Кеше Мәжілісте «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мәдениет мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасына депутаттар ұсынған түзетулерді қарайтын жұмыс тобының отырысы өтті. Жұмыс тобына Мәжіліс депутаты Бекболат Тілеухан жетекшілік етті.
Түзетулерді талқылауға Мәдениет және спорт, Әділет, Қаржы, Ұлттық экономика, Білім және ғылым, Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрліктерінің басшылары, Парламентке кірмеген саяси партиялардың өкілдері, сондай-ақ, сарапшылар, қоғамдық бірлестіктердің, үкіметтік емес ұйымдардың, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.
Атап айтқанда, енгізілген түзетулер авторларды қолдауға, қоғамдық маңызы бар әдебиеттер шығаруға және осы туындыларды әрбір мемлекеттік кітапханаға жеткізуге, Мәдениет және спорт министрлігінің мәдениет саласындағы барлық мәселелерді үйлестірудегі рөлін арттыруға, мәдениет ұйымдарының өз өнімдерін, қызметтерін таратуда қазіргі заманғы әдістерді пайдалану бойынша шаралар қабылдауға, сондай-ақ, фильмдерге кадрдан тыс аударма және субтитрлер түрінде мемлекеттік тілге аударма жасауды міндеттеуге бағытталған.
Аталған заң жобасының мақсаттары мен міндеттерін Майра Айсина түсіндіріп, тарқата айтып өтті. «Бүгінгі қаралып отырған заң жобасында бірнеше мәдени мәселені шешу көзделген. Дәлірек айтсақ, «Мәдениет туралы» Заң нормалары арасындағы кемшіліктер мен қайшылықтарды жою, шығармашылық қызметкерлердің еңбегін құқықтық жағынан реттеудегі олқылықтардың орын алмауын бақылау, ұлттық мәдени игілік объектілерін дамыту және қорғау шараларын іске асыру үшін заңнамалық жағдайлар жасау, мемлекеттік мәдениет ұйымдары қызметкерлерінің мерзімінен бұрын аттестаттаудан өту құқығын беру, жергілікті мемлекеттік басқару және өзі өзі басқару органдарында мәдениет саласындағы гранттарды белгілеу құқығын беру, театрлардың ішкі қызметтерін реттеу, Қазақстан халқының мәдени мұрасына жататын баспа-басылымдарды насихаттау және сақтауды іске асырып отырған Ұлттық мемлекеттік кітап палатасының мәртебесін анықтау, бағалы металдар мен асыл тастардан жасалған музей топтамалары мен заттардың сараптау талаптарын енгізу, музей қорларын жүйелеу және есептеу мақсатында музей дерекқоры базасын енгізу музейдің міндеті екенін белгілеу, халықаралық міндеттемелерді орындау мақсатында республиканың музей қорының мемлекеттік каталогын жүргізу міндетін Қазақстан Республикасының Ұлттық музейіне жүктеу, «Мәдениет туралы» Заңның ұғымдық апаратын нақтылау, еліміздегі цирк өнерін дамыту үшін құқықтық жағдайлар жасау, музей, кітапхана қорларын сақтау және қалыптастыру мәселелерін реттейтін материалдық емес мәдени мұралардың ұлттық тізбесін жүргізу және қалыптастыру үшін бірқатар қосымша актілерді бекіту», – деді ол.
Сондай-ақ, жиынға қатысушылар кітап басу ісінің бүгінгі хал-ахуалына да тоқталып, оны әрі қарай қалай дамытуға болады деген сұрақтың төңірегінде ой өрбітті. «Бұрындары уәкілетті органдардың міндеті қоғамдық маңызы бар әдебиетті республикалық деңгейде басып шығару болатын. Біз енді оны кеңейтіп, республикалық деңгейде қоғамдық маңызы бар әдебиеттің жазылуын, басып шығарылуын және таратылуын кіргізіп отырмыз», – деді белгілі өнертанушы Ақтоты Райымқұлова. Шынында да, бүгінгі таңда елімізде кітап басу ісі қарқынды қадам жасап келе жатыр.
«Басқа елдермен салыстырғанда біздің елде кітап басу ісі мүлдем үзіліп қалған жоқ. Мемлекеттік тапсырыспен де қаншама кітап жарыққа шығып жатқанын мақтанышпен ауыз толтырып айтуға болады. Аталған заңға енгізілген толықтырулар сіздердің тараптарыңыздан да қолдау табады деп ойлаймын», – деген Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы Нұрлан Оразалиннің пікірінің астарында ұлтқа деген жанашырлық жатқанын аңғаруға болады.
Бұдан бөлек еліміздегі театр, цирк, кино әлеміндегі әртүрлі мәселелер сөз болды. Соның ішінде, кез келген шетелдік фильмдерді аудара бермеу керектігі туралы сөз қозғалды. «Алдыңғы қабылданған заңның өзiнде кiнәрат бар. Ол кiнәрат «барлық» деген сөзде болып отыр. Бізге барлық фильмдердi аударудың қажетi жоқ. Нақтылап айтайын, барлық қаржыландыру көздерi табылған кезде, студиялар жабдықталған кездiң өзiнде бүкiл фильмдердi қазақ тiлiне аудару керек емес. Қазақ тiлiне аударуды қажет етпейтін зиянды фильмдер бар», деді Мәжiлiс депутаты Сауытбек Абдрахманов.
Әрине, талқыланған тақырыптардың әрқайсысы да маңызды. Дегенмен, айтылған ұсыныстардың қайсысы қабылданары уақыттың еншісінде.
Рауан ҚАЙДАР,
«Егемен Қазақстан».