Осыдан біраз бұрын Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрі Тамара Дүйсенова Үкімет отырысында жұмыссыз жастарды әскерге жіберу туралы ұсыныс айтты. «Қорғаныс министрлігімен типтік оқудан соң жұмыспен қамтылмаған, мектептен соң жоғары оқу орындары және колледждерге түспеген жастарды әскерге алу жайын қарастырып жатырмыз», – деп Премьер-Министр алдында есеп берген ол, еліміз халқының 24 пайызын құрайтын 14-29 жас арасындағы 4 миллион 206 мың жастың 686 мыңы «ерекше назарда ұстайтын» жастар екенін де ескертіп өтті. Министрдің айтуынша, олардың арасында жұмыссыз, экономиканың бейресми саласында табыс тауып жүргендер, өзін өзі жұмыспен қамтығандар бар. «Өзін өзі жұмыспен қамтыған жастардың 68 пайызы, жұмыссыз жастардың 38 пайызы ауылдық жерлерде тұрады. Бұлар – мектептен соң оқуға түспеген, білім алмаған және сотталып шыққандар», – деді министр.
Бір қарағанда, жай ғана сандар болғанмен, бұл – тереңірек бойлап, келешекке көз тіге алатын жандарды қатты ойландыруы тиіс бұлтартпас дерек. Бүгінгі бүкіл әлемді терроризм елесі кезіп, лаңкестік әрекеттер осы күнге дейін тұрақтылық аралы саналып келген біздің Қазақстанымызда да бой көрсете бастаған тұста, мұны ұсақ-түйек деп қарауға әсте болмайды. Екінші жағынан, ауыл – қазақтың алтын бесігі екенін ескерсек, әйтеуір бір жұмысты алданыш көріп, содан тапқан болмашы ғана табысты талғажау етіп жүрген жастардың 70 пайызға жуығы, ал екі қолға бір күрек таппай жүрген жұмыссыз жастардың 40 пайызға жуығы ауылда тұратыны, өзге де тіршілік ету негіздеріміздің өзі қатты өзгеріп отырғанын көрсетеді. Оның үстіне «өзін өзі жұмыспен қамтыған» қалған 30 пайыз жас пен жұмыссыз жастардың 60 пайызы қалада тұрады. Ал белгілі жұмысы, тұрақты табысы жоқ олар қайда барады, кімге ереді?!.
Бұл – ұлттық болмысымыз бен қазақы асыл қасиеттеріміздің сақталып, әрі қарай дамуына да кері әсерін тигізіп жатқаны сөзсіз. Соның салдарынан бауырмалдық, мейірбандық, үлкенді сыйлау, кішіні тыңдау, ауызбірлік, отбасындағы сыйластық, елге, жерге, Отанға деген сүйіспеншілік сияқты басқа да құндылықтардың қадірі кеміп, сананы тек «табыс табу керек» деген материалдық қажеттілік билеп, ол адамдардың негізгі өмір сүру мәніне айналып барады. Дәл осындай жағдайда ауылдық жерлердегі миллиондаған гектар құнарлы да шұрайлы жерлер игерілмей, өнім өндіру былай тұрсын, пайдаға жарамайтындай деңгейде тозып бара жатқандығы қынжылтады.
Жастарды еңбекпен қамту, оларды отансүйгіштік рухында тәрбиелеу, келешегін қамтамасыз ету тұрғысынан, Тамара Дүйсенова ханымның ұсынысы назар аударуға әбден лайық. Мұны тездетіп шешіп, жуық арада іске асырса – нұр үстіне нұр болар еді. Оның үстіне тек жұмыссыз жүрген жастар ғана емес, 18 бен 27 жас арасындағы барлық жас қазіргідей 1 жыл емес, 2 жыл міндетті әскери қызметтен өтетін заң қабылдау қажет. Тіпті оған «Жоғары оқу орындарына көп жағдайда тек міндетті әскери қызметін өтеген жастар ғана қабылданады», деген арнайы бап енгізілсе де артық болмас па еді? Сонда қазіргідей ата-анасының тірнектеп жинаған қаржысын 4-5 жыл бойы ақылы оқуға жұмсап, соңында жұмыссыз қалатын жағдай да жақсы жағына қарай өзгерері анық.
Әлеуметтік, экономикалық тұрғыда бұл – ел үшін де, қоғам үшін де, әр-бір жас үшін де тек пайдалы болатыны сөзсіз. Өйткені, соңғы деректерге қарағанда, қазір жастардың басым көпшілігінің денсаулығы нашар. Біз 14 жасқа келген жасөспірімді тіркеуге алып, әскери есепке қоямыз. Әскери есепке алынған әрбір жасөспірімді тұрақты дәрігерлік бақылауға алып, ауруы бар болса емдеп, 18 жасқа толғанша оны әскер қатарында қызмет етуге сақадай-сай етіп дайындасақ, қане. Бұл саламатты ұрпақ тәрбиелеу тұрғысынан мемлекет үшін өте маңызды болар еді.
Екінші, жастар толық міндетті әскери қызметтен өтетін болса, олардың барлығы таза әскери бөлімдерге түспейтіні анық. Сондықтан әскерде жастарға әртүрлі кәсіп үйретіп, қызметтің соңғы жылында тікелей бір кәсіпке бейімдеп, мысалы жол, теміржол, тұрғын үй құрылысы, ауыл шаруашылығы, басқа да салаларға баулысақ ұтылмас едік. Сөйтіп, олардың тапқан табыстары әрқайсысының атына ашылған арнайы есепшоттарға ай сайын аударылып отырса. Бұл әлемдік тәжірибеде жоқ емес. Басқасын былай қойғанда, біз көбірек араласатын елдерде, басты әріптесіміз – Ресейде мұның бәрі біраздан бері іске асырылып келеді.
Тағы бір маңызды нәрсе, студент және оқушы жастардың жылына екі-үш ай жұмыс істейтін еңбек отрядтарын ұйымдастыруды қолға алудың артықтығы жоқ.
Сондықтан Тамара Дүйсенова ханымның ұсынысын тек жұмыссыз жастарды әскер қатарына шақыру деп емес, саламатты ұрпақ тәрбиелеу, жастардың келешегін қамтамасыз ету, миллиондаған жұмыс күшін олардың жеке өздері үшін де, қоғам үшін де пайдалы болатындай кешенді түрде қарастырған ләзім.
Құтмағамбет ҚОНЫСБАЙ
Алматы облысы