21 Қазан, 2016

Тойларымыз тоқырауға ұшырамасын

665 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін
toyӨмір болған соң қуанышы мен қайғысы қатар жүретіні белгілі. «Әрбір қиындықтың артынан бір жеңілдіктің келетіні» әмбеге аян. Қазақты жалқау, аңқау деп сын тағып, мінезіне мін тағып жататындар жетерлік. Дегенмен, осындай тұста қазақтың бір қасиетін есте ұстауымыз қажет. Ол қандай дейсіз ғой. Ол қазақтың қайғы келсе де, қуаныш болса да «бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығара алатын» ұйымшылдығы, бірлігі. Қазақтың қай ауылына барсаңыз да осы үрдіс берік сақталған. Әлі күнге дейін бар екеніне кепілдік бере аламын. Балалық шақтың естелігімен ауылдың осындай тамаша дәстүрі ойыма бірге оралады. Көрші үйде той болады десе, білегімізді түріп, сол үйдің қызметіне жарауға жарысатынбыз. Ерманның үйінен дастарқан, Жақсыбектің үйінен самауыр, Аңшыбайдың үйінен ыдыс-аяқ әкеліп, абыр-сабыр болып жатамыз. Атты арбаға жегіп алып, үстел тасимыз, палатка құрамыз. Содан соң сол үйдің бауырсағын жеп, сорпасын ішіп алып, ойынға жүгіреміз. Ешкімнен ақы да, ақша да сұрамаймыз. Керісінше, солардың бір керегіне жарағанымызды мақтан тұтып, ауылда абыройлы болып жүруші едік. Ал қайғысы келсе, жұбату айтып, жұбаныш боламыз. Қай үйге қайғы келсе, сол үйдің баласының маңайына жиылып, қолдан келгенше қолдау көрсетеміз. Бұл ауылдағы ауа райы. Қазақтың аттан түсіп, ауылдан көшіп жатқанына аз болған жоқ. Бірақ, ауылдан көшкенмен, ауылдың берген өнегесі өне бойыңнан өшпеу керек. Әңгіменің әлқиссасы осы болсын, енді негізіне көшсек. «Той десе қу бас домалайды», «Тойға барсаң тоқ бар, той қызығы көкпар», «Тойға барсаң бұрын бар, бұрын барсаң орын бар» деп жал­ғаса беретін той жайлы толып жатқан мақал-мәтелдердің көптігіне қарап, біздің қазақтың қаншалықты сауықшыл, той десе тоқтай алмайтын ел екенін байқауға болады. Нәресте туса шілдеханасын, тілі шығып, мектепке барса, тілашарын жа­саймыз. Мектепті бітірсе, ол да ескерусіз қал­майды. Студент атанса, балам қалада оқиды деп, бөркімізді аспанға атып, біраз күн бойды түсіре алмай жүреміз. Ал тойдың үлкені ұл үйленіп, қыз ұзатылғанда болады. Үлкен той болғасын үлкен проблемалар да орын алып жататыны айтпаса да айқын дүние. Қазіргі тойларда қазақылық қасиет қалмай бара ма, қалай өзі? Әлде мен қателесемін бе? Шорт кесіп шешім шығармай, шолу жасап көрейік.   Арақпен өткен тойдан түңіл Біз қазір өзімізді қанша жұбат­қанымызбен, қазақылық қалпымызды жоғалтып бара жатқан елміз. Қызы­ғын қымызбен тойлайтын елміз, шаттығын шампанмен атап өтуді әдетке айналдырғаны жаныңа батады, қабырғаңды қайыстырады. Аға болып ақыл айтатын атпал аза­маттардың араққа арбалып, тойдың төрінде төбелесіп, ерегісіп жатқанын көргенде, үлгі алатын үлкендердің түрі осы ма деп түңілесің. Үлкендерге үкім айтатын жаста емеспін. Десе де «аға» деген асыл ұғым­ның астарына бір үңіліп қара­са­ңыз етті. Тойда тойып жүрсең  сөзіңді кім тыңдайды, өзіңді кім сыйлайды? Стақан көтерген сайын беделіңнің түсетіні белгілі. Есіңді білмеген соң есіріп сөйлей бересің. Бұрындары арақты тек үлкен кісілер ішу керек деген қағида бар сияқты көрінетін. Бірақ қазір жастардың көбі осы індетке шалынып жүр. Тойда отырсаң өздері мен өздері болып, ақсақалды ата, ақжаулықты ана бар деп пысқырмай, үйленіп жатқан жігіт пен ұзатылып жатқан қыздың жора-жолдастары, дос-жарандары улап-шулап тост көтеруді шығарып жүр. «Алма ағашынан алыс түспейді» деген­дей олардың да алдыңғы толқын аға­­лардан алған тә­лім-тәрбиесі осы шығар. Мұратым мұқалту емес. Көргенім көңіліме қаяу салған соң, қалам алып қам жасадым. Кең жерімізге төре боп, келешегімізге еге боп қалатын жастар деген соң, олардың саны да, жаны да қазақ үшін қастерлі. «Жүре берсең, көре бересің» деген сөз бар. Қазір қоғамда қанша жерден туыс болса да, ағайыны арақсыз той жасаса бармаймын деп байбалам шығаратын жандар да бар екен. Немесе, арақсыз той жасасам ешкім келмейді, тойым той емес, жаназа сияқты болады деп алаңдайтын адамдар да пайда болыпты. Арақсыз тойдың артығын айта-йын. Біріншіден, ақшаңды үнемдейсің. Оған басқа керегіңді түгендейсің. Екін­шіден, ешкімге арақ құйып, күнәға батпайсың. Арақтың арам, оны ішу күнә екені бесенеден белгілі. Қазақ­тың мерекелі тойы берекелі өтуі үшін, ең бірінші осы арақты арқан­дағанымыз абзал деп ойлаймын. Себе­бі, тойдағы қазақылықты жойып жат­қан террористің біріншісі – осы арақ.   Күлсең, кәріге күл... Бұл мақалдың жаны бар секілді. «Қартайғанда, білегінен әл тайғанда, болмашы нәрсеге қуанып, болмашы нәрсеге қуарып қалатын адамды біздің қазақ балаға балап, «сен де сондай күнге жет» деп ырымдап, «күлсең, кәріге күл деген» мәтелді өмірге әкелген. Ал қазіргі қарияларға қарап, жылауға болатын сияқты. Көпке топырақ шашпаймын. Бірақ, мұндайлардың бары жасырын емес. Тойда бата беріңіз десе, бірінші тілек айтады, сосын барып батасына көшеді. Қазақтың батасының өзі тілек емес пе? Және батаның өзінің үлгісі мен жүйесі бар. «Бісміллә» мен басталып, «алып қойыңдар» мен аяқталып жатқан баталарды да көзіміз көріп, құлағымыз шалып жүр. Кейде аталарымыз бен апаларымызды аяймын. Қатты аяймын. Қатарларының азайып жатқанына, олардың орнын бата беру білмейтін буынның басып жатқанына, замананың заңы күн сайы­н құбылып, жалған дүние жаңарып, жаһандану деп жарысып, қазына кеуде қариялардың ақыл-кеңесі керексіз болып жатқанына. Кішкене күнімізде аталарымыз қонаққа барса, қасынан тастамайтын. Қазір ойлап отырсам, олардың осы ісі мықты саясаткерлігі екен ғой. Немересін ұсақ-түйекке үйір қылмай, өсек емес, өсиет естіп өссін дегені болар. Дүйім дүние дамудың даңғыл жолына түссе де, қазыналы қарттар қауымының қадірі төмендемеуі керек. Олардың тәрбиелеу тактикасының қаншалықты озық екенін білгің келсе, Зере мен Айғанымның қолында өскен екі тұлғаны еске түсіріңіз. Бірі хакім болды, ақын болды. Бірі ғалым болды, алты алашқа мәлім болды. Осындай үлкендердің орны ойсырап тұрғандай қазір. Аталардың аты аталса, ең бірінші көзімізге сақалын сипап, тақиясын сайлап, қолын беліне байлап, таяғына сүйеніп келе жатқан адам елестеуші еді. Қазіргі адамдар қартаймай ма, әлде ақсақал болуға асықпай ма? Қаншама ағаларымды көрдім, Пайғамбар жасына жетсе де қырықтағы жігіттей сақал-мұртын қырып тастап, қарттыққа қатысы жоқ адам сияқты жүретін. Қайтадан тойға оралсақ. Үлкен­дердің үлкендігі – ол жиылған жұрт­ты сөзімен де, көзімен де басқара алатын­дығында. Атқан оғын тигізіп, айтқан сөзін өткізе алатын лауазымға лайық болуында. Сонда ғана арақ ішкісі келетін жастар пәленбай деген атамыз, түгенбай деген апамыз отыр деп, қарияларды қадірлеп, бір жағы қаймығып арақ ішуін азайтар еді. «Жақсы қартайса қазына болар, жаман қартайса қазымыр болар» дегендей, ақылгөй ақсақалдар мен кемеңгер кеуде кейуаналардың көтерер жүгі қартайған сайын қалыңдай түспек. Тойымызды тоздырмай, тоқырауға ұшыратпай сақтап тұратын бірден-бір күш – осы қарияларымыз. Жиы­нымыздың құтты болуы ата-әжелеріміздің мықты болуына байланысты екенін естен шығармайық.   Асабаға аса мән бергеніміз абзал «Той – Тәңірдің қазынасы» дей­міз. Бірақ осы қазынамызды қан­шалықты қорғап жүрміз. Керісінше қорлап жүрген жоқпыз ба? Құнды қазынамыздың құнын жоймауға атсалысып, бағасын арттыруға сеп­тігін тигізетін бірден-бір амал – той жүргізушілерінің мәдениеттілігі, әдептілігі деуге болады. Аптаның соңын асыға күтетін асабалардың саны мен сапасы, ойы мен ойыны, сөзі мен ісі сын көтермейді. Ғаламторды ашып, «аса­балар» деп іздесеңіз аяқ-алып жүре алмайсыз. Күлдіремін деп бүл­діріп жатқандары да жетерлік. Біреуі­нің тілі әдемі, біреуінің түрі әдемі. Әрине, төрт тұяғын тең басқан тұл­парды табу қиын ғой. Дегенмен, ел-жұрттың алдындағы, той иелерінің алдындағы жауапкершілікті сезінген той тізгіншілері осындай олқылыққа орын бермейді дер едім. «Тұлпарды тағасынан, шапанды жағасынан» танитын қазақ сөйлеп отырған асабаның ой-өрісін бір сөзінен-ақ біліп жатады. Қазіргі асабалардың санасын жаттандылық жаулап алған сияқты. Қай тойға барсаңыз да бірінен бірі аумайтын бағдарламалар. Ойындар. Әзілдер. Халық та олардың сөздерін де, істерін де әбден жаттап алған. Кейде жарысып қайталап отырады. Бұл ең бірінші асабаның ізденімпаздығының аздығында немесе өзіндік соқпағын қалыптастыра алмауында. Соңғы уақытта олардың бөлінуді насихаттап жүргенін жиі байқаймын. Бір рудың шашбауын көтеремін деп, келесі руды кемсітіп, келемеждеп жататындары да жетерлік. Бұл ретте асабаның мәдениеттілігіне мән бергеніміз абзал. Ауыз бен сөз өзіңдікі екеніне дауымыз жоқ. Бірақ, қонақ болып келген адамдардың арасында әзіліңді түсінбей өкпелеп қалатын үлкендер мен әр сөзіңді жаттап алуға дайын тұратын бүлдіршіндердің барын естен шығарма. Қазақ негізі асабаға зәру емес. Құдайға шүкір, сөзге бай, жырға жүйрік ел. Дегенмен, қызығымды одан сайын қыздыра түссін деп осындай жандарды жалдап жатады. Бұқара халық сеніп шақырғанда Бұқардай көсіліп, Шалкиіздей шешіліп, Төле бидей төгіліп сөйлемесе асабаға сын емес пе? Қазақы тойымызды тоқырауға ұшырататын факторлар жетіп-ар­тылады. Тізбелей берсек, түңіліп ке­туіміз мүмкін. Қазіргі тойымызда жақсы жақтар жоқ деуден аулақпын. Бар. Бірақ аз. Тіпті күннен-күнге азайып бара жатқандай көрінеді. Кем­шілікке кеңшілік жасамай, ке­рі­сінше тоқтатып, тосқауыл болуға ты­рысайық. Сонда ғана қуанышқа жайылған дастарқанымыз қуанышпен аяқталады. Рауан ҚАЙДАР, «Егемен Қазақстан»