Елбасының Жарлығына сәйкес, Орталық атқарушы билік басшылары мен әкімдер ғана емес, ұлттық жоғары оқу орындарының ректорлары да халық алдында атқарылған жұмыстарға байланысты есеп бере бастады. Бұл тек есеп қана емес, оны талқылап, сұрақтарға нақты жауап берілуі тиіс. Оқытушы-профессорлармен бірге студенттер де ректорға өздерін толғандырып жүрген көкейкесті мәселелерге байланысты сауалдарын қоюға мүмкіндік алады. Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ректоры Ерлан Сыдықовтың халық алдындағы есебі осылай өрбіді.
2015-2016 оқу жылында ұлттық университетте атқарылған жұмыс ауқымды. Қазір ЕҰУ – «QS Top 50 Under» рейтингіне енген Қазақстан мен ТМД-дағы жалғыз жоғары оқу орны. Ашылғанына жарты ғасыр толмаған әлемнің 100 университеті арасында 37-орында. Бұл – өте жоғары көрсеткіш.
«QS World University Ranking 2016» рейтингінде әлемнің 916 үздік университеті арасында Еуразия ұлттық университеті 345-ші орынға көтеріліп отыр. Бұл – Бауман атындағы Мәскеу жоғары техникалық университетімен, Ресей халықтар достығы университетімен бір қатарда тұр деген сөз. Жоғары оқу орындары вебсайттарының әлемдік «Webometrics» рейтингінде Қазақстан бойынша екі жыл қатарынан бірінші орынды иеленді. 2015 жылы Academic University Ranking Performance рейтингі бойынша «Азияның үздік 550 университеті» қатарына Орталық Азиядан енген жалғыз жоғары оқу орны.
Қазіргі уақыт инновацияның заманы. Осыған сай мамандар өз елімізде даярлануы тиіс. Елбасы ұсынған индустриялық-инновациялық даму бағдарламасының мақсаты – білікті, бәсекеге қабілетті мамандар даярлау. Осы бағдарламаға сәйкес 2015 жылдан бастап университеттің магистратурасында «Құрылыс материалдары, бұйымдар мен конструкциялар өндірісі», «Ғарыштық техника мен технологиялар» мамандықтары бойынша мамандар даярлануда. Биыл бұған үш мамандық қосылған: «Биотехнология», «Радиотехника, электроника және телекоммуникация», «Жылу энергетикасы». Бұл қазіргі уақытта ауадай қажет мамандықтар.
Университет ректоры, баяндамадан тыс, студенттің сауалына орай тағы бір жағымды жаңалықты жеткізді. Байқоңыр ғарыш айлағы Қазақстанның аумағында бола тұра онда университет студенттерінің өндірістік тәжірибеден өтуіне мүмкіндік болмаған. Осы мәселенің түйіні биыл шешілген. Тағы бір үлкен жаңалық – екі-үш жылдың шамасында университет өзінің жер серігін ұшырмақ. Қазіргі заманғы технология бойынша жұмыс істейтін құрылысы аяқталуға жақын жаңа кітапхана тәулік бойы қызмет көрсететін болады. Мұның бәрі университеттің аумағындағы нысандар.
Шетелдің айтулы жоғары оқу орындарымен ұлттық университеттің халықаралық байланысы жылдан-жылға артып келе жатқанына куә болдық. Мәселен, өткен жылы студенттерге дәріс оқу мен ғылыми жұмыстарына жетекшілік етуге 72 шетелдік профессор шақырылған. 326 студент АҚШ пен Германияның, Франция мен Кореяның, Жапония мен Польшаның және Қытайдың жоғары оқу орындарында білім алған. Ал, осы елдердің жастары Еуразия ұлттық университетінде оқып жүр. Өткен жылы 25 шет елден 486 студент оқыған. Бүгінде 277 пән шет тілінде жүргізіледі екен. Шетел студенттері үшін биылдан бастап қазақ және орыс тілдерін оқыту курстары ашылмақ.
Ректор мынадай бір дерек келтірді: Кембридж университетінің мәліметіне қарағанда, осы іргелі оқу орнының магистратурасында Қазақстан мен Орталық Азиядан барып оқып жатқандардың ең көбі Еуразия ұлттық университетінің түлектері екен. Демек, бұл оқу ордасының беделі мен мерейі Қазақстанда ғана емес, шетелде де үстем екендігі осыдан-ақ байқалады.
Университет ұжымы «ЭКСПО» халықаралық көрмесіне жан-жақты әзірлік жасап жатқан көрінеді. Ректордың өзі «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесі жанындағы қоғамдық кеңестің төрағасы.Сондықтан болса керек, «ENU JUNIOR-EXPO-2017» атты жаңа акцияны жария етті. Оның бұл бастамасына оқытушы-профессорлар да, студенттер де үлкен қолдау білдірді. Халықаралық көрменің жұмысына 3000-нан астам ерікті студент қатыспақ. Ұлттық университет отандық энергетика, экология, биотехнология, туризм салаларына байланысты семинар, симпозиум, дөңгелек үстелдер ұйымдастыруды жоспарлап отыр. Қызметкерлер мен студенттер «ЭКСПО-2017» ұсынады» сапа белгісін әзірлеуге қатысып, ағылшын, қытай, түрік тілдерін меңгерген гидтер мен экскурсия жетекшілерін даярлау орталығын ашпақ.
Ректордың есебін талқылау мен сұрақ-жауап кезінде көтерілген өзекті мәселенің бірі – жатақхана. Университет жетекшісі осы жылдың соңына қарай, Тәуелсіздік мерекесіне орай 500 орындық жаңа жатақхананың пайдалануға берілетінін айтып, бір қуантып тастады.
Ғалым ОМАРХАН,
«Егемен Қазақстан»