25 Ақпан, 2011

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының нормативтік қаулысы №20

801 рет
көрсетілді
32 мин
оқу үшін
24 желтоқсан 2010 жыл, Астана қаласы Соттардың Қазақстан Республикасының Азаматтық іс жүргізу кодексі 27-тарауының нормаларын қолдануының кейбір мәселелері туралы Қазақстан Республикасы Азаматтық іс жүргізу кодексінің 27-тарауымен белгіленген тәртіппен және негіздер бойынша жеке және заңды тұлғалардың арыздарын қарау кезінде соттардың заңнамалық актілерді біркелкі түсінуін және қолдануын қамтамасыз ету мақсатында, Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының жалпы отырысы қ а у л ы    е т е д і : 1. Қазақстан Республикасы Азаматтық іс жүргізу кодексінің (бұдан әрі – АІЖК) 278-бабының бірінші бөлігінде аталған субъек­тілердің шешімдері, әрекеттері (әрекетсіздігі), егер осы шешімдер мемлекеттік басқарудың тиісті саласында басқару функцияларын жүзеге асырған кезде қабылданса, жасалса, кез келген жеке немесе заңды тұлға (бұдан әрі – арыз беруші) АІЖК-нің 27-тарауымен белгіленген тәр­тіппен шешімдерді, әрекеттерді (әрекетсіздікті) даулауға құқылы. Мұндай субъектілерге мемлекеттік органдар жүйесінде айрықша орын ала­тын органдарды да (мысалы, Бас прокуратура, Орталық сайлау комиссиясы, Ұлттық Банк, Ұлт­тық қауіпсіздік комитеті, Президенттің Күзет қызметі, Мемлекеттік мүлікті басқару комитеті, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қыз­мет істері агенттігі) жатқызған жөн. АІЖК-нің 27-тарауына қатысты мемлекеттік билік органдары деп Қазақстан Республика­сының Конституциясымен, заңдарымен, өзге де нормативтік құқықтық актілерімен әкімшілік-құқықтық қатынастарда мемлекет атынан бас­қару функцияларын жүзеге асыруға өкілеттік берілген мемлекеттік биліктің атқарушы тарма­ғының орталық және аумақтық органдарын, жергілікті өзін-өзі басқару органдарын (бұдан әрі – мемлекеттік органдарды) түсінген жөн. «Қазақстан Республикасындағы жергілікті мем­лекеттік басқару және өзін-өзі басқару ту­ралы» Заңның 1-бабына сәйкес, жергілікті өзін-өзі басқару органына жергілікті маңызы бар мә­селелерді шешу жөніндегі функциялар жүктел­ген органдар (әкімдік, мәслихат, жергілікті қоғамдастық органы) жатады. 2. Егер арыз беруші: 1) өзіне тиесілі субъективтік құқықтар, бос­та­н­дықтар немесе заңды мүдделер бұзылды; 2) оның өзінің субъективтік құқықтарын, бостандықтарын немесе заңды мүдделерiн жүзеге асыруға кедергі жасалды; 3) оған қандай да бір мiндет заңсыз жүктелді деп есептесе, мемлекеттік органның, жергілікті өзін-өзі басқару органының шешіміне, лауа­зым­ды адамның немесе мемлекеттік қызметшінің әреке­тіне (әрекетсіздігіне) сотқа шағым бере алады. Адамды қылмыстық, әкімшілік жауапкершілікке тарту туралы шешім тиісінше қылмыстық іс жүргізу немесе әкімшілік іс жүргізу заңымен белгіленген тәртіппен, ал материалдық жауапкершілікке тарту туралы шешім талап қою бой­ынша іс жүргізу тәртібімен даулануы мүмкін. 3. Егер: 1) арыз берушінің жариялы-құқықтық қаты­настардағы субъективтік құқықтарын не міндеттерін белгілейтін, өзгертетін немесе бұзатын жеке құқықтық актіні қабылдаумен; 2) арыз берушінің ол үшін заңмен белгіленген жалпыға бірдей міндетті мінез-құлық ережелерін сақтауын бақылауды немесе қадағалауды жү­зеге асырумен байланысты басқару функцияла­рын жүзеге асыру кезінде пайда болған әкім­шілік-құқықтық қатынастарда шешім қабыл­данса, әрекет (әрекетсіздік) жасалса, оған мемлекеттік органның, жергілікті өзін-өзі басқару органының шешіміне, лауазымды адамның немесе мемлекеттік қызметшінің әрекетіне (әре­кетсіздігіне) АІЖК-нің 27-тарауының тәртібімен шағымдануға жол беріледі. Жеке құқықтық актілерге «Әкімшілік рәсім­дер туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 4-бабының екінші тармағында көрсетілген та­лап­тарға жауап беретін, белгіленген нысандағы жазбаша ресми құжаттар жатады. Жеке құқықтық акт барлық жағдайларда мемлекеттік органның, жергілікті өзін-өзі басқару органының құзыреті шегінде қабылдануға, ал әрекет (әрекетсіздік) мемлекеттік басқару сала­сындағы лауазымды адамның немесе мемлекеттік қызметшінің өкілеттіктері шегінде және қолдануға жататын нормативтік құқықтық актілерге сәйкес жасалуға тиіс. 4. Егер мемлекеттік кәсіпорын, мемлекеттік мекеме, шаруашылық серіктестік, акционерлік қоғам, өндірістік немесе тұтынушы кооператив, қоғамдық бірлестік ұйымдастыру-құқықтық ны­сан түріндегі заңды тұлғаларға басқарудың тиісті саласында мемлекеттік органның өкілет­тіктері заңмен берілген болса, аталған заңды тұлғаның шешіміне АІЖК-нің 27-тарауында қарасты­рылған негіздер бойынша шағым беруге болады. 5. Мемлекеттік органның, жергілікті өзін-өзі басқару органының алқалық немесе жеке шешімі, лауазымды адамның немесе мемлекеттік қызметшінің әрекеті (әрекетсіздігі), егер олар бір уақытта мынадай екі белгіге сәйкес келсе: 1) мемлекеттік басқару саласындағы жа­риялы-құқықтық қатынастардан (билік және бағыну қатынастарынан) туындаса; 2) арыз беруші үшін АІЖК-нің 279-бабы бірінші бөлігінің 1) - 3) тармақшаларымен қарас­тырылған кез келген құқықтық салдарды тудыр­са, арыз беруші Қазақстан Республикасы Конс­титуциясының 76-бабының екінші тармағына, АІЖК-нің 278 және 279-баптарына сәйкес, оларға шағым беруге құқылы. АІЖК-нің 27-тарауымен көзделген негіздер бойынша, атап айтқанда жергілікті өзін-өзі басқару органының жиналысқа, митингіге, шеруге, тосқауылға немесе демонстрацияға тыйым салу туралы шешіміне; уәкілетті мемлекеттік органның адамды оралман, репатриант, амалсыз қоныс аударушы, босқын деп танудан бас тарту туралы шешіміне; жол полициясы лауазымды адамдарының көлік құралдарының қозғалысын шектеу немесе оған тыйым салу жөніндегі әрекеттеріне; тергеу изоляторы немесе түзету мекемесі әкімшілігінің жазалау шараларын қолдану туралы шешіміне; сотталғанды жазаны өтеуден шартты түрде мерзімінен бұрын босату, ауруына байланысты жазаны одан әрі өтеуден босату туралы, сотталғанның жазаны өтеу жағдайларын өзгерту туралы материалды түзеу мекемесі, тергеу изоляторы бастығының немесе прокурордың сотқа жіберуден бас тартуына шағым беруге болады. Қазақстан Республикасы Конституциясының 47-бабының екінші тармағына сәйкес, Қазақстан Республикасы Президентінің шешімдеріне және әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) АІЖК-нің 27-та­рауымен көзделген сот тәртібімен шағым беруге болмайды. 6. АІЖК-нің 27-тарауының тәртібімен шағым беруге болатын әрекетке лауазымды адамның немесе мемлекеттік қызметшінің шешім ныса­нына келтірілмеген, бірақ арыз беруші үшін АІЖК-нің 279-бабының бірінші бөлігімен қа­растырылған кез келген құқықтық салдарға әкеп соқтырған билік талабы жатады. Әрекеттерге, атап айтқанда, атқарушы-өкім­дік функцияларды, билік өкілі функцияларын, мемлекеттік қадағалауды немесе бақылауды жү­зеге асыратын лауазымды адамның немесе мемлекеттік қызметшінің ауызша түрде айтылған талаптары жатады. 7. АІЖК-нің 27-тарауының тәртібімен шағым берілуі мүмкін әрекетсіздікке лауазымды адам­ның немесе мемлекеттік қызметшінің оған нормативтік құқықтық актілермен (лауазымдық нұс­қау­лықтар, ережелер, регламенттер, бұй­рық­тар) жүктелген міндеттерді орындамауы жатады. Әре­кетсіздікке, атап айтқанда, азаматтың немесе заңды тұлғаның өтінішін толығымен немесе ішінара қараусыз қалдыруды, егер өтінішті қарау лауазымды адамның немесе мемлекеттік қыз­метшінің құзыретіне жатса, арыз берушіге жауапты осы өтініштің мәні бойынша бермеуді жатқызған жөн. 8. АІЖК-нің 27-тарауымен белгіленген тәртіппен әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) шағым берілуі мүмкін лауазымды адамдар деп «Мемлекеттік қызмет туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 1-бабында және «Сыбайлас жем­қор­лыққа қарсы күрес туралы» Қазақстан Респуб­ликасы Заңының 3-бабына ескертуде көрсетіл­ген адамдар түсініледі. Мемлекеттік қызметші деп «Мемлекеттік қыз­мет туралы» Қазақстан Республикасы Заңы­ның 1-бабында көрсетілген адам түсініледі. 9. АІЖК-нің 27-тарауының тәртібімен берілген арыздар бойынша азаматтық істер жариялы құқықтық қатынастардан туындайды және тек талап қою бойынша іс жүргізу тәртібімен қаралатын заттық және міндеттемелік құқықтық қатынастардан туындайтын істерді қоспағанда, ерекше талап қою бойынша іс жүргізу тәр­тібімен қаралады. Ерекше талап қою бойынша іс жүргізу талап қою бойынша іс жүргізудің бір түрі болып табылады, оның мынадай ерекшеліктері бар: 1) дау АІЖК-нің 278-бабының бірінші бөлі­гін­де көрсетілген субъектілердің азаматтар мен заңды тұлғалардың құқықтарын, бостандық­тарын және заңмен қорғалатын мүдделерін бұзған шешімдеріне, әрекеттеріне (әрекетсіз­ді­гіне) шағым беру арқылы шешіледі; 2) іс сырттай іс жүргізу тәртібімен қарауға жатпайды; 3) істі бітімгершілік келісіммен аяқтауға болмайды; 4) аталған санаттағы істер бойынша талап қоюдың қысқартылған мерзімі және істерді қараудың қысқартылған мерзімі белгіленген. Ерекше талап қою бойынша іс жүргізу талап қою бойынша іс жүргізудің бір түрі болған­дықтан, осы санаттағы істерді қарау АІЖК-нің 14, 19, 20 және 21-тарауларының нормалары сақ­тала отырып, талап қою бойынша іс жүргізу тәртібімен жүргізіледі. Заттық немесе міндеттемелік құқықтық қатынастардан туындайтын құқық туралы дау пайда болған жағдайда, сот істі АІЖК-нің 290-бабының екінші бөлігіне сәйкес талап қою бойынша іс жүргізу тәртібімен қарау туралы ұйғарым шығарады. 10. АІЖК-нің нормаларымен қараудың өзге рәсімдері белгіленген мына істер: 1) АІЖК-нің 30 - 39-1-тарауларында белгіленген ерекше жүргізілетін істер; 2) АІЖК-нің 25, 25-1, 26, 28, 29-та­рауларымен белгіленген ерекше талап қою бойынша жүргізілетін істер; 3) тиісті іс жүргізу заңымен қараудың өзге сот тәртібі белгіленген соттың, судьяның, про­ку­рордың, тергеушінің, анықтаушының шешімдері мен әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) шағым беру туралы істер үшін АІЖК-нің 27-тарауының ережелері қолдануға жатпайды. 11. «Әкімшілік рәсімдер туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 8-бабының ережелеріне сәйкес, егер мемлекеттік органның, жергілікті өзін-өзі басқару органының жеке құқықтық акт түріндегі шешімі онда көрсетілген тапсыр­ма­лардың (талаптардың) орындалуына байланыс­ты қолданысын тоқтатпаса, осындай актіге шағым берілуі мүмкін. Егер жеке құқықтық акт негізінде азаматтық-құқықтық мәміле жасалса, онда талап қою бойынша іс жүргізу тәртібімен шағымдануға дауланып отырған мәміле, мысалы, конкурс (тендер) қорытындылары бойынша жұмыстарды (қызметтерді) орындауға арналған мердігерлік шарт жатады. Мәміле оның заң талаптарына сәйкес келмеу себептері бойынша жарамсыз деп танылған кезде, дауланып отырған мәмілені жасасу үшін негіз болған шешімнің заңсыздығы туралы соттың тұжырымдары шешімнің дәлел­деу бөлігінде келтірілуге тиіс. 12. «Мемлекеттік қызмет туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 8 және 9-баптарының және «Әкімшілік рәсімдер туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 1-бабының ережеле­рінің негізінде мемлекеттік басқару саласын­да­ғы лауазымды адам мен мемлекеттік қызметші өздеріне жүктелген функцияларды тиісті мемлекеттік органның, жергілікті өзін-өзі басқару органының атынан жүзеге асырады. «Әкімшілік рәсімдер туралы» Қазақстан Рес­публикасының Заңымен жоғары тұрған орган­ның немесе лауазымды адамның төмен тұрған органның шешімінің, лауазымды адамның немесе мемлекеттік қызметшінің әрекетінің (әрекет­сіздігінің) күшін жою құқығы қарастырылған, бұл ретте осындай шешім, әрекет (әрекетсіздік) заң бұзылып, оның ішінде өкілеттік асырылып қабылдануға, жасалуға тиіс. Жоғары тұрған лауазымды адам төмен тұрған лауазымды адамнан немесе мемлекеттік қызмет­шіден арыз берушінің бұзылған құқықтары мен бостандықтарын, заңды мүдделерін қалпына келтіруге бағытталған әрекеттерді лауазымды адамның немесе мемлекеттік қызметшінің өкі­леттіктері шегінде жасауды талап етуге құқылы. 13. АІЖК-нің 58-бабына сәйкес, сотта мемлекеттік органның, жергілікті өзін-өзі басқару органының ісін өзіне заңмен, өзге де нормативтік құқықтық актілермен немесе құрылтай­шы­лық құжаттармен берілген өкілеттіктердің шегінде әрекет ететін басшы жүргізеді. Басшы сот­қа оның қызметтік жағдайын немесе өкілетті­к­терін куәландыратын құжаттарды ұсынады. Сот­та істі аталған органның басшысымен қатар тапсырма бойынша өкіл де жүргізе алады. Шағым берілген әрекетті (әрекетсіздікті) жа­саған лауазымды адам немесе мемлекеттік қыз­метші, егер істі қарау сәтінде шағым берілген әрекетті (әрекетсіздікті) жасаған кездегі қызмет­те болса, іске тартылып, оған сот отырысының уақыты мен орны туралы хабарланады. Егер аталған адам заңда көзделген негіздер бойынша мемлекеттік органмен немесе жергілікті өзін-өзі басқару органымен еңбек қатынастарын тоқ­татса, онда тиісті мемлекеттік орган немесе жергілікті өзін-өзі басқару органы ғана іске қатысуға тартылады. 14. Арызды азаматтық іс жүргізу әрекет қабілеттілігі бар арыз беруші бере алады. АІЖК-нің 55-бабының үшінші бөлігіне сәйкес, прокурор заңда көрсетілген азаматтар санаттарының мүддесін көздеп, мемлекеттік орган, жергілікті өзін-өзі басқару органы, ла­уа­зымды адам немесе мемлекеттік қызметші басқару функцияларын жүзеге асыру кезінде бұзған субъективтік құқықтар мен бостан­дықтарды қорғау туралы арыз бере алады. АІЖК-нің 279-бабының бірінші бөлігімен көзделген негіздер бойынша әрекетке қабілетсіз немесе әрекет қабілеті шектеулі жеке тұлғаның құқықтары мен бостандықтарын қорғап, арызды аталған адамның заңды өкілі (ата-ана, қамқоршы, қорғаншы) бере алады. 15. Жоғары тұрған лауазымды адамға немесе жоғары тұрған мемлекеттік органға, жергілікті өзін-өзі басқару органына арыз беру арызды сот өндірісіне қабылдаудан бас тарту үшін негіз болып табылмайды. Арыз беруші жоғары тұрған мемлекеттік ор­ганның, жергілікті өзін-өзі басқару органының немесе жоғары тұрған лауазымды адамның шешімімен келіспеген жағдайда, жоғары тұрған мемлекеттік органның, жергілікті өзін-өзі бас­қару органының немесе жоғары тұрған лауазым­ды адамның шешімі де, сондай-ақ төмен тұрған мемлекеттік органның, жергілікті өзін-өзі бас­қару органының шешімі, лауазымды адамның не­месе мемлекеттік қызметшінің әрекеті (әре­кет­сіздігі) де сот тәртібімен шағымдануға жатады. 16. Жоғары тұрған мемлекеттік органға немесе жоғары тұрған лауазымды адамға не сотқа арыз беру «Әкімшілік рәсімдер туралы» Қа­зақстан Республикасы Заңының 8-бабының төр­тінші тармағына сәйкес тиісті шешім қабыл­данғанға дейін жеке құқықтық актінің (шешім­нің) күшін тоқтата тұрады. «Прокуратура туралы» Қазақстан Респуб­ли­касы Заңының 24-бабының төртінші тармағына сәйкес, прокурордың заң бұзушылықты жою туралы ұйғарымына жоғары тұрған прокурорға немесе сотқа шағым берілген жағдайда, бұл оның орындалуын тоқтата тұрмайды. Бұл жағдайда, егер сот немесе жоғары тұрған прокурор тағайындалған орындау мерзіміне дейін прокурор ұйғарымын заңсыз деп таппаса және күшін жоймаса, онда ұйғарым прокурор белгілеген мерзімде орындалуға жатады. 17. «Әкімшілік рәсімдер туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 17-бабының екінші тармағына және АІЖК-нің 280-бабының бірінші бөлігіне сәйкес, арыз беруші шешімге, әрекетке (әрекетсіздікке) ол субъективтік құқықтарының, бостандықтарының немесе заңды мүдделерiнiң бұзылғаны туралы өзіне белгілі болған күннен бастап үш ай iшiнде шағым бере алады. АІЖК-нің 240-5-бабының бірінші бөлігі мен 2010 жылғы 2 сәуірдегі «Атқарушылық iс жүр­гiзу және сот орындаушыларының мәртебесi ту­ралы» Қазақстан Республикасы Заңының 127-ба­бына сәйкес, өндіріп алушы немесе бо­рышкер сот орындаушысы атқарушылық іс жүр­гізуде қабыл­даған шешімге, жасаған әрекетке (әрекетсiздiкке) шағым бере алады. Аталған адамдар арыз берушінің құқықтарын, бостан­дықтарын немесе заңды мүдделерiн бұзатын шешімнің қабыл­данғаны, әрекеттің (әрекет­сіз­діктің) жасалғаны туралы оған белгілі болған күннен бастап он күннің ішінде сотқа шағым бере алады. Борышкер немесе өндіріп алушы болып табылмайтын адам сот орындаушысының шешіміне, әрекетіне (әрекетсіздігіне) шағымдану туралы арызды үш ай ішінде бере алады. Сот орындаушысы қабылдаған шешім, жасаған әрекет (әрекетсіздік) туралы арыз берушіге белгілі болған уақытты дәлелдеу міндеті арыз берушіге жүктеледі. 18. Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің 179-бабының екінші және үшінші тармақтарына сәйкес, сот арыз берушінің өткізіп алған талап қою мерзiмiн мемлекеттік орган­ның, жергілікті өзін-өзі басқару органының, ла­уазымды адамның немесе мемлекеттік қызмет­шінің бірінші сатыдағы соттың сот отырысында жасаған мәлімдемесі бойынша ғана қолдана алады. Мұндай мәлімдеме бірінші сатыдағы сот шешім шығару үшін кеңесу бөлмесіне кеткенге дейін барлық жағдайларда жасалуы мүмкін. Бірінші сатыдағы соттың бастамасы бой­ынша, сондай-ақ апелляциялық, кассациялық немесе қадағалау сатысы сотының бастамасы бойынша талап қою мерзімінің ескіруі қол­дануға жатпайды. Дәлелді себептермен өткізіп алынған арыз беру мерзімін бірінші сатыдағы сот қалпына келтіре алады. Бірінші сатыдағы соттың талап қою мерзімін қалпына келтіру туралы процессуал­дық шешімін апелляциялық, кассациялық немесе қадағалау сатысындағы сот қайта қарай ал­майды, өйткені мұндай шешім арызданушының сот арқылы қорғану құқығын қамтамасыз етеді. АІЖК-нің 280-бабының екінші бөлігіне сәй­кес, арыз беру мерзімін дәлелсіз себептермен өткізіп алу бірінші сатыдағы соттың арызды қанағаттандырудан бас тарту туралы шешім шығаруы үшін өз алдына бөлек негіз болып табылады. 19. АІЖК-нің 278-бабының екінші бөлігіне және 27, 30, 31-баптарына сәйкес шешімге, әре­кетке (әрекетсіздікке) шағымдану туралы арыз мынадай соттылық ережелері сақтала отырып, сотқа беріледі: 1) шешімге, әрекетке (әрекетсіздікке) ша­ғымдану туралы жеке тұлғаның арызы немесе оның мүддесін білдіретін арыз арыз берушінің таңдауы бойынша арыз берушінің тұрғылықты жеріндегі немесе шешіміне шағым берілетін мемлекеттік орган, жергілікті өзін-өзі басқару органы орналасқан жердегі аудандық (қалалық сотқа) беріледі. Лауазымды адам немесе мемлекеттік қызмет­ші мемлекеттік органның, жергілікті өзін-өзі басқару органының атынан жариялы-құқықтық қарым-қатынас жасайтындықтан, шағым беріліп отырған әрекетті (әрекетсіздікті) солардың аты­нан жасаған лауазымды адамның немесе мемлекеттік қызметшінің орналасқан жері деп мемлекеттік органның, жергілікті өзін-өзі басқару органының орналасқан жері түсініледі. 2) АІЖК-нің 278-бабының үшінші бөлігіне сәйкес мемлекеттік құпияны құрайтын мәліметті сақтаушы болып табылатын Қазақстан Респуб­ликасы азаматының шетелге кетуіне рұқсат беруден бас тарту туралы мемлекеттік органның шешіміне шағым беру туралы арыз кетуді құптамау туралы шешім қабылдаған орган орналасқан жердегі аудандық (қалалық) сотқа берілуі мүмкін; 3) әскери қызметшінің немесе әскери жи­ынды атқарып жатқан азаматтың әскери басқару органының шешімін немесе лауазымды адам­ның әрекеттін (әрекетсіздігін) даулау туралы арызы әскери бөлім, әскери басқару органы орналасқан жердегі тиісті гарнизонның әскери сотына берілуі мүмкін. «Әскери міндеттілік және әскери қызмет туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 1-ба­бына сәйкес, әскери қызметшілер деп шақыру бойынша, келісім-шарт бойынша Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерінде, басқа да әскерлер мен әскери құрылымдарда әскери қыз­метті атқарып жатқан Қазақстан Республи­касының азаматтары, сондай-ақ кадрлық офицерлер түсініледі. Азамат тиісті әскери бөлімнің тізімдерінен шығарылған күннен бастап әскери қызметші мәртебесінен айырылады; 4) заңды тұлғаны құрмай, жеке кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыратын азаматтың, сол си­яқты заңды тұлғаның мемлекеттік органның, жергілікті өзін-өзі басқару органының шешіміне шағымдану туралы арызы АІЖК-нің 30-ба­бы­ның 1-бөлігіне сәйкес, мемлекеттік орган, жергілікті өзін-өзі басқару органы орналасқан жердегі мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотқа беріледі; 5) сот орындаушысының сот актісін орындау барысында атқарушылық іс жүргізу кезінде жасаған әрекетін (әрекетсіздігін) даулау туралы арыз АІЖК-нің 2040-5-бабының 1-бөлігіне сәй­кес атқарушылық әрекеттер жасалған жердегі аудандық (қалалық) сотқа беріледі. АІЖК-нің 32 және 33-баптарында көзделген ерекше немесе шарттық соттылық туралы ереже АІЖК-нің 27-тарауымен көзделген істерге қолданылмайды. 20. Шешімге, әрекетке (әрекетсіздікке) ша­ғым­дану туралы арыз АІЖК-нің 150, 151 және 279-баптарында көзделген талаптарға сәйкес келуге тиіс. Арызда мыналар: 1) шағымданып отырған шешімді қандай мем­лекеттік органның, жергілікті өзін-өзі бас­қару органының және қашан қабылдағаны, шағымданып отырған әрекетті (әрекетсіздікті) қандай лауазымды адамның немесе мемлекеттік қызметшінің қашан жасағаны; 2) шағымданып отырған шешімнің, әрекеттің (әрекетсіздіктің) мазмұны; 3) арыз берушінің пікірі бойынша қандай құқықтардың, бостандықтардың немесе заңды мүдделердің бұзылғаны; 4) арыз берушінің пікірі бойынша құқық­тарды, бостандықтарды немесе заңды мүдде­лер­ді жүзеге асыру үшін қандай кедергілердің жасалғаны; 5) арыз берушінің пікірі бойынша оған қандай мiндеттің заңсыз жүктелгені; 6) арыз берушінің талабының мәні міндетті түрде көрсетілуге тиіс. 21. АІЖК-нің 27-тарауының тәртібімен берілетін арызға «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» (Салық кодексі) 2008 жылғы 10 желтоқсандағы Қазақстан Республикасы Заңының 535-бабы бірінші тар­мағының 2), 3) және 4) тармақшаларымен тиісті арыз беруші үшін көзделген мөлшерде мемлекеттік баж төленуге жатады. Ерекше талап қою бойынша іс жүргізудің өзге де санаттары бойынша сотқа берілетін арыздарға Салық кодексінің 535-бабы бірінші тармағының 8) тармақшасында белгіленген мөлшерде мемлекеттік баж төленуге жатады. Салық кодексінің 541-бабымен көзделген жағдайларда арыз беруші мемлекеттік баж төлеуден босатылуға жатады. 22. Егер арыз беруші істі қарау үшін қажетті материалдарды арызға қоса бермесе, онда судья АІЖК-нің 166 және 170-баптарына сәйкес, істі сот талқылауына дайындау кезінде мемлекеттік органнан, жергілікті өзін-өзі басқару органынан: 1) мемлекеттік органның, жергілікті өзін-өзі басқару органының құзыретін белгілейтін нормативтік құқықтық актінің мәтінін (тиісті заңды, ережені, жарғыны, құрылтайшылық құжаттар­ды); 2) мемлекеттік орган, жергілікті өзін-өзі бас­қару органы арыз берушінің туындаған жария­лы-құқықтық қатынастағы субъективтік құқық­тары мен міндеттерін белгілеген, өзгерткен немесе тоқтатқан жеке құқықтық актінің мәтінін; 3) егер лауазымды адамның немесе мемлекеттік қызметшінің әрекетіне (әрекетсіздігіне) шағым берілсе, олардың өкілеттіктерінің көлемі белгіленген нормативтік құқықтық актіні (ережені, қағиданы, қызметтік нұсқаулықты); 4) шағымданып отырған шешімді шығару, әрекетті (әрекетсіздікті) жасау үшін негіз болған материалдарды талап етеді. 23. Арызда көрсетілген мән-жайларды ескере келе, судья істі мемлекеттік орган, жергілікті өзін-өзі басқару органы басшысының, лауазым­ды адамның немесе мемлекеттік қызметшінің қатысуымен қарау мақсатында сот отырысына олардың міндетті түрде келуі туралы ұйғарым шығаруға құқылы. Мемлекеттік органның, жергілікті өзін-өзі басқару органының басшысы, лауазымды адам немесе мемлекеттік қызметші келмеген кезде, егер судья аталған адамдар міндетті түрде келуге тиіс деп тапса, сот АІЖК-нің 119-бабына сәйкес, осы адамдарды сотқа еріксіз алып келу туралы ұйғарым шығарады. Істің қаралатын уақыты мен орны туралы тиісті түрде хабарланған мемлекеттік орган, жергілікті өзін-өзі басқару органы басшысының, ла­уазымды адамның немесе мемлекеттік қызмет­шінің келмеуі, сол сияқты аталған адамдардың өкілдерінің келмеуі, егер судья аталған адамдар сот отырысына міндетті түрде қатысуға тиіс деп таппаса, істі қарауды кейінге қалдыру үшін негіз болып табылмайды. Істің қаралатын уақыты мен орны туралы тиісті түрде хабарланбаған мемлекеттік орган, жергілікті өзін-өзі басқару органы басшысының, лауазымды адамның немесе мемлекеттік қыз­мет­шінің, сол сияқты аталған адамдардың өкіл­дерінің сотқа келмеуі АІЖК-нің 187-бабының екінші бөлігіне сәйкес, істі қарауды кейінге қал­дыру үшін негіз болып табылады. Істі талқылау кейінге қалдырылған кезде, ол АІЖК-нің норм­а­ларымен тиісті санаттағы ерекше талап қою бойынша істі жүргізу үшін белгіленген про­цессуалдық мерзім шегінде қаралуға тиіс. Мемлекеттік орган, жергілікті өзін-өзі басқару органы басшысының, лауазымды адамның немесе мемлекеттік қызметшінің сотқа келмеуі, сот мұндай келуді міндетті деп тапқан жағдайда, аталған адамдарды әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы заңнамалық актіге сәйкес әкімшілік жауаптылыққа тартуға әкеп соқтыруға тиіс. 24. АІЖК-нің 15 және 65-баптарына сәйкес, арыз беруші айтысу принципін сақтай отырып, АІЖК-нің 279-бабы бірінші бөлігінің 1), 2) немесе 3) тармақшаларында көрсетілген мән-жайлардың кез келгенінің болуы туралы өз пікірін негіздеуге міндетті. Сот отырысына қа­ты­сушы мемлекеттік органның, жергілікті өзін-өзі басқару органының басшысы немесе оның өкілі, лауазымды адам немесе мемлекеттік қызметші шағымданып отырған шешімнің, жасалған әре­кеттің (әрекетсіздіктің) заңға сәйкестігін дәлелдеуге міндетті. АІЖК-нің 65-бабында белгіленген дәлелдеу ауыртпалығын бөлу туралы ереже істі апел­ля­циялық сатыдағы сотта қарау кезінде де қолданылады, бұл ретте АІЖК-нің 345-бабында белгіленген ережелер сақталуы керек. 25. АІЖК-нің 27-тарауымен көзделген істі сот отырысында қарау кезінде сот өз бастамасы бойынша мемлекеттік органнан, жергілікті өзін-өзі басқару органынан шағымданып отырған шешімді қабылдауы, лауазымды адамның немесе мемлекеттік қызметшінің әрекетті (әрекет­сіз­дікті) жасауы үшін негіз болған материалдарды қосымша талап етуге құқылы. Талап етілген материалдарды сотқа ұсынбау АІЖК-нің 66-бабының оныншы бөлігінде көз­делген құқықтық салдарға әкеп соқтырады. Соттың материалдарды ұсыну туралы тала­бын орындамаған адам сотты құрметтемегені үш­ін әкімшілік жауаптылыққа тартылуға жатады. 26. Шағымданып отырған шешімнің, әре­кеттің (әрекетсіздіктің) заңдылығы оның нормативтік құқықтық актілерге сәйкес, мемлекеттік органның немесе жергілікті өзін-өзі басқару органының құзыреті, лауазымды адамның немесе мемлекеттік қызметшінің өкілеттігі шегінде қабылданғанын (жасалғанын) білдіреді. Шағымданып отырған шешімнің, әрекеттің (әрекетсіздіктің) заңдылығын тани отырып, сот АІЖК-нің 282-бабының екінші бөлігіне сәйкес, арызды қанағаттандырусыз қалдыру туралы шешім шығарады. 27. Сот істі қарау кезінде, егер қабылданған шешімнің, жасалған әрекеттің (әрекетсіздіктің) мәнісі мемлекеттік органның, жергілікті өзін-өзі басқару органының, лауазымды адамның немесе мемлекеттік қызметшінің нормативтік құқықтық актілерде көзделген өкілеттіктерінен туындаса, қабылданған шешімнің, лауазымды адамның немесе мемлекеттік қызметшінің жасаған әрек­е­тінің (әрекетсіздігінің) орындылығын бағалауға құқылы емес. 28. Егер сот мемлекеттік органның, жергілікті өзін-өзі басқару органының шағымданып отыр­ған шешімін, лауазымды адамның немесе мемлекеттік қызметшінің шағымданып отырған әрекетін (әрекетсіздігін) заңсыз деп таныса, онда сот шешімінде: 1) осы шешімнің, әрекеттің (әрекетсіздіктің) қандай нормативтік құқықтық актілерге сәйкес келмейтіні; 2) арыз берушінің қандай құқықтары мен бостандықтарының, заңды мүдделерiнің бұзыл­ғаны; 3) арыз берушінің құқықтарын, бостан­дық­тарын немесе заңды мүдделерін іске асыруы үшін қандай кедергілердің жасалғаны; 4) арыз берушіге қандай мiндет заңсыз жүктелгені көрсетілуге тиіс. Шешімнің қарар бөлігінде сот арыз бе­рушінің құқықтарының, бостандықтарының немесе заңды мүдделерінің орын алған бұзылуын жоюға міндетті мемлекеттік органды, жергілікті өзін-өзі басқару органын, сондай-ақ жол берілген бұзушылықтар жойылуға жататын мерзімді көрсетуге міндетті. Жол берілген бұзушы­лық­тарды жою мерзімін сот шешімі заңды күшіне енген күннен бастап есептеу керек. Мемлекеттік органның, жергілікті өзін-өзі бас­қару органының шешімін заңсыз деп таны­ғаннан кейін, сот туындаған жариялы-құқықтық қатынастарда мемлекеттік орган, жергілікті өзін-өзі басқару органы қабылдауға тиіс шешімнің мазмұнын сот актісінде көрсетуге құқылы емес. 29. Сот шешімі заңды күшіне енген күннен бастап үш күннен кешіктірілмей оның көшір­месі АІЖК-нің 282-бабының үшінші бөлігіне сәйкес, сот шешімін жүктелген мемлекеттік ор­ганға, жергілікті өзін-өзі басқару органына орындауға жіберілуге жатады. Сот шешімінің көшірмесі жоғары тұрған мемлекеттік органға немесе жоғары тұрған лауазымды адамға да жіберілуі мүмкін. Сот шешімін сот белгілеген мерзімде орын­дамаған адам сот актісін орындамағаны үшін әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы заңна­малық актімен көзделген негіздер мен тәртіп бойынша әкімшілік жауаптылыққа тартылуға жатады. Адамды тәртіптік немесе әкімшілік жауаптылыққа тарту осы адамды сот шешімін орындау міндетінен босатпайды. Сот белгіленген мерзімде сот шешімінің орындалуын, сондай-ақ шешімнің орындалғаны туралы хабарламаның АІЖК-нің 282-бабының төртінші бөлігімен белгіленген мерзімде келіп түсуін бақылауға міндетті. 30. Сот шешім шығарған кезде АІЖК-нің 110 және 111-баптарына сәйкес, сот шығыстарын тараптар арасында бөлуге міндетті. 31. АІЖК-нің 253-бабында көзделген негіздер болған кезде, соттың мемлекеттік органның, жер­гілікті өзін-өзі басқару органының, лауа­зым­ды адамның немесе мемлекеттік қызметшінің қызметінде заңдылықты бұзуға ықпал еткен себептер мен жағдайларды жою туралы жеке ұйғарым шығарғаны жөн. 32. Осы нормативтік қаулының қабылда­нуына байланысты «Соттардың мемлекеттік өкімет, жергілікті өзін-өзі басқару орган­да­рының, қоғамдық бірлестіктердің, ұйымдардың, лауазымды адамдар мен мемлекеттік қызмет­ші­лердің шешімдері мен әрекеттеріне (немесе әрекетсіздігіне) дау айту жөніндегі заңнаманы қолдануы туралы» Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2003 жылғы 19 жел­тоқсандағы № 10 нормативтік қаулысының күші жойылды деп танылсын. 33. Қазақстан Республикасы Конституция­сы­ның 4-бабына сәйкес, осы нормативтік қаулы қолданыстағы құқық құрамына қосылады, сон­дай-ақ жалпыға бірдей міндетті болып табылады және ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі. Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының Төрағасы М. ӘЛІМБЕКОВ. Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының судьясы, жалпы отырыс хатшысы Ж. БӘЙІШЕВ.