20 Қазан, 2016

Жасампаздық жылнамасы

263 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін
era_72741999 * 15 қыркүйекте Президент Нұрсұлтан Назарбаев тұңғыш ресми сапармен Болгарияға барды. Болгария Президенті П.Стоянов пен Қазақстан басшысы достық қарым-қатынастар мен ынтымақтастықты одан әрі дамыту жөніндегі декларацияға қол қойды. * 17 қыркүйекте Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев ресми сапармен Украинаға барды. Президент Л.Кучмамен жүргізілген келіссөздің негізгі қорытындысы – екі елдің 2009 жылға дейінгі ынтымақтастығы туралы шартқа қол қойылғаны болды. * 23 қыркүйекте елімізге Ресей Премьер-министрі В.Путин ресми сапармен келді. Журналистермен сұхбат барысында В.Путин «Қазақстан-Ресей арасындағы қарым-қатынас жуырда болған ракета апатынан шиеленісіп кеткен жоқ па?» деген сауалға нақты жауап берді. «Бұл ретте Қазақстан жағы өте қарымды әрекеттер жасап, өздерінің ұлттық мүдделерін тастүйін қорғай білді», – деді ол. * 29 қыркүйекте Астанада Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан және Өзбекстан мәдениеті мен ғылымы қайраткерлерінің халықаралық кездесуі өтті. Кездесуде Президент Н.Назарбаев сөз сөйледі. Елбасы сөзі «Егемен Қазақстан» газетінің 1 қазан күнгі нөмірінде «Жаңа мың­жылдықта да жұбымыз жазылмайды» тақырыбымен жарық көрді. * 5 қазанда Президент Н.Ә.Назарбаев Иранға ресми сапармен барды. Екіжақты келіссөздер нәтижесінде Қазақстан  мен Иран арасындағы өзара қарым-қатынас туралы декларацияға, сондай-ақ, Қазақстан-Иран үкіметаралық 5 маңызды хаттамаға қол қойылды. * 12 қазанда Президент Жарлығымен Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Премьер-Министрі болып тағайындалды. * 26 қазанда Мәскеуде Кеден одағына қатысушы елдердің мемлекетаралық кеңесінің мәжілісі өтті. Онда Кеден одағы және Біртұтас экономикалық кеңістік туралы Мәскеу декларациясына қол қойылды. Басқосуда Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа «Алтын Атлант» халықаралық технологиялық сыйлығы табыс етілді. * 29 қазанда Қазақстанға Польша Президенті А.Квасьневскидің алғашқы ресми сапары болды. Келіссөз барысында екі елдің экономикалық қатынастарына байланысты маңызды мәселелер қозғалды. *1 қарашада Алматыда А.С.Пушкиннің 200 жылдығына орай ақынның ескерткіші қойылды. Салтанатты рәсімде Президент Нұрсұлтан Назарбаев сөз сөйледі. * 3 қарашада Беларусь Президенті Александр Лукашенко Қазақстан астанасына ресми сапармен келді. Сапар аясында екі ел арасындағы ынтымақтастықтың 1999-2008 жылдардағы кезеңге бағдарланған Шарты бекітілді. *5 қарашада Көкшетау қала­сы­ның бас алаңында қазақтың ұлы ханы Абылай ханға ес­керткіш ашылды. Салтанатты рәсімге Елбасы қатысып, сөз сөйледі. Бұл туралы «Егемен Қазақстан» газетінің 6 қара­ша күнгі санында «Абылай рухы елі­не қайта оралды» та­қы­рыбымен мақа­ла жарияланды. * 18 қарашада Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Ыстан­бұлда өткен Еуро­падағы қауіпсіздік пен ынтымақтастық ұйымының басқо­суы­на қатысты. Саммит барысында Қазақстан Президенті мемлекеттер мен үкіметтер басшыларымен 26 кездесу өткізді. *22 қарашада Нұрсұлтан Назарбаев ресми сапармен Моңғолияға барды. Президенттер Н.Назарбаев пен Н.Багабанди өзара байланыстарды одан әрі дамытуды, екі елдің қарым-қатынасын тең құқылы негізде өркендетуді мақсат ететін Бірлескен мәлімдемені бекітті. *23-27 қараша аралығында Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Қытай Халық Республикасына ресми сапары өтті. ҚХР Төрағасы Цзян Цземиньмен келіссөздің нәтижесінде 4 құжатқа қол қойылды. * 1 желтоқсанда еліміздің екінші сайланған қос палаталы Парламенті өз жұмысын бастады. *6-8 желтоқсан аралығында Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың Жапонияға ресми сапары болды. Нұрсұлтан Назарбаев пен Жапония Премьер-министрі Кейдзо Обутидің келіссөзі нәтижесінде өзара стратегиялық әріптестік туралы Бірлескен мәлімдемеге қол қойылды. * 16 желтоқсанда Президент Н.Ә.Назарбаев Нью-Йоркке сапары жолында қысқа мерзімге Мадридке тоқтады. Испания королі Хуан Карлос I-мен және Испания үкіметінің төрағасы Х.Ансармен кездесулері болды. era_7268* 17-21 желтоқсан аралығында Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың АҚШ-қа ресми сапары басталды. Сапар барысында Нұрсұлтан Назарбаев АҚШ Президенті Б.Клинтонмен, вице-президент А.Гормен, БҰҰ Бас хатшысы К.Аннанмен кездесіп, көптеген күрделі мәселелерді талқылады. * Осы жолы Нұрсұлтан Назарбаевқа Халықаралық сайлау жүйесі қорының «Демократияны алға жылжытуға қосқан аса көрнекті үлесі үшін» дипломы табыс етілді. Қор жетекшісі Р.Судриет беделді награданы тапсыру кезінде Қазақстандағы сайлау үдерісін табанды түрде жетілдіріп отыру, реформаларды жүзеге асыру мен тереңдету республикада демократияны дамытуға ұдайы ұмтылудың белгісі екенін атап айтты. *28 желтоқсанда Президент Жарлығымен 2000 жыл «Мәдениетті қолдау жылы» деп жарияланды. *29 желтоқсанда Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалық етуі­мен Үкімет мәжілісі өткізіліп, онда 1999 жылдың алдын ала қоры­тын­дылары қаралды. Мәжілісте экономикада оңды өзгерістер байқала бастағаны, елдің алтын қоры 2 миллиард долларға жуықтағаны, бұл ұлттық валюта айналымға шығарылғалы бергі ең үздік көрсеткіш екені, жылды еңбекақы және зейнетақы қарыздарынсыз қорытындылауға қол жеткені, теңге бағамының тұрақтана түскені атап өтілді. Елбасы, сондай-ақ, ендігі жерде Астана құрылысын шетел компанияларына беруді шектеу қажеттігін, өзіміздің құрылысшылар да әлемдік үлгіге сай нысандар сала алатынын атап көрсетті. Сыбайлас жемқорлықпен күрес мәселесіне де баса назар аударылды.