20 Қазан, 2016

«Хат қоржын»

260 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін
оқырман ...мәселе көтереді Экологиялық жүйе нашарлап барады Орал өңіріндегі су ресурстарының 80 пайызы трансшекаралық өзендердің еншісіне тиеді. Мұндағы басты нысан өңірдегі өзге су ресурстарын қаржыландыратын Жайық өзені. Оның жағалауында 87 елді мекен ораналасқан. Соңғы уақытта мұндағы экологиялық жүйе төмендеп, гидрологиялық нормалар жойылып барады. Жайықтың арнасы тартылып, суы ластануы, оның маңындағы жануарлар мен өсімдіктер дүниесінің аза­йып бара жатқаны осының дәлелі. Өзен суын ұқыпты әрі тиімді пайдалану үшін оның арналарын аршып, түбін тазарту қажет. Бұл күрделі жұмысты Ресейден бастау алатын су қоймаларынан бастаған жөн деп ойлаймыз. Трансшекаралық Жайық өзенінің экологиялық жүйесін жаңғырту жұмыстары мемлекетаралық маңыз бен сипат алғанда ғана тиісті нәтиже бермек. Сондықтан бұған көршілес екі елдің өкілетті органдары мүдделі болғанын қалаймыз. Қазыбай БОЗЫМОВ, ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы, профессор ОРАЛ ...ризашылық білдіреді Спорт кешенін салып берді Кәсіппен дегеніне жеткен азаматтарға көңілің толып, ал олардың арасында байлығын шапағатты шаруаға бағыттағандарға «Міне, азамат!» деп риза боласың. «Жақсының жақсылығын айт – нұры тасысын» демекші, Атырау облысы, Жылыой ауданы, Шоқпартоғай ауылының тұрғыны, жеке кәсіпкер Бақытжан Достанов осы ауылдағы өзі оқыған №3 орта мектепке «Ырыс» спорт кешенін сыйға тартты деген хабарды естіп қуанғанымыз бар. Бәрекелді дейтініміз, кәсіпкер спорт кешенінің құрылысына өз қаржысы есебінен 87 млн теңге жұмсапты. Жалпы алаңы 807 шаршы метрді алып жатқан кешенде ерлер мен әйелдерге арналған душ, киім ауыстыруға арналған шкафтар, медициналық пункт жұмыс істейді. Спортпен шұғылдану үшін тренажер құралдары, үстел теннисі, баскетбол, волейбол ойындарына арналған залдар бар. Ал қажетті құрал-жабдықтарды шетелден жеткізіпті. «Кешенді өзімізді бағып-өсірген, тәлім-тәрбиесін берген марқұм, асыл әжем Ырыс атымен атауды ұйғардым. Бүгінде кешен өз жұмысын бастап кетті. Балалар дән риза», – дейді кәсіпкер Бақытжан Достанов. Алдағы уақытта мәдениет үйін тұрғызып, ауылды көгалдандыруды жоспарлап отырған азаматқа ісің ілгері озып, кәсібің өрге баса берсін дегіміз келеді. Заманбек МҰХАМЕТХАНОВ Атырау облысы ...әсерімен бөліседі Әбіш және Тәуелсіздік Маңғыстау ауданының Оңды ауылында осындай тақырыпта патриоттық іс-шара өткізілді. Іс-шараға қоғам және мемлекет қайраткері, халық жазушысы Әбіш Кекілбаевтың сыныптас досы, шетпелік ардагер ұстаз Алдаберген Құрмашев және аудандық жастар орталығының басшысы Аллаберген Қонарбаев, Оңды орта мектебінің оқушылары мен ұстаздар қауымы қатысты. Жастар алдымен Алаштың анасы болған Ай-Ана ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, рухына тағзым етті. Ескерткіш басында А.Құрмашев Әбекең сияқты әлем таныған алыпты дүниеге әкелген Айсәуле анамыз туралы естелік айтты. Бұдан соң шара Оңды орта мектебінде жалғасып, жиында ардагер ұстаздар Әбекеңнің Ұштаған ауылындағы мектепте өткен балалық шақтарын айтып, көпшілікті өзіне баурап алды. Жиында Әбекеңнің тәуелсіздік алған жылдарда Парламентте отырған кезіндегі жемісті жұмыстары жайында жастар орталығының басшысы А.Қонарбаев айтып берсе, Ә.Кекілбаевтың әдеби шығармаларын мектеп оқушылары нақышына келтіре оқып, жазушының өнегелі өмірі туралы сауалдарын қойып, тұщымды жауаптарын алды. Басқосу соңында оқушыларға Сұлтан Оразалының «Қазақ зиялылары» атты бейнеантологиясынан Әбіш Кекілбаев туралы деректі фильм көрсетілді. Алдаш ШОҢАЙ Маңғыстау облысы ...жаңалығын жеткізеді Тігін фабрикасы іске қосылды Қызылорда қаласында жаңадан ашылған «Dalatex» тігін фабрикасы өз өнімдерін отандық нарыққа шығаруды қолға алды. Ашылғанына бірнеше ай ғана болған кәсіпорында 30-ға жуық қызметкер жұмыс атқарады. Қызметкерлердің көбісі «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» бағдарламасы аясында жұмысқа орналасқан жұмыссыз жастар. Күніне 180-200 көлемінде ерлер мен әйелдер және балалар көйлегін тігіп еліміздің әр өңіріндегі дүкендерге таратып отыр. Халық тұтынатын киім-кешектердің көбі Қытай мен Түркиядан әкелінетінін ескерсек, енді өз өнімімізді тұтынуға мүмкіндік алып отырмыз. Киімдерді басқа елдерден әкеліп сатумен айналысқан кәсіпкер Ділмұхамед Абызов ойлана келе, тың саланы енгізу қазіргі бизнесті дамытудың оң шешімі деп тапқан. Тігін фабрикасының өнімдері әзірге ел нарығына шығарылып отырса, келешекте алыс-жақын шетелдерге экспорттау көзделіп отыр. «Фабриканың «Dalatex» аталуының себебі, экспорт мәселесін көздегендіктен ағылшынша атау бердік. Ұлттық намысымызды қайрап, озық елдердің алдыңғы қатарына ену, алыс-жақын шетелдерге «Қазақстанда жасалған» деген өнімді тарату басты мақсатымыз», – дейді Ділмұхамед Абызов. Арнайы бағдарлама аясында Үкіметтен 30 пайыз жеңілдік алып отырған фабриканың әзірше тапқан табысынан шығыны басымдау. Өйткені, біздің елімізде шикізат тапшы, барлығы сырттан сатылып алынатынын ескерсек, бізге әлі де қамбамызды толтыратын кәсіпорындар қажет-ақ. Айман МҰҚЫШЕВА ҚЫЗЫЛОРДА