгерту туралы» қаулысы жарияланды. Қаулыға сәйкес Джамбулская, Джувалинский, Джезды, Джетысай, Чу, Курдай деген сияқты қолдан бұзылған атаулар, Новороссия, Ильич, Дзержинский, Калинин, Володарский, Ермак, Андреев, Новотроицкое сияқты көптеген аудан, елді мекен аттары ауыс­тырылып, халқымыздың ардақты ұлдарының есімімен аталатын тұтас аудандар, қазақы топонимиканы қалпына келтірген жатық та жарасымды атаулар жердің сәнін кіргізіп, елдің көңілін көтеріп тастады. * 18 мамырда Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың Түрікменстанға ресми сапары басталды. Үш күнге созылған ресми сапар барысындағы Елбасының Түрікменстан Президенті С.Ниязовпен кездесулері Қазақстан мен Түрікменстан арасындағы өзара түсіністік пен сенімнің жоғары деңгейін көрсетті. Сондай-ақ, осы күні «Жаппай саяси қуғын-сүргіндер құрбандарын ақтау туралы» Заңы баспасөзде жарияланды. *21 мамырда Алматыда Қазақстан инженерлерінің І съезі ашылды. Съезде Президент Н.Ә.Назарбаев сөз сөйледі. Елбасы республика инженерлерінің алдында тұрған ортақ міндеттерді атап көрсетті. * 25 мамырда Үндістан Республикасының Премьер-министрі Нарасимха Рао Қазақстанға ресми сапармен келді. Қазақ­стан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен Үндістан үкі­метінің басшысы Нарасимха Рао бастаған ресми делега­циялардың келіссөзі барысында Елбасы сауда-экономикалық ынты­мақтастықтың нақты мәселелерін шешумен айналысатын арнаулы комиссия құру туралы үнді жағының ұсынысын қолдады. * 26 мамырда Президент Нұрсұлтан Назарбаев «Оңтүстік Қазақстан облысында «Ордабасы» ұлттық тарихи-мәдени және табиғи қорығын құру туралы» қаулыға қол қойды. * 28 мамырда киелі Ордабасы жерінде үлкен жиын өтті. Шымкент қаласына жақын жердегі қасиетті Ордабасы биігінде еліміз тәуелсіздік алғалы бергі өткен тойлардың шырқау биігіндей болған ұлы той – Төле биді, Қазыбек биді, Әйтеке биді еске алуға арналды. Жүз елу мыңға тарта адам жиналған тойға Қазақстан, Өзбекстан және Қырғызстан президенттері қатысты. «Егемен Қазақстан» газетінің 27 мамырдағы нөмірі осы тойға арналды. egemen-kazakhstan-1993zhyl-mamyr* 1 маусымда Президент Алматыға қысқа мерзімді жұмыс сапарымен келген Грузия Президенті Э.Шеварднадзені қабылдады. * 5 маусымда Министрлер Кабинетінің шешімімен республикалық көркемөнер колледжі мен Т.Жүргенов атындағы Алматы мемлекеттік театр-көркемсурет институтының осы саладағы факультеттері негізінде Қазақ мемлекеттік көркемөнер академиясы құрылғаны жарияланды. Үкіметтің сол күнгі тағы бір қаулысымен Т.Жүргенов атындағы Алматы мемлекеттік театр-көркемсурет институты осы атпен Қазақ мемлекеттік театр және кино институты болып қайта құрылды. * 8 маусымда Қырғыз Республикасының Президенті Асқар Ақаев Қазақстанға келді. Президенттер – Нұрсұлтан Назарбаев пен Асқар Ақаев екі жақты қарым-қатынастың барлық салаларын одан әрі кеңейтіп, тереңдету мәселелері бойынша әңгімелесті. Асқар Ақаев ұлттық валюта – сом енгізілгеннен кейінгі өз республикасындағы ішкі саяси жағдай туралы Қазақстан Президентін хабардар етті. *9 маусымда Президент Н.Ә.Назарбаев «Атқарушы өкіметтің орталық органдарының жүйесін ретке келтіру туралы», «Мемлекеттік басқару орталық органдарының тізбесі туралы» және «Қазақстан Республикасы Министрлер Кабинетінің құрамы туралы» жарлықтарына қол қойылды. Бұл жарлықтар бойынша бірқатар құрылымдар өзара қосылып, Үкімет ықшамдала түсті. * 14 маусымда «Қазақстан Республикасындағы банкілер туралы» Заң күшіне енді. *15 маусымда Мемлекеттік саясат жөніндегі ұлттық кеңестің бірінші мәжілісі өтті. Нұрсұлтан Назарбаев мемлекеттік саясаттың үш басты міндеті ретінде қоғамды реформалаудың басым бағыттарын талдап жасауда, халықтың демократиялық сана-сезімін тәрбиелеуде тұрақтылықты, этносаралық келісімді және азаматтық татулықты қолдау жөніндегі мемлекеттік және басқа құрылымдардың күш-жігерін үйлестіріп отыруды атап көрсетті. *16 маусымда Президент «Қазақстан Республикасындағы құқықтық реформаның тиімділігін арттыру жөніндегі шаралар туралы» Жарлыққа қол қойды. Жарлық бойынша Президент пен Министрлер Кабинетінің заң шығару бастамасы ретінде дайындалатын заңдар жобаларының басты әзірлеушісі болып Әділет министрлігі белгіленді. * 17 маусымда Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен Президент жанынан Қазақстан Республикасының Қауіпсіздік кеңесі құрылды. Сондай-ақ, осы күні Елбасы «Қазақстан Республикасы ұлттық қауіпсіздік комитетінің әскери институтын құру туралы» Жарлығы шықты. Бұл институт Ф.Э.Дзержинский атындағы Алматы Жоғары шекаралық командалық училищесі негізінде ашылды. * 23 маусымда Мемлекет иелігінен алу мен жекешелендірудің 1993-1995 жылдарға арналған ұлттық бағдарламасын жүзеге асыру мақсатында Президент жарлығымен Инвестициялық жекешелендіру купондары туралы ереже күшіне енгізілді. *3 шілдеде Талдықорған өңірінде Салқам Жәңгір хан мен Жалаңтөс батыр бастаған сарбаздардың Орбұлақ шайқасында жоңғарларға тойтарыс берген тамаша жеңісінің 350 жылдығы аталып өтті. Сол шайқаста Жәңгір хан 600 батырымен 50 мың адамдық дұшпан қолын тоқтатқан. Ал Самарқаннан Жалаңтөс Баһадүр бастаған 20 мың сарбаз көмекке келген соң жоңғардың 10 мың адамының көзі жойылған.