ОҚО табиғи ресурстар және табиғатты реттеу басқармасының алқа мәжілісінде облыс әкімі Асқар Мырзахметов осылай деді. Баяғыда бір тақыр кедейдің қызы ауылда өтіп жатқан үлкен тойға барғысы келіп, шешесін тақымдайды. “Байғұс-ау, депті шешесі. Барма деп тұрған жоқпын, барғызбасың барғызбайды ғой”. Сөйтсе, қыздың көйлегі өрім-өрім жыртық екен.
Әкімнің назаланғаны орман күзеті қызметкерлері тарапынан 722 рейдтік бақылаулар жасалғанда ұсталған браконьерлер саны 262 ғана болғаны. Бұл жылдық есеп, осы тәртіп бұзушылықты әр айға шақсаңыз түкте емес. Осыған қарап, оңтүстіктің жігіттері аңқұмар емес деп ойларсыз. Ал, алқақотан отырыста сол жігіттер “кеше қырғауылды, кекілікті қырып келдік” деп желпініп отырғанын көресің.
“Аң-құсты қынадай қырып жатқан жәй аңшы емес, мемлекеттік шенеуніктер. Хаттама толтырып, маған әкеліңдер, сол заматта жұмыстан шығарып жіберейін” деп кіжінеді әкім.
Шенеуніктердің дені мылтықты екені рас. Әкім сөзінде тұрса тұтас басқармалар босап қалады ғой. Көбіне сол аң-құсты қорғауға тиіс орман күзеті қызметкерлері жол көрсетіп, атқызып жүрсе олар қалай серіктерін ұстап берсін. Облыстық орман және аңшылық шаруашылығы инспекциясының жаңа бастығы Мухиддин Аязов жаңа жылдан бері жиырмашақты күнде 70 шақты заң бұзушылық болды дегенді айтып қалды.
Енді әрі қарай шамалай беріңіз. Бұрындары жыңғылға жақын шеткірек қонған үйдің тауығымен бірге жайылып жүретін қырғауылдар көрінбей кетсе Арқаға жер ауып кеткен жоқ. Сыр тасығанда Мақтааралға кіреберіс мүйісте ханбазар болады. Ауылдың әйелдері жамбастап отырып алып, тау-тау балық сатады. Дембіл-дембіл жүк салғышына балық толтырған жеңіл мәшинелер келеді.
Шардарада да солай. Браконьерлер көлге қытайдың бір мезеттік ауын тастайды. Балығын сыпырып алған соң шатысып шуда болып жатқан ауды суға тастай салады. Оған балық түспейді деп кім кепілдік бере алады. Ауды күзетшілерден сескеніп жинай алмай кететіндері қаншама.
Облыстық табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының бастығы Батырбек Көшербайды сұрақтарымен жан алқымға алған әкім осының бәрін білмейді емес. Жөнсіздікке, ысырапқа, жыртқыштық пейілге, менен кейін күл болмаса бүл болсын дейтін пиғылға оның да жүрегі ауырады-ау.
Бұған қарап басқарма жұмыс жасамады деуге болмайды. Бұрнағы жылы сын тезіне қаттырақ алынған Батырбек Көшербай бұ жолы жеңілдеу құтылады. Облыс әкімдігінің тапсырмалары түгел дерлік орындалған.
2005-2008 жылдар аралығында барлығы 22 мың 352 гектарға сексеуіл тұқымы себілген. Оның ішінде өнгені 10 мың 2 гектар, өнбей есептен шыққаны 12 мың 350 гектар (55,2%). 2009-2010 жылдары себілген сексеуіл бойынша есептен шығару фактілері орын алмаған. Сексеуіл егу жұмыстарын сапалы жүргізу мақсатында үстіміздегі жылы 10 трактор, 13 соқа, 11 тұқымсепкіш, 14 көшет отырғызу мәшинесі алынады.
Орман алқаптарында сексеуілдің өсімін молайту мақсатында жүргізіліп жатқан орманшылардың еңбектеріне қарамастан, жеке азаматтар тарапынан заңсыз ағаш, сексеуіл кесу фактілері орын алуда.
2010 жылдың басында облыстық орман және аңшылық шаруашылығы аумақтық инспекциясымен, Ішкі істер департаментімен келісілген «Табиғат қорғау заңнамасын бұзушылықпен күрес жөніндегі бірлескен іс-шаралардың 2010 жылға арналған жоспары» бекітіліп, сұғанақтыққа қарсы жұмыстар атқарылды.
2009 жылмен салыстырғанда, рейдтер саны 309 өскенімен, анықталған заң бұзушылық фактілерінің үлес салмағы төменгі деңгейде қалып отыр. Төменгі көрсеткіштер екі жылда да Боралдай, Бадам, Арыс, Созақ орман шаруашылықтарының еншісінде.
Сұғанақтықтан өзге, орман қоры жерлерін өрттен қорғау қазіргі өзекті мәселе болып отыр. Мемлекеттік орман қоры жерлерінде 2007-2010 жылдардағы орын алған орман өрттері жөніндегі салыстырмалы көрсеткіштерден байқалатыны, 2008-2009 жылдары орман өрттерінің саны азайғанымен, 2010 жылы өртке шалынған жер көлемі артып кетті.
Негізгі жұмыс бағытындағы жануарлар дүниесін қорғау, өсімін молайту, сақтау және теңгерімді пайдалануда облыс әкімдігінің 2010 жылғы 9 шілдедегі №251 қаулысымен 2 мың 169 гектар жер аумағына Сырдария қаумалы құрылып, Алматы зоология институты ғалымдарының ұсынысымен қаумал аумағына 18 бас бұғы табиғи түрде көбеюі үшін еркіндікке жіберілді. Бұқар бұғылары өсіріліп отырған 2 гектар жер 20 гектарға дейін ұлғайтылды.
Шымкент қаласы аумағынан «Жасыл аймақ» құрылып, 2009 жылы 1 мың гектар жерге 399,7 мың түп, 2010 жылы 1 мың 564 гектар жерге 515,4 мың түп ағаш көшеттері отырғызылды. Үстіміздегі жылы жоспарланған жұмыстар толығымен атқарылады. Алдағы 3 жылдық мерзімде Шымкент қаласы аумағынан 7,5 мың гектар жерге ағаш егу жұмыстары жоспарланып отыр. Шымкент қаласының көркіне, облыс мақтанышына айналған дендросаябақта 2009-2010 жылдары жоспарланған жұмыстар толығымен аяқталды. Саябақтағы 650-ге жуық ағаш түрлерінің 500 түрі сақталған. Сондықтан алдағы уақыттағы міндет ғылыми-зерттеу институттарымен бірлесе отырып, зерттеу жұмыстарын жүргізіп, қала климатына төзімді ағаш-бұта түрлерін анықтап, көбейту мәселесін қолға алу.
Су ресурстарын пайдалануды реттеу және қорғау саласы бойынша ауыл шаруашылығы, жер қатынастары басқармаларымен бірлесе отырып, облыс аумағындағы су нысандары мен суармалы жерлерге түгендеу жұмыстары жүргізілді. 15-20 жыл бұрын салынған суғару жүйелерінің пайдалану мерзімінде жөндеу жұмыстары мүлдем жүргізілмегендіктен, облыс бойынша 429 мың 580 гектар суармалы жердің 115 мың 772 гектары айналымнан шығып қалғаны анықталды.
«Жол картасы» бағдарламасы аясында 2009 жылы 44 мың 360 гектар, 2010 жылы 32 мың 670 гектар суармалы жер қайта айналымға қосылды. Оған 6 млрд. 816 млн. теңге қаржы жұмсалды.
Су нысандарының жұмыс істеу қабілеті қалыпқа келтірілгенімен, бүгінгі таңда суармалы жерлер әлі де толық игерілмеуде немесе атқарылған жұмыс өзінің түпкі нәтижесін бермей отыр. Атап айтқанда, жер қатынастары мен ауыл шаруашылығы басқармаларының мәліметіне сәйкес 2009 жылы қайта айналымға қосылған суармалы 44 мың 360 гектар жердің, тек 37 мың 169 гектары ғана игеріліп отыр. Игерілмеген жер 7 мың 191 гектарды құрайды.
Қазіргі таңда суару жүйесіндегі қашыртқылардың техникалық жағдайының төмендігіне байланысты су ысырабы орын алып отыр. Су көлемінің 20-30 пайызы тасталынып, эрозия мен қайта тұздануға, берілген тыңайтқыштардың жуылып кетуіне әкеліп соғуда.
Басқарма бастығы Б.Көшербайдың баяндамасында осындай деректер айтылды. Бірақ, көңілде жауап күткен біраз сұрақтар қалған. Оңтүстіктің халқы бағбандығымен ерекшеленеді. Ал, Шардара ауданы әкімінің орынбасары диқандар қайта пайдалануға берген суармалы жерлерін қайтарып беріп жатыр дейді. Ал, әр гектар жеріне ат басындай алтын сұрайтын сарыағаштықтар 2 мыңға тарта суармалы жерді неге әлі күнге дейін пышақ үстінен бөліп алмай жатыр. Екінің бірі диқан Сайрам ауданы туралы да осыны айтуға болар. Сонда миллиардтаған мемлекеттік қаржының мақсатсыз жұмсалғаны ма?
Басқарма бастығы сексеуілдің едәуір бөлігі санитарлық тазалыққа бөлінетіндігін айтты. Яғни, шіріген, ескі томарларды жинап, елге отын ретінде таратып бергенде тұрған ештеңе жоқ.
Алайда, Алматы барсаңыз қысқа кесілген сексеуілдерді қораптағы күйінде супермаркеттерден де, көшеде отын сатып тұрғандардан да көресіз. Шірігенге еш ұқсамайды. Жап-жас сексеуіл жігерлері біреулердің көлеңкелі бизнесіне айналғандай. Заң талаптарын жасаушылар бір қолымен мемлекеттің ақшасына көшет еккізіп, екінші қолымен көл-көсір пайдаға оңай жол ашып бергендей көрінеді. Сайын далаға ешкім екпесе де өзі өсіп-өніп келген сексеуілдің түбіне осы солқылдақ талаптар жетпегей.
Туған табиғат – тал бесігің. Кетеуін кетірсең орны толмайды. Оған Қарынбайдың малындай болып, ен даланы толтырып жүретін миллиондаған киіктердің көзден бұл-бұл ұшуы дәлел.
Бақтияр ТАЙЖАН.
Оңтүстік Қазақстан облысы.