ТМД Атқару комитеті жанындағы бухгалтерлік есеп бойынша Үйлестіру кеңесінің төрағасы қызметіне Қазақстан Республикасының өкілін тағайындау туралы шешім бүгін Астанада өткен кеңестің XIII-отырысында дауыс беру кезінде жасалды.
Бұл лауазымды 2017 жылдан бастап, ҚР Қаржы министрлігі бухгалтерлік есеп және аудит әдіснамасы департаментінің директоры Арман Бектұрова атқаратын болады.
Оның кандидатурасы көпшілік тарапынан қолдау тапты. Кеңес құрылғалы бері (2001 жылдан бері) бұл лауазымды Ресей Федерациясының өкілі басқарып келген болатын.
Кеңестің отырысы 18-19 қазан күндері Әзербайжан, Беларусь, Қырғызстан, Молдова, РФ және Өзбекстан өкілдерінің қатысуымен өтті. Сонымен қатар отырысқа АССА (Ұлыбритания, Лондон) реттеуші органдармен қарым-қатынастарын дамыту жөніндегі директоры Шахрух Али Кхан қатысты.
«ҚР Қаржы министрлігінің кеңес төрағасы қызметіне тағайындалуы - бухгалтерлік есеп саласындағы отандық мамандардың кәсіби біліктілігіне берілген жоғары баға және құзырлы органдардың Үйлестіру кеңесі аясындағы белсенді әрі тиімді әріптестігінің жемісі», - деді министрліктің жауапты хатшысы Наталья Коржова.
ҚР Қаржы министрлігінің мәліметтері бойынша, ТМД Атқару комитеті жанындағы бухгалтерлік есеп бойынша Үйлестіру кеңесінің жұмысы аудиторлық қызметті реттеудің ұлттық жүйесінің әртүрлілігіне қарамастан, бухгалтерлік есеп және аудит саласындағы мамандарға қойылатын жалпы талаптарды біріздендіруге бағытталып отыр.