15 Қыркүйек, 2016

Қызғалдақ құмда да қауыз жарады

333 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
Араб мемлекеттері лигасы мен Біріккен әйелдер ұйымы Каир қаласында «Араб аймағында бейбітшілік пен қауіпсіздікті қамтамасыз етудегі әйелдердің рөлі» атты тұңғыш конференциясын өткізді. Бұл шара БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің 1325 қарарына сәйкес, аймақтық стратегияны өзара бірлесе жүзеге асыруға бағытталды. Қарар шиеленістердің алдын алып, оны шешудегі, бейбіт келісімдерге келудегі әйелдердің маңызды рөлін бекітіп, олардың бейбітшілік пен қауіпсіздікті нығайтуда теңдей дәрежеде белсенді қатысуына мән береді. Алқалы жиынға әйелдер мәселесімен айналысатын Араб мемлекеттері лигасының Бас хатшысы Ахмед Абуль Гейт, Египеттегі әйелдер жөніндегі Ұлттық кеңестің президенті Майя Морси, Иордания әлеуметтік даму министрі Кхвал Ибрагим Армоути секілді бірнеше араб министрлері мен ықпалды өкілдері қатысты. 22 араб елдері министрлерінің ішінде бас баяндамашы ретінде шақырылып, бейбітшілік үшін өмір сүріп, жұмыс істеуге дайын 3,6 млрд әйелдің аналық жүрегінің тілегін өзге ай­мақ­тан келіп қатысқан Бейбітшілік жолындағы халық­аралық әйелдер тобының төрайымы (IWPG) Ким Нам Хи ханым жеткізді. Ол әлемдегі ынты­мақ­тастықтың өркендеуіне күш салып жүрген әйелдер қауымының бейбітшілік орнатуда да жетекші рөл атқаруын баса айтты. Дүниежүзілік дамуда дәл білім секілді іл­гері жылжытатын күш кемде-кем. Гендерлік те­пе-теңдік білімнен бастау алуы тиіс, әлемдік пікір­таластарда әйелдердің де үні естілуі керек. Әйелдердің қатысуымен өткен бейбітшілік келі­сімдері, гуманитарлық қолдаулар мен экономикалық дамудың үздік нәтижелері оның оң сипат таныта бастағанын көрсетіп отыр. Бізде адам­затты бейбітшілікке бастайтын қуатты күш бар. Сол арқылы бейбітшілік орнатып, оны бала­ларымызға сыйлайық, деді Ким Нам Хи конференцияда. Хи ханым конференцияға қатысқан Араб әйелдері ұйымының бас директоры Мерват Таллауи, Араб елдері лигасының Әйелдер, балалар мен отбасы ісі жөніндегі департаменттің директоры Иная Мекави, Палестинаның Әйелдер ісі жөніндегі министрі Хайф әл-Ага секілді жоғары дәрежелі ресми өкілдермен кездесу өткізіп, араб аймағындағы әйелдердің мүмкіндігін кеңейту туралы мәселелерді талқылады. Конференциядан кейін Ким Нам Хи араб әйелдерінің жаңа бетбұрысқа бейімділігін көріп қуаттанғанын, ал мұның бейбітшілік жолындағы Халықаралық әйелдер тобы (IWPG) құрған әлемдік желілермен өзара әрекеттестікте алтын кө­пір бола алатынын айтты. Басқосуда ұсы­ныл­ғандай, бұл Египеттен бөлімше құруға негіз бола алады. Айта кету керек, IWPG бейбітшілікке жету жолында әйелдердің жасына, нәсіліне қарамастан біріккен, әлемдегі барлық әйелдермен жұмыс істейтін үкіметтік емес ұйым болып саналды. Түйінін айтқанда, араб әлемінде де әйелдердің бейбітшілік үшін қызметі басталды. Айгүл АХАНБАЙҚЫЗЫ, «Егемен Қазақстан» АЛМАТЫ