Қадымнан қалған қолтаңба
«Тарихты білмей – келешекті болжау қиын»,– деген екен Әбу Насыр әл-Фараби. Экспедиция мүшелері ақпараттық-бейне, көркемсурет альбомына мәлімет жинау барысында Шиелі ауданында Қаратау тау сілемдеріндегі «Сауысқандық» шатқалындағы петроглифтерге арнайы түсіру жұмыстарын жасады. Еңбекші ауылынан 55 шақырым солтүстік-шығысқа қарай жоталарды жағалай Сауысқандық өзенінің оң жағында, Сүлеймен жайлауының іргесіндегі Үлкеншоқы, Кішішоқы аталатын тау жоталарының жартастарындағы суреттер қола дәуірінен қалған құнды дүниелер. Жартастағы суреттер сол дәуірдің әдет-ғұрпындағы наным-сенімдерінен көрініс береді. Бүгінде осы құнды мұра ЮНЕСКО-ның ескерткіштер тізіміне ұсынылған. Сауысқандық шатқалы Бала Сауысқандық және Үлкен Сауысқандық болып бөлініп, 5 таулы аймақты құрайды. Мұнда тауешкі, арқар, қасқыр, түйе, жылқы сияқты жануарлар мен аңдар жайлы сюжеттік көрініспен қатар, қару асынған адамдар ерекше бейнеленген. 2004 жылы «Тұран» экспедициясының барлау жұмыстарында табылған шатқалдағы суреттер ежелгі дәуірден дерек беретін құнды мәдениетіміздің жалғасы. 9 шақырымға созылатын жартастағы бейнелер экспедиция қоржынын толтыратын мол ақпараттар берді.Қаратаудың құпиялары
Қарт Қаратау. Тіл ұшына осы бір сөз тіркесі еріксіз орала береді. Таудың етегіне бара қалсаңыз, оның тастарына қарай отырып, ескі заман көз алдыңда еріксіз көлбең қағады. Қаншама ғасырлар өтті. Бір кездері Қаратау заңғар көкпен таласқан биік болған шығар-ау. Оны кімнің көзі көрген? Қазір ше? Шөгіп барады. Тура жасы келген адам секілді. Орташа биіктігі 1800 метр екен. Ең биік тұсы – Мыңжылқы. Оның өзі де аспанмен таласқан талай шыңның қасында өте пәс. Қалың қатпарлы Қаратаудың соңғы сілемдері Сыр өңіріне жетіп жығылады. Қазақ даласының оңтүстік өлкесін бойлап жатқан тау қашаннан да ұлтымыз үшін ұлық тұтқан киелі мекеннің бірі. Бағзы заманнан байтақ даламыздың көркін кіргізіп, ажарына әр берген, елге нәр берген. Ғалымдар бұл таудың жердің бетінде пайда болғанына қаншама миллион жыл өткенін айтады. Ал одан бері талай мәрте жылғадан су ағып, сан рет ағаштар бүршік жарды. Қаншама ұрпақ алмасса да, Қаратау адам баласымен бірге жасап келеді, әлі де талай ұрпағына құпиясын аша жатар… Ескі замандарда өмір сүрген адамдар осы таудың баурайын мекен еткен деген деректер бар. Оның айқын куәсі – тасқа қашалып салынған суреттер. Мұндай тарихи орындар 400 шақырымға созылып жатқан Қаратау қойнауында өте көп. Ғалымдар оларды қола дәуірі мен орта ғасыр аралығында бейнеленген деп жорамал жасап жүр. Археологтар зерттеуге алған тастағы таңбалы суреттер қазір мыңнан асады. Жаңақорған ауданы тұсындағы Қатынқамал үңгірі жайында көпшілік жақсы біледі. Бұл жер – тарихи орын. Жаугершілік заманда қалың елге пана болған деседі. Алайда, оның құпиясы әлі толық ашылған жоқ. Үңгір қалай пайда болды? Ел айтатын әфсана түрліше сөйлейді. Ғылым тілімен дәйек кем. Қазірге дейін Қаратау қойнауында жатқан 50-ге жуық қамал бар екен. Көбісі әлі зерттеле қоймапты. Табиғаттың тамашасына көз салғыңыз келсе, Қаратаудың баурайына барсаңыз, келбеті көркем көптеген көрікті жерлерді көріп, көңіліңіз көтеріліп қайтады. Жаратылыстың сұлулығы мұнда да жетіп жатыр. Оны қолмен қашап жасаған мүсіншінің туындысы дерсіз. Дегенмен, оның барлығы он сегіз мың ғаламның төл туындысы. Беткейінің топырағы да басқаша, қоңыр және қызғылт қоңыр түсті, келген адамның көзіне бірден түседі. Сан алуан өсімдіктер де таудың келбетіне шырай қоса түседі. Қаратауды мекен еткен аң мен құс көп-ақ. Кезінде олардың кейбірінің тұқымын тұздай құрта жаздағаны рас. Солардың бірі – арқар. Қаратау арқары тек осы жерді ғана мекен етеді. Таулы аймақтың жазықтау жерінде жүретін аң олай-бұлай көшіп жүргенді қалай бермейді. Қашаннан да бір сәттік қызық үшін басқасына бас ауырта бермейтін аңшылар арқарды оңды-солды мылтықтың шүріппесіне байлағаны өзегімізді өртейді. Бүгінгі күні тау жаққа жолыңыз түссе, оны көрмеуіңіз де мүмкін. Ұшқан құс пен жүгірген аңды есепке алатын ғалымдар оның саны кеміп бара жатқанын айтып, дабыл қағып жүр. Өткен ғасырдың жетпісінші жылдарында таудың баурайында бар-жоғы 150-250 арқар көзге ұшырасқанға ұқсайды. Ал бүгінде... Ғалымдар Қаратаудың қойны-қонышы қазба байлыққа толы дейді. Бұл сөздің жаны бар. Қорғасын мен мырыш, фосфор секілді қат дүниелердің қоры жетерлік мұнда. Гипс, цемент те кездеседі. Кейбірі өндіріліп те жатыр, ендігі біріне түрен тие қойған жоқ… Қаратаудың құпиясы көп-ақ…Абыздар атырабы
Қазақтың даласы әулиелерге, батырларға, би-шешендерге, сахабаларға бай өлке. Сол өлкенің бірі Оқшы ата кешенінде Асан қайғы атамыздан бастап Есабыз, Бала би, Ғайып ата, Қыш ата, Мұстафа Шоқайдың атасы Торғай датқа жатыр. Топ мүшелері киелі жерде болып, абыз-әулиелердің басына құран бағыштады. Оқшы ата мазараты Түркістаннан бұрын қаланған ертеректегі үлкен пантеон болған. Қасиетті орын Шиелі ауданы Бәйгеқұм елді мекенінің жанында орналасқан. Өз заманында Оқшы ата қару-жарақ дайындайтын ұста әрі ерекше дарынға ие қасиетті адам болған екен. Азан шақырған есімі Ибраһим, кей деректерде Көгентүп делінеді. Х ғасырға жататын бұл мазарат аймақтағы ерекше маңызға ие жердің бірі. Бәйгеқұм ауылындағы Қанқожа көлі – туристік аймаққа сұранып тұрған демалыс орны. Ұзындығы 35 шақырым, ені 1,5 шақырымды құрайды. Демалыс аймағында бір маусымда 30 мың адамға дейін жиналады. Қамбаш көлінен кейін үлкен аумаққа ие Қанқожа көлі болашақта аймақ туризміне жаңаша серпін беретін жобаға айналатынына сенім мол. Шиелі, Жаңақорғаннан кейін экспедиция Сырдария ауданына бет түзеді. Қашанда гүл-желегі жайқалған Нағи Ілиясов ауылы бар жасауымен жайнап тұр. Топ мүшелерін жарқын көңілмен қарсы алған ауыл тұрғындары ізгі тілектерін айтып, ақжарма батасын берсе, «Ақ әжелер» ансамблі жырдан шашу шашты. «Сыр – Алаштың анасы» экспедициясы Сырдария сапарында аудандағы көрікті орындар мен тарихи маңызы бар Сырлытам, Мүлкәлан әулие, Қалжан ахун мешіт-медресесіне ат басын бұрды. Алдымен Іңкәрдария ауылында орналасқан Молқалан (Молла-Қалан) кесенесіне кіріп, құран бағышталды. Ежелгі озық ойлы әулие-әмбиелер жайында аңыздарға қанықты. Қызылқұм жеріндегі Сырлытам кесенесі көне тарихтың куәсін қойнына жасырған ескерткіштің үлкені. Қарахан кесенесінен кейінгі Сыр еліндегі ортағасырлық сәулет ескерткішіне жатады. Тарихқа шегінсек, Хазар теңізінің жағалауын Қаңлы, Кердері, Дай ұрпақтары, кейінірек түрікмендер мен қарақалпақтар мекендеген. Кейбір дерек көздерінде Қамбар батыр мен Алпамыс батыр да (Бәміш) Сыр бойында туған делінеді. Қорқыт ата жырларындағы Қазан Салар, Бәміш, т.б. кейіпкерлер тарихта болған, Сыр бойында өмір сүрген адамдар. Баршын қыздың атымен аталған Баршындария Жетікөлден басталған көрінеді. Қазіргі Сырлытам ескерткіші осы Баршын қыздың құрметіне салынған-мыс. Сыр елінде екі Сырлытам бар. Бірі Қармақшы ауданында, екіншісі Сырдария ауданының Іңкәрдария ауылынан 29 шақырым жерде орналасқан. Көрнектірегі де осы. Сырлытам аталып кеткен Баршын қыз мазарының тарихы сонау ХІІІ ғасырдан басталады. Ескерткіш портал күмбезді, шаршы үлгімен, қызыл кірпіштен тұрғызылған. Биіктігі 10 метр шамасында. Құмтөбе басына орнатылған Сырлытамның беті шығысқа қарап тұр. Сырлытам кесенесі ағашсыз салынған екен. Күмбездің бағаналары мен олардың арасына салынған бейнелер қазақтың ою-өрнегіне ұқсайды. Кірпіштері өте жұқа, шертсең, сыңғырлап тұр. Мазардың іші мен сыртындағы бейнелер мен белгілер бұл бейіттің қызға арналған ескерткіш екенін дәлелдей түседі. Ескерткіштің маңдайшасында «Ғамал Жай лахат» деген жазу болған. Бүгінде ол жазудан жұрнақ қана қалған. Бұл мазардың құнды сәулет ескерткіші екенін жете түсінбеген кейбіреулер түрлі нақыштарды бұзып әкеткен. Күмбез жанында төртқұлақты бейіт бар. Сырлытам мазарының ішінде сегіз қабір жатыр. Олар жайында: «Бәмсінің 7 қарындасы болған, сегізіншісі – әйелі Баршын (Бәну-шешек) болуға тиіс», – деп жазады түркітанушы, профессор Әуелбек Қоңыратбаев. 19-шы ғасырдың ғұламасы, ағартушы Қалжан ахун Бөлекбайұлының медресесі Тереңөзек кентіне жақын жерде орналасқан. Өзі ғалым әрі діни ағартушы болған ол араб, парсы тілдерін жетік меңгеріп, Хиуа мен Бұхарада (Көкілташ медресесі) жоғары білім алып, ағартушылық қызметтермен айналысқан. Ислам дінін насихаттаумен шектелмей, өз шәкірттерін Шығыстың ғылыми және рухани бай мұрасымен де таныстырған. Ол халық арасында ақын және қоғам қайраткері ретінде де белгілі. Оның бастамасы бойынша 1916 жылы медресе тұрғызылды. Бұл жерде медреседен өзге ішкі кірпіштен тұрғызылған Қалжан ахунның өзі тұрған үйінің де орны бар.Мәдени мекен
Ұлттық мәдениетіміздің бір тармағы ата-баба мұраларынан сыр шертетін, олардың қалдырған өнегесін кейінгі ұрпаққа танытар тарихи-мәдени ескерткіштер екені анық. Қазіргі таңда халықтың ұлттық санасы оянып, тарихи тұлғалардың танылуына, архитектуралық, археологиялық ескерткіштер мен тарихи-мәдени мұраның бай дүниесіне ұмтылысы күн санап өсіп келе жатыр. Зұлмат замандарды, жойқын соғыстарды басынан кешіріп, бүгінгі күнге қабырғасы сөгілмей жеткен Сыр өңірі көне дәуірлерден мәдениет ошағының ордасындай болғаны ақиқат. Бұл сөздің шындығына сапар барысында көз жеткіздік. Ел аңызында Сыр өңіріндегі шаһарлы мекенжайлардың көптігі соншалық, Шыназдан шыққан лақ шатырдан шатырға секіріп отырып, Арал теңізіне дейін жетеді деген әфсана бар. Бұл теңеудің тегін айтылмасы белгілі. Дегенмен, түсірілім тобының зерттеулері нәтижесінде Сырдария өзенінің оң және сол қанатында қала мәдениетінің қалыптасқандығына көзіміз жетті. Экспедициялық топ Жалағаш ауданында Бұхарбай батырдың ескерткішіне, музей үйіне және мешітінде болып, батыр ұрпақтарымен салиқалы сұхбат құрды. Ал Таң ауылындағы Әбжәли ишан мешіті жуырда ғана қайта жаңғыртудан өтіп, ел игілігіне беріліпті. Осы ауылдың тумасы, елжанды азамат Имамзада Шағыртаевтың демеушілігімен қайта жаңғыртылған имандылық үйі бүгінде жамағаттың қуанышына айналған. Ауыл қарияларының айтуы бойынша, мешітті Әбжәли ишанның өзі сол кездегі Қызылорда темір жол вокзалы ғимаратын тұрғызған ақмешіттік Нұрмұхаммед деген ұстаға қалатқан екен. Мешіт сол маңда өмір сүріп, бүкіл ғұмырын балаларды мұсылмандыққа оқытуға арнаған, жергілікті халықтың діни сауатын ашуға көп еңбек сіңірген Әбжәли молданың атымен аталады. Көнермес мұрасы мен тарихы мол Жалағаш ауданында Қосабыл асар, Үңгірлі асар, Моншақты асарлар – Қаңлы кезеңінен келе жатқан керемет жоталар. Биіктігі 15-20 метр болатын асарлар зерттеу жұмыстарына сұранып тұрған жәдігерлер. Қармақшы ауданында орналасқан Қорқыт ата кешені – облыстың туристік картасына енген бірден-бір үлкен нысан. Және түркі халықтарына ортақ Қорқыт ата мазары да тарихи мұрамыздың сүбелі бөлігі. Сонымен қатар, антикалық ескерткіштер Бұланды, Шірік Рабат сияқты асыл қазыналарымызды туристерге танытуға Қызылқұм аймағындағы жол нашарлығы және ұзақтығы кедергі болғаны болмаса, ғалымдардың назарын бұрып отырған, археологиялық қазба жұмыстары жүргізіліп жатқан ескерткіштер болашақта туризм саласын дамытудағы өз мәртебесіне ие болады деп сенеміз. «Сыр – Алаштың анасы» экспедициясы Қармақшы топырағындағы Жетіасар мәдениеті жөніндегі мәліметтер базасын да кеңейтті. Осы арқылы біз басқан асарлардың ең үлкені республикалық маңызға ие тарихи-мәдени нысан саналатын Алтын асардың ежелгі тұрғындары жау шапқыншылығынан қаланы тастап кетуге мәжбүр болған деседі. Қаралы асар, Жалпақ асар, Құрайлы асар, Базар асар және Томпақ асар, Шірік Рабат атанған қалашықтар және Бәбіш мола кешені, Баланды, Сеңгір там қылуетінің тарихи маңызы жөнінде ертеректе аймақты зерттеуге келген орыс ғалымдары И.Левина мен С.Толстовтың еңбектерінде кеңінен зерттелген. Бір әттеген-айы, қазба жұмыстары мен құндылықтар Ресей асқан... Сол жәдігерлерге тіл бітсе, көне тарихтан мол сыр шертер еді-ау. Сыр өңірі Сақ-апасиактар астанасы Шірік Рабат, Оғыз тайпаларының астанасы – Жанкент, Хорезмнің шеткі аймақтарын басқаруда орталыққа айналған Жент, Ақорда астанасы Сығанақ сынды қалаларымен атағы алысқа жеткен. Экспедиция мүшелері сапар барысында осындай қала құрылыстарын, сәулет ескерткіштерін сақтау, қамқорлыққа алу келешек ұрпақ үшін маңызды екеніне тағы бір көз жеткізді. Олардың бүгінгі сақталу деңгейі, қорғалу аймағының ескерілмеуі, тіпті бұзылып кетуі кімді болса да алаңдатады деген үміттеміз. Ертеңгі күнге қойылар талап көп, ескерілер жағдай қаншама?!Дархан дала тұлғалары
Елбасы «Жалпақ жұртыңды, иісі Алашыңды құрметтеу алдымен өзің тұрған өлкенің тарихын, табиғатын танудан, тұлғаларын ардақтаудан басталады»,– деген болатын. Осыны негіз тұтатын «Сыр – Алаштың анасы» экспедициясы қазыналы Қазалы топырағына аялдады. Әрбір өлкенің өзіндік тарихи-мәдени ерекшелігі, сара жолы болады. Ұлы Жібек жолының бойындағы Жанкент, Мыңтөбе, Күйік Қала, Кескен Күйік секілді ертедегі қалалар саф алтынға бергісіз тарихи сырларды бүгіп тұр. Сараман-Қоса, Орақ, Бегім Ана, Ұзынтам, Сарыбайқазған, Қазанғап сияқты жаугершілік заманда белгі беру мақсатында тұрғызылған тарихи мұнаралар мен Құттыбай, Сырлытам, Бақа би, Кәрібай, Найзағұл, Жанқожа кесенелері, Дөңқазған, Үшназар, Қосым әулие, Жабағылы, Әулиетөбе және Манас мазараттары сынды әр заманғы тарихи-сәулет ескерткіштері бүгінгі күнге жетіп, ұрпақтарын ұлы тарихтың сырына үңілтеді. Халықты қан қақсатқан басқыншы қоқан-хиуалықтармен, жасы сексеннен асса да отаршыл орыс басқыншыларымен жан аямай күрескен Жанқожа батыр осы өңірден бастап аттан түспей, Ақмешіт бекінісіне дейінгі жерлерді озбыр жаудан азат еткен. Батыр кесенесі аудан аумағында, биік ауқымды төбе басында орналасқан. 2011 жылы баба кесенесіне жөндеу жүргізіліп, тұғырлы тас-белгі орнатылды. Қазалы қаласындағы біртуар жарық жұлдыз Ғани Мұратбаев оқыған мектеп үйі, Ноғай, Ғанибай бай, Қожаназар, Әзілхан ишан мешіттері, теміржол мәдениет үйі мен ерекше сәулет үлгісіндегі вокзал, ескі қаладағы ғасырмен құрдас тұрғын үйлер және Қазалы локомотив зауыты кез келген адамды еріксіз өткен күннің тұңғиығына бойлатып әкетеді. Ежелгі Жанкент, Мыңтөбе қалашықтары, Құттыбай, Келімбет, Сырлыбай мавзолейлері мен Сараман-Қоса және Ұзынтам мұнаралары – Қазалы ауданының бүгінгі күнге жеткен мақтаныштары. Қазақ халқының төбе билерінің бірі – Әйтеке биге арналған ескерткіш кент қақпасы теміржол маңында орналасса, қазақ жастарының көшбасшысы Ғани Мұратбаев ескерткіші өзі атындағы ауылда орын тепкен. Сараман-Қоса мұнарасы ХVІІІ ғасырдағы сәулет өнерінің қайталанбас туындысы. Сараман есімді жігіт пен Қоса деген қызға қойылған белгі. Бiр деректе, Жент қаласын билеген ханның баласы Сараман мен жарлы жiгiт Қосай дос болыпты дейді. Екi дос жер көрiп, ел тану үшiн ханнан рұқсат алып, Қуаң мен Сырдариядан өтiп, Арқаға қарай жылжиды. Бiр күнi Тасбұлақ деген шағын таудан ағатын Талдысай өзенiнiң жағасындағы ауылда үлкен қыз ұзату тойына тап болады. Бесiкте айттырған байдың баласына ұзатылғалы жатқан қызбен Сараманның көңілі жарасып, бiр-бiрiмен үнсiз ұғысып, ақыр соңы қашуға бел буады. Сараман мен Қоса аттары болдырғанша шауып, түн жүрiп, күндiз демалып, алты күн дегенде Сырдан құлайды. Сағырдан аттарын жалдап өтiп, Қуаңға жетiп қонады. Ертеңiне қуғыншыларды қазiргi ескерткiш тұрған төбеге жете бергенде көредi. Тұрақтарын бiлсе, әскер әкеліп, оның соңы қырғынға ұласарын сезген Сараман: «Бұлардың қанын басқаларға жүктегенше, өзiмiз болайық. Мен алдын бөгейiн, Қосай қызды алып Қызылқұмды бетке алыңдар. Мен тiрi қалсам, сендердi табармын», – дейдi. Сонда Қосай «Екеуiңнең садағаң кетпесем, менiң достығым қайда?! Жол менiкi, кiдiрмеңдер», – депті. Бiрақ Сараман көнбейдi. Қыздың алты ағасы жиырма жiгiтiмен жеткен екен. Күшi басым болады. Жетi адамның жастығын алып, ақыры Сараман қолға түседi. Қыз бен Қосай ұзай алмай жүредi. Төбенiң басына шығып қараған Қосай шайқастың бiтпесiн бiлiп, қызға «Осы бетiңмен қаша бер. Тiрi болсаң ұмытпағайсың. Жаңағы шайқас болған төбенiң басында Жент деген қала бар. Сараманның елi сол» дейдi. Қыз «Өзiм қара жамылдым, елiңе не бетiммен барамын?» деп ойлайды. Қуғыншыларға Қосай қарсы шабады. Күшi басым қуғыншылар оның да, қыздың да басын қанжығаға байлайды. Хан жарлығымен әрқайсысын өзiнiң өлген жерiне жерлейдi. Кiрпiш бастырып, күйдiрiп, мұнара салады. Сараман жігіт пен Қосай қыз туралы аңыздың тағы бір нұсқасы бар. Ол бойынша да бір-біріне ынтық екі жас зұлымдардың құрбаны болады. Бүгінде мұнараға республикалық маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіші мәртебесі берілген. Мұнараның төбе жағында үш қарауыл тесігі бар, аузы оңтүстік-шығысқа қараған, өзі екі бөлмелі. Ішіне көз салсаңыз, жоғарыға айналып көтерілетін баспалдақты байқайсыз. Сырдың төменгі ағысы небір аңыз-әпсанаға тұнып тұр.Теңізбен тамырлас тарих
Әсем табиғатымызбен қатар тарихымызды танытуда 4 мың шақырымнан аса жол жүріп келген топ байырғы Барсакелмес қорығына барып, ондағы «Қызыл кітапқа» енген құландарды көруге мүмкіндік алды. Сәл секемденсе сағым ұшындағы сұлбаға айналатын тарпаңдар қолжетім жерде бейнетаспаға басылды. Қарасының өзінен-ақ қарақұрымдай көбейгенін көңілге медет тұттық. Қорық инспекторларының айтуынша, биылғы сәуір айында жүргізілген есеп бойынша 513 бас тіркелген көрінеді. Бірақ бұл тек ресми санаққа ілінгені ғана. Қорық инспекторлары үйірден саяқ жүргендерінің өзі жүз қаралы деп отыр. Сонау 1954 жылы Түрікменстанның Батқыз қорығынан жерсіндіруге әкелінген 7 бас (2 аталық, 5 аналық) Пржевальск жылқысы түз тағыларымен, браконьерлерден аман-есен өсіп-өніп, жер аумай қалды. Бүгінде тарпаңдар Барсакелмес мемлекеттік табиғи қорығының инспекторларының қырағы назарында. 160 800 гектарға созылып жатқан қорықта құланмен қатар қарақұйрық, ақбөкендер, шөл және шөлейтті жердің құстары мен балпақ, батпандары тіршілік етеді. Арал өңіріндегі тұрғындар арасында Барсакелмес жайлы аңыздар да жетіп-артылады. Солардың бірі былайша желі тарқатады. Баяғыда осы маңайда тұратын тайпалар арасында жаугершілікке тыйым болмай бара жатқасын Ләтпай деген кісі, руластарымен құлақ естіп, көз көрмеген алыс жаққа кетіп қалуға қам жасайды. Сонда бұларға теңіздің қақ ортасындағы суы тұщы, шалғыны шүйгін, балығы мол, алуан түрлі аң-құсы бар, сексеуілі қалың ғажайып аралға өтіп кетуді ұсынушылар табылады. Бұлар мұз қатқанда күзер жасап, соның үстімен аралдың төріне жетіп алмақ болады. Мақсаттарына жетпек болып Изенді Арал тұсындағы ақ жартас түбін паналап, Шолпанның тууын күтіп отырғанда, олар жаққан оттың маңайына жыртық шапанды, тесік тымақты бір ақсақал келіп, Ләтпайға қарап: «Ол аралдан қорықпаңдар, онда зұлымдық жоқ, қасқыр жоқ, адамдар жоқ. Аралда табиғатты сақтасаңдар, бақытты да ұзақ өмір сүресіңдер. Ұрпақтарың ештеңеден зәрулік көрмейді. Мыңғырған мал болады. Аң-құсты өлтірмеңдер. Аққуларға тимеңдер» деген екен. Осыны айтқан қария заматында қараңғылық қойнауына сүңгіп жоқ болып кетіпті-мыс. Ләтпай оның Қыдыр екенін іштей сезеді. Ал төбеден Шолпан көрінген сәтте тайпа түгел орнынан қозғалып, мұзды көпір – күзердің үстімен тізбектеліп жүріп өтіп, аралдың қойнауына барып түседі. Қысты осы аралда жақсы өткізген Ләтпай жұрты көктемге қарай тойына бастайды. Қыдыр атаның айтқандары айдай келіп, көп ұзамай олар шектен тыс байи түседі. Осы ұзақ аңыздың ақыры аралдағы ағайынның, баяғы қарияның өсиетін естерінен шығарып сексеуілді отап, аң-құсты қырып, аққуды атқанынан бір түнде маңайды түгел ордалы жыланның жалмауымен аяқталады. Аңыз осынша қырғыннан тек сегіз жасар баланың ғана аман қалғанын жеткізеді. Қорық аумағында республикалық маңызы бар Бегім ана мұнарасы тұр. Үш бөліктен тұратын мұнара алты қырлы пирамида жобасында жасалған. Бегім анаға қатысты әфсананы тарқатсақ, Бегім өте сұлу әйел болған екен. Сол дәуірдегі Жанкент шаһарының билеушісі Шанжар хан Бегім сұлуға құлай ғашық болып, үйленеді. Бірде қызғаншақ хан ұзынқұлақтан өзінің жарының азғындық жасағанын естіп, оны қатты жазалайды. Алайда бұл хан нөкерлерінің от салуы болатын. Бегім сұлудың әкесі Қара бура әулие бір сұмдықтың болғанын сезіп, Жанкент шаһарына барғанда, барлық жайтқа қанық болады. Бірақ қызының адал, пәк екендігіне еш күмәні болмаған ол Шанжар ханға ашуланып, «ертең алаңға халқыңды жина, егер менің қызымның кінәсі болмаса кесілген қол мен бұрымы орнына келеді» депті. Жанкент шаһарының халқы алаңға жиналып, керемет сыйқырдың куәсі болады. Яғни, Қара бура әулиенің айтқаны келеді. Қатты ашуланған әулие Шанжар ханға қарғыс айтып, ордаңды жылан қаптасын деген екен. Бірде аспаннан бір мес түсіп жарылып, ішінен ордалы жылан шығып Жанкент шаһарының бүкіл халқын өлтірген-мыс. Ал бұл кезде Бегім сұлу құс болып ұшып кеткен деседі. ІХ-ХІ ғасырлардағы сәулет құрылысы күні бүгінге дейін әрін жоғалтпай, келушілердің көзайымына айналып тұр. Қазақстан мен Өзбекстан аумағында орналасқан Арал теңізі бір кездері көлемі бойынша жер бетіндегі 4-ші теңіз саналған. Теңізге дариядан құйылатын суды егін суару жұмысына пайдалана бастағандықтан, 1960 жылдан 2004 жылға дейінгі кезеңде теңіз суының беткі деңгейі 70 пайызға дейін азайып, тереңдігі шамамен 20 метрге дейін қысқарды. Теңіздің құрғауы айтарлықтай экономикалық және экологиялық шығынға ұшырап, сонымен қатар, тіршілік көзі ретінде санап келген халыққа ауыртпалық алып келді. Алайда, Дүниежүзілік банк пен ел Үкіметі 15 жылдан бері күш біріктіріп, теңіздің оңтүстік бөлігінен солтүстік Аралды бөліп тастайтын 13 шақырымдық бөгет тұрғызып, суды теңізге жіберетін балық шаруашылығы жүйесін іске қосқалы Аралдың тағдыры өзгере бастады. САРАТС жобасының бірінші кезеңі жүзеге асқаннан бері теңіз қайта толып, қалпына келуде. Енді ғасыр жобасының екінші кезеңі жүзеге асса теңіздегі тірлік қайта жанданатынына аралдықтар бек сенімді. Жалпы, Арал ауданының географиясы қызық. Оңтүстік бөлігін түгелдей Арал теңізі алып жатыр. Батысы мен солтүстігінде Ақтөбе облысының Шалқар және Ырғыз аудандарымен, солтүстік-шығысында Қарағанды облысының Ұлытау ауданымен, оңтүстік-шығысында Қазалы ауданымен, оңтүстігінде Қарақалпақстанмен шектеседі. Тұран ойпатында орналасқан ауданның батысында Үлкен және Кіші Борсық құмдары, солтүстік-шығысын Баршақұм, шығысын Арал Қарақұмы алып жатыр. Арал теңізі жағалауында Көкарал, Көктырнақ, Барсакелмес, Шұбартарауыз, Құланды түбектері, Чернышев, Тұщыбас, Шевченко, Бутаков шығанақтары және Берг мойнағы орналасқан. Сондай-ақ, Қарашоқы, Алтыншоқы жота-таулары кездеседі. Осыншама табиғат пен сұлулық теңіздің тартылған табандарына қарамастан үлкен үйлесімділікпен менмұндалайды. Осыдан бес жыл бұрын Арал қаласында 30 мыңнан астам тұрғын болса, қазіргі күні халық саны қырық мыңға жуықтаған. Демографиялық дүмпудің арқасында аудан орталығында жаңадан төрт шағын аудан ашылып, он бес көше қосылған. «Ғашықтар» алаңы, «Жалаңтөс Баһадүр», «Алаш» «Ақ кеме», «Соңғы парыз» романының сюжеті бойынша символикалық мүсін, түрлі ескерткіштер мен монументтер, саябақтар мен демалыс орындары салынып, Аралдың ажары айшықтала түскен. Арал жеріндегі көне қалалар ұлттық мәдениет пен өнердің ертеден қалыптасқанын көрсетеді. Демек, Сыр өңіріндегі ежелгі қалаларды зерттеу –тарихымызды тереңдетіп қана қоймай, ұлттың ұлылығын көрсететін мәдени мұрамыз деп білеміз. Ғасырлар қойнауынан жеткен тарихи-мәдени ескерткіштер шын мәнінде кімге болса да ғажайып әсер қалдырады. Бүтін бір халықтар мен мемлекеттердің гүлдену һәм құлдырау кезеңдерін бастан өткерген, тарихтың бізге беймәлім жұмбақ сырлары тұнған бұл мұралар ата-бабаларымыздың өткен өмірінің тілсіз куәгерлері болып қала береді. ТҮЙІН: Ежелгі Римнің көне ескерткіштеріне, Египеттегі Пирамидаларға, грек мәдениетінің адамзат дамуына қосқан сүбелі мұраларына таң қаламыз, таңдай қағамыз ғой. Бұл ретте қазақ даласы құр алақан дей алмаймыз. Бір ғана Сыр топырағының өзінде тарихтың тұмарындай болған жауһарлы жәдігерлер жетерлік. Оны өзіміз танып қана қоймай, әлемге таныту біздің қолдағы іс. Әйтпесе, бабалар жүріп өткен даңғыл жолды құм басып, құпиясын ішіне бүгін жата берері хақ. Сондықтан аманатқа адалдық танытар кез келді деп есептейміз. Ержан БАЙТІЛЕС, «Егемен Қазақстан», Нұрбек ДӘУРЕНБЕКОВ, журналист Қызылорда облысы Суреттерді түсірген Максим РОЖИН