Әдетте біз мың жылдық тарихы бар Алматыны «Мәдени астана» деп әспеттеп жатамыз. Ұлт руханиятының қайнар бұлағына айналған шаһарды қалай мадақтаса да жарасады. Жалпы Алматы қаласы қазақтың мәдениетінде ғана емес, саясат пен экономикада, әлеуметтік даму тұрғысынан да көш бастап тұрған үлкен аумақтық орталық екені даусыз. Десе де дәл осы жерде Алматының алып қаржы орталығы екендігіне баса мән бергенді жөн көрдік.
Ең алдымен Алматының республикалық бюджетке донор қала екендігін айтуымыз керек. Жаңылыспасақ, жалпақ еліміз бойынша бюджет түсімдері жөнінен облыстар арасындағы үштікке еркін кіреді. Былайша айтқанда, Алматы – бай қала! Және Алматыдағы табыстың негізгі үлесі қызмет көрсету саласынан түседі екен. Бұл дегеніңіз – «мәдени астанада» инфрақұрылым мәдениетінің айтарлықтай дамығанының дәлелі. Мәселен, республикамыздың 14 облысындағы экономикалық көрсеткіштердің өзегін ауыл шаруашылығы мен өндіріс көздері құрайтын болса, Алматыдағы қаржылық айналым қызмет көрсету, төлемдер жүйесі, айырбас-брокерлік жүйесінің жақсы жолға қойылғанымен ерекшеленеді.
Мұның сыртында өнім өндіруші және өңдеуші қуатты кәсіпорындардың үлес салмағы бар. Еліміз бойынша өндірістік салада тоқтаусыз жұмыс жасап, отандық нарыққа берік орныққан жүз жиырмадан астам ықшам және үлкен кәсіпорындар Алматы бюджетінің негізгі салымшылары санатында. Сондай-ақ қаланың қаржы қоржынын қампайтып отырған салық төлеушілердің 65 пайызын шағын және орта бизнес өкілдері құрайды. Ал өткен алты айдағы жағдай бойынша Алматының жалпы бюджеті 278 млрд 737,3 млн теңгені құрап, орындалуы жағынан 131,0 пайызға жеткен.
– Алматы – еліміздің көзайым қаласы ғана емес, ұлттық экономикамыздың күре тамыры сияқты қуатты орталық, – дейді экономист-ғалым Рахман Алшанов. – Аймақтардың экономикалық әлеуетін анықтауды жалпы ішкі өнімнің көлеміне қарап айтатын болсақ, бұл жердегі Алматының үлесі 20 пайыздан асып кетті. Ойлап қараңыз, қалада алып өндіріс жоқ, Атырау, Маңғыстау сияқты облыстардағыдай мұнайдан табыс түспейді. Бірақ, біздің қаламыздың бюджеті өзін толық қамтып, республикалық бюджетке донар ретінде қатысып отыр. Мұның басты себебі, қаладағы инфрақұрылымның өте жақсы жолға қойылғандығында болса керек...
Жалпы, Алматының қаржылық әлеуетінің жойқындығын тұтынушылар нарығындағы қолма-қол ақша айналымының көлемінен де білуге болады екен. Еркін ақпарат көздерінің жазуынша, бұл көрсеткіш 1-1,5 млн АҚШ долларын құрайды-мыс...
Еліміздің экономикалық мүмкіндіктері жайлы зерттеу ісімен айналысып жүрген қоғамдық сарапшы, PR маманы Ербол Азанбек Алматының қаржылық қуатын былайша салмақтайды:
– Алматы – қаржылық тұрғыда алғанда Қазақстандағы ең қолайлы қала. Бұған басты себеп – халық санының көптігі, бизнестің шоғырлануы, транзиттік әлеует. Соңғы деректер бойынша қалада 1,7 млн адам тұрады. Оның сыртында басқа өңірлерден уақытша жұмысқа келетін халық пен Алматы облысына қарасты Талғар, Еңбекшіқазақ, Іле аудандарының тұрғындарын қосыңыз. 2 миллионнан асатын тұтынушы бар. Бұл бизнес бастауға жақсы мүмкіндік береді. Жетекші қаржы ұйымдары шоғырланған. Ірі бизнес те, шағын және орта бизнес те бар. Әрі Алматыға ең ірі нарық көзі – Қытайға жақын орналасуы да үлкен мүмкіндіктерге жол ашып отыр. Қытай тауарларының бірінші келіп түсетін жері Алматы. Сандық көрсеткіштерге қарасақ, тек Қазақстан ғана емес, Орталық Азия елдері ішінде бизнеске тартымды да қолайлы. 2015 жылы еліміздің бюджетіне құйылған түсімдердің жалпы көлемі 5178643694 теңге болса, оның 1363110952 теңгесін Алматы қаласы берген. Бұл қаланың әлеуеті жоғары екенін білдіреді.
Енді негізі тақырыпқа оралайық. Алматының өңірлік қаржы орталығы ретіндегі статусын анықтау туралы сөзді Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев 1995 жылы-ақ айтқан болатын. Мұндағы мақсат, қазақтың сүйікті қаласын әлемдегі алпауыт қаржы орталықтары сияқты дербес экономикалық мәртебеге ие болуға қол жеткізу еді. Ұзақ зерттеліп барып жүзеге асқан бұл шараның нәтижесі 2006 жылдың 5 маусымында «Алматы қаласының өңірлік қаржы орталығы туралы» Қазақстан Республикасы Заңының қабылдануына жалғасты. Қазіргі күні Ұлттық банк шеңберінде жұмыс жасайтын өңірлік қаржы орталығы Алматы қаласының экономикасы үшін ғана емес, тұтас ел қазынасы үшін де жауапты міндеттерді атқарып отыр.
– Еліміздегі алғашқы өңірлік қаржы орталығының Алматыда құрылуы кездейсоқ таңдау емес еді, – дейді тағы да қаржы саласының білгірі Рахман Алшанов. – Елбасы осыдан 20 жылдай бұрын бастама көтеріп, Алматыны Гонконг, Дубай, Токио сияқты қаржы орталықтарының қатарынан көргісі келді. Ол кезде экономикамыз әлсіздеу еді, жылдар өте келе біз бұл белесті еңсердік. Алматының ішкі қаржы айналымы салыстырмалы түрде алғанда, мегакөрсеткішке жетті. Қазіргі кезде Алматы әлемнің 136 елі үшін ашық қаржы алаңына айналды. Мұның сыртында дүниежүзілік қаржы айналымында өзіндік орны бар шетелдік банктер де Алматыдағы қаржылық климатты өте жоғары бағалайды.
Қорыта айтқанда, Алматының қаржылық мүмкіндіктеріне жасалған зерттеулер еліміздің мәдени астанасын «қазақтың Франкфурті» атауға негіз болады дейді. Кезінде Қайрат Келімбетов Алматы өңірлік қаржы орталығын әлемдегі бәсекеге қабілетті 83 қаржы орталығымен салыстырғанда, елу сегізінші орынға табан тірегендігін айтқан болатын. Ауыр салмақтағы қаржыгердің бұл сөзі қазіргі күні ел болашағының орасан зор мүмкіндігінің белгісіндей болып көрінеді.
Қалмаханбет МҰҚАМЕТҚАЛИ,
«Егемен Қазақстан»
Алматы