Алаш аспанындағы жарық жұлдыздардың бірі Сәкен Сейфуллин туралы ақын Сырбай Мәуленов: «Өлімге жан екенсің қия алмайтын, Өлеңнің құшағына сия алмайтын. «Қазағың қане?» – десе, «Мінеки!» – деп, Көрсетсе жер жүзіне ұялмайтын», – деген еді.
Сол ардақты азаматтың оққа байланған күніне орай елордадағы Сәкен мұражайында 25 ақпан күні ақынды еске алу дәстүрге айналған. Биыл да сол игі іс орындалды. Алғашқы сөзді мұражай директоры, белгілі ақын Несіпбек Айт алып, жыр жампозы туралы ойын ортаға салды, кей тұстарда қызыл империяның жыршысы дейтіндерге келіспейтінін тілге тиек етті. Сол секілді кеште Сәкен жайлы Рымжан Мәжитқызы ой өрбітіп, ақынды көрген адамдардан жалғыз өзі қалғанын айтып, оны жендеттердің ұстап кеткен сәті күні бүгінге дейін көз алдында екенін жеткізді. Музейдің алғашқы директоры Роза Асылбекова және Қайыржан Мақанов, жазушы Табыл Құлыяс, өзге де азаматтар өз ойларын ортаға салды. Ал Бақытжан Тобаяқов «Кім атты екен аққу-қазды көлдегі, Кім атты екен Сәкен аға – қыранды... Ақынды атқан – ол аққуды атқаны, Аққуды атқан – бар күнәға батқаны», – деп тебіренсе, Ерғожа Тілепбердиев ақынның анасы туралы толғауын оқыды.
«Тірі болсам... қазаққа қызмет етпей қоймаймын», – деп Әлихан Бөкейханов айтқандай, қазақ үшін қызмет еткен Алаш арысы Сәкен Сейфуллинге айып тағылып, кінәлісің дегенде «Бар жазам күштілермен алысқаным, Жыртқаным сорлы жұрттың намыстары. Теңдікке нашар жұртты жеткізуге, Көп жауыз ұлықтармен қарысқаным», – деп жауап берген екен.
Сәкен Сейфуллин – қызыл империя бүкіл билікті алып, өз дегенін жасап тұрғанда қиыннан жол тауып, халқы үшін қалтқысыз қызмет еткен ұлтымыздың арыс ұлы. Ол 28 жасында үкімет басқарып, 1938 жылы 25 ақпанда бар болғаны 25 минөтте ісі қаралып, қарғыс атқан 58-бап бойынша 43 жасында оққа байланып опат болды.
Бірақ кеңестік жүйе өз дегенін жасаймын деп жанталасып жатқанда есебін тауып, халқының өшкен атын жарыққа шығарып «қырғыз» делініп келген қазақты «Қазақты қазақ дейік» деп мақала жазды. Астанаға Ақмоланың лайық екенін айтып, қолына билік тигенде бар мүмкіндікті пайдаланып, жасқанып, жалтақтамай «Қазақ тілі мемлекеттік тіл болсын, іс қағаз қазақ тілінде жүргізілсін, ол қазақ аудандары мен болыстарында 1924 жылдың 1 қаңтарынан шілдеге дейін жүзеге ассын. Ал 1 шілдеден ары қарай қазақ пен орыс аралас отырған жердің барлығында да іс қағазы қазақ тілінде жүргізілсін», – деп қазір де өз мәресіне жете алмай келе жатқан қасиетті тіліміз жайлы тайға таңба басқандай етіп, Декрет шығарып бергені тарихтан мәлім.
Биылғы Сәкенді еске алу кешіндегі бір атап айтарлығы, оның тірі бейнесін көрсететін деректі фильмнің табылуы еді. Мұражай қызметкерлері К.Бейсекеева мен Б.Ақбасова Мәскеу қаласына арнайы сапар шегіп, Сәкенге қатысты деректер жинапты. Сол кезде Красногорск қаласындағы кино-фото мұрағатынан Түркістан-Сібір теміржолының салынуы мен ашылуына арнап түсірілген 1930 жылғы бейнеқұжатты кездестіріп, зерттеп-зерделеген тұста екі бөлімнен тұратын «Түркісбтің ашылуы» атты фильм кездесе кетіпті. Фильмді қарап отырғанда, қас-қағым сәттік Сәкеннің бейнесі көрініс беріпті. Бұл құнды бейнеқұжатты сол заманның көптеген қилы кезеңдерін өзінің шығармасына арқау етіп қалдырған белгілі режиссер-оператор Абрам Роом түсірген екен.
Мұражай қызметкерлерінің айтуына қарағанда, дыбыссыз деректі фильмдегі Сәкен бейнесі көбімізге мәлім суреттерден бөлек. Себебі, 1929 жылы 22 қыркүйекте ол Алаш ардақтыларының қатарында «партиялық тазалаудан» (бұл тазалаудың құжаты мұражайда сақтаулы) өтіп, Ташкенттегі қызметінен босап, еліне оралады. Кейін ол інісі Мәжит екеуі салт атпен Алматыға жол тартады. Осы сапарында олар Түркісібтің ашылуына қатысқан көрінеді. Бұл туралы Мәжит Сейфуллин өзінің «Қыран ұшқан ұя» атты естелігінде Арқа мен Алатау арасындағы ұзақ жолда біраз уақыт жүргендерін айта келіп: «Сәкеннің мінгені қамыс құлақ, оқтаудай жұмыр теңбіл қара көк ат, үстінде қынама бел, қалың шапан, басында түлкі тұмақ, аяғында саптама етік, сырты қырша, іші қалаша киінген» деп суреттейді.
Сәкеннің бұған дейін бір ғана осындай кинодағы бейнесі белгілі болса, мынау оған өзіндік түр-тұлғасымен қосылып отыр. Бұдан өзге В.И.Ленинді жерлеу кезіндегі түлкі тұмақты бейнесі Мәскеу мұрағатында жатыр екен. Оны алдыру мәселесі де қарастырылуда көрінеді. Бір қарағанда, мына бейне Сәкенге келе қоя ма дейтіндер табылып жатса, ақынның 37-ші жылғы екі қырынан түсірген суреттегі ұқсастықтан іздестіргеніміз жөн секілді. Бұл екеуінде де ұлы тұлғаның қилы-қилы уақыттағы бейнелері беріліп отыр. Дегенмен, елдің дамуына ерекше септігін тигізген Түркісібтің ашылу сәтінде ақынның түлкі тұмағын қолына алып, «Қазағым, мына қуанышың құтты болсын!» – дегендей жабырқау жүзінің жадыраған сәті бейнеленген екен. Әсіресе, суреттердегі маңдайдың ұқсастығы дау тудырмаса керек.
«Кеңестік билікті жақсы көрген емеспін, бірақ мойындадым», – деп Алаш арысы Әлихан Бөкейханов айтқандай, Сәкен Сейфуллин де кең даланың тынысын тарылтып, уысына ұстаған сол кезеңнің жақсылығын да, тауқыметін де тең тартқан. Сөйте жүріп, артына үлгі болар ұлы мұралар, ұлағатты істер қалдырған. Біз соны әлі де болса, терең зерделеп, шаң басқан архивтерді ақтарып, кейінгі ұрпаққа жеткізсек, бұл халықтық дәстүрді жаңғыртып, сабақтастықты өрістетер еді.
Сүлеймен МӘМЕТ.