20 Қазан, 2016

Сарыарқа пирамидасы сыр бүгіп жатыр

871 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
DCIM100MEDIADJI_0473.JPGКейінгі жылдары Қазақстан археологтары табысты еңбек етіп жүр. Еліміздің әр түкпірінен есте жоқ ескі замандардың жәдігері табылғаны туралы хабарды әредікте құлағымыз шалып қалады. Осындай сүйінші жаңалықтар Арқа өңірінде де жоқ емес. Бұрын сыңаржақ саясаттың салдарынан мән берілмей келген, енді ғана ден қойылып, зерттеле бастаған дала тарихы да Тәуелсіздігіміздің арқасында әлі талай сырларын аша түсетіндей. Қарағанды облысының Шет ауданындағы Талды өзенінің бойынан шамамен біздің заманымызға дейінгі Қола дәуірде жасалған таңғажайып пирамиданың орны табылды. Бұл жерді ғалымдар, негізі 2014 жылы топшылағанмен, қазба жұмыстарын жүргізу мүмкіндігі тек биылғы тамыз айында ғана туды. Көп нәрсеге сол баяғы қаржы мәселесі қолбайлау болады да.  Құнды бірдеңе болса, құртып алмау үшін археологтар қазба жұмыстарын баяу, еппен жүргізеді. Экспедиция негізінен Е.Бөкетов атындағы ҚарМУ-дың магистранттары мен студенттерінен құралған. Көне қорымның 200 тоннаға жуық топырағы аршылды. Қара жерді қалақшамен қазған үлкен еңбектің нәтижесінде пирамида орнында ежелгі адамдардың сүйегімен қатар, олардың қолданған тұрмыстық заттары да табылды. Оның ішінде саздан жасалған елу шақты құмыра, жебе бастары, кездік сияқты бұйымдар бар. Айтқандай, кез­дік металл сезгіш құралдың көмегі­мен табылған. Табылған бас сүйектер екеу бол­ғандықтан, мұнда жерленгені де екі адам болуы керек. Оба топырағынан сынама алып, арнайы зерттеуден өткізген ғалымдар оның нәтижелеріне таңдай қағысып отыр. Бұл пирамида біздің дәуірімізге дейінгі тым ежелгі замандарда тұрғызыл­ған. Мұнша көне тіршілік белгілері тари­хымызда бұрын-соңды болмаған деседі. – Бұл оба «Қаражартас» деп аталады және ол Беғазы-Дәндібай мәдениетіне жатқызылған, – дейді экспедиция жетекшісі, тарих ғылымдарының канди­даты Игорь Кукушкин. – Беғазы-Дәндібай – шамамен біздің заманымызға дейінгі ХІІ-VІІІ ғасырларға жататын кейінгі қола дәуірдің мәдениеті. Тарихшының айтуынша, зерттелген құрылыс ғалымдарды пирамидалық-баспалдақты пішінімен таңдандырған. Оның биіктігі бес метр шамасында болса керек. Ал табаны шамамен 30 шар­шы метр аумақты алып жатыр. Пира­ми­даға жақын жерден сол бағзы заман­ға тиесілі тағы да он екі адамның сүйе­гі табылыпты. – Бұл жерде тайпа көсемінің немесе сол сияқты беделді бір ақсүйектер мен олардың жақындарының немесе сол заманға сәйкес жоғары әлеуметтік лауазым иелерінің қорымы болуы мүмкін. Тұран өркениеті күйреген тұста тұрғызылған кесене болуы да ғажап емес, – дейді Игорь Кукушкин. Өкінішке қарай, қорым сол көне заман­дардың өзінде түгелге жуық тоналып, топырақ астында тек кейбір тұрмыстық заттар мен қару-жарақтардың қалдықтары мен сынықтары ғана қалған. Қарағанды мемлекеттік университетінің мұражайына жеткізілген жәдігерлер қазір зерттеліп, мүмкіндігінше қалпына келтірілуде. Тарихшылар Мәдениет және спорт министр­лігіне табылған Сарыарқа пирами­дасының орны туралы хабарлап, оны қалпына келтіру туралы ұсыныс жол­дады. Бұл жерді әлі де кешенді түрде зерт­теу қажет. Үкімет тарапынан қолдау болс­а, «Қаражартас» қазақ даласының тари­хын­дағы елеулі ескерткіштердің біріне айналуы мүмкін. Қорым басына ескерт­кіш мемлекет қорғауында екенін ескер­тетін белгі қойылса, нұр үстіне нұр. Көне тарихты түгел тану, әлбетте, мүм­кін емес. Дегенмен, қолға түсе бер­мейтін осындай там-тұмдаған жәді­гер­лер­дің өзі ғылымға мейлінше дәл бағыт-бағдар бере алады. Бұл обаның, он­да жерленген адамдардың біздің баба­лары­мызға, ата тарихымызға қатысы болуы да әбден мүмкін ғой. Қалай болғанда да, салқар даладан табылған пирамида ор­ны талай сырды бүгіп жатқаны анық. Қайрат ӘБІЛДИНОВ, «Егемен Қазақстан» Қарағанды облысы, Шет ауданы 3-2016 4-2016