20 Қазан, 2016

Кітап мұңы

2578 рет
көрсетілді
17 мин
оқу үшін
kitap-shygaru-kurt-kemidiнемесе баспа мәселесіндегі олқылықтар туралы Қазақстандағы кітап өндірісі мен баспа ісі еліміз Тәуелсіздік алғаннан кейінгі жылдарда түбегейлі өзгерістерге түскені белгілі. Бұрынғы бір орталыққа бағынған мемлекеттік баспалар мен полиграфиялық кәсіпорындар жекешелендірілді. Сөйтіп, нарықтық экономикаға бет бұрған тұста кітап пен баспа саласы қиын жағдайларға тап келді. Кітап шығару күрт кеміді. Таралым, айталық, 50 мың­нан 500 данаға бір-ақ құлдырады. Қала мен аудан, ауылдардағы кітапханалар жабылды. Кітап дүкендерінің өзі, бірен-сараны болмаса, жұмысын тоқтатты. Алайда кітап шығару мүлде тоқтап қалды дей алмаймыз. Қиындыққа қарамастан, Үкімет бұл салаға көңіл бөліп, там-тұмдап болса да кітаптардың жарық көруіне жағдай жасап тұрды. Нарық талаптарын жедел меңгерген іскер азаматтар жаңа баспалар, баспаханалар ашып, бұл іске белсене кірісіп кетті. «Атамұра», «Алматыкітап», «Фолиант», «Қазығұрт», «Қазақпарат» баспаларының өмірге келуі соны серпіліс болғаны анық. Осылай бірте-бірте баспалар көбейе берді. Кеңестік кезеңде елімізде 14 бас­па болса, бүгінде баспа 200-ге тарта деп есептеледі. Астана мен Алм­атыны айтпағанда, әрбір облыс орталықтарында баспалар бар. Ең бас­тысы, тәуелсіздік жылдарында Үкімет кітап өндірісі саласына миллиондаған қаржы бөліп, «әдебиеттің әлеуметтік маңызы бар түрлерін басып шығару» бағдарламасымен бас­паларға қолдау көрсетуде. Үкімет қаржысын өз орнымен үнемді жұм­сап, жақсы әрі қажетті кітап шығ­ару мақсатында нәтижелі еңбек етіп келе жатқан жоғарыда аталған баспа­лардың бұл саланың дамуында көш бастап отырғанын айтқан жөн. Ал мемлекет қолдауына иек артып, министрліктің бөлген қаржысына ғана қарап, белгілеп берген тапсырысты орындаумен ғана шектеліп, өз бетінше әрекет жасауға қауқарсыз бас­палар да жетерлік. Өйткені, көпшілік баспалардың ешқандай қаржылық ресурстары жоқ. Баспахананы да басқадан жалдайды. Бар үміті министрліктің тендеріне тәуелді. Үкімет берген қар­жыны 3-4 айда «қылқ» еткізеді де қа­рап отырады. Мұндай қалт-құлт етіп әрең күн көріп отырған баспалардың болашағына үміт арта аламыз ба?! Дәл қазіргі таңда баспалар жұ­мы­сы, кітап шығару ісі ешкімнің көңі­лін көншітіп отырған жоқ. Әсіресе, соңғы 5-6 жылда бұл салада тоқырау бар, ілгерілеу жоқ. Министрліктің «Әдебиеттің әлеуметтік маңызды түр­лерін басып шығару» бағдарламасы өте дұрыс, оны қолдаймыз. Бірақ бұл бағдарлама жылдар бойы еш өзгеріссіз жүргізіліп келеді. Кітаптың не сапасы, не саны артпайды. Не қаламақыға жарытпайды. Сол баяғы 1000-2000 дана. Не қалаға, не далаға жетпейді. Не кітапханаға, не кітап дүкендеріне түспейді. «Әлеуметтік маңызды әдебиет...» әлеуметке жетпесе, ондай бағдарлама неге керек?! Бұл тек жекеменшік бас­паларға нәпақа тауып беру үшін құ­рылған бағдарлама сияқты. Үкімет қаржыны аз болса да мем­лекеттік тапсырысты сапалы, сауатты, заман, оқырман талабына жауап берерліктей, бәсекеге қабілетті етіп шы­ғаруға беріп отыр. Ал баспаларда осындай талап үдесінен шығуға ұмтылыс байқалмайды. Жарық көрген азын-аулақ кітапты оқи қалсаң, қатеден көз сүрінеді, тіпті, аяқ алып жүре алмайсыз. Баспалар жауапкершілік дегенді біржолата ұмытқан сияқты. Себебі, ешкім талап етіп отырған жоқ. Кітаптың оқылмайтыны да рас.  Тәу­елсіздіктің алғашқы жылдарындағы қиындықты жоғарыда айттық. Жарық көрген азын-аулақ кітаптың таралымы сол кезеңде 1000 дана ғана болды. Тіпті, кейбір кітап 500 данамен ғана басылды. Мемлекеттік тапсырыс болғандықтан ол кітаптар кітапханаларға ғана таратылды. Оның өзі жекешелендіруден аман қалған кітапханалардың өзіне толық жетпейтін. Оның үстіне кітап­тың бағасы да тым қымбат болды, оқырманның қалтасы көтере бермейтін. Осылай қалың оқырман кітаптан алыс­тай берді. Сөйтіп, сол кезден бас­тап жас буынды былай қойғанда, зиялы қауымның өзі әдеби-көркем кітап оқымайтын болды. Мұның бас­ты себебі, кітаптың жалпақ жұртқа толық таралмауы болса, сонымен бірге, бүгінгі заманғы жаңа технология – компьютер, интернет, т.б. электронды жүйелер де кітаптың оқылмауына ықпал етіп отыр. «...Жастарды кітап оқуға бала күннен дағдыландыру керек. Кітап оқуға үйренген бала сабақ оқуға да бейім келеді. Сабақ оқыса – білім алады деген сөз. Білімді бала ізденуге бейім болатыны түсінікті... Көркем әдебиет (кітап) оқу дегенге баулу – ата-анамен қатар, мектептегі пән мұғалімінің негізгі шаруасының бірі болу керек» (М.Ысқақбай). Бүгінгі күні ресми дерекке сүйенсек, елімізде үлкенді-кішілі 20 мыңнан аса кітапхана бар екен. Ал мемлекеттік тапсырыспен шығатын кітаптар (1000-2000) осы кітапханалардың қайсына жетеді?! Тіпті, осы белгіленген 2 мың­­ның өзі толық шығатынына кү­мән көп. Себебі, жүрген жерімізде кі­тап­ханаларды аралап, сұрастырып жүреміз. Сонда кейбір кітаптарымыз жоқ болып шығады. Содан күдік туады. «Кейбір баспалар тапсырыстың 2000 таралымын толық шығармайды екен» дегендей. Естіген құлақта жазық жоқ. Ал кітап дүкендерінде көбіне ресейлік кітаптар, қазақ жазушыларының туындылары жоқтың қасы. Кеңестік кезеңде кітап шалғайдағы ауылдарға дейін баратын. Қанша болса да өтіп кететін, яғни оқылатын. Бүгінде ауыл оқырманынан айырылдық. Ұлттың мәйегі ауылда дейміз. Ал сол мәйек рухани нәрсіз қатқыл тартып бара жатқан сияқты. Сонда әлгі әлеуметтік маңызды әдебиеттің ауылға қатысы жоқ па?! Үкіметтің қаржысымен кітап шығарып отырған көжедей көп баспаның осынау ширек ғасыр ішінде бір де бірінің «ауылға арнап кітап шығарып, сол ауыл оқырмандарына таратамын!» деп белсенділік танытпағаны ма?! Министрлік неге бір-екі баспаны тек ауылға арнап кітап шығаратын етіп дайындамайды. Алдымен ауыл оқырмандарына сауалдама жүргізіп зерттеп алып, аудан, ауыл әкімдерімен келісімшартқа отырып, көлік-тасы­малын ойластырып, іске кіріссе жүзеге асатын-ақ шаруа. Көп баспа дегеннен шығады, бүгінде ең оңай шаруа баспа ашу болды. Кітап өндірісінен, баспагерлік әрекеттен түк хабары жоқ кез келген көлденең көк атты баспа аша салады. Мұның өзі баспа ісінің өркендеуіне үлес қосудың орнына таным мен талғамға кері әсерін тигізіп отыр. Өйткені, мұндай кездейсоқ баспалар талап-талғамсыз, ақысын төлесе болды, кез келген күлді-бадам жазбаны сараптаудан өткізбей тасқа басып, кітап етіп шығара береді. Соған сәйкес қаражаяу жазармандар көбейіп барады. Олар белгілі ақын-жазушылармен жағаласып, қараталасып, жоқ-барды теріп кітап етіп шығаруды «сәнге» айналдырып алған. Әсіре іскер пысы­қайлар «Мен де осындаймын, мен де кітап жаза аламын» деп, атақ қуып, даңқ іздеп, қаржысын, байлық пен бе­делін пайдаланып, өмірбаянын тізбелеп, отбасылық суреттерін топтап, қампайтып басып шығаруды үрдіске айналдырды. Ондай кітаптарды таратуда олар тағы да ақын-жазушылардың алдын орап кетеді. Шығарған кітаптарын тамыр-таныстарын жағалап жұрт көп жиналған жерлерге апарып (мектеп, жоғары оқу орындары, емханалар мен вокзалдарға) қалайда өткізу жолын қарастырады. Талғамсыз басылымдар нөпірі оқырманның көркемдік-эстетикалық талғамын ылайлап, тіпті, ұлтты дегра­дацияға ұшыратып отыр. «Шөп те өлең, шөңге де өлең» дегендей, оқыр­мандар кітап деген, шығарма деген осылар емес пе деп «алдана» береді. Мұның өзі әдебиеттегі көркемдік талап­тардың жоғалуына, халтуралық шығармалардың көбеюіне жол ашуда. Осыдан барып кітаптың да құны түсіп, беделі кеміп, жұрт әдебиет пен өнердегі бағдардан айырылып барады. Кеңес заманын ешкім көксемейді, бірақ сол кездегі баспа ісінде қатаң тәртіп, жүйелі бағдар бар еді. Кітап қолжазба кезінен бастап шұқшия қаралып, жіті зерделеніп, саралау, сараптаудан өтетін. Алдымен қолжазбаға белгілі қаламгерлер, ғалымдар рецензия жазып, сапасын анықтап, пікір білдіретін. Тіпті, осы қалай деген қол­жазбалар редакциялық кеңесте тал­қыланып, жарайтын немесе жарамайтыны сараланып, көркемдік деңгейі анықталатын. Сөйтіп, көркемдік кеңес­те талқыланған, редакторлардың сүзгісінен өткен қолжазбалар ғана жос­парға енгізілетін. Қазіргі баспа редакторлары қолжаз­баның сапасын анықтауға қауқарсыз, тіпті, оған мүмкіндігі де жоқ. Тек кор­ректор секілді тыныс белгілерін ғана жөндегенсіп, орындаушының ғана қызметін атқарады. Қандай тапсырыс болса да орындауға мәжбүр. Қолжазбаның мазмұны мен формасын жетілдіру, тілі мен стилін әдеби редакциялау, яғни сапа, оқырман талабымен санасу жайына қалады. Бүгінде қатеден аяқ алып жүргісіз сапасыз кітаптардың қаулап жарық көруінің түп-төркіні осында. Кейбір баспаларда, тіпті, редакторлар да жоқ. Өйтіп-бүйтіп тендерден өтіп алған соң сырттан іздей бастайды. Қолжазбалар өндіріске өткен соң оларды жұмыстан шығарады. Осындайдан кейін әрі сапасыз, әрі сауатсыз кітаптар жарыққа шығады. Сапасыздық, сауатсыздық мектеп оқулықтарын да жайлап алған. Неше жылдан бері оқулықтардағы қате­лердің «жыры» бәсеңдемей, өршіп тұр. Оқулық­тардағы қателердің түп төркіні қай­да барып тіреледі? Басы­лымды құрас­тырып, дайындайтын (авторларды іріктеп, қолжазбаны сараптамадан өткізетін) БҒМ-ға ма, әлде оқулықты басып шығаратын баспаға ма?! Аталған құзырлы орындар да айтылмыш әңгімені көтеріп, кімнің кінәлі екенін дөп басып айта алмай, жіптің ұшын ұстай алмай, «шаршаңқырап» барып қойған сыңайлы. «Қазір педагогпін дегенді мақтан тұтатын нағыз мамандар сиреп кетті. Мектеп оқулықтары да нашар. Оқулық деген балаға түсіндіруі керек қой. Қазір оқу құралдары балаға түсіндірмейді, баладан сұрайды. Мысалы, «Қабанбайға Абылайдың қойған аты не?», – дейді. Ол сұрақтың өзі дұрыс емес. Қабанбайға «Дарабоз» деген атты Саршуаш жырау берген. Төртінші кластың баласы оны қайдан білуі керек. Оны оқулықта, не хрестоматияда түсіндірмейді, бірақ сұрақ қояды. «Берлинге алғаш ту тіккен қазақ батыры кім?», – дейді. Рақымжан Қошқарбаевты сұрап отыр ғой. Оны төртінші кластың баласы қайдан біледі? Оқулықтан оқуы керек емес пе? Алайда, оқулыққа Рақымжан туралы түк те жазбайды, бірақ сұрақ қояды. Қазір бала ғана сабақ оқымайды. Оның атасы, әжесі, әке-шешесі бірге сабақ оқитын болдық. Түсіндірмей сұрақ қоя беретін кітапты қай бала оқығысы келеді?» (Б.Нұржекеұлы, «Қ.Ә.», 19.02.16). Ал 9-сыныпқа арналған «Қазақ әдебиеті» оқулығының хрестоматиясына енген («Мектеп» баспасы, 2012 ж.) «Қамбар батыр» жыры да әжептәуір шу­лыған әңгімеге арқау болғаны белгілі. Оқулықтан үзінді: «Қан сасытып қырады, Түс қайтып, бесін болғанда, Артына мойын бұрады. Қара қасқа атты қаңтарып, Маңдайын сүртіп дем алып, Шылымын шегіп тұрады». Бұл аз десеңіз, Қыз Назымның Қамбарды күткен кезеңі оқулықта былай суреттеледі: «...Ғашықтық түсті басына, сүйегін жаман жасытып, Қайтқанда Қамбар ішсін деп, Арақ пенен шарапты, Сандыққа салып сақтады, Бөтелкеге ашытып...». Ең сорақысы – «...Қара мен төре қайғырды. Болса деп бізбен ашына...» деген жолдары. Бұл – былтырғы жылы қыркүйекте біраз шу болып басылған оқиға. Қоғам­ның наразылығын туғызған бұл сыни пікірге Білім және ғылым министрлігі өзінің 2015 жылғы 15 қарашадағы ресми жауабында келіспейтіндіктерін мәлімдеген. Кейін бұл іске Парламент Мәжілісі депутаттары араласқан. Депутаттар хрес­томатияны оқу­лық құралы ре­тінде пайдалануға про­курорлық ша­ра қолдануды талап еткені белгілі. Олар аталған қателік қолданыстағы заңнамалардың, оның ішінде «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» ҚР  кодексі, «Білім туралы» ҚР заңы, «Бала құқықтары туралы», «Жарнама туралы» заң талаптарын бұзып отырғанын баса айтқан-тын. Ақыры, Білім және ғылым министрлігі мен Бас прокуратура ресми жауап берді. Онда «Қамбар батыр» жырын 2017-2018 жылдары шығатын хрестоматияда түзейтіндері жайлы шешім қабылдағандары айтылған. Мектеп оқулығы – болашақ бағдар­ламасы. Бұл орайда оқулық дайындайтын сараптамалық комиссияға үлкен жауапкершілік жүктелуі керек. Оның құрамына кеңесе отырып, келісе отырып, салмақтап, саралап, ұлт мүддесін қорғайтын, елдің ертеңін, егемендіктің тұғырлылығын ойлайтын, жан-жақты білімді азаматты іріктеп алу керек. Сондай-ақ, еліміздегі тәжірибелі, білікті мектеп ұстаздарын оқулық дайындауға қатыстырған жөн. Сол комиссия мүшелерінің әр­қайсысы дайындалған оқулықтың түпнұсқасын өте мұқият, зерделеп оқып, пікірлесіп, мектеп мұғалімдерін қатыстыра отырып, үлкен кеңесте жан-жақты талқылау ұйымдастырғаны абзал. Талқылаудан кейін бір пікірге келіп, қорытынды жасаған түпнұсқа оқулықты баспаға ұсыну керек. Баспа мәселесінде орын алып отырған осындай олқылықтарды ескере келіп, бұл саланың бүгінгі жағдайына бүтіндей өзгеріс енгізу керек деп ойлаймыз. Ол үшін баспаларға талапты күшейту қажет-ақ. Директоры мен бухгалтерінен басқа қызметкері жоқ баспаны тендерге қатыстыру ешқандай нәтижеге қол жеткізбейтіні бүгінде басы ашық нәрсе. Министрлік өткізетін кітап шығару тендеріне тұрақты түрде жұмыс істейтін, баспа ісін меңгерген, қолжазбаны бағалай білетін редакторы, суретшісі, корректоры бар, құрамы түгел, тіпті өзінің баспаханасы бар баспалар ғана қатыстырылуы керек. Сондай-ақ, бұрынғыдай жабық рецензия жаздыру үрдісін қалпына келтіріп, қолжазба сапасыз болса, авторға қайтарылып, орнына сараптамадан өткен жарамды түпнұсқа берілсін. Бас­палар жанынан редакциялық кеңес құру да – қолжазба сапасын арттырудың тәжірибеден өткен жолы. Енді кітаптың таралымына келсек, бұл үшін әр баспа оқырманмен тығыз байланыста жұмыс жүргізіп, халықтың сұранысын зерттеп білуі қажет. Содан жинақталған сұраныстарды тендерге ұсынса... Соған орай, таралым санын біртіндеп өсіруге болар еді. Ал кітаптың ұзын санына деген күдікті болдырмау үшін оны қадағалайтын басқарма құрылса... Тарату солар арқылы қатаң жүргізілсе. Сөйтіп, әр кітаптың таралым саны 5000-нан кем болмағаны жөн. Өйткені, ең болмаса республика бойынша кітапханаларға толық жетсе, аз болса да кітап дүкендеріне түссе деген ой. Сонымен, ұлттық баспа ісі, жалпы кітап мәдениеті бүгінде тәуелсіз еліміз мәдениетінің өркендеген жемісі болуы керек. Кітап пен мәдениет – адамның жан дүниесіне, мәдени-көркемдік жағынан әсер етуде таптырмайтын құрал болғандықтан, адамның көркемдік-эстетикалық сезімдерін күшейту арқылы өзін-өзі тәрбиелеуіне, рухани байып, парасат биігіне көтерілуіне зор ықпал жасайды. Олай болса, баспа ісін, кітап мәдениетін арттыру ел баспагерлерінің алдында тұрған ең маңызды мәселенің бірі. Тұрлыбек МӘМЕСЕЙІТ, жазушы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері