17 Қыркүйек, 2016

Мерейтойлық саммиттің межелі міндеттері

294 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін
16-09-02Достастық елдері ынтымақтастығының көкжиегін кеңейтеді Кеше Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Қырғыз Республикасына жұмыс сапарымен барып, Бішкекте өткен Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы елдері басшылары кеңесінің отырысына қатысты. Бұл алқалы жиында, сондай-ақ, Армения Президенті Серж Саргсян, Әзер­байжан Президенті Ильхам Алиев, Беларусь Президенті Александр Лу­кашенко, Тәжікстан Президенті Эмо­мали Рахмон, Қыр­ғызстан Пре­зиденті Алмазбек Атам­баев, Ресей Феде­рациясының Прези­денті Владимир Пу­тин болды. Ал Достастыққа мүше бас­қа мемле­кет­тердің басшылары ке­ле ал­мағанымен арнайы өкілдері қатысып отырды. Әрине, жиынға көпшілік Өз­бек­станнан кім келер екен деп күткен. Өзбектер қазір желтоқсандағы пре­зи­дент сайлауына әзірленуде, сондық­тан, президенттің қызметін уақытша атқарып отырған Ш.Мир­зиеевтің орнына Сыртқы істер министрі Абдулазиз Камилов келді. Ал Украина отырысқа Бішкектегі елшісін жіберіпті. Сондай-ақ, Молдова мен Түрікменстан пре­зи­денттері де қатысқан жоқ. Өткен жылы ТМД басшылары біз­дің елде бас қосқан болатын. Биыл төрағалық тізгіні Қырғызстанда. Ал бұл жолғы саммит Достастықтың 25 жылдық мерейтойына орайлас келіп отыр. Иә, Тәуелсіздік тарихынан тамыр тартқан ТМД-ның сол 1991 жылы азаттықтың ақ таңын атырған алмағайып кезеңде қазығы қағылған еді. Бұл егемендіктің дәмін бірге тат­қан тағдырлас елдердің тұтастығын бұзбай, ынтымақтастығына ықпал еткен бірлестік болды. Әрине, уақыт сырғып, бұрынғы кең­естік елдердің өрісі кеңейіп, даму даңғылдары әрқилы деңгейде даралана бастаған қазіргідей сәттерде Достастықтың соншалықты саяси, я болмаса экономикалық салмағы жоқ деген сыңайдағы пікірлер де айты­лып қалып жүр. Бірақ бұған дұрыс-бұрыс деп баға беретін біз емес. Оны тек саяси сарапшылардың сара­сына қалдырдық. Ал біздің айтпа­ғымыз, қалай дегенмен, бақандай 25 жыл достық туының астында қан­шама елдің басын біріктірген бұл құры­лымның өзіне мүше әрбір мемлекет үшін өзіндік бергені, керек кезінде кө­мегі, қажетінде демеуі болғанын ешкім жоққа шығара алмайды. Оған қазірдің өзінде елдердің экономикалық байланысын бекемдеп қана қоймай, қауіпсіздігіне де қолдау көрсетіп жүрген ұстанымы дәлел. 25 жылдық деп ерекшелей айтыл­ғанымен, биылғы жиынның айтар­лықтай артықшылығы болған жоқ. Тек ауа райының қолайсыздығынан ұшағы ұшпай, екі сағатқа кешігіп келген Ресей Президенті В.Путинді БАҚ өкілдері жаңалық етіп жарысып жазып жатты. Жиынның басталу уақыты онсыз да сәл кешірек, түстен кейінгі 4-ке жоспарланған еді, сөйтіп отырыс көршінің қолайсыз ауа райы салдарынан кешігуіне байланысты сағат тілі кешкі 6-дан асқанда ғана басталды. Қалыптасқан халықаралық хат­тамаға сәйкес президенттерді «үй иесі» А.Атамбаев «Ала-Арча» рези­ден­циясының алдында күтіп алып, қол алысып, суретке түсті. Жиын алдымен шағын құрамда бас­талды. Қырғызстан Президенті оты­­рыс­ты ашып, басқо­суға қатысқаны үшін делегация бас­шы­ларына алғыс айтты, сондай-ақ Тәу­елсіз Мем­ле­кеттер Достас­тығының мерейтойы – 25 жылды­ғымен құт­тық­тады. Отырысты дайындап, өткі­зуге көмек­тескені үшін ТМД Атқа­рушы коми­тетінің төрағасы Сер­гей Лебе­девке ризашылық білдірді. «Қыр­ғыз Респуб­ликасы Достастық ел­дерінің кеңе­с­іне оның 25 жылдық мерейтойы қар­саңында төрағалық етіп, үлкен құр­метке бөленді», деді Қырғызстан Пре­зиденті. Оның айтуын­ша, Қырғызстан төрағалық еткен жылы Достастықтың жұмы­сын оң­тай­ландыруды талқылау жұмыс­тарына белсене араласты, саяси ұйымды одан әрі дамытуға оң әсер ететін ұсыныстар жасады. Сонымен қатар, ол мерейтойлық отырыс достастық және сындарлы жағдайда өтетініне, тараптар барлық мәселеге қатысты ортақ шешімге келетініне сенім білдірді. Отырыста сөйлеген сөзінде Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Достастықтың құрылуының мерейтойы жылында өтіп отырғанын айтты. 1991 жылы қол қойылған Алматы декларациясы арқылы негізі қаланған Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы бүгінде елдерімізді жақындастыра түсетін бірегей алаң болып қала береді. Біздің Достастық жұмысын жалғастырып және болашаққа деген жоспарларды іске асыра отырып, өзінің өміршеңдігін, тиімділігін және перспективалылығын дәлелдеді. Сондай-ақ, Достастықтың тәжірибесі ЕАЭО және ШЫҰ тәрізді интеграциялық ұйымдарға да септігін тигізді. Осылайша, Алматыда 1991 жылы 21 желтоқсанда ТМД-ның құрылуы зор тарихи мәнге ие болды. Менің бастамам бойынша бүгін біз ТМД-ның 25 жылдығы жөнінде мәлімдеме қабылдап отырмыз. Ол бағдарды айқындап, алдымызға жаңа міндеттер қояды, деді Нұрсұлтан Назарбаев. Сонымен бірге, Мемлекет басшысы жақында өткен G-20 саммитінде әлемдік экономиканың орнықты дамуын қамтамасыз ету үшін экономикалық сая­сатты үйлестіру туралы уағдаластыққа қол жеткізілгенін атап өтті. Саммитте дамудың ескірген моделін алмастыру және жаһандық индустриялық революциядан соң келген жаңа сандық эконо­микаға көшу мәселелері талқыланды. Бұл – энергияның жаңа түріне, валютаның жаңа санатына және қоғамдық қарым-қатынастың жаңа формаларына негіз­делген қоғамдық өндірістің жаңа тәсілін табу мен игере бастаудың нышаны. Жаңа проблемалар алдында ТМД аясында бізге де тығыз өзара іс-қимыл жасап, бірлескен жобаларды жандандыру қажет, деді Нұрсұлтан Назарбаев. Қазақстан Президенті Достастықтың қазір 2008 жылы қабылданған эконо­микалық даму стратегиясын іске асыру­дың үшінші кезеңіне көшкеніне назар аударды. Қазіргі уақытта әлемдік эконо­микадағы жағдай айтарлықтай өзгер­ді. Сондықтан Қазақстан Достастық елдері­нің экономикалық дамуына серпін беру­ге арналған шаралар жиынтығын жан­дандыра түсуді ұсынды, деді Мем­лекет басшысы. Бұдан бөлек, Қазақстан Президенті ТМД елдерін дамытудағы көлік-транзит әлеуетін тиімді пайдаланудың маңызды рөлін атады. Кей жағдайда ауқымды көлік-транзиттік жобаларды іске асыруда елдер арасында бір-бірін қайталау кездесіп қалады, өзара келісудің жетіс­пей­тіндігі байқалады. Осыған байланыс­ты, бұл саладағы саясатымызды үйлестіру қажет. Бұл жобаларымыздың тиімділігін едәуір арттыруға мүмкіндік береді, деді Нұрсұлтан Назарбаев. Сонымен бірге, Елбасы өткен жол­ғы кездесуде ТМД-ны заманауи жағ­дайға бейімдеу қажеттігі жөніндегі уағда­ластыққа қол жеткізілгенін кеңес­ке қаты­сушылардың есіне салды. Тарап­тар­дың белсенді өзара іс-қимылы арқасында Достастықтың тиімділігін арттыратын нақты шаралар әзірленді. ТМД қыз­метін жетілдіріп, оның функциялық икемділігіне қол жеткізу үшін тұрақты түрде жұмыс жүргізіп отыру қажет, деді Қазақстан Президенті. Соңында Мемлекет басшысы ТМД-ға 2017 жылы Ресей Федерациясының төра­ғалық етуі жөніндегі шешімді Қазақ­станның құптайтынын жеткізді. Шағын құрамдағы басқосуда негі­зі­нен төрт мәселе қаралды. Алдымен Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы елде­рі басшыларының ТМД-ның 25 жыл­ды­ғына орай мәлімдемесі талқыланды. Мә­­лімдемеде ТМД қызметінің 25 жыл­дық қорытындысы шығарылып, Дос­тастықтың бірегейлігі мен әмбе­бап­тығы, халықаралық қарым-қаты­настағы маңыз­ды рөлі айтылды. Сонымен қатар, ТМД пішіміндегі ынты­мақ­тастықты заманауи сын-қатерлерге қарсы бағыттау туралы ортақ шешім қабылданды. ТМД-ның заманауи жағдай­ларға бейімделуі бойынша ұйымдас­ты­рушылық және тәжірибелік шаралары қарастырылды. Бұдан әрі отырыс кеңейтілген ауқымға ауысты. Оны қатысушылар алдымен жақында дүниеден озған әріптестері – Өзбекстан Президенті Ислам Каримовты бір минут үнсіздікпен еске алудан бас­тады. Содан соң жиынға төрағалық ету­­ші Қырғызстан Президенті сөз сөй­леп, Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың ұсынысымен ТМД сам­миті атынан Өзбекстанға көңіл айту но­та­сы жолданғанын айтты. Сонымен қатар, А.Атамбаев шағын құрамдағы тал­қы­лаудың нәтижесінде келесі жылғы төра­ғалық Ресей Федерациясына өткенін мәлімдеді. Өз кезегінде Ресей Президенті Вла­димир Путин көрсетілген сенімге ал­ғысын білдірді. Отырыста, сондай-ақ, гуманитарлық салада өзара байланысты кеңейту аясында бірқатар шешімдер қаралды. Мәселен, 2017 жылды – Отбасы жылы, 2018 жылды – Мәдениет жылы етіп белгілеу туралы шешім қабылданды. Ал Әзербайжанның Гянджа көне қаласына ТМД-ның мәде­ни астанасы мәртебесі берілді. Эконо­микалық ынтымақтастықты тереңдету жә­не кеңейту мақсатында бірқатар құ­жат­тар қабылданды. Сондай-ақ, Тәуелсіз Мем­лекеттер Достастығы елдерінде 2020 жылы халық санағын өткізу туралы мә­селе талқыланды. Бұл Достастық елдері­не өзара халық саны туралы ақпарат алма­суға, демографиялық, этностық, эконо­микалық және әлеуметтік қоғам құры­лымы мен мемлекет пен өңірдегі жағ­дай туралы мәліметтермен бөлісуге мүм­кіндік береді. Сонымен қатар, саммитте ТМД ел­дері арасындағы өңіраралық ынты­мақ­тас­тық конвенциясы, ТМД елдері бас­шыларының Нюрнберг процесі аяқта­луы­ның 70 жылдығына байланысты мә­лім­­демесі қаралды. Оған қоса, жаңа сын-қатерлер мен тәуекелдерге қарсы тұ­ру, қау­іпсіздікті қамтамасыз ету бой­ын­­ша бірқатар құжаттар қабылданды. Жиын­­тығы он алты құжатқа қол қойыл­ды. Осылайша Достастық елдері басшы­ларының саммиті табысты аяқталды деп қорытынды жасауға толық негіз бар. Динара БІТІКОВА, «Егемен Қазақстан» – Бішкектен (Қырғызстан) Суреттер Президенттің баспасөз қызметінен алынды