Балалар үйлері мен оңалту орталықтарының мамандарына дәріс өтеді
Алдағы күндері Қазақстанда алғаш рет балалар үйлері мен оңалту орталықтарының қызметкерлері арнайы шеберлік сыныптарынан өтетін болады. Бірінші болып бұл бастаманы «ВІ-Жұлдызай» корпоративтік қоры Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігімен бірге қолға алып отыр. Арнаулы дәрістер балалар үйлерінің ғана емес, мектеп-интернаттар, түзету мектептерінің педагогтарының арасында да жүретін болады.
Бастапқы кезде шеберлік сыныптары Қазақстанның ірі төрт қаласы – Астана, Алматы, Шымкент және Атырауда өтеді. Бұл дәрістерге танымал өнер жұлдыздары да тартылмақ. Олардың арасында «Астана Опера» Мемлекеттік опера және балет театрының белді әртісі Досжан Табылды, «Ast City Ballet» балет студиясының жетекшісі Адыл Эркинбаев, «Жұлдыз-ай» фестивалінің қоюшы-режиссері Ғалия Байбосынова, Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері Ұлттық әскери-патриоттық орталығының әншісі Мәдина Асқарова бар. Шеберлік-сағаттарын өткізуге ыммен жұмыс істейтін аудармашылар көмекке келмек.
Бұл шара балалармен жұмыс істейтін мамандардың кәсіпқойлығын арттыруға септесетіні сөзсіз. Сол сияқты, бұл дәрістер мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған республикалық «Жұлдыз-ай» фестиваліне қатысатын жеткіншектердің өзіне деген сенімі мен өнерін шыңдайды, фестиваль деңгейін көтереді деген үміт бар.
Айнаш ЕСАЛИ,
«Егемен Қазақстан»
АЛМАТЫ