Мыңғырған мал мемлекеттің меншігі саналып, құлағынан тізіле түгенделіп, олардан өнген өнімдер тиісті орындарға тау-тау болып тасымалданып жатқан кешегі кез сол заманның құрыш білек еңбеккерлерінің есінде. Мезгіліне қарай қора-жайы, жем-шөбі ұйымдастырылып, жаз жайлауы мен қыстақ мәселесі дер кезінде дайындалып қойылатын.
Осынша жауаптылықты қажет етуі, орасан зор күштердің жұмылуы мал шаруашылығының аса маңыздылығын аңғартса, соларды бағуды жауапкершілігіне алған малшы-бақташылардың міндеттілігі де айтпай-ақ сезіледі. Оның үстіне үкімет пен партия тапсырмасын мүлтіксіз орындау, социалистік жарыстарда шашаға шаң жуытпай шығу – жеке малшының ғана емес, бүкіл ұжымның, аудан-өңірдің абыройы саналатын. Маңғыстау малшылары осы қиын да жауапты еңбек майданында «бір жеңнен қол, бір жағадан бас» шығара табандылықпен еңбек етті.
Әсіресе, 1941-1945 жылдардағы соғыс тауқыметі басқа өңірлердегідей, Маңғыстау малшыларының да мойнына жүктелген міндетті бірнеше есе көбейтіп жіберді. Елдегі жұмыс, негізінен әлсіреп кеткен ел экономикасын нығайту мен майданға қызмет ету деген екі бағытты ұстанды және салмақ ауылшаруашылығына түсті. Майданға азық-түлік, жылы киімдермен бірге күш-көлік ретінде Адай жылқысын дайындау өз алдына бір жұмыс болатын. Оның үстіне партия мал басын өсіру мен одан алынатын өнім көлемін арттыруды басты міндет етіп ұсынды, нақтырақ айтсақ Қазақстандағы мал басын 1945 жылдың соңына дейін 19 миллионға жеткізу керектігі айтылды. Елдегі жұмысты оңтайлы ұйымдастырып, мал басынан шығын бермей, керісінше алынатын төл санын көбейту – нағыз ердің ері ғана шыдайтын жұмыс. Ол үшін күн-түн демей, жаз-қыс демей тер төгу керек еді. Маңғыстаудың ыстық жазы мен қытымыр қысында бұл жұмыстарды ер адамдармен бірге әйелдер де өз мойындарына алды. Осынау қиян-кескі мылтықсыз майдан өз батырларын тарих сахнасына шығарды. КСРО Жоғарғы Кеңесі 1948 жылы 23 шілдедегі Жарлығымен соғыс жылдарындағы ерен еңбегі және соғыстан кейінгі халық шаруашылығын қалпына келтіру кезіндегі жансебіл еңбектері – Маңғыстауда жылқы шаруашылығын өркендетудегі өлшеусіз үлесі үшін өңірдегі 9 малшыға еңбек саласындағы ең жоғары награда – Социалистік Еңбек Ері атағы берілді. Осы орайда айта кетуге тиіспіз, бұл марапат Маңғыстау азаматтарының қоғамды дамытуға, ел экономикасын өркендетуге еш тартынбай, бір кісідей сіңірген еңбегінің биік бағалануы еді. Тек Маңғыстау емес, күллі Одақты дүр сілкіндіріп, тоғыз бірдей азамат бір мезетте алтыннан алқа тақса, екінің бірінің қолы жете бермейтін айтулы марапатты алғандардың арасында Қожаштың ұлы мен қызы да бар еді.
1910 жылы Қызылқұм ауылында туған Дүйіш Сәтібаев еңбек жолын алғаш балықшылықпен бастаған қарапайым еңбек адамы. Қызметке адалдығы, табандылығы және шешім қабылдау мен ұйымдастырудағы қабілеттілігі арқасында колхоз төрағасының орынбасары – бастауыш партия ұйымының хатшысы, ферма меңгерушісі, колхоз төрағасы болған. 1942 жылы Калинин атындағы балық аулау колхозының бригадирі болып жүрген кезінде құзырлы орындар оған «...жарты жылдық жоспарды 170 пайызға орындады» деп мінездеме берген құжаты сақтаулы. 1966 жылы зейнеткерлікке шыққанға дейін отыз бес жыл бойы үздіксіз еңбек сапынан табылған Дүйіш Сәтібаевтың өзінен он жас кіші туған қарындасы Баланжан Қожашова – Маңғыстау тарихында аты алдымен ауызға алынатын әйел-қайраткерлердің бірі. 16 жасында колхоз малын бағуға, арасында балық аулауға бел шеше кіріскен ол қайсар мінезімен ер-азаматтар соғысқа кеткен қиын кезде жылқы шаруашылығының тізгінін өз қолына алады. Ат үстінен түспеген белсенді Баланжан соғысқа тылдан үлес қосуды және үкіметтің мал басын көбейту туралы тапсырмасын орындауды азаматтық парыз санап, өте тиянақтылықпен қызмет атқарады. Жеке басының адалдығы, жауапкершілігі және жылқының мінез-құлқы мен осы шаруашылықтың қыр-сырын жетік білуі, сондай-ақ, қарамағындағыларға орынды талап қоя білуі оны бірден ерекшелендіріп ала жөнелген. Ол 1941-1958 жылдары Калинин атындағы колхозда жылқы фермасының меңгерушісі болды. Соғыс жылдары аталмыш ферма майданға 100-ге жуық жылқы мен ондаған тонна ет дайындап жібереді. Бұдан өзге ол басқарған ферма жыл сайын жақсы көрсеткіштерге қол жеткізіп, аудандық, облыстық жарыстарда алдына қара салмай шығады. 1997 жылы жарық көрген «Маңғыстау» энциклопедиясындағы мәліметтерге сүйенсек, Үкіметтің тапсырмасын орындауды алдыңғы орынға қойған Б.Қожашова 1947 жылы 105 биеден 105 құлын, 1948 жылы 132 биеден 132 құлын, 1949-1950 жылдары 158 биеден 158 құлын алып, шығынсыз өсіреді. 1949 жылы Гурьев облыстық партия комитетінің мүшесі болып сайланып, сол жылы Қазақстан Компартиясы IV съезінің делегаты атанады. Араға екі жыл салып үшінші шақырылымдағы Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің I съезінің делегаты болады.
Бір үйден екі бірдей жанның Социалистік Еңбек Ері атануын өте сирек, тіпті сол кездегі Одақ көлемінде кездеспеген құбылыс деуге болады.Қазақы ұғым бойынша, тегі мықты болса тек кетпейтіні анық. Дүйіш пен Баланжанның өмір, еңбек жолдарына, әулеттік тарихына үңіле отырып, мұны мойындай түсуге тура келді. Қыдыр көрген Қыдырша ауылының жұлдызды перзенттері тек бұл екеуімен шектелмейді екен. 1949 жылы Социалистік Еңбек Ері атанған 9 малшының 3-уі, яғни Дүйіш Сәтібаев, Баланжан Қожашова және 93 биеден 92 құлын алып, шығынсыз өсірген Дүйсе Бердібеков аржағы бір атадан тарайтын ағайындылар болса, 1946 жылы қазанда «1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысы кезіндегі ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталған тыл еңбеккерлерінің 30-дан астамы осы ауылдан екен. Сондай-ақ, Сәтібаев Дүйіштің туысы Сәтібаев Ақмырзаның ұлы түйеші Көкіш болса 1973, 1975, 1979 жылдары Социалистік жарыстың жеңімпазы атанып, 1983 жылы Бүкілодақтық халық шаруашылығы жетістігі көрмесінің күміс медалін, 1984, 1986 жылдары осы көрменің қола медальдарын иеленсе, сауыншы Ақмырзаева Қанбибі Гурьев, Маңғышлақ облыстық кеңестеріне 5 мәрте депутат болып, облыстық партия комитетінің мүшесі болды. Қазақстан компартиясы XVI съезінің, Қазақстан әйелдерінің II съезінің делегаты атанып, «Еңбектегі табысы үшін» медалімен марапатталған. Қанбибінің тынымсыз ерен еңбегі, түйе сауудағы өзіндік шеберлігі мен дағдысы, мал қасиетін тани білетін сыралғы малбегілік қасиеті туралы 1986 жылы «Қазақстан әйелдері» журналына жазушы Мағира Қожахметова «Шырақ жанған шаңырақтың ардағы» атты очерк жариялаған болатын. М.Қожахметованың бұл әулетті «шырақ жанған» деп атауы да тегін емес екендігі атпал ұл-қыздары арқылы дәлелденіп-ақ тұр.
Бүгінде ағалы-қарындасты Дүйіш пен Баланжан арамызда жоқ. Еңбегін еліне арнаған Ерлер ел-жұртының ыстық ықыласына бөленіп, мемлекетінің марапат-мақтауларына шалқып өмірден өтті. «Орнында бар – оңалар» дегендей, олардың адал азаматтық дәстүрін ұрпақтары жалғастырып келеді. Бірақ, еңбек көрігін қыздырып, Одаққа аты тараған дүлдүл жылқышылардың – Еңбек Ерлерінің есімдері мен еңбегін өз дәрежесінде ұлықтап, құрметтей алып жүрген жоқпыз. Маңғыстау облысының орталығы Ақтау қаласынан немесе аудан, қалалардан ірі мекемелерге атын беріп, ақпараттық-рухани тұрғыда кең насихаттасақ, тарихымызды тануға және жас ұрпақты еңбексүйгіштікке баулуда үлкен іс атқарған болар едік.
...Кезеңдер мен қоғамдар жылжиды, заманның талабы өзгереді. Бірақ, адамдардың еңбегі ұмытылмайды, атақ-даңқы өшпейді. Олар жасаған еңбек болашаққа барар жолға төселген кірпіш сынды жылдар өткен сайын беки түспек. Өйткені, еңбек ешқашан ескірмейді де, ұмытылмайды да!
Гүлайым ШЫНТЕМІРҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан»
Маңғыстау облысы