Ордабасылықтар Тарбағатайдың тусыраған танабынан мол өнім алды
Былтыр шығыс өңірінің Тарбағатай ауданына Оңтүстік Қазақстан облысынан 50-ге жуық отбасы көшіп келді. Олар жаңа қонысқа келісімен «Мырзашөл» өндірістік кооперативін құрып, Барқытбел бауырындағы бос жатқан суармалы жерлерді игере бастады. Бұл іске аудан әкімі Ділдәбек Оразбаевтың өзі мұрындық болды. Қиюын тапқанға «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» бағдарламасын тиімді пайдалануға болады. Яғни, еңбек күші артық өңірлерден адам капиталын тартып, өзіңіздегі ресурстарды игересіз. Тарбағатай – тура осы жолмен теріскейге оңтүстіктің көшін түзете білген аудан. Нәтижесінде, бұрын мал шаруашылығымен шұғылданып келген ауданда егістік алқаптары көбейіп, жыл соңында халық арзан бағадағы жергілікті көкөніспен қамтамасыз етілді. Қазір аудандағы сауда орындарында көкөніс нарықтағы құнынан 20-30 пайызға арзан. Елбасы тапсырмасына сәйкес, шаруашылықтарды ірілендірудің ілкімді болатынын да осы кооператив көрсетіп берді. Биыл кооператив құрамында болған диқандардың бірі Бекжан Жұманов өзінің «Жұман ата» атты жеке шаруа қожалығын құрды. Ол 2015 жылдың мамыр айында Оңтүстік Қазақстан облысының Ордабасы ауданы Шұбарсу ауылынан көшіп келген болатын. Тарбағатай ауданының әкімдігі оңтүстіктің жылы лебін ала келген шаруақор ағайынды Құмкөл ауылына орналастырған еді. Қазір олардың барлығы аудан экономикасына елеулі кіріс кіргізуде. Бекжан құрған жаңа шаруашылыққа Құмкөл ауылының тау жақ беткейіндегі Шұңқыроба жазығынан 250 гектар суармалы жер берілді. Тусырап жатқан тың алқапқа жан бітірген диқан өзінің туған-туыстарынан құралған алты отбасымен бірге 100 гектар жерді игеріп, жеміс-жидек, көкөніс, күнбағыс екті. Біз мінген көлік бақша басына тоқтағанда, жерді тереңдете қазып жасалған жерқосты аңдадық. Отбасымен ала жаздай осы қоста тұрып, еңбек еткен Бекжан биыл күн райының диқандарға оң қабақ танытқанын жеткізді.
Шаруа қожалығы егістікті Дәулетбай мен Қазақстан тоғандары арқылы суарады. Айта кету керек, соңғы жылдары ауданда бірқатар су қоймалары мен тоғандар жөнделді. Құмкөлге тиесілі Тебіске өзеніндегі тоғанның жөндеу жұмыстары қараша айында аяқталмақ. Қос басында кездескен Құмкөл ауылдық округінің әкімі Тілеуқабыл Көнекбаев тоғанды пайдалануға берген соң тағы 500 гектар суармалы алқапты игеруге мүмкіндік туатынын айтты.
Құмкөлдің қарбызы ерекше. Биыл «Жұман ата» шаруашылығы қауын-қарбыздың «Кристин Смит», «Маллет» деген гибридті тұқымдарын егіп, Өскеменге – 700, Астанаға – 400 және Ресейдің Барнаул қаласына 80 тоннадан қарбыз өткізді. Әрине, өздері саудалап жүруге уақыт жоқ, алыпсатарларға көтерме бағамен 5-15 теңге аралығында сатты. Мол шықса, гектарына 30 тоннадан өнім беретін бұл тұқымның ірі болатыны сонша, 20-30 кило тартатын нән қарбыздар кездеседі. Әрине, күтімге де байланысты. Уақтылы суару һәм арамшөбін жұлу керек. Бақша иесі арамшөбі екі-үш мәртеден жұлынған телімдерді салыстырып көрсетті. Қанша жұлса да арамшөп қайта қаулап үлгереді. Далаға бейімделген өсімдік өсімтал келеді. Жеміске қажетті жердің нәрін алып қояды. Сондықтан арамшөпті жұлмай өнім алу қиын. Онымен күресудің тағы бір түрі – көкөністі клеенка астына егу. Бұл әдіс ылғалды сақтауымен әрі күн сүйетін көкөніске қажетті температураны жинауымен де тиімді. Құмкөлдің қарбызы қарашаға дейін жетеді. Орынбор қаласынан алып келген «Холодок» атты тұқымнан өнетін қарбыз өткен жылы қараша айында да саудаға шығарылыпты. 2003 жылдан бері диқаншылықпен шұғылданып келе жатқан Бекжан Құралұлы күн райы салқындау болғанымен Шығыс өңірінде жақсы өнім алуға болатындығын, оңтүстікте бір жазда екі мәрте жиын-терін болғанымен жер телімі жетісе бермейтінін, ал мұнда егістік жерлердің мол екенін жеткізді.
– Елбасымыз барлығы еңбекке байланысты екенін айтып жүр ғой. Біз де қолымыздан келгенше еңбектендік. Тың жер болғандықтан, өніміміз мол шықты. Қазір сәбіз, орамжапырақ, қызылшаны жинаудамыз. Көкөніс сақтайтын жеке қоймамыз бар. Осындай шұрайлы, сулы өңірден жер алуға жағдай жасағаны үшін аудан әкімі Ділдәбек Тәжібайұлына алғыс айтамыз, деді шаруашылық басшысы.
«Жұман ата» арқылы жаңа қоныста жаңа жұмыс орындары ашылды. Жаз бойы мұнда тұрақты түрде 15 адам еңбек етсе, науқан кезінде 50-ден астам адам жұмыс істейді. Жаппай көмектесіп жатқан іргедегі ауыл тұрғындары күнделікті қол еңбегінің ақысы мен бақша өнімдерін алады. Біраз ауылдастарына жұмыс беріп отыр, дейді жиын-терінге көмекке келген Саят Алтынбеков, Самат Ілиясов есімді құмкөлдік тұрғындар.
Бекжан бау-бақшаны аралай жүріп, өзінің Құдай берген бес перзенті бар екенін, кенжесінен басқасы мектепте оқитынын, келіншегінің Құмкөл ауылындағы Сасан би атындағы орта мектепке әдіскер болып жұмысқа орналасқанын әңгімеледі. Оңтүстіктен келген ордалы жұртқа жақсы жағдай жасалғанын, еш қиындық кездеспегенін жеткізді. Ендігі міндет – өнімді шашау шығармай жинап алу. Тау басына түскен қар да диқандарды асықтыра түскендей. Жиын-терін аяқталған соң түскен пайдаға қарай трактор сатып алуды көздеп отырғанын да жасырған жоқ. Біз барғанда диқандар шығыс өңірінің елордада өтетін күндері аясындағы ауылшаруашылық жәрмеңкесіне жөнелтілетін көкөністі тиеп жатыр екен. «Жұман ата» шаруа қожалығы Астанаға 5 тонна көкөніс жіберсе, «Мырзашөл» кооперативі 5 тонна картоп жөнелтті.
– Биыл қауын-қарбыз мол болды. Қалған пашақтарына дейін мал бордақылаушылар алып жатыр. Сондай-ақ, 500 гектарға жуық күнбағыс егілген еді. Гектарына 10-12 центнерден өнім берді. Қазір Өскеменнің элеваторына тасымалдап жатырмыз. Тазаланған соң Өзбекстанға жөнелтіледі. Сондай-ақ, 200 гектардан астам алқапқа «Монте Карло» атты голландық картоп ектік. Элиталы тұқым гектарына 45 тоннадан өнім берді. «Елге ел қосылса – құт» деген сөз бар. Алақандай ауылымызға оңтүстіктен ағайындар келгеннен бері құтымыз кеңіп, берекеміз артып жатыр, – дейді Құмкөл ауылдық округінің әкімі Тілеуқабыл Көнекбаев.
Думан АНАШ,
«Егемен Қазақстан»
Шығыс
Қазақстан облысы,
Тарбағатай ауданы
Биыл «Жұман ата» шаруашылығы қауын-қарбыздың «Кристин Смит», «Маллет» деген гибридті тұқымдарын егіп,
Өскеменге – 700, Астанаға – 400 және Ресейдің Барнаул қаласына 80 тоннадан қарбыз өткізді.