Кеше Ереванда Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымы (ҰҚШҰ) Ұжымдық қауіпсіздік кеңесінің кезекті сессиясы өтті. Оған Армения президенті Серж Саргсян, Беларусь президенті Александр Лукашенко, Қырғызстан президенті Алмазбек Атамбаев, Ресей президенті Владимир Путин және Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон мен Қазақстан Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев және Ұйымның бас хатшысы Николай Бордюжа қатысты. Олар шағын құрамда өткен келіссөздер барысында 20-дан астам стратегиялық құжаттар қабылдады.
ҰҚШҰ-ға мүше елдер Мемлекет басшылары саммитінің алдында қорғаныс және сыртқы саясат ведомстволарының басшылары, сондай-ақ, ҰҚШҰ-ға мүше елдер қауіпсіздік кеңестерінің хатшылары бас қосып, өзара мәжіліс құрған болатын. Олар алдын ала саммиттің күн тәртібін талқылады. Бірлескен мәжіліс барысында қатысушылар бірлескен іс-шаралардың алдағы жылға арналған жоспарын бекітті.
Қауіпсіздік кеңесі хатшылары кездесуінің басты нәтижелерінің бірі ҰҚШҰ пішімінде террористік деп танылған лаңкестік ұйымдардың біртұтас тізімін қалыптастыру туралы мәселені талқылау болды. «Біртұтас тізімге енгізу үшін қандай да бір ұйымның ҰШҚҰ-ға мүше елдердің бірінің аумағында жүзеге асырылатын террорлық әрекетке қатысы болуы негіз болып табылады»,– деп хабарлады Армения БАҚ-тары.
Ал ҰҚШҰ-ға мүше елдер мемлекет басшыларының қатысуымен өткен сессияның өзінде тараптар Ұйымның бұрынғы саммиттері шешімдерінің жүзеге асырылу барысын, сондай-ақ, ҰҚШҰ-ның қазіргі төрағасы Армения ұсынған мәселелерді талқылады.
Атап айтқанда, аса маңызды құжаттардың бірі Ұйымның 2025 жылға дейінгі кезеңге арналған басымдықтарын айқындайтын стратегия болды. Құжатқа қол қойылғаннан кейін саммит өткізу сәтіндегі төраға Армения президенті С.Саргсян былай деп мәлімдеді: «Сессияның басты қорытындыларының ішінде ҰҚШҰ ұжымдық қауіпсіздік стратегиясының қабылдануын бөле-жара айтар едім. Құжатты дайындау үшін жұмсалған бес жылдан астам уақыт табысты аяқталды».
Соңғы бірнеше жыл бедерінде ҰҚШҰ өзінің орта мерзімді перспективаға арналған стратегиясын қалыптастыру жолында жұмыс істеді. Мамандар бүгін, сын-қатерлер мен қауіптер айқындалып, трансшекаралық сипатқа ие болып отырған кезде, қауіпсіздікке жауап беретін халықаралық құрылымдарға, бірінші кезекте ҰҚШҰ-ға сол қателерге қарсы іс-қимыл танытатын нақты стратегия қажет екенін атап көрсетті.
Қабылданған стратегия енді Ұйым қызметінің 2025 жылға дейінгі кезеңге арналған басымдықтарын бекітіп, ынтымақтастықтың қалған барлық бағыттары бойынша әрі қарайғы бағдарларын нақтылайды.
Осылайша, саммитке қатысушылар мәлімдегеніндей, мүше мемлекеттер өздерінің әлемдік қоғамдастықпен қарым-қатынастарын теңдік және қауіпсіздіктің бөлінбестігі, халықаралық қатынаста жанжалды жағдайларды күшпен шешуден бас тарту, туындаған проблемаларды еңсеруде басымдықты саяси-дипломатиялық тәсілдерге беру негіздерінде түзуге дайын екендіктерін тағы да қуаттады.
Саммиттің келесі бір маңызды шешімі ҰҚШҰ-ның Дағдарыстық орталығын құру болды. Мәжіліске қатысушылардың сөздеріне қарағанда, қайтадан құрылып отырған Орталыққа жарғылық органдар қабылдаған ақпараттық-сараптамалық және ұйымдастыру-техникалық шешімдер бойынша функциялар жүктеледі. Сондай-ақ, нақты уақыт режімінде ақпараттармен алмасуды қамтамасыз ету де осы Орталықтың міндетіне жатады.
Халықаралық терроризммен бірлесе күресудің аса қажет екендігін қаперге ала келгенде, ҰҚШҰ қауіпсіздік жөніндегі басқа да халықаралық ұйымдар секілді террористер бойынша өзінің дерекқорлар базасын қалыптастыру туралы шешім қабылдады. Мәселен, Ұжымдық қауіпсіздік кеңесінің мәжілісі барысында террористік ұйымдардың тізімін бекіту туралы шешім алынып, оған «Джабхат ан-Нусра» және «ДАИШ» – Қазақстанда тыйым салынған) секілді құрылымдар енгізілді.
2016-2017 жылдары ҰҚШҰ-да төрағалық ету Беларуське өтетінін қаперге алған осы ел президенті Александр Лукашенко Ұжымдық қауіпсіздік кеңесіне төрағалық кезеңінде жүзеге асырылуы жоспарланып отырған басымдықтарды көлденең тартты.
Тұтастай алғанда, Еревандағы ресми басылымдар атап көрсеткеніндей, талқыланған мәселелерге жоспарланғанынан анағұрлым көп уақыт жұмсалған. Бұл өз кезегінде ұстанымдарды үйлестіру кезінде қандай да бір күрделіліктер кездескенін аңғартады. Осы тұрғыдан келгенде, Ереван саммитінің күн тәртібіне енгізілген кейбір мәселелердің шешімін таппағанын да айта кеткен орынды.
Атап айтқанда, армян тарапының Таулы Қарабақ мәселесі бойынша жеке мәлімдемесін саммитке қатысушылар қабылдаған жоқ. Сондай-ақ, ҰҚШҰ-ның жаңа бас хатшысын сайлау мәселесі де Ұжымдық қауіпсіздік кеңесінің келесі мәжілісіне қалдырылды. Осылайша, Николай Бордюжа өзінің орнында кем дегенде осы жылдың соңына дейін қалатын болды. ҰҚШҰ-ның аясындағы кезекті кездесу жыл аяғында Ресейде өтеді.
Сөз орайында, Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымы (ҰҚШҰ) ТМД-ға мүше елдер 1992 жылдың 15 мамырында қол қойған Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт негізінде құрылған болатын. ҰҚШҰ-ға Армения, Беларусь, Қазақстан, Қырғызстан, Ресей және Тәжікстан мүше болып табылады.
Руслан ІЗІМОВ,
саясаттанушы