Алматы қаласы әкімдігі жанындағы Қоғамдық кеңестің кезекті отырысы өтті.
Бұл жолы «Тұран» университетінің мәжіліс залына жиналған кеңес мүшелері қоғамдық талқылауға түсіп жатқан «Терроризм мен діни экстремизмге қарсы күрес» туралы заң жобасына енгізілетін өзгерістер мен толықтыруларға қатысты пікір алмасты. Жиынға Алматы қаласындағы мешіттердің имамдары мен Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасының өкілдері шақырылды.
– Соңғы кездері орын алып жатқан оқиғалар қоғамды бейжай қалдырмайтыны анық. Өйткені, тыныштығымыз бұзыла жаздады. Бейбіт тұрғындар мен тәртіп сақшыларына қарсы оқ атылды. Бұл – терроризм атты тажалдың тырнағы біздің елімізге де қанды ізін сала бастады деген сөз. Бұдан әрі қол қусырып отыруға болмайды. Сол себептен де еліміздегі бірқатар заңдар қайта қаралып, өзгертіледі. Және бұл енгізілетін өзгертулер қоғамдағы мәселелерді зерттеп, мамандармен ақылдаса отырып жасалмақшы. Біздің қоғамдық кеңестің міндеті – тақырыпқа үн қосып қана қоймай, нақты ұсыныстарды жинап, екшеп алу, – деді қоғамдық кеңес төрағасы, Алматы қалалық мәслихатының депутаты Рахман Алшанов жиын барысында.
Қоғамдық талқылау барысында белгілі саясаттанушы Айдос Сарым заң жобасына енгізілетін өзгерістерді талқылауға елінің, ұрпағының болашағына бейжай қарамайтын әрбір азамат мүдделі болуы керектігін айтты. «Терроризм мен діни экстремизмге қарсы күрес туралы заңды талқылау тек Мәжіліс депутаттары мен арнайы қызметтің ғана жұмысы емес. Бұл – менің, сенің, бәріміздің азаматтық парызымыз. Терроризм мен діннің атын жамылған лаңкестік қаупіне «Е, менен аулақ...» деп салғырт қарайтын болсақ, үйімізден де, елімізден де береке кетеді. Әрі бұл заңды қабылдау барысында біржақтылық орын алмауы тиіс. Бұл тек күштік құрылымдардың қызметін нақтылап, қосымша құқық беруші құжат емес, қоғамдық сананы ағартушы, алдын алушы, сауықтырушы, қысқасы адамдардың мүддесін көздейтін заң болуы тиіс. Сонда ғана лаңкестікпен күрес нәтижелі болады. Ол үшін мамандардың, әсіресе дін саласының өкілдерінің пікірі, білімі ауадай қажет» дейді саясаттанушы.
Дәл осындай пікірді Алматы қаласының бас имамы Нұрбек қажы Есмағамбет те қуаттайды. «Діни экстремизммен күрес туралы заңның қабылданғаны, қатайтылғаны дұрыс. Еліміздің қауіпсіздігінен қымбат ешнәрсе жоқ. Сол сияқты дініміздің қауіпсіздігін де қорғауымыз керек. Тек осы діни экстремизммен күресу құралдары дінмен күресуге бағытталып кетпеуі керек. Терроризммен күресуге білектің күші ғана емес, білімнің қуатын да қолданайық. Қабылданатын заңда осы мәселе нақты көрініс табады деп сенеміз. Бұл тұрғыдағы нақты ұсыныстарымызды қоғамдық кеңеске ұсындық. Сол сияқты қоғамдағы имамдардың статусын анықтау мәселесі өткір тұр. Себебі, дін мемлекеттен бөлек болғанымен, зайырлы қоғам өкілдері үшін мешіт құлшылық ететін жер ғана емес, тәрбие ошағы іспетті. Жалпы, елімізге Діни бірлестіктер туралы заңды да қайта қарап, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының да мәртебесін нақтылайтын кез жетті. Дін – бұлжымайтын қағидалардың киелі жиынтығы болғанымен, жамағатты имандылық жолына шақырудағы жұмыстарға жаңашылдық керек...», – дейді қаланың бас имамы.
Қоғамдық кеңесте айтылған ордалы ойлар ұсыныс ретінде қабылданып, тиісті деңгейдегі жұмыс комиссияларына жолданатын болды.
Қалмаханбет МҰҚАМЕТҚАЛИ,
«Егемен Қазақстан»
АЛМАТЫ