19 Қазан, 2016

Мемлекеттік БАҚ оқырман мен көрермен көңілінен шығатын болады - Абаев

306 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

era_7057

Мемлекеттік бұқаралық ақпарат құралдары таяу келешекте көрермен мен оқырман көңілінен шығатын болады. Бұл туралы бүгін ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрлігінің алқа отырысында ведомство басшысы Дәурен Абаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат. «Қазіргі уақытта «Kazakh TV» мен «Білім және мәдениет» телеарналарын «Kazakh TV» логотипі аясында біріктіру жүзеге асырылуда. Телеарнаның тұсаукесері таяу уақытта өтеді. «Хабар 24» телеарнасының таралым себеті барынша өзгерді, жаңалықтар контенті қысқартылды және ақпараттық-сараптамалық әрі көркем бағдарламалар өндірісі арттырылды. Дәл осындай жұмыстар барлық мемлекеттік телеарналарда, сонымен бірге біздің газеттерде де жүргізілетін болады. Біз мұның жүйелі процесс екендігін және ешкім де бір сәттегі нәтижеге уәде бермейтіндігін түсінуге тиіспіз. Біз қысқа мерзімді келешекте мемлекеттік БАҚ-тар көрермен мен оқырман ілтипаты рейтингінде барынша жоғары позицияға шығарына сенімдіміз», - деді ол. Сонымен қатар Абаев қазіргі уақытта министрлік мемлекеттік ақпарат саясатына қатысты жаңа әдістерді жүзеге асыруға бағытталған жұмыстардың жүргізіліп жатқанын еске салды. Бұл бағытта Ақпараттық жұмыс стратегиясы әзірленген. Онда контент қалыптастырудың екі басты параметрі бар. «Ол қоғамның рухани тірегін нығайтуға, отбасы құндылықтарын, білім, отансүйгіштік және «Мәңгілік ел» патриоттық актісінде белгіленген басқа да құндылықтарды ілгерілетуге бағытталған «Құндылықтар картасы». Екіншісі - азаматтарға салалық бағдарламалар туралы ақпарат беруге бағытталған «Мемлекеттік PR-стратегия». Бұл ең алдымен «100 нақты қадам» ұлт жоспарына қатысты. 2017 жылдан біз бірыңғай республикалық және 16 өңірлік медиа жоспарға көшуді жоспарлаудамыз. Мысал үшін айта кетейін, қазіргі уақытта біздің ақпараттық пулымыз 58 медиа жоспар бойынша жұмыс істейді. Оларды жүзеге асыру алгоритімі орталық мемлекеттік органдар мен ұлттық компаниялардың ақпараттық жұмыстары ережесінде бекітілетін болады», - деді Абаев. Ол ақпарттандыру саласы бойынша республикалық бюджетке салмақ салмай, квазимемлекеттік секторлар, жеке инвесторлар қаржыландыруды көздейтін «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасының жобасы әзірленгенін айтты. Бұл қадам басқа да әлеуметтік маңызды жобаларға бағыттауға болатын мемлекет қаражатын үнемдеуге мүмкіндік береді. Осыған орай, «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасы шеңберінде іске асыруға жоспарланған жобалар үшін инвестициялар тарту қамтамасыз етілмек. Министрлік қызметінің негізгі бағыттарының бірі мемлекеттік қызметтерді оңтайландыру мен «Электрондық үкіметті» дамыту болса, бұл салада да талай іс атқарылып жатыр деді Дәурен Абаев. Президенттің тапсырмасымен, 4 мемлекеттік кәсіпорынды біріктіру нәтижесінде Мемлекеттік корпорация құрылды. Ол 1 қазанға дейін 29 миллион қызмет көрсетті. Бүгінгі күні мемлекеттік қызметтер тізбесінде 739 қызмет түрі болса, солардың 530-ын электрондық үкімет порталы немесе Мемлекеттік корпорация арқылы алуға болады. Жалпы, бұл шаралар мемлекеттік ақпараттық саясатты барлық деңгейде тиімді жүргізуге мүмкіндік беруде» деді Дәурен Абаев. Ләйла Еділқызы