Тау алыстаған сайын биіктейді. Тәуелсіз Қазақ елінде болған кешегі ұлы дүбір – әлем құлақ түрген оқиға, Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы саммитінің барша әлем, соның ішінде Қазақстан үшін маңызы уақыт өткен сайын арта берері, даңқы биіктей берері сөзсіз. Қай кезде де осынау еуропалық ұйым туралы әңгіме қозғала қалса, оның саммиттері туралы да сөз болады. Сонда «Астана Саммиті» деген сөздер көзге оттай басылып, дүниенің барлық түпкірінде алдан шыға келеді.
Қазіргі әлемдік өркениеттің орталығы – Еуропа мемлекеттерінің қауіпсіздікті сақтап, өзара ынтымақтастықты дамытуды мақсат еткен ұйымы құрылғаннан бергі 40 жылға таяу уақытта (1975 жылы құрылған) оның ең үлкен форумы – Мемлекет басшыларының саммиті алты-ақ рет өткен екен. Ал жетіншісін, соңғысының өткеніне 11 жыл болғанда Қазақстан өзіне бұрып әкеліп, Азияның кіндігінде ұйымдастыра алды. Өзінің маңызды мәселесін шешу үшін Еуропа Азияға келіп, атбасын тіреді. Әрине, ақыл таппай келген жоқ, алымды ұсыныс, орынды уәж айтылған соң мойындап, аттан түсті.
Еліміз үшін, тіпті адамзат үшін Саммиттің қандай маңызы болғаны жөнінде «Егеменнің» бетінде қазақ ой-өрісінің алдыңғы қатарында жүрген ағаларымыз бен апаларымыз, сонымен бірге, халықаралық дәрежедегі қазақстандық және шетелдік саясаткерлер жеріне жеткізіп жазды. Ал біз саммиттің бел ортасында жүрген журналист ретінде тек өзіміз көрген жайлар мен түйген ойларды жазуды мақсат тұттық.
Қазақ даласында халық барынша көп жиналатын ежелгі уақыттағы ұлы дүбір – ас беру болатын. Олар туралы деректер ауыздан ауызға тарап, осы күнге дейін ұмытылмай жеткен. Бұлар барынша ықпалды болған ірі тұлғаларға немесе олардың соншалықты дәрежеге көтерілген ұрпағының аты мен атағын одан әрі көтеру үшін қайтыс болған әкелері мен аталарына арнап берген ас болатын. Мұхтар Әуезов «Абай жолында» Бөжей асының даңқын былай деп қорытындылайды: «Бұл күндерде бар жайлауларды кернеген жалғыз әңгіме – Бөжей асы туралы. Ас берген ел, асқа барған ел және үйде қалса да, барғандардан көп әңгімеге қанған ел, – тұтасымен бір жайды аңыз етеді. Сол лақап бір Тобықтының іші емес, алыс-жақындағы, ой мен қырдағы қалың рулардың баршасына да тарап, селдей жайылып кетіп жатыр.
...Тобықты ортасы бұдан былай осы жылдарда туған баласының жасын Бөжейдің асымен санайтын болады. Ас жылы туған бала ғана емес, астан бірер жыл бұрын туған, бірнеше жыл кейін туғанды да сол астың «ар жақ-бер жағы» деп, асқар белден бастағандай межелейтін болады. Бөжей асының атағы сондай. Енді осы жыл түскен келін, осы жыл өлген жас-кәрі, осы жылда болған құдалық, бала сүндеттеу, күйеу келу де – баршасы да астың жылымен саналады. Тек адам жайы емес, кейде кейіндеп барып атақ алатын бәйгелер болса, солар да Бөжейге ас берген жылы тай еді, құнан еді, немесе, іштегі құлын еді деп сөйленетін болады.
Ұлы дүбір, үлкен астың осындай боп, уақыт өлшеуіне айналып кететіні анық. Бірер буынға шейін ұмытылмастай есте қалатыны бар».
(«Абай жолы», Алматы, 1989 жыл, 206-207-бб). Астана Саммиті де сондай болып, халық арасында барынша кең тарап, селдей жайылды. Саясаттан алыстау адамдардың өзі: «Апыр-ау, 55 елдің басшысы келеді екен, жақсылап қарсы алып, абыроймен өткізе алсақ жарар еді», деп баласы атқа шапқанда үйде отырып тақымын қысатын әке-шешедей өз отбасыларында қобалжып отырғанын талай жерде көрдік.
Ал саммит кезінде туған кейбір бүлдіршіндерге «Саммитхан», «Саммитгүл» деген секілді есімдердің берілгені де сол ұлы жиынға деген көңілдің алабөтендігінен болса керек. Сонымен бірге, асыға тосып жүрген шаранасының өмір жолы ұлы дүбірге сәйкес келгеніне білдірілген қосымша қуаныш екені тағы анық. Қазақтың ежелгі салтымен ұлы дүбір, жақсы іс перзентіме жұғысты болсын, деп халықтың ортақ қуанышына үн қосып туған баласына деген көңіл-күй шаттығын жақсы ырыммен осылай жалғастырып жатты халық. Болашақта: «Бұл бала Астанада Саммит болып жатқанда туған», деген сөз де бір жағы қуаныш, бір жағы елі үшін мақтаныш сезімінің көтеріңкі лебімен айтылатын сөздер болмақ.
Сөйтіп, қазақтың және барлық түзу ниетті қазақстандықтардың игі тілегімен Қазақстан өзінде бұрын-соңды болып көрмеген бүкіләлемдік, алып, саяси шараны абыроймен өткізе алды. Еліміз бір мезгілде 38 елдің мемлекет пен үкімет басшыларын, бір елдің вице-президентін, жеті елдің үкімет басшыларының орынбасарын және 14 елдің делегация басшылары болып келген министрлері мен басқа да жоғары лауазымды адамдарын қарсы алып, жұмыс істеулеріне жақсы жағдай туғыза алды және оларды аман-есен шығарып салды. Делегациялардың ЕҚЫҰ мүшелерінің санынан асып кеткен себебі, олардың қатарында Ұйымға ынтымақтастық жөніндегі әріптес елдердің өкілдері мен халықаралық ұйымдардың басшылары болды. Саммит басталар күннің қарсаңында Астана әуежайы жалпы саны жетпістен артық ұшақты қарсы алды.
Кеңес Одағы жылдарында да қазақ жерінде екі үлкен әлемдік жиын өткен. Соның бірі Денсаулық сақтау министрі болған Төрегелді Шарманов ағамыздың үлкен еңбегінің арқасында Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының (ДСҰ) 1978 жылғы Алматыда өткізілген конференциясы еді. Қазір ДСҰ туралы барлық әдебиеттерде «Адамға көрсетілетін алғашқы медициналық-санитарлық көмек туралы Алматы декларациясы» алдыңнан жарқ етіп шыға келеді. Оның маңызын да көптеген елдердің білікті мамандары бүгінге дейін жоғары бағалап, «Денсаулық сақтаудың ұлы хартиясы» деп атайды.
Осы конференцияға 146 елден ресми өкілдер келген. Бірақ олар арнаулы ұшақтармен емес, жолаушылар тасымалдау рейстерімен алдымен Мәскеу мен Ташкентке, одан әрі Алматыға жеткен.
Ал Қазақстанда болған ең алғашқы әлемдік шара – 1973 жылы Алматыда өткен Азия-Африка елдері жазушыларының 5-ші конференциясы. Аталған құрлықтардың 60-тан астам елінен келген өкілдер шараны негізгі ұйымдастырушы, Қазақстан Жазушылар одағының сол кездегі 1-ші хатшысы Әнуар Әлімжанов бастаған қазақстандықтарға риза көңілмен аттанған.
Бұл шаралар да өз заманы үшін Қазақстанды әлемге танытуда өзіндік үлестерін қосты. Сондықтан олардың да маңызын күні бүгінге дейін жоғары бағалаймыз. Ал Астана Саммиті ТМД мен аймақтық ұйымдар басшыларының саммитін есептемегенде, мемлекет басшылары деңгейінде біздің елімізде өткен алғашқы әлемдік жиын болды.
Саммит өтетіні туралы шешім шыққанда қобалжыңқырап та қалдық. Өйткені, сонша мемлекеттің басшыларын бір мезгілде күтіп алып, жоғары деңгейде орналастырып, қызмет көрсете аламыз ба? Қауіпсіздік мәселесі қалай шешілмек деген тұрғыдағы сауалдар жүрегі Отаным деп соғатын әр қазақстандықты толғандырғаны күмәнсіз. Иншалла, еліміз бәрін де өз деңгейінде атқарып шықты. Қаладағы 150 қонақ үйдің 68-і саммит қонақтарына таңдап алынған еді. Соларда болған меймандардың бірде-бірі қонақүй қызметіне байланысты өкпе айтқан жоқ. Қаладағы қоғамдық, қызметтік және жекеменшік көліктердің де жүрісі саммит қонақтары жүретін бағыттың ыңғайына қарай өзгертіліп, оларға әркез «көк жарық» жанып тұрды. Ол ол ма, қала әкімі Иманғали Тасмағамбетовтің айтуына қарағанда, саммитке дайындық барысында қаладағы барлық коммуналдық активтің жағдайына толығымен тексеріс жүргізіліпті. Мұның өзі қала билігіне шаһардың коммуналдық шаруашылығы жөнінде толық ақпарат алуына мүмкіндік берген. Нақты айтар болсақ, сол уақыттарда қаланың 9379 жертөлесіне, 9894 шатырына және 12958 кәріз құдықтарына ревизия жасалып, олардың жағдайлары толық анықталып, есепке алынған. Әрине, бұлар саммиттегі қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін де жасалды, сонымен бірге, олардың мүмкіншіліктері көрініп, проблемалары анықталды. Енді қала басшылығы коммуналдық активтерді жетілдіру барысында осынау деректерді басшылыққа алары сөзсіз. Саммит өзге маңызды жақтарын айтпағанның өзінде, қала тұрғындарына осындай игі істерін қалдырып кетті.
Еліміздің сыртқы саясатының басты мақсаты барлық уақыттарда Қазақстан тәуелсіздігінің сақталуына халықаралық кепілдіктің берілуіне қол жеткізуге бағытталғаны белгілі. Қазір Қазақстан дүние жүзінің 120 елімен дипломатиялық қарым-қатынас орнатты. Олармен ынтымақтастық пен әріптестік туралы 40 көпжақты және 700-ден артық екіжақты келісімдерге қол қойды. БҰҰ-дан бастап әлемдік ИКҰ, Еуроодақ, ХВҚ, МАГАТЭ, ЮНИСЕФ, ЮНЕСКО сияқты беделді ұйымдардың бәрімен жақсы қарым-қатынаста, сондай-ақ ТМД, ШЫҰ, ҰҚШҰ, АӨСШК сияқты аймақтық ұйымдардың ең белсенді мүшелерінің бірі. Әлемдегі беделді ұйымның бірі – ЕҚЫҰ-ға төрағалығымызды табысты өткізіп қана қоймай, 11 жылғы үзілістен кейін оның саммитін тамаша ұйымдастырумен қатар, декларациясын да қабылдата алдық. Бұл еліміз үшін ұлы жеңіс болды.
Астана Саммитінің қорытындысын талқылаған аймақтық және халықаралық деңгейдегі бірнеше конференциялар өтті және әлі де өтіп жатыр. Соның бірі жуырда Германияда өтіп, оған қатысқандар саммиттің тарихи маңызы туралы әңгімелер қозғады. Неміс мемлекетінің айтулы саясаткерлерінің бірі, бұрынғы елші Арне-Клеменс Зайферттің айтуына қарағанда, Астана Саммитіндегі басты жетістіктің бірі – «Қауіпсіздіктің Еуроатлантикалық және Еуразиялық қауымдастығы» атты терминнің бекітілгені. Бұл – ендігі жерде Еуропа өздеріндегі қауіпсіздікке ғана емес, сонымен бірге, жалпы Еуразия кеңістігіндегі тыныштыққа да алаңдайтын болады деген сөз. Міне, сондықтан да Астана Саммитінің маңызы ешқашан аласармақ емес.
Жақсыбай САМРАТ.