Таяуда Жезқазған қаласында Тәуелсіздіктің 25 жылдығы шеңберінде «Тәуелсіздік – тұмарым, Мәңгілік Ел – тұрағым» атты мерекелік іс-шара болып өтті. Бұл ауқымды шараны ұйымдастырған – Қарағанды облысының Жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқармасы, Жезқазған қаласының әкімдігі, Жезқазған Бизнес және көлік колледжі.
Бизнес және көлік колледжінде өткен шараның ресми ашылу салтанатынан соң, бұрынырақ жарияланған, Баубек Бұлқышев пен Мұқан Иманжановқа арналған ақындар мүшәйрасының қорытындысы хабарланды. Қазылар алқасының шешімімен бірінші орынды жезқазғандық ақын Дәуренбек Бұланбаев иеленсе, екінші-үшінші орындарды, тиісінше қарағандылық Ерболат Қуатбеков пен Қайрат Иманбеков еншілеп, қаржылай сыйлықтарды қанжығаларына байлады. Сонымен қатар, Жанат Әбдіғожин, Мақсат Күземханов, Абай Ораз, Әсел Дүйсембаева, Ақнұр Нұрғазиева сынды жас ақындар да Алғыс хаттармен, ақшалай сыйлықтармен марапатталды. Соңынан Жезқазғандағы Ахмет ишан Оразайұлы атындағы мешіттің бас имамы Мәди Смағұлов аруақтарға бағыштап құран оқыды.
Бұдан кейін осы колледжде көптен көкейде жүрген игі мақсат жүзеге асты. Оқу орнында өскелең ұрпақ тәрбиесімен, қоғамдық шаралармен айналысатын «Серпін» жастар орталығы ашылды. Орталықтың студенттерге арналған өз асханасы, баспаханасы, тұрмыстық қызмет көрсету орны бар. Бұдан бөлек, мұнда монша жұмыс істейді, жазғы теннис корты да осында.
Облыстың жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқармасының басшысы Мирас Құттыбай мен Астана, Қарағанды қалаларынан келген өнер тұлғалары Жезқазған қаласының белсенді студент жастарымен кездесіп, келелі мәселелерді ортаға салды. Ал «Нұр Отан» партиясы Қарағанды облыстық филиалының жанындағы «Жас Отан» жастар қанатының төрағасы Нұржан Жетпісбаев студенттерге арнап «Көшбасшылық қасиеттерді дамыту» тақырыбында семинар-тренинг өткізді.
Бесін ауа шараға қатысушылар Жезқазған қаласындағы Халықтар достығы және мәдениет үйінде Астана мен Қарағанды өнерпаздарының, Жезқазған қалалық филармониясының, «Ақ әжелер», «Жар-жар шоу» ансамбльдерінің, басқа да жергілікті әнші-бишілердің қатысуымен өткен «Тәуелсіздік – тұғырым!» атты концерттік бағдарламаны тамашалады.
Кешкісін шара қонақтарын Жезқазған қаласының әкімдігі қошеметпен қабылдап, игі лебіздерін білдірді.
Ал екінші күні шағын футболдан өнер адамдары арасындағы дәстүрлі VІ «Қасым» кубогына кезек берілді. Нәтижесінде, Жезқазғанның «Мәдениет майталмандары» және «Ұлытау» командалары бірінші, екінші орындарға табан тіресе, қарағандылық «Арқа» командасы үшінші орыннан көрінді.
Қоғамдық бастамаларға, әсіресе рухани шараларға елеңдеп отыратын Жезқазған жұрты бір серпіліп қалды.
Қайрат ӘБІЛДИНОВ,
«Егемен Қазақстан»
Қарағанды облысы