02 Наурыз, 2011

Жеке сот орындаушылары іске кіріспек

602 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
Бүгінгі таңда Қазақстанның басты жетістіктерінің бірі – бұл соттар мен судьялардың тек формалды-заңды ға­на емес, сонымен қатар нақты тəуел­сіздікке ие болуында жатыр. Ал бұл тəуелсіздік сот билігі қалыптасқан сəт­­­тен бастап көрінуде. Бірақ осы тәуел­сіздік, егер соттардың шығарған шешімдері орындалмайтын болса, еш­теңе бермейді. Міне, сондықтан да Ел­басы Судьялар одағының V съезін­де негізгі мәселе ретінде сот шешім­дері­нің орындалу деңгейі мен сапа­сы­на көңіл аударған еді. Сот билігінің беделі мен əрекеттілігі оның шешіміне тура байланысты деді. Демек, сот­тың шынайы шешімі тура орындалса ғана әділдік орнамақ. Ол үшін жеке сот орындау институты қажет. Кеше осы мәселелерді арқау еткен «Қазақ­стан­да жеке сот орындаушылары инс­титу­тын енгізу» атты семинар болып өтті. Əрине, әділ жəне сатылмайтын сот демократиялық жəне құқықтық мем­ле­кеттің аса маңызды негізі бо­лып та­былады. Бірақ соттың адал­ды­ғы оның әділ шешімі нақты орын­дал­ғанда ғана көрініс беретіндігі та­ғы белгілі. Сон­дықтан да Елбасы Судьялар одағының ІV съезінде атқару өн­дірісі саласында реформа жасап, жеке сот орындау­шы­лары институ­тын енгізу қажеттігін айт­ты. Осы міндетті қолға алған елі­міздің Сот актілерін орындау комитеті біраз шаруаның бетін қайырды. Содан бері алыс-жақын шетелдердің, атап айтқанда, Франция, Болгария, Латвия, Эстония және т.б. елдердің осы са­ла­дағы қызметтері сараланып, өзі­мізге қажет деп табыл­ған жеке сот орындау институтын енгізудің үлгісі жасалды. Қазақ­стан­дық жеке сот орындау инс­титуты үл­гі­сінің ерекшелігі – мұнда мем­ле­кеттік және жеке сот орын­дау­шылары бала­малы түрде қатар жұмыс істейтін бо­ла­­ды. Өйт­кені, азаматтар қандай сот орындау­шы­ға жүгіну қа­жет­тігін өз­дері таң­дай­ды. Бұл орайда азамат­тар­дың құ­қық­тары мен бостан­дық­тары­на және жеке сот орындау­шы­лары қызметі­нің заңдылығына ерек­ше назар ау­да­рылады. Сөйтіп, осын­дай көп­­­теген ізденістердің арқа­сында өт­кен жылы жеке сот орындау­шылары инсти­ту­тын көздейтін «Ат­қару­шы­лық іс жүр­гізу және сот орын­даушы­лары­­ның мәртебесі туралы» заң күшіне енді. Алайда, семинарға қатысқан шетелдік сот орындаушылары мен са­рап­шылар аталған заңның кемшін тұстары бар екендігін алға тартты. Ал жеке сот орындаушылары инсти­ту­тын көздейтін заң әлі қолданысқа түс­пей жатып, оның олқы тұстары бар деп айту ертерек дейді бұрын осы инс­титуттың іргетасын қалауға атса­лыс­қан, қазір Парламент Мәжілісінің депутаты Ирак Елекеев. Шетелдіктер көбіне өздерінің көзқарасына салып қарайды, ал біздің заң өзіміздің құ­қық­тық мәдениетімізге сәйкестендірі­ліп жазылған. Сондықтан оларға бұл кемшілік секілді болып көрінеді. Демек, көш жүре түзеледі дегендей, әуелі заң қолданысқа түсуі керек, сонда оның кем-кетігі немесе артықшы­лығы бірден байқалатыны анық. Бір құптарлығы, аталған заңда тиісті ор­ган­ның, соттардың, сот орындау­шы­лары алқасының, прокуратура мен өзге де бақылаушы органдар тарапы­нан көп деңгейлі қадағалау жүйесі қарастырылған. Дегенмен, жеке сот орындау­шы­лары институтын енгізуді уақыт талап етіп отыр. Сондықтан Сот актілерін орындау комитеті үстіміздегі жы­лы жеке сот орындаушылар қыз­меті­не лицензия алуға үміткерлерден құ­жат­тар қабылдауды бастамақ. «Ат­қару­шылық іс жүргізу және сот орын­даушыларының мәртебесі тура­лы» заңға сәйкес Комитет бірқатар ұйым­­дастыру шараларын жүзеге асы­рыпты. Жеке сот орындаушысы қызметіне қа­былдау уақыты, қызмет атқару бары­сы, біліктілік емтихан­да­рын тапсыру тәртібі, т.б. белгіленген. Енді кейбір кемшіліктерді түзеген соң көп ұзамай Қазақстанда алғаш рет жеке сот орындаушылары міндетіне кірісетін болады. Оның үстіне біздің еліміз ТМД елдері арасынан алғашқы бо­лып жеке сот орындау­шы­лары инсти­тутын енгізіп отырғандықтан, мұның мәні мен мазмұны орасан болмақ дейді семинарға қатысушылар. Александр ТАСБОЛАТОВ.