16 Қыркүйек, 2016

Универсиада нысандары жіті бақылауда

282 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
2_universiada_2017_1Алдағы жылы Алматы қаласында басталатын XXVIII Қысқы Универсиаданың дүбірі жақындап қалды. Ал студенттердің спорттық жарыстары өтетін нысандардағы әзірлік жұмыстарының дер кезінде аяқталуы жіті назарда тұр. Алматыда Қысқы Универ­сиа­даның дайындығын пысықтауға арналған басқосу өтіп, оған халық­аралық студенттік спорт федера­циясының президенті Олег Матыцин бастаған делегация ар­найы келді. Жиында Қысқы Универ­сиадаға қатысуға өтінім берген елдердің өкілдері Алматы қаласының әкімі, XXVIII Қысқы Универсиаданы ұйымдастыру жөніндегі комиссия төрағасының орынбасары Бауыржан Байбектің есебін тыңдап, атқарылған жұмыстарға баға берді. Қала әкімі хабардар еткендей, қазірдің өзінде пайдалануға берілетін жаңа ғимараттар мен күрделі жөндеу жүргізіліп жатқан орындардағы жұмыстар аяқталуға жақын. Нысандар белгіленген мерзімнен 2 айдай уақыт бұрын тапсырылмақшы екен. – Универсиаданың алауы тұтанатын сәтке санаулы ғана уақыт қалды. Бұл жарыс Алма­тының ғана емес, тұтас Қазақ­станның абыройын асқақ­тататын дода. Сондықтан да, жарыс өтетін нысандардың дайын­дығы мен шараның мінсіз ұйым­дас­тырылуына барымызды салып кірісіп жатырмыз. Қазірге дейін негізгі нысандардың құрылысы аяқталып, қолданысқа беруге дайын. Қаламызға спортшы­лармен қатар, жарысты тама­шалауға мыңдаған, жүздеген турист келмекші. Біз, әсіресе, алыс-жақыннан келетін қонақ­тар­дың жеңісті сәттерге куә болуы­мен қатар, Қазақ елінің қонақ­жайлылығын сезініп, риза болып қайтуы үшін барлық жағдайды жа­сауға тиіспіз. Және бұл дода елі­міздің Тәуелсіздігіне 25 жыл толуы және Алматының 1000 жыл­дығы сияқты айтулы мереке­лердің жаңғырығы іспетті, жалпақ жұртқа Қазақстанның спорттық ел екенін тағы да бір жария етеді деп сенеміз, – деді Бауыржан Байбек. Алматыға арнайы келген ха­лық­аралық студенттік спорт феде­рациясының өкілдері үш күн бойына қаладағы нысандар­ды аралап, ғимараттардың Универсиада өткізу талаптарына сәйкестігіне көз жеткізетін болады. Қалмаханбет МҰҚАМЕТҚАЛИ, «Егемен Қазақстан»