30 Қыркүйек, 2016

«Әлемге танылуымыз – Алаш мерейі»

460 рет
көрсетілді
13 мин
оқу үшін
roza2Аударма бір ұлттың асыл-жауһарларын әлем жұртшылығына танытудың бірден-бір құралы. Егер тілге жан бітіру арқылы оқырманды еліктіріп әкететін аудармалар төл туындыдан кем түспесе, онда аудармашы өз діттеген мақсатына жетті деген сөз. Ондайда тәржімалаушының шеберлігіне, оның шығарманы бір тілден екінші тілге жатық сөйлете білген тірлігіне еріксіз сүйсінесіз. Кейбір елдердің бұл салаға баса мән беріп, аудармашыларға қомақты қаражат бөлуі – жан дүниені байытар осы бір рухани қазынаны бағалаудың бір айғағы. Ал елімізде бұл салаға қатысты жұмыстар әлі де саяқсып тұр. Бұған не кедергі? Осы сауал төңірегінде Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, 2009 жылы Берлиндегі көркем шығарма аудармашыларының әлемдік әдеби коллоквиуымына қатысқан, 2011 және 2014 жылдары арнайы грантты ұтып алып, Швейцарияның Цюрих қаласындағы Лорен аудармашылар үйінде неміс тілінен көркем тәржімамен айналысқан Рауза Мұсабаевамен аз-кем әңгіме өрбіткен едік. – Рауза Молдайыпқызы, бү­гінге дейін сіз біраз шетел жазу­шысының дүниелерін ау­дар­дыңыз. Таңдауыңыз нелік­тен со­­ларға түсті? – Екінші дүниежүзілік соғыс басталғанда қазақ топырағына сонау Қап тауынан, Еділ бойынан күштеп жер аударылған қарапайым неміс халқының басынан өткерген қилы тағдыры қызықтырды. Жал­пы алғанда, Х.Кляйн, Т.Валек-Доби, И.П.Хегель, В.Бредель, К.Петкау, Й.Шлейхер, А.Дай-Шаф, М.Ромирер, К.Алехина-Лакруа, С.Бондарь, Е.Пятунин, Э.Шенкель, А.Беккер, В.Кропп, К.Дройт, Т.Ефимова сияқты қаламгерлердің, француз жазушысы А.Моруаның (неміс тілі нұсқасындағы) шығармасын, Эдит Шмитцтің «Өліге қоңырау шалу» детективтер топтамасын аудардым. Қазіргі заманғы неміс балалар әдебиеті де назардан тыс қалған емес. Швейцария балалар жазушысы Э.Цопфидің, А.Шорноның және А.Мюллердің, Германия балалар жазушылары Э.Шоудың, З.Кеслердің, М.Гопферттің, Б.Обрехттің, У.Краузенің және Х.Йохансеннің суретті кітапшаларын неміс тілінен тікелей қазақшаға тәржімаладым. Бұл кітапшалар негізі­нен балабақшалар мен бастауыш сынып оқушы­ларына арналған. Сексенінші жылдардың басында Целиноград каласынан Дрезденге коныс аударған неміс жазушысы Елеонора Хуммельдің «Берлин балықтары» романын қазақшаладым. Неміс балалар жазушыларының ертегілері аса тартымды. Бала түгілі ересектің өзін ойға қалдырады. – Білуімше, Германия жыл сайын дүние жүзінің аудармашыларына арнайы грант бөліп, аударма ісімен айналысуға мүмкіндік жасайды екен. Олардың ішінде сіз де барсыз. Сонда қомақты қаражатқа аудармашылар шақырудағы мақсат не? – Немістер әдеби шығармаларының әлемге танылуына аса мүдделі. Олар үшін төрткүл дү­ниені машина, электр техникасымен ғана емес, әдебиетімен де мойындату маңызын жо­ғалт­паған. Әрі өзге елдердің әдеби туындыларына деген қызығушылықтары да ерекше. Германия астанасы Берлиннің өзінде бір айда екі мәрте қаламгерлердің оқырмандармен кездесуі өтеді. Онда ақын-жазушылар сиясы кеппеген шығармасынан бір сағат шамасында үзінді оқиды. Ондай кездесулерге әр елдерден аудармашылар шақырылады. Қалың оқырман да сол жерден табылады. Сыншылар пікір білдіріп, оқырмандар қаламгерге сауал жолдайды. Аудармашының кейіннен әлгі шығарманы сондағы Аудармашылар үйлерінің бірінде тұрып алаңсыз аударуына бар жағдайды жасайды. Ол үшін Германия неме­се Швейцарияда арнайы стипен­дия бөлінеді. Сондай-ақ, ау­дар­ма­шының барлық шығынын өз мойындарына алады. Ал қойы­лар талап – сапалы аударма жасау. – Тәржіма арқылы жауһар туындыларымызды әлемге әлі де өз деңгейінде насихаттай алмай отырғанымыз жасырын емес. Мұның себебін немен байланыстырар едіңіз? – Біздің қазақ қаламгерлерінің шығармалары басқа халықтардың туындыларынан кем емес. Кез келген тәуелсіз ел ауыз әде­биетінен бастап, жауһар туындыларының әлем тілдеріне аударылуына үстірт қарамауы керек. Бұл ретте теледидар мықты идеология құралы дей­тін болсақ, кей республикалық телеарналар көрерменнің талап-тілегінен шығып отыр деуге келмес. Халық қаптаған әншілерді дәріптеуден, олардың не ішіп, не кигендерін көруден әбден мезі болды. Бұл ретте, ұлы әдеби шығармаларымыздың әлем тілдеріне аударылуына мүдделілік танытып, осы бағытта қаржы жұмсалса, құба-құп болар еді. – Аудармашы шығарма аудару барысында белгілі дәрежеде сөздікке сүйенеді. «Қазақ-неміс» және «Неміс-қазақ» сөздіктерінің бүгінгі жай-күйі қалай? – Тәржіма тұрғысынан келгенде, ең алдымен сөздік шығару ісін кешеуілдетудің жөні жоқ. Неміс тілі Еуропадағы дамыған бес ұлы тілдің бірі саналады. Ал бізде ширек ғасырдан бері «Қазақ-неміс сөздігі» жаңартылған емес. Дәлірек айтқанда, 1992 жылы Қ.Мырзабекованың жетекшілігімен «Қазақ-неміс сөздігі», 1994 жылы М.Тәттібаеваның «Немісше-қазақша сөздігі» жарық көрді. Содан бері «Үлкен неміс-қазақ сөздігі» және «Үлкен қазақ-неміс сөздігінің» бас­падан жарық көрмеуіне қандай сылтау айтсақ болады?! Осыған жауапты құзырлы орындар жауырды жаба тоқымай, ең әуелі неміс тілі сияқты әлем тілдерінің сөздігін шығаруды қолға алса ғой. Тіл үнемі даму, толығу үстінде болатынын ескерсек, сөздік те жаңартылып отыруы керек. Тіптен, қазірдің өзінде компьютер, сканнер сияқты бес мың англицизм сөздік қорымызға енді. Елімізде шет тілдер аудармашыларын даярлаумен айналысатын жоғары оқу орындары қай сөздікке сүйенеді деген сауал туындайды осындайда. – Шетел әдебиетінің озық туындыларымен сусындатып келген «Әлем әдебиеті» жур­налының оқырмандармен жүздеспегеніне де біршама уақыт болды. Бұл басылым сізге несі­мен құнды? – 2006 жылы Астанадан Кеңес Юсуптың жетекшілігімен шыққан «Әлем әдебиеті» аса ауқымды жүкті мойнына абыроймен арқалады. Өйткені, осы уақытқа дейін әдеби журналдарда бірлі-жарым болмаса, әлемдік деңгейдегі жау­һарлардың жариялануға мүмкіндік бола бермеді. Ал «Әлем әдебиеті» әр нөмірін белгілі бір ұлттың озық туындыларының аудармаларына арнап отырды. Одан аударма жанрының проблемалары жайлы келелі ой-тұжырымдарға қанықтық. Қаржының тапшылығынан бертін келе бұл журналдың шықпай қалғаны өкінішті. «Әлем әдебиеті» сияқты салмақты басылымның ұдайы жарық көруіне биліктің мүдделі болғаны абзал ғой. – Қазір көркем шығарманы оқитындар аз деп жатады. Оқырманды кітаппен қалай «ауыр­­туға» болады? – Жұрт қазір кітап оқуға уақыттың тапшы­лығын алға тартады. Мұндайда аудиокітаптарды да қоса шығарған жөн болар. «Қазақ радиосының» ардагер дикторы Аманжан Еңсебайұлының М.Әуезовтің «Абай жолы» эпопеясын оқыған сексен сағаттық аудиосы тамаша дүние. Елдің болашағы бүгінгі ұрпақ десек, олардың кітапқа деген қызығушылығын балабақшадан бастаса құба-құп. Бірде мектептің орта буын оқушыларымен кездесіп, аудармаларымды оқыдым. Сол жолы балалар тарапынан қойылған сауалға қарап, ойлы ұрпақтың өсіп келе жатқанын аңғардым. Оларды кітап оқуға талпындыру үшін мектепте драмалық қойылымдарды сахналауды қайтадан жаңғырту керек секілді. Жер-жерде кітап авторымен кездесулер ұйымдастырса дейсің. – Белгілі армян сыншысы Левон Мкртчян­ның: «Если одно и тоже произведение существует на двух разных языках, в контексте разных культур, то о полном соответствии можно говорит лишь в определенном смысле. Даже наиточнейший перевод не может во всем совпадать с оригиналом, быть «абсолютно точным». Перевод и не должен полностью повторять оригинал – искусству противопоказаны повторения», деп айтқаны бар екен. Сіздің ойыңыз бұл пікірмен қаншалықты үндеседі? – Ұлы неміс ақыны И.В.Гетенің бір жарым шумақ «Wanderers Nachtlied» өлеңін Ю.Лермонтов «Горные вершины» деп аударса, ұлы Абай «Қараңғы түнде тау қалғып» деп қазақшалағаны баршаға аян. Өлеңнің түпнұсқасындағы «ормандағы құстар да үнсіз» деген жолдар Абайда жоқ. Өлеңді Лермонтовтан аударғаны анық. Ол жолдар Лермонтовта да кездеспейді. Бірақ Абай сол бір тамаша табиғат лирикасын шырқау биікке жеткізді. Бұл жайында белгілі қаламгер Герольд Бельгер тамаша талдады. Абайдың шеберлігі – өлеңді қазақы болмысқа лайықтап аудару шеберлігінде, сурет­керлігінде. Бұл – поэзия. Прозада да аудармашы сөзбе-сөз аудармай, қаламгердің ойын екінші тілде ұтымды бере білсе – ұтқаны. Белгілі журналист, ғалым Сауытбек Абдрахманов бір сөзінде: «Төлтума мен телтуманың тұтасуы, автор мен аудармашының бір авторға айналуы тәржіма өнерінің тылсым сырына терең үңілу керек екенін ұқтыра түсетіндігінде» депті. Шы­нында, аударма жанрының тұңғиығына бойлау, оны оқырманға төл шығармадай жатық жеткізе білу әр аудармашының мақсаты болса керек-ті. – Елімізде мықты аудармашылар шоғырын қа­­лыптастыру үшін қандай алғышарт әзір­леу ке­рек? – 30 қыркүйек – Халықаралық аудармашы­лар күні. «Інжілді» латын тіліне аударған Иеронимнің есімімен байланысты осы бір атаулы күнді бірқатар елдер ерекше атап өтеді. Ал бізде әлі күнге ел мен елді жалғастыратын алтын көпір іспетті аудармашылар шоғырын қалыптастыратын ұйымның өзі жоқ. Ұлттық мүдде тұрғысынан алып қарағанда, әсіресе, тәржімашылар етене араласатын, қызу тал­қы жүретін орта болуы шарт. Бұл орайда, Алматыдағы Гете институты неміс тілі аудар­машыларымен біраз шаруаның басын қайырды. Таңсұлу Рахымбаева, Иман Естаев және Салтанат Әшірова жыр құлагері Ілияс Жансүгіровтің «Құлагер» поэмасын қазақ тілінен тікелей неміс­шеге аударды. Аудармашы Әділбек Әлжанов Абайдың «Ескендір» поэмасын неміс тіліне ауда­рып, айды аспаннан бір-ақ шығарды. Қай заманда болмасын қаламгерлер қаламын шыңдау үшін аудармаға бет бұрып отырған. – Сіз шетелге барғанда өзге елдердің мә­дениеті, салт-дәстүр, тұрмыс-тіршілігімен жа­қы­­­­­нырақ танысасыз. Таңғалған сәттеріңіз болды ма? – Таңғалатын сәттер жиі болады. Мәселен, бізде қалада иті бар үйдің қоршауының есігіне «Абайлаңыз, қабаған ит!» деп айғайлатып қояды. Оны көрген сәтте бойды әлдебір үрей билейді. Ал немістерде керісінше, «Абайлаңыз, мұнда мен үріп тұрмын!» деп жазып қояды. Сол кезде адамның досы саналатын итке деген жылылық пайда болады. Оларда эстетикалық талғам деген өте жоғары. Тіптен, қураған ағашты кесіп тас­тағанның өзінде, оны жонып, әлдебір мүсінге айналдырады. 2011 жылы Швейцарияның Цюрих қаласына барып, қаланың іргесіндегі Лорен аудар­машылар үйін сұрастырдым. Қазақстаннан келгеніме қызығушылық танытқан ауылдың әлдебір тұрғыны жеткізіп салуға ықылас танытты. Әлгі адамның жетегінде иті бар екен. Тау­ларды бөктерлеп келе жатырмыз. Ауылдың сыртына шыға бергенімізде иті жолдың шетіндегі шөп­тесінге дәрет сындырды. Сол арада иесі иті үшін менен ғафу өтініп, жалма-жан нәжісті пакет­ке салып, дереу сол маңдағы қоқысқа тастады. Олар­дың табиғатқа деген көзқарасын осыдан-ақ біле беріңіз. – Қазір қандай шығарманы аударып жатырсыз? – Неміс жазушысы Елеонора Хуммельдің екінші романы «Таң жұлдызын» қазақшалау­дамын. Шығармада «Берлин балықтарындағы» оқиға әрі қарай өрбиді. – Әңгімеңізге рахмет. Әңгімелескен Ләйла ЕДІЛҚЫЗЫ, «Егемен Қазақстан»