21 Қазан, 2016

Алатау аясындағы аламан

362 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
20-10-16-universiada-7Қысқы Универсиаданың басталатын шағына 100 күн қалды Енді тура 100 күннен кейін, яғни 2017 жылғы 29 қаңтарда Алматыда әлем студенттерінің қысқы Ойындары – Универсиада салтанатты жағдайда ашылады. Ол ақпанның 8-іне дейін созылады. Универсиада – Халықаралық студенттер спорты федера­ция­сының (FISU) аясында өтетін студенттер арасындағы халықаралық спорт жарыстары. Бұл дүбірлі додаға 17-28 жас аралығындағы студенттер, аспиранттар және университеттер түлектері жіберіледі. Қазақстан Универсиадаларға өзі тәуелсіздік алғаннан кейін, 1993 жылдан қатыса бастады. Содан бері бұл сайыстардың көрі­гін қыздыруға республиканың 700-ден астам студенті атсалысып, нәтижесінде 125 медальді жеңіп алып қайтты. Халықаралық студенттер спорты федерациясы 2011 жылғы 29 қараша күні Брюссельде Алма­ты қаласын 2017 жылы өтетін 28-ші Дүниежүзілік Қысқы Уни­вер­сиа­даның астанасы деп жариялады. Сөйтіп, Қазақстан ТМД елдері арасынан бірінші болып Қысқы Универсиаданы өткізу құқығына қол жеткізді. Осыдан кейін Универ­сиа­да-2017 ойындарын өткізу жө­ніндегі дирекция құрылды. Оның басшысы болып Наиль Нұров тағайындалды. Алматыда Универсиада-2017 ойындарын өткізу бастамасын Қазақстан студенттік спорт федерациясы көтерді. Қазір Алматы Қысқы Универ­сиадасына әлемнің 55 елінен 2000 студент келеді деп күтілуде. Алатау аясында студенттік ойындар өтіп жатқан кезеңде оған шетелдерден келетін және еліміздің әр аймағынан жиналатын 3000 ерікті қызмет көрсетеді. Сонымен бірге, шетелдерден 30 мыңнан астам қонақтар мен туристер келетіні белгілі болып отыр. Бұдан бөлек, әлемдік студенттер сайыстарының телеаудитория­сы 1 миллиард адамды құрайды. Ойындар трансляциясы жаһанның 80 еліне таратылады. Алматы Қысқы Универ­сиа­да­сында студент-спортшылар жа­рыс­тың 12 түрі бойынша медаль­дарды сарапқа салады. Олардың арасында биатлон, тау шаңғысы, кёрлинг, коньки спорты, шаңғы қоссайысы, шаңғы жарысы, трам­плин­нен шаңғымен секіру, сноуборд, мәнерлеп сырғанау, фрис­тайл, шайбалы хоккей, шорт-трек бар. Жарыстар Алматы қаласы мен оның маңындағы 8 спорт нысанында өтеді. Бұларды «Шымбұлақ» тау шаңғысы курорты, «Медеу» биік таулы спорт кешені, «Сұңқар» шаңғы трамплині халықаралық кешені, Балуан Шолақ атындағы спорт және мәдениет сарайы, «Алатау» шаңғы және биатлон стадионы кешені, «Табаған» спорт және ойын-сауық кешені, «Алматы Арена» және «Халық Арена» спорт кешендері құрайды. Универсиада ұраны – «Қана­тыңды кең серпі!». Бұл жастарды ересектер спорты биігін бағын­дыруға шақыру болып табылады. Серік ПІРНАЗАР, «Егемен Қазақстан»