Президент жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде «Қазақстан» телерадиокорпорациясының телевизиялық контентін жаңғырту» тақырыбында брифинг өтті. Жиында аталған корпорацияның бүгінгі тыныс-тіршілігі, алда тұрған міндеттері жан-жақты сөз болды.
Брифингте «Қазақстан» РТРК» АҚ басқарма төрайымы Нұржан Мұхамеджанова бірінші кезекте құрылымның қазіргі таңдағы қызметіне, негізгі бағытына, бүгінге дейінгі жетістіктеріне, көрсетілімдердің сапасының артқанына тоқталды. Оның айтуынша, 2016-2017 жылдарға арналған телевизиялық жаңа маусымын «Бұл – менің Қазақстаным!» ұранымен ашқалы отырған корпорация көптеген жұмыстарды қолға алмақ.
Корпорацияның бағдарламалық міндеттерінің бірі – мемлекеттің ақпараттық саясатын тиімді жүзеге асыруға, Тәуелсіз Қазақстанның жетістіктерін, мемлекеттік бағдарламалардың орындалу жолдарын және нәтижелерін кеңінен насихаттауға, қайырымдылық шараларға қолдау білдіруге бағытталған, деді төрайым.
Ол жаңа маусымда «Қазақстан» телеарнасы өз көрермендеріне жаңа жобалар мен телесериалдар ұсынатынын, халықтың көңілінен шыққан, рейтингі жоғары бағдарламалардың жаңа шығарылымдарын тамашалауға мүмкіндік болатынын жеткізді. Көпшіліктің көңілінен шыққан «Айтуға оңай...», «Дара жол», «Әйел бақыты», «Түнгі студия», «Таңшолпан» сынды бағдарламалар жаңа тұрпатта, жаңарған студияда өз көрермендеріне қызықты тақырыптар ұсынбақ. Жаңа телевизиялық маусымда ақпараттық-сараптамалық бағдарламалар блогы күшейтіледі. «Сұхбат» жобасы тікелей эфирде тарайды. Бағдарлама барысында қарапайым адамдардың көкейіндегі өзекті мәселелер қозғалып, түрлі сауалдарға Үкімет мүшелері, билік, саясат және бизнес өкілдері жауап беретін болады, деді Нұржан Жалауқызы.
Сонымен бірге, Н.Мұхамеджанова эфирге «Қоғамдық кеңес» жобасы шыға бастағанын сөз етті. «Қоғамдық кеңес» жобасында спикерлер тікелей эфирде түрлі тақырыпқа байланысты пікір алмасу мақсатында сұхбат өрбітеді, сондай-ақ, «100 нақты қадам» Ұлт Жоспары аясында құрылған қоғамдық кеңестер мүшелерінің қатысуымен пікірталас ұйымдастырылады, деді ол.
Бұған қоса, Н.Мұхамеджанова жаңа маусымда тұлғалардың түрлі оқиғалары әңгіме арқауы болатын «Ой-толғау» жобасы көпшілік назарына ұсынылатынын, оны танымал ақын Қалқаман Сарин жүргізетінін, таяу күндерде халықаралық жобалар пішімінде көрерменге жол тартатын «Қазақстан» телеарнасының тұңғыш өнімі – «Мұзарт LIVE» мега жобасы эфирге шығатынын сөз етті.
Брифингте аталып өткендей, аталған корпорация еліміздің телевизиялық нарығындағы сериалдар өндірісінің көшбасшысы болып отыр. Қазіргі таңда құрылым кітапханасында 62 сериал сақталуда екен. Сонымен бірге, корпорация 100 сериялы «Айман-Шолпан» драмасын көрсете бастады. Бұл сериалдың негізгі желісі отбасы институтын нығайту идеясы төңірегінде өрбиді.
Жиын барысында басқарма төрайымы құрылымның халықаралық ынтымақтастықты күшейтуге жіті көңіл бөліп отырғанына назар аударды. «Қазақстан» телерадиокорпорациясы контентін жаңғырту аясында халықаралық ынтымақтастықты дамытты және отандық контентті ілгерілету мақсатында белсенді жұмыстар жүргізуде. Атап өтетін болсақ, «Сырғалым», «Қасым», «Жамбыл» және басқа да көркем сериалдардың лицензиялық құқығын бізбен қатар, таяу және шетелдер иеленіп отыр. Бұл корпорацияға өз контентін қаржыландыру жөнінде жүйелі түрде жұмыстар жүргізуге мүмкіндік береді. 2015 жылы корпорация өз құқықтарын жүзеге асырудан 5 миллион теңге табыс түсірсе, осы жылдың 8 айында бұл көрсеткіш 38 миллион теңгеге жетті. Өткен аптада «Қазақстан» РТРК» АҚ тапсырысымен түсірілген «Әке» сериалының бас кейіпкері Оңтүстік Кореяда өткен «Сеул Интернейшнл Драма Эвордс-2016» халықаралық кинофестивалінде «Жылдың үздік актері» деп танылды. Осылайша, корпорациямыз шетелдік нарықтағы қазақстандық киноөндірістің орнын нығайта отырып, өз үлесін қосуда, – деді Н. Мұхамеджанова.
Одан әрі спикер корпорация құрамындағы Қазақ радиосы мен «Kazsport», «Балапан» телеарналарының жетістіктерін, алдағы жоспарларын атап өтті. Сонымен қатар, таяуда «Егемен Қазақстан» газеті мен «Қазақстан» телерадиокорпорациясы арасында өзара ынтымақтастық туралы меморандум бекітілгенін мәлімдеді. Бұл меморандум отандық ақпарат кеңістігінде сапалы өнімдер ұсынуға және шығармашылық үдерістерде өзара қолдау көрсетуге жол ашады, деді ол.
Нұржан Жалауқызы Мемлекет басшысының тапсырмасымен «Қазақстан» телеарнасының толықтай қазақ тілінде хабар таратқанына биыл 5 жыл толып отырғанын айта келіп, 2011 жылдың қыркүйек айынан бері «Қазақстан» телеарнасының аудиториялық көрсеткіштері жағымды өзгерістерге толы болғанына тоқталды. 2011 жылдың қыркүйегінде телеарнаның 100 мың+ аудиториясындағы орта тәуліктік үлес 4,5 пайызды, ал 2016 жылдың 8 айы ішіндегі телеарнаның осы сияқты аудиториялық үлесі 8,5 пайызды құрады. Бұл үлестің 89 пайызға өскенін көрсетеді, деді басқарма төрайымы.
Брифинг барысында «Қазақстан» РТРК» АҚ тапсырысымен түсірілген «Әке» сериалының бас кейіпкерін сомдаған, Оңтүстік Кореяда өткен «Сеул Интернешнл Драма Эвордс-2016» халықаралық кинофестивалінде осы еңбегі үшін «Жылдың үздік актері» атағы берілген Азат Сейтметов пен сериал авторы және режиссері Асқар Ұзабаев сөз сөйлеп, өздеріне қолдау білдірген тараптарға алғыстарын жеткізді.
Жолдыбай БАЗАР,
«Егемен Қазақстан»