Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрі Ерлан Ыдырысов елімізге алғаш рет келген Гонконгтың қаржы жөніндегі хатшысы (қаржы министрі) Джон Цангпен кездесті.
Кездесу барысында Е.Ыдырысов Қазақстанның негізгі сыртқы саяси басымдықтары мен елімізде инвестициялық климатты жақсарту және арнайы экономикалық аймақтар құру үшін қолданылып жатқан шаралар туралы айтып берді. Ол Қазақстан Гонконгтың қаржы индустриясындағы тәжірибесін зерделеуге мүдделі екенін атап өтті. Сұхбаттасушылар «Астана» халықаралық қаржы орталығы қызметкерлерінің Гонконг қаржы мекемелерінде арнайы тренингтерден өту мүмкіндігін де талқылады.
Джон Цанг өз кезегінде Гонконгтың іскер топтары Қазақстандағы сауда, логистика және қызмет көрсету салаларындағы инновациялық жобаларды қаржыландыруға дайын екенін мәлімдеді.
Сонымен қатар, тараптар Қазақстан мен Гонконг арасындағы инвестицияларды өзара қорғау және көтермелеу, қосарланған салық салуды болдырмау, сондай-ақ салааралық және ведомствоаралық екіжақты құжаттарды қабылдау мәселелерін қарастырды.
«Егемен-ақпарат»