Қазақстан боксшы-студенттері тағы бір табысқа жетті. Бұл жолы олар Таиландтың Чианг-Май қаласында болып өткен VII Универсиадада 3 алтын, 1 күміс және 2 қола медаль жеңіп алды.
Жерлестеріміз қатарынан чемпиондыққа бірінші болып 60 кг салмақтағы Дидар Өтелбаев қол артты. Ол финалда ресейлік Рустам Мустафаевты 3:0 етіп ұтты. Келесі алтын медальді өте тәжірибелі белорус Михаил Долголевецті 2-раундта нокаутқа жіберген 81 кг салмақтағы Әли Ахмедов әкелді. Ең соңынан аса ауыр салмақтағы Нұрсұлтан Аманжолов ресейлік Сергей Смолиннен 2:1 есебімен басым түсіп, чемпиондық тұғырға көтерілді.
Бұл күні бізден тек 69 кг салмақтағы Бекболат Құрамысов қана қарсыласынан аса алмады. Ол алтын медаль үшін таласта ресейлік Харитон Аргбаға 1:2 есебімен есе жіберді. Ал жартылай финалда тай боксшысы Юттапонг Тонгдиден 0:3 болып жеңілген Ертуған Зейнуллинов (56 кг) пен ресейлік Артем Гаращуктен 1:2 есебімен ұтылған Рахат Мыржықпаев (75 кг) қола медальді қанағат тұтты.
Финалда сондай-ақ ресейліктер Вадим Кудряков (49 кг) – тайпейлікТу По-Вейді 3:0, Антон Заев (91 кг) – француз Дилан Брегонды 2:1, таиландтықтар Танес Онгжунта (52 кг) – француз Малик Нагимді 3:0, Юттаронг Тонгди (56 кг) – жапон Юки Ямаучиді 2:1, украиналықтар Мгер Оганесян (64 кг) – ресейліктер Алиса Шарифовті 2:1, Валерий Харламов (75 кг) Артем Гаращукті 3:0 етіп жеңді.
Біздің былғары қолғап шеберлері арасында біраздан бері отандық мамандардың назарына ілігіп жүрген Әли Ахмедов чемпионатты өте күшті өткізді. Ол іріктеу жекпе-жегінде қытайлық Ли Битаоны 3-раундта іске алғысыз етіп тастаса, ширек финалда украиналық Вячеслав Троянды 2-раундта жарыс жолынан шығарып жіберді. Содан соң жартылай финалда швейцариялық Уке Смажлиді 3:0 етіп тізе бүктірді. Келесі чемпион Дидар Өтелбаев ширек финалда тай Тхива Жантхакумпаны, жартылай финалда тайпейлік Лай Чу-Енді 3:0 етіп ұтты. Ал Нұрсұлтан Аманжолов турнирге жартылай финалдан қосылып, белорус Евгений Медникті 3:0 етіп сүріндірді.
Чемпионаттың күміс жүлдегері Бекболат Құрамысов ширек финалда тай Банжонг Синсириді 2:0, жартылай финалда швейцариялық Егзон Маликажды 3:0 есептерімен жеңді. Бұдан әрі қола жүлдегер Ертуған Зейнуллинов іріктеу кезеңінде молдован Дорин Буксадан 3:0, ширек финалда тайпейлік Као Ших-Еннен 2:1 есептерімен өтті. Қола жүлдегер Рахат Мыржықпаев ширек финалда германиялық Тимо Росттан 2:1 есебімен басым түсті.
Өкінішке қарай, 52 кг салмақтағы Рашид Салауатов пен 64 килодағы Ержан Ордабаев өздерінің ширек финалдан басталған бірінші ұрыстарында жеңіліске ұшырады. Олар тиісінше Малик Нагим мен Мгер Оганесянға 0:3 есебімен жол беріп қойды.
Қыздар арасынан 60 кг салмақтағы Назым Ишанова қола жүлдегер болды. Ол өзінің бірінші шайқасында поляк Анета Ригиелсканы 2:0 етіп ұтса, екіншісінде тай Рагуадарорн Саотодан 1:2 болып ұтылды. Ал қалған екі қызымыз – 51 килодағы Балауса Мұздыхан бірінші айқасында ресейлік Светлана Сольяновадан, 75 кг салмақтағы Зура Хусаинова ирланд Кристине Дезмондтан 0:3 болып жеңіліп қалды.
Нәтижесінде Қазақстанның студенттер құрамасы командалық есепте екінші орынға орналасты. Бірінші орынға қоржынына 3 алтын, 4 күміс және 3 қола медаль түскен Ресей құрамасы шықты. Үшінші сатыға 2 алтын және 2 қола медальді Таиланд жайғасты.
Серік ПІРНАЗАР,
«Егемен Қазақстан»