16 Қыркүйек, 2016

Шыны өңдеудің шеберлері

552 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін
bezymyannyyКүнделікті қым-қуыт тірлікте аса байқала бермесе де, тапшылығын тұрмыс көтере алмайтын, дереу орны білініп қалатын заттар болады. Соның бірі – кәдімгі айна, шыны. Айнасыз бүгінде айналаны елестету қиын болар. Шынында да солай. Үйдің терезесінен бастап, шынының пайдаланылмайтын жері кемде-кем. Тіпті, қазір құрылыста да шынының орны өзекті болып тұр. Қостанай қаласындағы «Стеклоцентр-2008» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі он бес жылдан бері тұтынушылар қажетін табуға көмектесіп, көңілден шығып келеді. Жыл сайын олардың көрсетер қызмет түрлері де, тауардың әр алуандығы да көбейе түскен. Компания тұтынушыға шыны түрлері мен оны өңдеп, формаға келтіріп берудің түр-түрін ұсынады. Айнаның неше түрі, оның айналасын әрлендіру, жазу, оюлау секілді тұрмысқа сәнді бұйымның барлығы «Стеклоцентр-2008» кәсіпорнының Қостанайдағы цехынан шығып жатыр. Оның дүкенінен тұтынушы тек айна ғана емес, тұрмыста қолданылатын шыныдан жасалған талай бұйымды табады, таңдайды. Үстел, орындық, ас үйдің қабырғасын әрлейтін «алжапқыш», сағат дейсіз бе, шыныдан жасалып сыңғырлап тұрған талай дүниеге тап боласыз. Мұның барлығын жасау кәсіпорын мамандары мен басшыларына Италиядан алдырылған қымбат жабдықтың арқасында мүмкін болды. Компьютерлендірілген станок белгіленген бағдарламамен әйнектің немесе айнаның бетіне тырнақ ізіндей артық сызатсыз қалаған суретті, оюды салып, жазуды шытынатпай жазып береді. Сондай-ақ, осы станоктардың бірімен монолитті шыныны сызатсыз қалаған көлемде, қалаған формада кеседі. Өндірісі озық елдерден үйренгенде ғана кәсіптің қадамы жүретінін ізденген кәсіпкерлер жақсы біліп қалған. Италиядан әкелінген шыны кесетін, өрнектейтін жабдықтардың кепілдігі бар. Егер бағдарламаны өзгерту немесе жаңа материалдар керек болса, кәсіпорын мамандары италиялық зауыттың Мәскеудегі өкілдігіне хабарласады. – Мысалы, жылына екі рет Мәскеудегі зауыт өкілдігіне шығып отырамыз. Өйткені, айна мен шыныларды өрнектегенде олардың астына қалың алюминий тақта қойылады. Оның үстіңгі қабатын жарты жылда бір рет өзгертіп тұру керек. Осыған мәскеуліктер көмекке келеді, – дейді «Стеклоцентр-2008» кәсіпорнының маманы Павел Аксенов. Тұрмыс та, құрылыс та шынысыз болмайды дедік. Соңғы кездері триплекс, яғни «шыңдалған» шыныға нарықта сұраныс көп. Оның мәнісі де, сапасы да қанша балталасаң да шынының жарықшақтары ұшпайтындығында, қауіпсіздігінде. Цех маманы осындай шынының бір бөлігін балталап көрсетті. Мұндай шыны түрін ас үйдің қабырғасын әрлеуге қолданады, сонымен қатар автобустардың терезесіне де осындай қауіпсіз шынылар салынады. Бұл жарақаттың болуын азайтуға ықпал етеді. Құрылыста қазір ірі ғимараттардың есік, терезесін де «шыңдалған» шыныдан салу талап етіледі. Ол кәдімгі шынының бірнеше бетін арасына арнайы пленка салып қабаттап, екі сағат жоғары температурада «пісіріп» жасалады. Мұндай үлкен сұранысқа ие тауарды жасау үшін «Стеклоцентр-2008» кәсіпорнына тағы да шетелдік жетілдірілген станок керек. Оны кәсіпорын басшылығы «Даму-өндіріс» бағдарламасы бойынша алуға қажетті құжаттар дайындау үстінде. Бағасы 95 миллион теңге тұратын станок Қостанайда триплекс шынысын өндіруге мүмкіндік жасайтын болады. Жалпы, «Стеклоцентр-2008» жауап­кершілігі шектеулі серіктестігі мемлекеттік бағдарламаның арқасында тұты­нушы қажетін өтейтін кәсіпорын дәрежесіне көтерілді, нарықты байытты. Шағын және орта кәсіпкерлікті қолдау жөніндегі «Даму» қорының бағдарламасы бойынша 49 миллион теңгені жылына 6 пайыздық үстемемен алған болатын. Соның арқасында әсем бұйымдар өндіріп, тұтынушылар көңілінен шығып, нарықта өзін сенімді сезіне білді. Енді олар кәсіпорынды кеңейтуді жоспарлап отыр. – Мемлекеттік бағдарламаның қолдауы біздің кәсіпорынның нарыққа келуіне толық мүмкіндік жасады. Әттең, Қазақстанда шыны өндіретін өндіріс жоқ.               Біз шыныны Ресей мен Қырғызстаннан тасимыз. Қырғызстанда неміс инвесторлары шыны зауытын салған, шынысының сапасы жаман емес. Біз өз шыны зауытымызды салуды армандаймыз, – дейді Павел Аксенов. Әу баста жалға алған кішкентай цехта терезе желдеткішіне шыны кесумен айналысқан дербес кәсіпорын өзінің жеке ғимараты болуын, үлкен кәсіпорынға айналуды мақсат тұтқан еді. Міне, қазір 150 адамға жұмыс беріп отырған, Астана, Көкшетау, Петропавл қалаларында филиалдары бар ірі кәсіпорынға айналды. Кәсіпорынның шыны шығарар уақыты да келер. Нәзира ЖӘРІМБЕТОВА, «Егемен Қазақстан» ҚОСТАНАЙ