Қарт Қаратау мен Аралдың арасын кең жайлаған Ақмешіт атырабындағы айшықты мекеннің бірі – Қазалы. Қазаққа қадым заманнан бері қадірлі өлкенің тамыры терең, тарихы кенен. Тоғыз жолдың торабында орналасқан ауданның бүгінгі ахуалы қандай? Несімен мақтана алады? Ел дамуына қосқан үлесі қаншалықты? Біз бүгін Қазалы ауданының даму жолына зер салып көрмекпіз. Сонымен...
Ажары артқан ауылдар
Ауданның ахуалы ауылына тікелей байланысты. Ауыл кіндік байлар темірқазығымыз болғанда, оның өсіп-өркендеуіне әрбір саналы адам мүдделі болса керек. Бұл ретте Қазалы ауданының Қызылорда облысының экономикасы мен әлеуметтiк дамуында ерекше орны бар. Елбасының алға қойған мiндеттерiн орындауда ауданда индустриялық-инновациялық жобаларды iске асыру, өндiрiстi индустрияландыру, агроөнеркәсiптiк кешендi дамыту, халықтың әл-ауқатын жақсарту шаралары жылдан-жылға дамып келедi. Ең бастысы, шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту, жаңа жұмыс орындарын ашу бойынша жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде аудан экономикасы тұрақты дамып, аудан бюджетінің кірістер бөлігі көбейді.
Биылғы жылдың бірінші жарты жылдығында Жалаңтөс батыр ауылындағы 90 орындық балабақша құрылысы мен «Сыр Маржаны» ЖШС-нің 500 басқа арналған мал бордақылау алаңының инфрақұрылымы құрылысын салу жұмыстары жалғасын тапты. Сондай-ақ, құрылыс саласында көптен шешімін таппай келе жатқан мәселелерді қаржыландыруға қол жеткен. Ал, екінші жартыжылдықта бірнеше әлеуметтік және басқа да нысандардың құрылысы басталды. Атап айтқанда, Майдакөл, Лақалы, Бірлік, Шәкен, Шилі ауылдарындағы апаттық жағдайдағы 5 мектептің құрылыс жұмыстарына облыстық бюджеттен 860,5 миллион теңге қаралды. Ал Әйтеке би кентіндегі жалпы құны 4285 миллион теңге болатын аудандық аурухананың құрылысын бастауға республикалық бюджеттен биылға 200,0 миллион теңге, облыстық бюджеттен 20,0 миллион теңге бөлінуде.
«Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» бағдарламасы бойынша биыл Ақсуат ауылындағы №100 мектепке, Әйтеке би кентіндегі «Балдырған» балабақшасына, Ақтан батыр ауылындағы клубқа, Қазалы қаласындағы мәдениет үйіне, Жалаңтөс батыр ауылындағы кітапханаға күрделі жөндеу жүргізілді. Биыл аудандық маңыздағы жолдарды жөндеу жұмыстарына да республикалық және облыстық бюджеттерден қаржы бөлінді. Атап айтқанда, төрт жобаға 621,8 миллион теңге қаржы қаралды. Қазіргі таңда «Бозкөл – Тасарық», «Қожабақы – Аранды», «Самара – Шымкент – Ақсуат», «Қазалы – Қожабақы – Бозкөл – Кәукей» автомобиль жолдарын жөндеу жұмыстары атқарылуда.
Мемлекеттік «Таза су», «Ақбұлақ» бағдарламалары арқылы тұрғындарды сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету мақсатында Қазалы ауданында соңғы бірнеше жылдар бойы ауқымды жұмыстар жасалды. Соның нәтижесінде, аудандағы 45 елді мекеннің 31-і орталықтандырылған су құбырын пайдаланады. Кезінде алғашқы болып таза ауыз су барған Ақтан батыр, Басықара, Бекарыстан би, Жалаңтөс батыр, Жалпақ, Жанқожа батыр, Майдакөл, Мұратбаев, Пірімов, Түктібаев секілді елді мекендерді сервистік желіге қосу үшін 2013 жылы облыстық бюджеттен 36 миллион теңге бөлініп, жоба-сметалық құжаттары әзірленген болатын. Осы жылы аталған ауылдардың ішінен 3 елді мекенді сервистік желіге қосуға қол жеткен. Сонымен қатар, жалпы құны 2415 миллион теңгені құрайтын «Әйтеке би кенті мен Қазалы қаласындағы сумен жабдықтау жүйелерінің құрылысын салу және кеңейту» жобасы қаржыландырылды. Бұл мақсатқа республикалық бюджеттен 2334,4 миллион теңге қаралды.
Бизнестің түрлері тек аудан орталығында ғана емес, ауылдарда да кеңінен дамып жатыр. Тіркелген кәсіпкерлердің 76,2 пайызы Әйтеке би кентіне тиесілі болса, 8,3 пайызы Қазалы қаласы, 15,5 пайызы ауыл кәсіпкерлерінің үлесінде. Жалпы кәсіпкерлік субъектілерінде барлығы 8 715 адам тұрақты жұмыспен қамтылған.
Ауданның географиялық орналасуы мен негізгі кәсіп түрі ауылшаруашылығы саласын дамытуға бейімделгендіктен қазіргі уақыт талабы өнім өндіру, өңдеу саласын дамытуға басымдық берілуде. Кәсіпкерлер тарапынан өндіріліп, өңделген күріш, балық өнімдері бүгінде бірқатар шетелдерге экспортталса, мал бордақылап, оны консервілеп ұқсатуға бетбұрыс жасалуда. Бұрындары қолға алынған кәмпит өнімдерін өндіру мен жемістерден тосап дайындау кәсіптері де қайта жандануда.
Ауыл тұрғындары «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» бағдарламасының «Ауылдық жерде кәсіпкерлікті дамыту бағыты» бойынша және «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ арқылы несиелендірілетін бағдарламаларға қатысуда. Нәтижесінде кәсіпкерлікті дамытуға мемлекет тарапынан берілетін жеңілдіктерді пайдаланып, мал, құс шаруашылықтарын қолға алуда. Сонымен бірге, қазіргі таңда аудан көлеміндегі шаруалардың өздері еккен бақшалық дақылдары пісіп, алды аудан орталығына және Ақтөбе қаласына сатылымға түсіп, жұртшылықтың оң бағасына ие болуда. Алдағы уақытта да шағын және және кәсіпкерлікті кеңінен өрістету міндеті тұр. Ол үшін мемлекеттік бағдарламалардың қолжетімділігін кеңінен пайдаланып, кәсіпкер шаруаларға жан-жақты көмектер көрсетіледі деген жоспар бар.
Кәсіпкерлікке – кең өріс
Бүгінде Қазалы ауданы «Дәмді» сүт өнімдерімен, Қазалы кәмпитімен, ет, балық және күріш өнімдерімен мақтана алады. «РЗА» АҚ-тың 550 басқа арналған ірі қара өсіру кешені және сүт өңдеу зауытының сапалы сүт өнімдеріне нарықта сұраныс жоғары. Зауыт күніне 15 тоннаға жуық сүт қабылдап, одан өнімдерін дайындауда. Алдағы уақытта йогурт, кілегейлі айран, сүзбе ірімшік өнімдерін шығаруды жоспарлауда.
50 жылға жуық тарихы бар Қазалы кәмпитін шығаратын цехта күніне 250-300 килодан аса өнім өндіріледі. Тәтті өнімдер Қызылорда, Ақтөбе облыстарына сатылуда. Қазір 17 адамды жұмыспен қамтып отырған кәсіпкер цехта 10-нан астам өнім түрін өндіруді көздеп отыр. Қазалы ауданынан шетелге экспортқа балық және күріш өнімдері де жіберілуде. Бүгінде «Қызылорда Балық» ӘКК» ЖШС-нің сүбелері мен балық өнімдері Еуропа мемлекеттеріне, «Сыр Маржаны» серіктестігі мен жеке кәсіпкер М.Есқожаевтың күріш өнімдері ТМД елдерінің нарығына шығарылуда.
Сонымен қатар, «Сыр Маржаны» ЖШС-нің өткен жылы пайдалануға берілген 500 басқа арналған мал бордақылау алаңындағы ірі қаралар қазір Қызылорда, Байқоңыр қалалары мен аудан көлемінде жоғары сұранысқа ие. Серіктестік енді консервідегі бұқтырылған ет, шұжық, сүбе шығару комбинатын іске қосуды жоспарлап отыр.
Аудан көлемінде шағын және орта кәсіпкерлікті дамытып, жаңа өндіріс орындарын ашу мақсатында «Өндірістік аймақ» және «Сауда-логистикалық орталық ұйымдастыру» бойынша да бірнеше инвестициялық жобаны жүзеге асыру жұмыстары жасалып жатыр. Қазір орталықтарға бюджет тарапынан автокөлік жолы, электр мен ауыз су жүйелері жеткізіліп, кәсіпкерлердің өз жобаларын кедергісіз бастауына көмек жасалуда.
«Өндірістік аймақ» бойынша бірінші кезекте бөлінген 12,7 гектар жер учаскесі қажетті инфрақұрылыммен қамтамасыз етіліп, жалпы құны 302,0 миллион теңгені құрайтын жаңа 10 жоба іске асырылуда. Оның ішінде, уақыт талабы мен нарық сұранысына сай кәсіпкерлер тарапынан көкөніс сақтау қоймасы, жылыжай шаруашылығы, құрылысқа қажетті бұйымдар өндіру және түрлі қызмет көрсету орындары салынды.
Осы аймақтан биыл жас кәсіпкер Еркін Алданазаровтың «Тамшы су» өндіру цехы пайдалануға берілді. Жалпы аумағы 1500 шаршы метрді құрайтын цехта пластмасса ыдыстарына құйылған таза су өндіріледі. Цехты іске қосу арқылы 5 жаңа жұмыс орны ашылды. Бұдан бөлек, жеке кәсіпкер Б.Бөлебай тарапынан «Күріш өңдеу цехы мен ұн сақтау қоймасы» жобасы жүзеге асуда.
Жалпы, индустриялық-инновациялық даму жөніндегі 2015-2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы аясында аймақтық үйлестіру кеңесіне 21 жоба ұсынылған болатын. Одан 17 жоба толық іске қосылып, 212 жаңа жұмыс орны ашылды. Алдағы уақытта аталған бағдарлама аясында аудан бойынша «Кірпіш шығару цехын кеңейту», «Консервіленген ет өнімдерін өндіру», «Кәмпит өнімдерін шығару цехын кеңейту» және «Газоблок өндіру цехын ашу» жобалары іске қосылатын болады.
Кәсіпкерлік саласы ел экономикасының күретамыры десек, артық айтқандық болмайды. Дамыған елдердің бәрінде кәсіп кеңге қанат жайған. Сол себепті Елбасы бұл салаға ерекше назар аударып отыр. Қазіргі таңда мемлекет тарапынан кәсіпкерлікті қолдау күшейді. Әрбір сала бойынша өміршең бағдарламалар қабылданды. Еңбек етемін, өрелі істерге өріс ашамын дегендерге жол ашық. Тек ұтымды ұйымдастырушылық, ілкімді іскерлік қажет.
Бұл ретте Қазалы ауданында кәсібінен нәсібін теріп жүрген азаматтар аз емес. Олар шаруасын ұршықша иіріп, бейнетінің зейнетін көріп отыр. Соның арасында жастардың қатары да көбейіп келеді. Бүгінгі күні аудан бойынша 4 202 шағын кәсіпкерлік субъектісі есепке алынса, оның 13,1 пайызын жас кәсіпкерлер құрайды.
Мемлекеттік бағдарламаларға қатысу деңгейі жөнінен Қазалы ауданы облыс бойынша белсенділік танытуда. Солардың бірі «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы арқылы Қазалы ауданында 2012-2015 жылдар аралығында 20 жоба бойынша 333,8 миллион теңгенің несиесі алынып, «Даму» қорынан субсидияланды. Аталған жобалар аясында 168 жаңа жұмыс орны ашылды.
Ал биыл құны 101,2 миллион теңге құрайтын 3 жоба екінші деңгейлі банк арқылы несие қаражатын алып, «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ арқылы субсидиялануда. Бұдан бөлек, банктер арқылы кәсіпорындардың айналым қаражатын толықтыру мақсатында бірнеше жобалар қаралуда.
Сонымен қатар, «Тұран-Қазалы» ЖШС-нің «10 мың басқа арналған құс фермасының құрылысын салу» және «Ақарыс» ЖШС-нің «Ешкі және қой өсіру базасында, сүт және ет өндіру» жобаларының құжаттары оң қорытынды алып, қаржыландыру мәселесі шешілуде.
Егістіктегі еңбек
Қазалыда ауыл шаруашылығы да жақсы жолға қойылған. Жыл сайын диқандар өздеріне жүктелген міндетті абыроймен атқарып, қамбасын толтыруға, халықты қажетті азық-түлік өнімдерімен қамтамасыз етуге атсалысып келеді. Соның бір дәлелі ретінде ауданда аймақтың негізгі дақылы саналатын күріштен соңғы жылдары жоғары өнімділікке қол жеткізіп келеді.
Биылғы жылы 16 848 гектар жерге ауыл шаруашылығы дақылдары орналастырылды, оның ішінде, күріш егісінің көлемі – 6 670 гектар. Аудан диқандарының ала жаздайғы еңбегінің арқасында биылғы жылы да бітік егін өсірілді. Суармалы су көлемінің жеткілікті болуы да күріштің жақсы өсуіне оң әсерін тигізді.
Дақылдарды күтіп баптау жұмыстары өз дәрежесінде жүргізілді деуге болады. Егілген күріш егісінің 5 870 гектары қажетті дәрумендермен қоректендірілді, 5 268 гектарына арамшөптерге қарсы химиялық өңдеу жасалды. Күтімге алынған күріштің 78,6 пайызы бітік шықты. 20,1 пайызы орташа болды. Ал 1,3 пайызын диқандар қанағаттанарлық деп бағалады.
«Жаздың бір күні қысқа азық» дегендей, бұл – аудандағы күріш өндірісінде тұрақты жұмыспен қамтылған 1000-ға жуық дала еңбеккерінің ыстық-суыққа қарамастан атқарған еңбектерінің берекелі нәтижесі. Қазіргі кезде ауыл шаруашылығы құрылымдарында ақ күрішті жинау толық аяқталды. 450 гектардан жинап алынған жаздық бидайдың орташа түсімі 12,9 центнерден айналды.
4138 гектар ескі жоңышқаның 670 гектарын тұқымға қалдырып, 3 468 гектарына екі орым жүргізіліп, барлығы 5 610 тонна өнім жиналды Сонымен қатар, келесі жылдың егісі үшін 25 тоннаға жуық жоңышқа тұқымы құйылды.
2510 гектарға орналасқан жаңа жоңышқадан қажетті шөп жиналды.100 гектар мақсары дақылынан 37 тонна өнім алынып, орта өнім көлемі гектарына 3,7 центнерді құрады. Ал 700 гектар сүрлемдік жүгеріден қамбаға 7 450 тонна жүгері салынып, орта өнім 106,4 центнерден айналды.
Ауылының ажарын ашып, кәсіпкерліктің кеңінен қанат жаюына ықпал етіп, егіс алқабында ерінбей еңбек етіп, қажетті өнімін жинап алып жатқан ауданның өзгеге алақан жаяр реті жоқ. Өздеріне қажетті дүниенің барлығын өздері өндіріп, халықты тұрақты жұмыспен қамтып, ел экономикасының дамуына тиісті дәрежеде ықпал етіп келеді.