Қазіргі кезде елімізде діни мәселелер өзекті де өткір тақырыптың біріне айналып отыр. Себебі, Ақтөбедегі террорлық әрекеттер мен Алматыдағы қайғылы жағдайлар бүкіл халықты қатты үрейлендірді, алаңдатты. Жақында қазақстандық қоғам үлкен үміт артатын Дін істері және азаматтық қоғам министрлігі құрылды. Сондай-ақ, Парламентте Терроризмге қарсы іс-қимыл туралы жаңа заңның жобасы талқылануда.
Бүгінде қоғам алдында бұрынғы проблемалар өзекті жаңа мәселелер ретінде тұр. Олардың ішінде діни экстремизмнің шығу себебіне, оған қалай жол бермеуге болатынына қатысты тағы басқа да мәселелер бар. Қазіргі уақытта осы проблемаларға орай саясаткерлер мен сарапшылар, қоғам қайраткерлері мен қарапайым азаматтар өз пікір-ұсыныстарын білдіріп жатыр. Олар негізінен еліміздің қауіпсіздігіне нұқсан келтіретін келеңсіз жайлардың алдын алуға, ынтымақ пен бірлікті әрі қарай нығайтуға бағытталған.
Сонымен, еліміздегі нақты жағдай қандай? «Діни жағдай» деп аталатын мәселе, жалпылай алғанда, қоғамдағы әлеуметтік-экономикалық және рухани жағдайлардан бөлек бола алмайды. Сондықтан дін саласындағы проблемаларды ойдағыдай шешу үшін, оған кешенді шаралар қажет. Атап айтқанда, әлеуметтік-экономикалық және идеологиялық, оның ішінде діни салалардағы түрлі мәселелерді кешенді түрде қарастырған жөн.
Бүгінде әлеуметтік-экономикалық саладағы кезек күттірмейтін міндет, ол – жастар арасындағы жұмыссыздықты жою. Мәліметтерге қарағанда, елімізде экстремистік бағыттағы әрекеттері үшін сотталғандардың 90 пайызға жуығы жұмыссыз жастар екен. Әлеуметтік фактордың рөлі ерекше маңызды екенін осыдан көруге болады. Сол себептен де Мемлекет басшысы аталған проблеманы шешу мақсатында қажет болса, еңбек заңнамаларына өзгерістер енгізу жөнінде тиісті нұсқау да берді. Осы жерде атап өту керек, кейбір жағдайларда әлеуметтік теңсіздіктің, яғни әлеуметтік алшақтықтың да наразылық тудыратыны белгілі.
Бұл мәселе негізінен табиғи байлығы қанша мол болғанымен, халқының айтарлықтай бөлігі кедейлеу тұратын еліміздің батыс өңіріне қатысты. Мұны осы жылдың мамырында жер мәселесіне байланысты туындаған жағдайлар нақты дәлелдеп берді. Сондықтан да экстремизм мен терроризмге қарсы іс-қимыл туралы жаңа заңды қабылдау ерекше маңызды әрі аса қажет. Аталған заң жобасын талқылау барысында негізгі проблема дін ілімінің қыр-сырын жетік білетін теологтар мен дін іліміне терең бойлай бермейтін сарапшылар арасындағы ұстаным алшақтығы бар екені байқалып қалды. Өйткені, теологтар проблема әлеуметтік-саяси жағдайға байланысты екенін алға тартады. Ал сарапшылар пікірі олай емес, басқаша.
Мәжіліс депутаттары мақұлдаған құжатта экстремизм мен терроризмге байланысты сотталған адамның дүние-мүлкін тәркілеу туралы тармақтың да сынға ұшырауын құптауға болады. Бір жағынан алып қарағанда, өлімге бас тіккен жанға дүние-мүліктің не қажеті бар? Екінші жағынан, егер сотталған адам түрмеде дұрыс жолға түсуді ұйғарды дейік. Бірақ, бостандыққа шыққаннан кейін дүние-мүлкі, баспанасы, тағы басқаларынан айырылған ол қайда бармақ? Қылмыстық жолға түсіп, түрмеге қайта оралуы мүмкін ғой.
Енді Қазақстанның экстремизм мен терроризмге қарсы күресте шетелдіктердің іс-тәжірибелерін қолдану жайына тоқталайық. Бұл жерде қазіргі алмағайып геосаяси және геоэкономикалық жағдайда қоғамға тиімді заңнамалар қажет. Бұған қоса, мәселеге қатысты жаңа құқықтық нормаларды әзірлеумен қатар, қолданыстағы заңнамаларды да белсенді түрде пайдалану керек. Мәселен, кейбір елдер «Ат-такфир ва-ль-хиджра» экстремистік ұйымының қызметіне тыйым салған сияқты.
Біздің бақытымызға орай, Қазақстанда көзі жойылған және тұтқынға алынған террористік топ мүшелерінің саны аз болды. Оның үстіне, олардың бір-бірімен байланысы болмады. Ендігі жерде ең маңызды міндеттердің бірі – күш құрылымдарының жедел әрекет ету деңгейін көтеру болып отыр. Сондай-ақ, тұрғындар арасында террорлық актілер жағдайында өздерін қалай ұстау қажеттігін түсіндірудің де мәні зор. Ол үшін орта және ұзақ мерзімге арналған перспективалы әрі кең ауқымды идеологиялық жұмыстарды қолға алған жөн. Аталған мәселеде имамдардың діни идеологиялық жұмыстарды жүргізуде білімділігінің, тәжірибесінің орны бөлек екеніне назар аудару керек.
Өздеріндегі діни радикализм проблемаларын ойдағыдай шешіп жүрген елдер де бар. Мысалы, Түркия мен Малайзия. Осынау шетін мәселені табысты шешудің құпиясы, олар әрқашан исламды өздерінің тарихы мен мәдениетінің бөлінбес бөлшегі деп танығандығында жатыр. Бұл елдер осындай озық үлгілерімен мақтана алады. Нәтижесінде түрік пен малай қоғамы «сенімді мұсылман болу – өз еліңнің патриоты болу» қағидасымен қалыптасты.
Қазақстанның төңірегіндегі өркениет пен геосаясатты есепке ала отырып қарастырғанда, асырып айтқандық емес, мұсылмандық біртектілік бірқатар жайларда байқалады. Яғни, өркениетті фактор ретінде ол Қазақстанды Ресей мен Қытайдан өзгешелендіріп тұрады. Дегенмен, кейбір жағдайларда өмірлік тәжірибесі жоқ, көңіл күй ауанына тез берілетін жастар жалған «ұлтшыл-патриоттардың» арбауына түсіп қалатын жайлар да кездеседі. Оларды алған бетінен қайтаруға да болады. Мәселен, Ақтөбе қаласында тәжірибелі теологтың жетекшілігімен бес жас радикалға «Жаужүрек мың бала» фильмі көрсетілді. Көрсетілімнен соң әлгі бесеудің үшеуі радикалдық көзқарастарынан бас тартты, қалған екеуі ойланып қалды.
Көптеген мәселелерде Қазақстанның ұлттық тарихын және соған қатысты діннің ерекшелігін үйрету маңызды рөл атқарады. Оның ішінде жалпы білім беретін мекемелердің оқу бағдарламаларында Қазақстан тарихының орта ғасырдағы кезеңдерінің мұраларын еске түсіретін Қараханидтер және Алтын Орда мемлекеттері болуы қажет. Себебі, оларда «түркі гуманизмінің» ғажайыптары көрініс тапқан гуманистік бағыттағы аса бай ислам мұралары кездеседі. Қараханидтер мен Алтын Орданың тарихи мұраларын тек оқу бағдарламалары арқылы ғана емес, сондай-ақ, мәдениет пен өнер салалары арқылы да насихаттап, әлемге әйгілеуге болады.
Бұрындары Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының жетекшілері тарапынан стратегиялық мақсат ретінде Орталық Азиядағы дәстүрлі исламның түпкі негіздерін тірек еткен қазақстандық теология мектебін құру мәселесі айтылған еді. Онда Әбу Ханифа, имам Әбу Мансұр әл-Матуриди, сондай-ақ, әлемге танылған ислам оқымыстылары Жүсіп Баласағұн, Қожа Ахмет Ясауи, Ахмет Иүгнеки және басқа да ислам діні білгірлерінің еңбектері оқытылуы тиіс болатын. Бірақ, ол ұзақ мерзімді жүзеге асырылатын перспективалы жоспар болып отыр.
Теологтар жоғары оқу орындарында зайырлы мамандық – «Дінтануды» дамытуды жалғастыра беруі қажет. Себебі, тәжірибе көрсеткеніндей, Қазақстан үшін дәстүрлі емес ағымға бой алдырған жекелеген адамдар «Дінтану» мамандығын оқығаннан кейін, өзінің ойлау қабілетін кеңейте түседі. Сөйтіп, ол дәстүрлі емес ағымнан бас тарта бастайды, икемділікке бет бұрады және бірқатар мәселелерге қатысты келісушілік көзқарас ұстанады. Атап өткен жөн, Түркияда барлық имамдар діни білімі болуымен қатар, зайырлы мамандықты да меңгеруге міндетті. Бұл дінге байланысты мәселеде біржақты кетпеуге мүмкіндік береді. Жалпы, Қазақстан халқын экстремистік бағыттағы діни идеологиядан және дәстүрлі емес ағымдардан сақтандырып, оның аражігін ажырата білуге үйрету керек.
Бүгінде Қазақстандағы өзекті мәселенің бірі – Қазақстан қоғамы жағдайына барынша сәйкес келетін зайырлы мемлекет түсінігін қалыптастыру. Әрбір нақты жағдайда зайырлылық – либералдық, ұлтшылдық және басқа да идеологияның жол көрсетушісі ретінде шығатынын тарихи тәжірибе көрсеткен. Қазақстан зайырлылығы қандай идеологияның жол көрсетушісі болуы тиіс? Басты мәселе осында жатыр. Ал Қазақстан қоғамы үшін ең тиімдісі – толеранттылық идеясы. Осы идея Қазақстанның халықаралық беделін әрі қарай арттыратын брендтердің бірі болуы әбден мүмкін.
Қазақстанда толерантты қоғам құрып, оны сақтау елді табысты жаңғыртуға өзіндік ықпал етті. Бұған балама немесе нақты мысал ретінде Сингапурды алуға болады. Сингапур – полиэтностық және поликонфессиялық мемлекет. Ел басшылығының толеранттылық саясатын ойдағыдай жүргізуінің нәтижесінде елді жаңғырту жобалары табысты жүзеге асырылды.
Жоғарыда аталғандай, қазіргі заманғы Қазақстан жағдайында, енді түрлі этностар мен түрлі діндер өкілдері арасындағы бір-біріне деген қатынасты ғана емес, діни және зайырлы қоғам бөліктері арасындағы толеранттылықты да қалыптастыру керек. Себебі, соңғы жылдары конфессияаралық қатынастарды салыстырып қарағанда, зайырлы-исламдық қатынастар маңызды мәнге ие болып барады. Әсіресе, ол қазақтардың өз ортасында да көрініс беруде.
Бүгінгі күні Қазақстанда дін саласындағы стратегиялық мақсат-міндеттің түпкілікті айқындалмауы үлкен проблема болып отыр. Ал ислам – мемлекет үшін ұлттың рухани діңгегі. Алмағайып әлемде бейбітшілік пен тұрақтылықты сақтау қиын. Қазақстанның өз ішіндегі проблемаларды шешу – көбінше әлемдік ауқымдағы осындай проблемалардың табысты шешілуіне байланысты. Ендеше, келесі жылы Қазақстан Республикасы БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшесі қызметіне кіріседі. Міне, сонда жаһандық өткір мәселелермен қатар, осы мәселелерді де Ұйымның биік мінберінен көтереді деген ойдамыз.
Тимур КОЗЫРЕВ,
саясаттанушы