20 Қазан, 2016

Сахна төрінде – саха театры

534 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
 sakha-teatryЖақұт жанарын Енесай жақтан елжірей тігетін түбі бір туысқан Саха елінің өнері қазаққа да жат емес. Жыл он екі айда өнерінің әр тарамын қазақ пен қырғызға таныстыру мақсатында сапарлап қайтатын байырғы дәстүрі бар. Сол дәстүрімен П.Ойунский атындағы Саханың академиялық драма театры Алма­тыға гастрольдік сапармен келіп, 20-21 қазан күндері Ғ.Мүсірепов атын­дағы Балалар мен жасөспірімдер театрының сахнасында өнер көрсетпек. Алматы көрермендерінің екі күн бойы Саха елі сахна шеберлерінің таңғажайып танымынан туған өнерін тамашалауға мүмкіндік алуы – мәдени өміріміздегі айтулы оқиға. Ресейдің ең ірі ұлттық театрларының бірінен саналатын өнер ордасы қазақстандық көрермендерге Ш.Айтматовтың «Теңіз жағалай жүгірген тарғыл төбеті» мен У.Шекспирдің «Лир патшасын» ұсынып отыр. Атап өтерлігі, бұл екі спектакль де Саха театрының қымбат қазынасы, саф алтындай бірегей туындысы болып есептеледі. Алматыға келіп, дөңгелек үстел басын­да емен-жарқын әңгіме-дүкен  құрған театр директоры, Ресейдің еңбек сіңірген әртісі, Саха Республикасының халық әртісі Анатолий Николаев, Ресей және Якут АССР-інің еңбек сіңірген әртісі, Ресей Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, актер Ефим Степанов, Саха елінің халық әртісі Изабелла Николаева қазақ журналистерін қызықтырған көптеген сауалдарына жауап беріп, бүгінгі Саха академиялық театрының тынысы мен театр кеңістігіндегі орны туралы ойымен бөлісті. Театр директоры А.Николаевтың айтуынша, Ресей құрамындағы ұсақ ұлттардың ішінде алғашқылардың бірі болып Ұлттық театр құруға қол жеткізудің өзі үлкен ерлік. Тек Ресейде ғана емес, әлемдік театр үрдісінде жетек­ші орын иеленетін бұл ұжымның беде­ліне қызыға қарайтындар көп. Театр­дың шығармашылық ұжымының биік дең­гейдегі шеберлігін әлемдік театр қауым­дастығының ең мәртебелі өкіл­дерінің өзі бірауыздан мойындап, халық­ара­лық сахнаның серкесі ретінде таны­ған. Мұншама биік баға мен мерейді асқақ­тататын абыройға бұл ұжым бірден кенеле қалған жоқ. Бұған Саха елінің бірегей ұлттық дәстүрі мен мәдениеті, классика мен жаңашылдықты шебер үйлестіре білетін суреткер режиссерлер мен талантты актерлердің маңдай тері жеткізді. Саха театры репертуаға өте бай. Якут және орыс драматургиясының классик­терінен бастап, заманауи шетелдік дра­матургтердің таңдаулы шығармалары биік талғаммен сахналанып келеді. Бұл академиялық ұжым –  көптеген Ресей және халықаралық театр фести­вальдарының жеңімпазы. Саха театры – Ресей, таяу шетел мен Қиыр Шығыс елдері ұлттық театрларының ішінде ең жоғары «Золотые маски» сыйлығына үш мәрте қол жеткізген жалғыз театр. Мұнда Андрей Борисов, Геннадий Сотников, Ефим Степанов, Иннокентий Луковцев, Айаал Аммосов секілді бес бірдей КСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреаттары жұмыс істейді. Ұжымда Ресей Федерациясының ең іргелі өнер ордаларында білім алған 64 әртіс еңбек етуде. Айгүл АХАНБАЙҚЫЗЫ, «Егемен Қазақстан» АЛМАТЫ