Өскеменде Болат Өтемұратовтың «Асыл Мирас» қайырымдылық қоры аутизммен ауыратын балаларға арналған орталықты пайдалануға берді. Бұл – аталған қордың «Аутизм. Баршамызға бір әлем» бағдарламасы аясында ашқан төртінші орталығы. Аутизмі бар балалар мен олардың отбасына көмек көрсетуге арналған көпсалалы орталықтар желісі былтыр Астана мен Алматы қалаларында ашылған болатын. Биыл Қызылорда мен Өскемен қалаларында іске қосылып отыр.
Орталықтың ашылу салтанатында облыс әкімінің орынбасары Нұрымбет Сақтағанов қор жетекшілігіне өңір басшылығы атынан алғыс айтып, жаңа нысанның өңір үшін үлкен көмегі тиетінін атап өтті.
– Біздің облыста 14 мыңнан астам бала аутизммен ауырады. Оларға арналған 12 мектеп-интернат, 4 мектепке дейінгі мекеме, 12 коррекциялық сынып және 3 медициналық орталық жұмыс істейді. Осы орайда жаңа орталық аутизммен ауыратын балалар мен олардың отбасыларының өмір сапасын жақсартуға септігін тигізеді деп ойлаймын, – деді Н.Сақтағанов.
«Асыл Мирас» орталығында бір балаға арналған оңалту курсы 5,5 айға есептелген. Қор орталығы аутизмді түзеудің екі тәсіліне негізделген бағдарлама бойынша жұмыс істейді. Бірінші – классикалық тәсілде баланың әлеуметтік-коммуникативтік және ағартушылық саладағы, тілдік және күнделікті өмірдегі дағдыларын анықтау қарастырылады. Сәбилермен бір мезетте психолог, дефектолог, логопед және әлеуметтік педагог жұмыс істейді.
Жұмыстың екінші әдісі – «ABA терапия». Бұл мінез-құлық дағдыларының тілдік және базалық бағалауларына қарай құрылады. Мұнда әр балаға жеке педагог қарастырылады және 544 дағдыға негізделген жеке бағдарлама бекітіледі. Аутизмі бар бала осы бағдарламаны меңгеріп шығуы керек.
– Біз аутизмге душар болған балаларды әлеуметтік тұрғыдан бейімдеуге және олардың толыққанды өмірін қалыптастыруға көмектескіміз келеді. Қордың мақсаты – елімізді әлемдік деңгейдегі оңалту бағдарламасымен қамтамасыз ету. Сондықтан оңалту саласы бойынша әлемдік деңгейдегі жетекші мамандармен жұмыс істеудеміз. Бізге күн сайын сондай балалардың ата-аналары хабарласып жатады. Қазіргі кезде «Асыл Мирастың» үш орталығына 1530 отбасы көмек сұрап келді, 827 бала диагностиканың бірнеше кезеңінен өтті. 567 бала психологиялық-педагогикалық оңалту бағдарламасына енгізілді. Өскемен қаласындағы жаңа орталықты қоса алғанда, «Аутизм. Баршамызға бір әлем» бағдарламалар желісі ағымдағы жылдың соңына дейін 478 бала мен олардың отбасылары ең заманауи оңалту, түзету және консультациялық көмектер алатын болады», – дейді «Асыл Мирас» қорының директоры Марат Айтмағамбетов.
Айта кеткен абзал, қордың барлық орталықтары тегін қызмет көрсетеді. Әр орталықта отыздан астам маман жұмыс істейді. Өскемен қаласындағы орталық мамандары қажетті курстар мен тренингтерден өткен. Сондай-ақ олар алдағы уақытта республика көлемінде өз тәжірибелерімен бөлісетін болады.
Жалпы, аутизмі бар балаға мамандар мен қоғамның көмегі ауадай қажет. Сондықтан қор бағдарламасы аутизмі бар балаларға қатысты қоғамдық пікірді өзгертуге көмектеседі.
Думан АНАШ,
«Егемен Қазақстан»
ӨСКЕМЕН