16 Қазан, 2016

Шымкенттен шашыраған шуақ

543 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
bal_7455 Астанадағы Оңтүстік Қазақстан облысы күндерінің аясында Ұлттық музей, Ұлттық академиялық кітапхана, Жастар театры сынды ірі мәдени нысандарда бірқатар мәдени шаралар ұйымдастырылды. Ең алдымен Ұлттық музейде Оңтүстік Қазақстан облысы Бейнелеу өнері музейінің «Шырайлы Оңтүстік шежіресі» атты көрмесі ашылды. Ел тарихындағы елеулі кезеңдерді қамтитын көрмеге картиналар, графика және гобелендер қойылды. Хандық дәуір, 1916 жылғы Ұлт азаттық көтеріліс, өндірістік даму, ауыл шаруашылығы еңбеккерлері бейнелеген туындыларда Қазақстанның графикасын қалыптастырған суретшілер мен оңтүстік өлкесінен шыққан талантты суретшілердің қолтаңбалары бар. Оның ішінде Евгений Сидоркиннің «Қыз Жібек», «Ақсақал», Николай Гаевтің «Ақын О.Сүлейменов» графикалары, оңтүстікте алғашқы кәсіпқой гобеленнің негізін қалаған Құрасбек Тыныбековтың «Домалақ ана», «Туған өлке», Б.Өтеповтың «Бәйтерек» сынды гобелендері, алғашқы кәсіпқой суретшілер Айнабек Оспановтың «Соғыс ардагері», Әнуарбек Айдосовтың «Құдағи жүзік» сынды туындылары көпшілік назарына ұсынылды. Жалпы, көрмеге 20-дан аса автордың халқымыздың рухани құндылықтарын, кең байтақ өлкенің көркем жерлерін бейнелеген алуан түрлі тақырыптағы туындылары қойылды. Ұлттық академиялық кітапханадағы мәдени шара барысында астаналық оқырмандар оңтүстіктен келген бір топ қаламгерлермен кездесті. Кездесуді белгілі жазушы, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері Мархабат Байғұт жүргізді. Алғашқы сөз кезегін алған Оңтүстік Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Ұласбек Сәдібеков әңгімесіне облыстың тыныс-тіршілігін, мәдени жаңалықтарын арқау етті. Әкімнің орынбасары Ұлттық академиялық кітапхананың директоры Үмітхан Мұңалбековаға өңір туралы жаңадан шыққан кітаптарды сыйға тартты. Кештің көрігін Оңтүстіктен келген елімізге белгілі ақындар қыздырды. Нармахан Бегалы, Ханбибі Есенқарақызы, Бақытжан Алдияр, Серік Сейітман қатарлы республика көлемінде танымал ақындар өзегін жарып шыққан өлеңдерін оқып, кездесудің мән-маңызын арттырды. Айта кету керек, кездесу соңы «Отырар» ғылыми әмбебап кітапханасының «Ұлысымның ұйытқысы – Оңтүстік» атты кітап көрмесіне ұласты. bal_7428 Ал, кешке қарай Жастар театрында Оңтүстік Қазақстан облысы Ж.Шанин атындағы академиялық қазақ драма театры әртістері жазушы Сәбит Досановтың «Тозақ шеңбері» трагедиясын сахналады. Сюжетін Желтоқсан оқиғасынан алған трагедияда қазақтың намысты, жігерлі ұл-қыздарының бейнесі сомдалды. «Тозақ шеңберінің» қоюшы режиссері Ш.Айтматов атындағы халықаралық сыйлықтың иегері Қуандық Қасымов, ал, қоюшы суретшісі ҚР Мәдениет қайраткері Қалтөре Жұмақұлов. Театр фоэсінде журналистердің сауалдарына жауап берген Оңтүстік Қазақстан облысы Мәдениет басқармасының басшысы Нұрболат Ахметжанов өңірдің өте жақсы дайындықпен келгенін баяндады. «Астанадағы Оңтүстік Қазақстанның күндерін өткізуге көп дайындалдық. Түрлі саланы қамтуды мақсат тұттық. Түрлі сала бойынша 300-ден аса адам келді осында. Мысалы бүгін суретшілер көрмесі, ақын-жазушылармен кездесулер өтіп, театрларда спектакльдер қойылуда. Сондай-ақ, «Оңтүстік-фильм» киностудиясы түсірген бірқатар фильмдер көрсетілді. «Оңтүстік-фильмнің» мультфильмдері ертең астананың жас тұрғындарына ұсынылады. Және мәдени шараларды қорытындылайтын Гала-концерт те ертең Конгресс-Хол сарайында өтпек»-деді ол. Айгүл СЕЙІЛОВА ФОТО: Орынбай БАЛМҰРАТ bal_7457 bal_7384