21 Қазан, 2016

Жасампаздық жылнамасы

359 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін
era_76172000 *1 қаңтарда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан халқына жолдаған Жаңа жылдық кұттықтауы «Егемен Қазақстан» газетінде жарияланды. Құттықтауда: «Екі мыңыншы жыл экономикамыздың өркендеу жылы болмақ. Бұған барлық жағдай бар. Бүгінгі күні таяу уақытта-ақ әрбір қазақстандық өз дастарқаны мен жанқалтасы арқылы экономикалық өрлеудің жемісін айқын сезінеді деп нық сеніммен айтуға болады», деп жазылды. *25 қаңтарда Президент Нұрсұлтан Назарбаев Мәскеуде ТМД мемлекеттері басшыларының саммитіне қатысты. Шара шеңберінде Н.Назарбаев және Өзбекстан басшысы И.Каримов халықаралық лаңкестікке қарсы күресте күштерді біріктіру қажеттігі, біртұтас үйлестіруші орталықтың құрылуы туралы ұсыныс жасады. * 9 ақпанда Үкіметтің кеңейтілген мәжілісі болды. Мәжілісте сөз сөйлеген Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев 2000 жылды қолайлы жағдайда бастап отырғанымызды атап көрсетіп, жаңа Үкіметтің негізгі міндеттері ретінде әлеуметтік ахуалды жақсартуды, басқарудың тиімділігін арттыруды, өндірістік секторды несиемен қамтамасыз етуді, экономиканың шикізаттық бағдарын өзгертуді, аймақтардың үйлесімсіздігін еңсеруді атады. *16 ақпанда Президент Нұрсұлтан Назарбаевқа «Ғасыр саңлағы» медалі тапсырылды. Бұл таңдау еліміздің мандайалды қайраткерлерінен құрылған ерікті қоғамдық кеңестің шешімі бойынша жасалған. *24 ақпанда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Вена қаласында Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының Бас хатшысы Я.Кубишпен кездесті. Мұнан кейін ЕҚЫҰ-ның тұрақты кеңесінің кезекті отырысында сөз сөйледі. Сапар кезінде Елбасы Австрияның федералдық президенті Томас Клестильмен әңгімелесті. *10 наурызда Президент Жарлығымен Алматы облысының Талдықорған ауданы Ескелді ауданы, Батыс Қазақстан облысының Орда ауданы Бөкей ауданы болып қайта аталды. Бірқатар аудандардың орыс тіліндегі транскрипциясы өзгерді, енді Ақтөбе облысындағы Челкарский район – Шалкарский район, город Челкар – город Шалкар, Батыс Қазақстан облысындағы Джаныбекский район – Жаныбекский район деп жазылатын болды. *17 наурызда Түркістан қаласында қазақтың ұлы ханы Абылайдың сүйегі арулап қайта қойылды. *3 сәуірде Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың Израиль мемлекетіне ресми сапары басталды. Израиль президенті Эзер Вейцманмен әңгіме барысында екіжақты қатынастардың ойдағыдай дамып келе жатқаны қанағаттанғандықпен атап өтілді. Э.Вейцман өз кезегінде Нұрсұлтан Назарбаевтың осы аймақтағы тұрақтылыққа жәрдемдесіп отырған сындарлы саясатына жоғары баға берді. * 8-11 сәуір аралығында Президент Н.Ә.Назарбаевтың Әзербайжанға ресми сапары болды. Елбасы сапар аясында Бакуде өткен түркітілдес мемлекеттердің VI саммитіне қатысты. Саммитте сөйлеген сөзінде Нұрсұлтан Назарбаев халықаралық жағдай мемлекеттердің арасындағы ынтымақтастықты бұрынғыдан да тереңдете түсуді талап ететінін атап көр­сетті. Мем­­ле­кет­тер басшылары сам­мит соңында Ба­ку декларациясына қол қойды. Бұдан бөлек, Президент Нұрсұлтан Назарбаев Президент Гейдар Алиевпен кездесті. era_7624*15 сәуірде Ел­ба­сы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан­ға жұмыс сапарымен келген АҚШ-тың мемлекеттік хат­шысы Мадлен Олбрайт­пен кездесті. Әң­гіме барысында қауіпсіздік, қа­ру­ды таратпау, энер­гетикалық саладағы ынтымақтастық, демократия мен адам құқығы, экономикалық ынтымақтастық мәселелері сөз болды. Бұл туралы «Егемен Қазақстан» газетінің 18 сәуір күнгі нөмірінде «АҚШ Қазақстанды Орталық Азиядағы басты әріптесі санайды» тақырыбымен мақала жарияланды. * 19 сәуірде Елбасының қатысуымен қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес мәселелері талқыланған жиын өтті. Ертеңінде, Президент «Қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жүйесін жетілдіру шаралары туралы» Жарлыққа қол қойды. *20 сәуірде Ташкентте Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан және Өзбекстан президенттері кездесіп, терроризмге, діни экстремизмге, есірткі бизнесіне, сондай-ақ, ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес мәселелерін талқылады. Президент Н.Ә.Назарбаев пен Президент И.Каримовтың кездесуі барысында екіжақты сауда-экономикалық байланыс мәселелері талқыланды. Сондай-ақ, президенттер лаңкестік, саяси және діни экстремизм, трансұлттық ұйымдасқан қылмыс және де тұрақтылық пен қауіпсіздіктің басқа да қауіптерімен күресуде бірлескен қимылдар туралы шартқа қол қойды. * 26 сәуірде Алматыда «Еуразия-2000» экономикалық саммиті өз жұмысын бастады. Саммиттің алғашқы күнінде Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев сөз сөйледі. «Өзгелердің тәжірибесінен үйреніп, оны негізге ала отырып, біз өзіміздің төлтума мәдениетіміздің ерекшелігіне жауап беретін өз жолымызды іздейтін боламыз», деді Елбасы. Бұл шараға әлемнің 37 елінен 500-дей саяси қайраткер, алдыңғы қатарлы кәсіпкерлер және халықаралық сарапшылар қатысты. Мемлекеттер басшылары еуразиялық аймақ дамуының мәселелерін, оның мүмкіндіктері мен қиындықтарын, инвесторларға тартымдылығы мен әлемдік аренадағы рөлін талқылады. * 10-11 мамырда Литва Республикасының Президенті В.Адамкус Қазақстанда мемлекеттік сапармен болды. Литва басшысы Президент Н.Ә.Назарбаевтың қабылдауында болды. Ел басшыларының келіссөзі барысында мемлекеттік органдар кәсіпкерлердің тікелей қарым-қатынастарын дамытуға барынша қолдау жасап отыруға тиіс деген ортақ ұйғарым тиянақталды. *16 мамырда Президент «Қазақстан Республикасында нашақорлыққа және есірткі бизнесіне қарсы күрестің 2001-2005 жылдарға арналған стратегиясы туралы» Жарлыққа қол қойды. * 23 мамырда Минскіде Беларусь, Қазақстан, Қырғызстан, Ресей және Тәжікстан мемлекеттері басшыларының саммиті өтті. Онда Кеден одағына қатысушы мемлекеттер басшылары интеграциялық үрдістердің одан әрі дамуының негізгі бағыттарын белгіледі. * 2 маусымда Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев өзінің жастық шағы өткен Днепродзержинск қаласының 250 жылдығына арналған мерекелік шараларға қатысу үшін Украинаға келді. Қазақстан Президенті өзі оқыған №22 кәсіптік-техникалық училищеде, металлург мамандығының қыр-сырын алғаш меңгерген Днепродзержинск металлургия комбинатында болды.