17 Қыркүйек, 2016

Комитеттерге жаңа төрағалар сайланды

198 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін
senat-ulkenСенаттың кезекті жалпы отырысы палата бюросы күн тәртібіне енгізбеген ұйымдастыру мәселелерінен басталды. Отырысты ашып, жүргізген Сенат Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев оларды өзі айтып отырды. Алдымен Төраға Сенат депутаты болып тағайындалған Да­риға Назарбаеваны жаңа қызметі­мен құттықтады. Одан кейін Е­л­басының Жарлығымен Нұрлан Ора­залиннің депутаттық өкілеттігі тоқ­татылатыны жарияланды. Нұрлан Мырқасымұлына Сенат де­путаттығын абыроймен атқар­ғаны үшін ризашылығымызды біл­діреміз. Палата бюросының шеші­мімен ол Президенттің рефор­ма­ларын заңнамалық тұрғыда қам­та­масыз етуге және қазақстандық парламентаризмді дамытуға қосқан үлесі үшін Сенаттың Құрмет грамотасымен марапатталды, деді Қ.Тоқаев. Одан әрі Төраға Сенат депу­тат­тарының құрамындағы өзгерістерге бай­ланысты отырыстың күн тәрті­біне енгізілетін ұйымдастыру мәсе­лелерін жариялады. Алды­мен өзінің атына сенаторлар Асқар Бейсенбаевтың, Ик­рам Адырбековтің, Талғатбек Абай­діл­диннің, Ақан Бижановтың атынан атқарып жүрген қызметтерінен босату туралы өтініш түскенін айтты. Сөйтіп, А.Бейсенбаев – Сенат Төрағасының орынбасары, И.Адырбеков – Халықаралық қа­тынастар, қорғаныс және қауіп­сіздік комитетінің төрағасы, Т.Абай­ділдин – Экономикалық саясат, инновациялық даму және кәсіп­керлік комитетінің төрағасы, А.Би­жанов – Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитетінің төр­ағасы қызметтерінен сена­тор­лар- дың дауыс беруімен босатылды. Се­нат Төрағасының орынбасары қыз­метіне Қасым-Жомарт Кемел­ұлы Бектас Бекназаровты ұсынды. Па­лата депутаттары бұл кандида­тураны бірауыздан қолдады. Бо­саған комитет төрағалығына тиі­сінше Дариға Назарбаева, Асқар Бейсенбаев, Бірғаным Әй­ті­мова сайланды. Ал төраға қыз­метінен босаған сенаторлар өз­дерінің қала­уымен бұрын басшы­лық жаса­ған комитеттердің мү­шесі болды. Сонымен қатар, сена­тор Ма­рат Тағымов өзінің өтіні­ші бойын­ша Экономикалық сая­сат, иннова­ция­лық даму және кә­сіп­керлік ко­митетінен Конститу­ция­лық заң­нама, сот жүйесі және құ­қық қор­ғау органдары комитетіне ауысты. Сөйтіп, жаңа басшылар белгілі болғаннан кейін отырыс күн тәрті­біндегі мәселелерді қарауға көшті. Алдымен Алматы облысынан жа­ңадан сайланған сенатор Нұрлан Қылышбаевты палата Әлеуметтік даму және ғылым комитетіне мүше етіп сайлады. Күн тәртібіндегі екінші мә­се­ле Республикалық бюджеттің атқа­рылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің жаңа мүшелерін тағай­ындауға арналды. Сенат тағай­ындаған бұрынғы мүшелердің өкі­леттік мерзімдері аяқталуына байла­нысты Есеп комитетінің екі жаңа мүшелері етіп төраға Алек­сандр Горяиновты және Талғат Жа­қанды бес жылға тағайындауды ұсынды. Екі кандидатураны да Се­нат қолдады. Күн тәртібіндегі соңғы мәселе – Қа­зақстан мен Ау­ған­стан Үкімет­тері арасындағы аза­маттық қорғаныс, төтен­ше жағдайлардың алдын алу және оларды жою сала­сындағы ынтымақтастық туралы келісімді ратификациялау туралы заң жобасын қабылдауға арналды. Бұл мәселе бойынша Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов баяндама жасап, заң жобасының қажеттілігі туралы айтып берді. Келі­сімге екі елдің Мемлекет бас­шыларының қатысуымен 2015 жылғы 20 қарашада Аста­нада қол қойылған. Атал­ған келісімнің күшіне енуі тө­тенше жағдайларға мониторинг және болжау жасау саласында тәжірибе алмасуға, қауіп туындаған жағдайда тұр­ғын­дарды дайындауға, екі мемле­кеттің оқу орындарында аза­маттық құқық қорғау сала­сындағы мамандарды оқыту және тұрақты негізде бір­лес­кен конференциялар мен се­минарлар өткізуге мүм­кін­дік береді, деді министр. Сенаторлар арасынан Сергей Плотников Ауған­станның азаматтық қорға­ныс саласының маманда­рын даярлау мен қайта оқы­ту Қазақстанның қай қала­сындағы қандай ЖОО-да іске асырылатын болады және оның шығындарын кім көтереді деп сұрады. Қ.Қа­сымов оған мамандардың Көкшетаудың техникалық институтында оқылатынын, ал шығындар халықаралық ұйымдардан арнайы бөлінген гранттардың есебінен жабылатынын айтты. Бұдан басқа сұрақтар болмаған соң қосымша баян­дама жасау үшін сөзді Халық­аралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің мүшесі Мұх­тар Алтынбаев алды. Сена­тор келісімде төтен­ше жағ­дай­лардың әркелкі түрлерін ескере оты­рып, олардың алдын алу және жоюға арналған нақты іс-ша­ралардың тізбесі көрсетіл­генін және комитетте оның жан-жақты қаралғанын жет­кізді. Заң жобасын талқы­лауда сенатор Георгий Ким сөй­леп, оның Мемлекет басшысы көздеген Қазақстан мен Ауғанстан арасындағы ынтымақтастықты тереңдете түсу мәселесіне ықпал ететінін айта келіп, әріптестерінен қолдауды өтінді. Сөйтіп, заң қабылданды. Күн тәртібіндегі мәселелер аяқталған соң сенаторлар орталық атқарушы органдарға арнаған өздерінің депутаттық сауалдарын жариялады. Жақсыбай САМРАТ, «Егемен Қазақстан»