Осы жуырда жұмыс орныма бір хат келді. Конверт сыртында Шарбақты ауданы, Арбиген ауылы деп тұр. Ашып қарасам, баяғыда өзіміз жазатындай сәлем хат. «Құрметті Фарида! Осы хатты жолдаушы өзіңе жүзі таныс Қорған атаң, зейнеткер ұстаз...», деп жазылыпты хатта. Күнделікті өміріміз компьютерге байланған мына заманда қаламмен жазылған хат көрмегелі қашан. Адамның қолымен жазылған хаттың жақындығы сондай, Қорған ата дәл қасымда сөйлеп тұрғандай сезілді. Әрі қарай: «Қазан айының 20-сы күні 80 жасқа толамын, уақытың жетіп, жолың түссе, ауылға келіп қайт, қызым. Ауыл аман, мектеп орнында, жағдайымыз жақсы... Жаңадан салынған мешітімізді көресің, апаң екеуміз күтеміз...», деп қосыпты.
Журналист болған соң, іссапарға шығып тұрамыз. Газетке жазар жақсы дүниелер іздейсің. 2008 жылы болуы керек, тағы да сондай бір іссапар барысында Арбиген, Ботабас, Құлат, Шегірен ауылдарын аралағанымыз бар еді. Арбиген мектеп ауласындағы жайқалып өсіп тұрған өзгеше ағаштарға толы бақты көріп таңқалғанбыз. Ауладағы жылыжайында қияр, қызанақ әртүрлі гүлдер өсіп тұр. Мұның қандай сыры бар екенін кейіннен барып білдік. Биология пәнінің мұғалімі Шаймардан Ильясов екеуі Алматыдан ерекше өсетін теректерді алғызып, мектептің маңайын шағын орманға айналдырады.
Сол іссапардан «Егеменге» көлемді мақала жаздық. Атамызбен де осы сапар барысында таныстық. Іздегенге – сұраған. Асыл қазына тапқандай қуандым. Журналист үшін нағыз керегі де Қорған мұғалім секілді ел ішіндегі шежірелі, білетіні де, айтары да көп адамдар ғой. Біздің газетіміздің бір нөмірін де қалдырмай оқып, «Егеменді» басына жастап ұйықтайтыны көрініп тұрды. Одан кейін де барып қайттық.
Жалпы, кеңестік кезеңде облыста санаулы ғана қазақ мектебі бар еді. Шарбақты ауданында сол жылдары 3 қана қазақ мектебі болса, соның бірі Арбиген мектебі еді. Опера әншісі Шаһмардан Әбіловтің туған жері, ол да Қорған мұғалімнің шәкірті.
– Маңдайыма осы мектепті басқару бұйырыпты, – деп еске алған-ды ұстаз ата. – Сонау 1925 жылы бастауыш мектеп ретінде құрылған екен. 1939 жылы орталау мектепке айналыпты. Қазақ тілінде білім беретін мектеп салғызу ол кезде оңай емес еді. Кедергілерге кезікті... Ал 1980-жылдары мектепте оқитын балалар саны көбейді. Ауыл тұрғындары тарапынан мектеп салу жөніндегі өтініштері орындала қоймады. Содан, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің депутаты, ауыл механизаторы Бәйтемір Досымхановқа бұл өтінішті сол кездегі Бірінші хатшымыз Дінмұхамед Қонаевқа жеткіз дедім. Сөйтіп, 1986 жылы мектеп құрылысы басталды. 1988-1989 оқу жылында ауыл балалары оқуды жаңа мектепте бастады.
Айтпақшы, ауылда 1990-жылдары құрылысы басталған мәдениет үйінің ғимараты сол күйі 2013 жылға дейін тұрды. Оның бір кірпішін де бұзғызбай Қорған ата өзі күзеткенін бүкіл ауыл біледі. Келген-кеткен әкімдердің бәріне өтініш жазудан жалықпады. Ақыры, облыстық бюджеттен қаржы бөлініп, мәдениет үйі еңсе көтерді.
Қорған Ашатайұлы Арбигенде жарық дүние есігін ашты. Балалық шағы соғыс жылдарымен тұспа-тұс келді. Ержетіп өсіп, оқып, білім алды. 1958 жылы Орал қаласындағы А.Пушкин атындағы педагогикалық институттың филология факультетіне оқуға түсіп, 1963 жылы қазақ тілі мен әдебиеті пәндерінің маманы бойынша бітіріп шығады. Бұл кісі ұлағатты ұстаз ретінде бүкіл ғұмырын бала оқытуға, ауыл балаларының білімді болып өсулеріне арнады.
Хат соңына үңілдім: «53 жыл ұстаздық еттім. Қорытындысында қазіргідей ғажап уақытты көрдім. Жаңа заман, жаңашыл адам сенбес уақыт келді. Біздер бір қазақ тілінде оқытатын мектеп салдыру үшін бастан не өткермедік?.. Ал қазір Тәуелсіздіктің кереметі сол, жүздеген мектеп бой көтерді.
Осы күнді көргеніме ризамын. Нұрсұлтан Назарбаевтың үнемі білім алыңдар, оқыңдар, үйреніңдер деп жатқаны да сол, әлемдегі 30 елге жетейік, қосылайық деп тегін айтпайды ғой. Мемлекет білім беру саласына үнемі көңіл бөліп келеді. Дән ризамын. Балабақшалар мен мектептер жанынан 3-5 жас аралығындағы балаларға арналған шағын орталықтар да ашылуда.Тек оқып, білім алсын, балаларым!», деп аяқтапты хатын қарт ұстаз.
Бұл күнде Қорған Смайылханов Шарбақты ауданының құрметті азаматы, «Облысқа сіңірген еңбегі үшін» медалінің иегері, Ы.Алтынсарин медалінің иегері. Ел газеті – «Егеменнің» белсенді, ардагер оқырманы. Ғибратты жолдан өткен ардақты әке. Зәуре апа екеуі алты ұл, қыз тәрбиелеп өсірді. Қыздары Анар мен Зере әке жолын қуып, ұстаздық жолды таңдады. Үлкен қызы Мәдина да, міне, Арбигенде 36 жыл бойы мектепте жұмыс істейді.
Фарида Бықай,
«Егемен Қазақстан»
Павлодар облысы