1996
* 25-29 мамыр аралығында Президент Н.Ә.Назарбаев Малайзия мен Сингапур мемлекеттеріне ресми сапармен барды. Елбасы Малайзияның Жоғарғы басқарушысы Туанку Джафар Абдул Рахманмен және елдің Премьер-министрі Махатхир Мохамадпен кездесті. 29 мамырда Президент Н.Ә.Назарбаев Сингапур мемлекетіне барды. Нұрсұлтан Назарбаев Сингапурдың аға министрі Ли Куан Юмен және Премьер-министр Гох Чон Тонгпен кездесті.
* 20 маусымда Халықаралық «Кранс-Монтана» форумының жұмысына қатысуға Швейцарияға келген Елбасы Н.Ә.Назарбаев Швейцария Конфедерациясының Президенті Жан-Поль Делямюрамен кездесті. Президенттер арасындағы әңгіменің барысы Қазақстан да, Швейцария да бір-біріне толықтай сенетін серіктестерге айналып отырғанын көрсетті.
*24 маусымда Женевада Президент Н.Ә.Назарбаев БҰҰ Бас хатшысы Бутрос Ғалимен кездесті. «Егемен Қазақстан» газетінің 27 маусымдағы нөмірінде «Бутрос Ғали: Қазақстан маңызды бітімгершілік рөл атқаруда және Азиядағы жағдайға тұрақтандырушы ықпал етуде» тақырыбында Бас хатшымен сұхбат жарияланды.
* 4-6 шілде аралығында елімізге Қытай Халық Республикасының Төрағасы Цзян Цзэминьнің тұңғыш ресми сапары болды. Қазақстан Президенті Н.Ә.Назарбаевпен кездесудің барысында екі елдің басшылары достық, ізгі көршілік және өзара тиімді ынтымақтастық қатынастарын дамытуға берік ұйғарым жасағандарын аңғартты. 5 шілдеде Нұрсұлтан Назарбаев пен Цзян Цзэминь Қазақстан Республикасы мен Қытай Халық Республикасының бірлескен декларациясына қол қойды.
*6 шілдеде Президент Н.Ә.Назарбаев Алматыға жұмыс сапарымен келген Қырғызстан Президенті А.Ақаевпен, Өзбекстан Президенті И.Каримовпен кездесті.
* 18-20 шілде аралығында Қазақстанға Малайзияның Премьер-министрі Махатхир Мохамадтың ресми сапары болды.
* 5 тамызда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Атланта Олимпиадасында алтын медальды жеңіп алған Қазақстан боксшысы Василий Жировқа жеделхат жолдады.
* 23 тамызда Алматыдағы Республика Сарайында жыр алыбы Жамбылдың туғанына 150 жыл толуына арналған салтанатты мәжіліс болып өтті. Президент Нұрсұлтан Назарбаев кеште «Адалдық пен адамгершіліктің, әділеттілік пен ізгіліктің алып жыршысы» деген тақырыпта баяндама жасады. Елбасы баяндамасы «Егемен Қазақстан» газетінің 27 тамыздағы нөмірінде жарық көрді.
*16 қыркүйекте Президент Н.Ә.Назарбаев тұңғыш рет ресми сапармен Әзербайжанға келді. Президенттер Н.Назарбаев пен Г.Әлиев басқарған ресми делегациялардың екіжақты келіссөзінің қорытындылары бойынша 12 құжатқа қол қойылды.
* 17 қыркүйекте Президент Нұрсұлтан Назарбаев Грузияға ресми сапармен барды. Н.Ә.Назарбаев пен Грузия Президенті Э.Шеварднадзе бастаған ресми делегациялар келіссөзінен кейін 13 құжатқа қол қойылды.
* 23 қыркүйекте Түркияда Қазақстан мәдениеті мен өнерінің күндері басталды. Қазақстан делегациясын ел Президенті Сүлеймен Демирел қабылдады.
* 30 қыркүйекте Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас Ассамблеясының 51-ші сессиясында Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың мәлімдемесі ресми құжат ретінде таратылды. Осы күні Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсыруы бойынша Сыртқы істер министрі Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан атынан Ядролық сынақтарға жан-жақты қамтитын тыйым салу туралы Шарт мәтініне қол қойды.
* 4 қазанда Алматыда Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың, Қырғызстан Президенті Асқар Ақаевтың, Өзбекстан Президенті Ислам Каримовтің, Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмоновтың, Ресей Федерациясының Премьер-министрі Виктор Черномырдинның кездесуі болып, онда Ауғанстандағы жағдайдың шиеленісуіне байланысты жан-жақты пікір алысылды.
* 12 қазанда Астрахань облысының Володар ауданында қазақтың ұлы күйшісі Құрманғазыны еске алу күндері өтті. Бұл іс-шара Қазақстан мен Ресей халықтары арасындағы достықтың күндеріне айналды. Құрманғазы кесенесінің ашылуына Қазақстаннан Президент Нұрсұлтан Назарбаев бастаған үлкен делегация келді. Салтанатқа Ресей Федерациясы Үкіметінің басшысы Виктор Черномырдин қатысты. Бұл туралы «Егемен Қазақстан» газетінің 15 қазандағы нөмірінде «Ұлы дала күй атасы Құрманғазыны ұмытпайды» тақырыбымен мақала жарияланды.
*21 қазанда Ташкенттегі «Дүрмен» резиденциясында түркі тілдес мемлекеттер басшыларының төртінші кездесуі басталды. Оған Әзербайжан, Қазақстан, Қырғызстан, Түркіменстан, Түркия және Өзбекстан президенттері қатысты.
* 23 қазанда Президент Жарлығымен Оңтүстік Қазақстан облысындағы Алғабас ауданының аты Бәйдібек ауданы болып өзгертілді.
*l 28 қазанда Пәкістан Ислам Республикасының Президенті Сардар Фарук Ахмад Хан Легари ресми сапармен Алматыға келді. Қазақстан басшысымен өткен кездесу аяқталғаннан кейін президенттер Қазақстан мен Пәкістанның екіжақты қатынастарының болашағы туралы Бірлескен мәлімдемеге қол қойды.
*14 қарашада Алматыда республика ардагерлерінің II съезі болып өтті. Делегаттарға Президент Нұрсұлтан Назарбаев құттықтау жолдады.
* 2 желтоқсанда Португалия астанасы Лиссабонда Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының (ОБСЕ) пленарлық сессиясы ашылды. Пленарлық сессияның екінші мәжілісіне Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев төрағалық етті.
* 9-11 желтоқсан аралығында Президент Н.Ә.Назарбаев ресми сапармен Үндістанға барды. Сапар барысында ол Үндістан Президенті Ш.Д.Шармамен, Премьер-министр Х.Д.Деве Говдамен кездесті. Кездесу соңынан екіжақты бірқатар құжаттарға қол қойылды.
* 12-14 желтоқсанда Президент Н.Ә.Назарбаевтың Австралияға алғашқы ресми сапары болды. Сапар барысында Елбасы Австралияның Генерал-губернаторы У.Хэйденмен және Премьер-министрі Дж.Хауардпен кездесті.
*16 желтоқсанда Алматыдағы Республика Сарайында Тәуелсіздіктің 5 жылдығына арналған салтанатты жиналыс өтті. Президент Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстан тәуелсіздігі: тарих тағылымдары және қазіргі заман» тақырыбында баяндама жасады. Осы күні Алматыдағы Республика алаңында Қазақстан тәуелсіздігінің бес жыл толуына байланысты «Тәуелсіздік монументі» ашылды. Оның ашылуына Елбасы және елімізге арнайы келген Түркия Президенті Сүлеймен Демирел қатысты.