24 Қыркүйек, 2016

Шығыста Рүстем Есдәулетов атындағы театр фестивалі басталды

431 рет
көрсетілді
13 мин
оқу үшін
24-09-duman-1 ...Бар жүрекке жылу шашып өлеңім, Өскеменнің төрінен театр ашсам деп едім. Қаламыздың ортасынан қазақтың Сахнасын түсімде көп көремін, деп жырлап, Өскеменнің өзгеше өң-келбетін көргісі келген Рүстем Есдәулетов қазақтың шығармашылық тынысы кең, келешегінен үлкен үміт күттірген жастарының бірі һәм бірегейі болатын. Жасындай жарқылдаған жастың қол созған армандары қандай асыл, биік болса, өнерді өрге сүйреген іс-қимылы да сондай нық, нақты еді. Қарыштап қадам басып, қалықтап қанат қағып келе жатыр еді. Жазмышқа амал бар ма, маңдайына келте ғұмыр жазылыпты. Міне, Рүстемнің түсіне кіретін сырлы сахна, театрдың жаңа ордасы шалқақ кейпімен, бар сән-салтанатымен Алтайдың өрінде, Өскеменнің төрінде тұр. Бірақ ішінде жарқылдаған риясыз Рүстем жоқ... Шығыс өңірі, өнер жанашырлары, жақындары мен достары Рүстем Есдәулетовтің есімін ұлықтау мақсатында бұған дейін де бірнеше мәрте облыс көлеміндегі шараларды өткізген. Енді, міне, Мемлекеттік «Дарын» жастар сыйлығының лауреаты, кино және театр актері, ақын, режиссер Рүстем Есдәулетов атындағы І республикалық Жастар және студенттер фестивалі салтанатты түрде ашылып отыр. Шығыс Қазақстан облыстық драма театрында шымылдығын түрген шараға Астана, Алматы, Қарағанды, Көкшетау, Семей сынды қалалардан бірқатар театр ұжымдары келді. Фестивалға қатысушылар алдымен Рүстем Есдәулетов шығармашылығына арналған көрмені тамашалады. Көрмеге режиссердің түрлі театр фестивальдерінде қол жеткізген жетістіктері мен марапаттары, театр тарландарымен және әріптестерімен, сондай-ақ жұмыс барысында түскен фотосуреттері, өлеңдер жинағы мен түрлі жинақтарға енген топтамалары және баспасөз бетіндегі естеліктер қойылыпты. Тұңғыш рет ұйымдастырылған театр мерекесі үш күнге жалғаспақ. Қоңыр күздегі адамның жанын тербейтін руханият мерекесінің ашылуымен облыс әкімінің орынбасары Жақсылық Омар құттықтап, рухтас досы туралы шынайы сыр шертті. – Кейде Рүстем құйрықты жұлдыздай жарқ етіп өмірден өтіп кетпегенде, біздің мәдениетіміз, әдебиетіміз, өнеріміз, театрымыз қазіргі деңгейінен бір саты жоғары тұрар ма еді деп бармағымызды шайнап өкінеміз. Анығы осы. Өйткені өнерде бірінің білімі, бірінің таланты, бірінің мінезі жетпей жатады. Осының барлығы бір Рүстемнің бойында бар еді. Оның болмысын, шығармашылығын, қайраткерлігін, ұстанымдарын жақын достары, көрермендері мен жерлестері жақсы біледі. Рүстем туралы көп айтуға болады. Ол барлығының тілін тауып, театр труппалары арасындағы ымыраға жүріп, Өскеменде қазақ театрының байрағын қалай желбіретемін деп деп тер төкті. Сол тер, мүдде текке кеткен жоқ! Осыдан біраз уақыт бұрын өңірімізде өткен республикалық драма театрлары фестивалінде Рүстем досымызды еске алуға арналған ауқымды шара ұйымдастырсақ, республикамыздың барлық тарапынан театр ұжымдарын шақырсақ, оған жастар театрлары қатысса деген ойымыз бүгін жүзеге асты. Өйткені Рүстем қазақтың өнердегі жастарының бет-бейнесі болып қалыптасып, елдің жадында да сол болмысымен қалды, деді Жақсылық Омар. Облыс әкімінің орынбасары фестивальді дәстүрлі түрде жыл сайын ұйымдастыру көзделіп отырғанын жеткізді. Бұдан кейін Рүстемнің өмірі мен өнерінен сыр шерткен «Бөрінама» деректі фильмі көрсетілді. Аталған фильмде қазақтың әдебиеті мен мәдениетіне талантты ұл-қыздарды сыйлаған іргелі әулет, ауылдағы Оразбай әкенің мәуелі бағында қиялы жүйрік болып өскен арманшыл бала, оның өз бағытын айқындаған жастық шағы мен шын жүйрікке тұсау жоқ екенін танытқан сахна мен сахна сыртындағы сан түрлі ерен еңбегі баяндалады. Кадрда отыз бір жасында талай биіктерді бағындырып үлгерген Рүстемнің өлшеулі өмірі де сағат тілімен сыртылдап, адам баласының бұл пәнидегі мақсат-мұратының мәнін аша түседі. Санкт-Петербургте ресейлік әйгілі театр тарланы Додиннің тәлімін алған Рүстемнің сол кездегі өзі жетекшілк жасаған Жамбыл атындағы Шығыс Қазақстан облыстық театрын Станиславский жүйесімен қайта құруы да өнердегі жансебіл еңбегінің бір көрінісін паш етті. Шын мәнінде, оның тоқырау жылдарында периферия түгілі орталық қалаларда ұмыт болуға айналған қазақ театрын қайта жаңғыртушы, түлетушілердің бірі болғанына осы фильмді көргенде көз жеткіздік. Фильмнің тұсаукесер көрсетілімінен соң фестиваль қонақтарымен аз-кем әңгімелескен едік. Биыл 80 жасқа толып отырған Қазақстанның халық әртісі, шығармашылық ғұмырын Семейдегі Абай атындағы театрмен байланыстырған Бекен ақсақал Имаханов өнердегі өзгеше інісі туралы фильмді көзіне жас алып, үлкен толқумен көргенін жеткізді. – Шығыс жұртшылығы аққан жұлдыздай өмірден ерте өтсе де, қазақ өнеріне үлкен еңбек етіп, режиссерлігі мен актерлігіне қоса адами келбетін көрсетіп кеткен Рүстем Есдәулетовті еске алып жатыр. Азаматтың атын өшірмей, театрда атқарған еңбегін насихаттап, тұңғыш рет жастар фестивалін өткізіп жатқанына өте қуаныштымын. Бұл – өңірде өнерге, Рүстемнің шығармашылық мұрасына үлкен қамқорлық жасалып отырғанын көрсетеді, – деді қазақ театрының ардагері. Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының кафедра меңгерушісі, белгілі өнертанушы Бақыт Нұрпейіс Рүстемнің өнердегі зертханасымен студенттік кезден таныс екенін айтты. – Келіншегі Маржанмен табысқан сәттері, жастық романтикалық шақтары, бәрі есімде. Біз оның әр қадамына мән беріп отырдық. Аяқ астынан жиналып, Өскеменнің театрына бет бұрғанда да сенімді болдық. Өйткені ол өзі қолға алған істі биігіне жеткізіп, нүктесін қойғанша тоқтамайтын. Рүстем Тахауи Ахтановтың «Әке мен бала» пьесасынан басталған алғашқы талпынысымен-ақ таңғалдырды. Сол кезде көптеген өнер ұжымдары фестиваль үдесінен табылса да, қолдау таппай, бара алмай қалушы еді. Ал Рүстем барлығымен тіл табыса білетін. Көкшетауда өткен аймақтық фестивальда Рүстемнің «Толғақ» қойылымын тамашаладым. Нағыз психологиялық спектакль болды. Актерлік ансамбль де керемет. Кәсіби емес актерлерден жүрек тербейтін қойылым жасай білді. 2009 жылы Қарағандыда Біржан салдың 175 жылдығына арналған фестивальда «Атымды адам қойған соң» спектаклін алып келді. Қазылар алқасында Бағыбек Құндақбаев, Әшірбек Сығай, Әлия Бөпежанова, Талғат Теменов сияқты талғамы жоғары өнер майталмандары болды. Соған сай қойылымдар да үлкен толғаныспен жүріп жатты. Ағаларымыз жастардан жылт еткен жаңалық, жақсы дүние көрсе ерекше қуанатын. Рүстемнің спектаклін эксперименттік тың туынды ретінде жоғары бағалады. Мұның алдында оның «Махамбет» қойылымы сәтсіз болған еді. Бір жақсысы, әр ескертуді ескеретін. Театр сыншыларының сынын мұқият тыңдайтын әрі көтере білетін. Біз оның белгілі театр қайраткері болатынына кәміл сенетінбіз. Өскемен театрын халықаралық деңгейге шығарамын деген ой-арманы іске асты. Оның қойылымдары Түркия, Башқұртстан көрермендерін таңғалдырды. Шет елдегі әріптестері Рүстемнің дүниеден өткенін естігенде қатты қайғырды, жоқтады, – деді өнертанушы Бақыт Нұрпейіс. Ал жездесі Қайырбек Қайырсынов Рүстемнің алаңғасарлығы да бар еді дейді. Үйге келген сайын арсалаңдап, барлығын күлдіріп жүретін ол бір жылдары «Қазақстан» ұлттық арнасында «Таңшолпан» бағдарламасында жұмыс істеген. – Бірде Рүстемнің «Жұмыстан қалып бара жатқан соң бетімді жуа салып, нәр татпастан аялдамаға тарттым. Аялдамаға келсем автобус күтіп тұрған жұрттың бәрі маған үдірейе қарайды. Бұлар неге қарайды деп ойлап-ойлап, үстіме қарасам, тәтемнің пальтосын киіп кетіппін», деп күлдіргені бар. Тағы бірде жұмыстан шаршап, достарымен бірге жүрген кезі болса керек. Келіншегі Маржан қоңырау шалады. Достарының жанында әлі де отыра түскісі келген Рүстем «Маржан, мен Марат ағамен бірге жүрмін» деп телефонды қоя салыпты. Белгілі өскемендік кәсіпкер Марат Мұзапаров Рүстемді жақсы көретін. Марат ағасының қасында жүргенін естіген соң келіншегінің көңілі тынышталады. Бір кезде Марат ағасының өзі Маржанға қоңырау шалады. Рүстемді сұрайды. «Сізбен бірге жүрмін деп еді ғой» дейді аң-таң болған келіні. Бір кезде Рүстемнің өзі звондапты. «Өй, сен қайдасың, Марат аға звондап жатыр. Неге өтірік айтасың» дейді ашуланған келіншегі. «Маржан, Маржан, тұра тұршы. Не болып кетті өзі?» депті сонда қапелімде сөз таба алмай қалған Рүстем. Ол ауылда өсті. Бала кезінде жылқы баптағанды, ит асырағанды ұнатушы еді. Ұлым Руслан екеуі тетелес. Біз ол кезде Зайсан қаласында тұратынбыз. Демалыс сайын ауылға келетін едік. Рүстем бала ғой, іші пысып, Русланды күтіп отырады. Үлкен Қараталдағы үйлерінің қасында автобус аялдамасы бар болатын. Біз автобустан түсіп жатсақ, аялдамада бізді күтіп Рүстем отырады. Жанында жоян-жоян бес иті қатар-қатар отырады. Осындай ерекше болмысы есімде. Досқа адал еді. Ұстаздарын қатты қадірлейтін. Кейін студент кезінде де, жұмыс істеп жүрген шағында да Асанәлі Әшімов, Маман Байсеркенов ағаларының атын аузынан тастамайтын, деп еске алды жездесі Қайырбек Қайырсынов. Өскеменге шақырту алып, өңір өнерін өрістетуге бел байлаған алғашқы сәтінен-ақ Рүстемнің ерекше жастық жігерін байқадым, дейді апайы Риза Есдәулетова. Бастапқыда біздің үйге келіп тұрды. Кейін пәтер жалдады. Болмысы максимализмге толы жас режиссер бірден «Томиристі» қойды. Барып көрдім. Шын айтам, қарным ашты. Көңілім толмады. Актерлердің дауысы құмығып шығады. Ойын әлсіз. Сақ патшасы туралы шығарма ғой. Бірақ сахнадағы патшамыз патша емес, қайыршы сияқты. Дұрыс костюмдері жоқ. Сол кездегі театр басшылары спектаклдің бюджетіне бар-жоғы 200 мың теңге бөлген екен. Үйге келген соң мұндай спектакль қоюға болмайтынын айттым. Ертеңінде театрдың басшылары да қатты сөгіпті. Ұнжырғасы түсіп үйге келді. Қарасам, сынып кетейін деп тұр. Бірақ әлеуеті бар. Содан дем бердім. Ертең көрерменнен, фестивальдерде әйгілі ұстаздардан естігенше, қателігіңді, кемшілігіңді қазір естігенің жақсы. Түзеуге мүмкіндік бар дедім. Содан екі жыл театрға бармадым. Екі жылдан кейін кездейсоқ «Бес тиын» спектакліне бас сұғып едім, бірден баурап алды. Осыда кейін театрдағы премьералардан қалмайтын болдым. Жап-жас бала болып келген Рүстем көз алдымда шығармашылық тұлға ретінде биіктеп бара жатқанына куә болдым, деді Риза Есдәулетова. Жары Маржан бүгінде Рүстемнің түтінін өшірмей, артында қалған Олжас, Ботагөз, Ханзада, Нұрзада есімді балаларын тәрбиелеп отыр. Айтуынша, Рүстемнің балалары да бүлдіршін кездерінде үнемі кішкене текшелерді театр ретінде қалап ойнаған екен. Енді, міне, әкесі де, балалары да армандаған сол зәулім театрда күллі көрермен режиссер рухына тағзым етіп, өнердің шамшырақтары болатын театрдың жаңа буынына тілектестік танытпақ. Жадында әселдей тәтті әсем күндері жаңғырған болар, жары Маржан көп шешілмесе де қазақтың театр өнерін дамытамын деп жанын берген Рүстемнің атында республикалық фестиваль ұйымдастырған Шығыс Қазақстан облысының басшылығына, Мәдениет, архив және құжаттама басқармасына, облыстық театр жетекшілігіне ризашылығын білдірді. Бүгін жастар мен студенттердің театр ұжымдары Р.Мұқанованың «Мәңгілік бала бейне», М.Шахановтың «Танагөз», М.Әуезовтің «Қарагөз», ал ертең Иран-Ғайыптың «Қорқыттың көрі», И.Сапарбайдың «Сыған серенедасы» және Абайдың «Атымды адам қойған соң...» атты ой-толғанысы арқау болған қойылымдарын сахналамақ. Келіңіздер, көріңіздер! Думан АНАШ, Өскемен 24-09-duman-2