«Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы кәсіпкерлермен жұмыс жүргізуді жаңа белеске көтеруге бел байлап, білек сыбана кірісті. «Жаңаөзенге – жаңа серпін» Жаңаөзен қаласына келген олар тың жұмысты алдымен мұнайлы қаладан бастамақ.
Жаңаөзендегі кәсіпкерлік ортаны дамыту, кәсібін ашам дегендер мен ашып, жұмысын алға бастырам дегендерге бұған дейін кездескен кедергілерді анықтап, оларды жоюға және жолға қоюға жәрдемдесу, түсінбей жүрген мәселелеріне кеңес беру, жалпы кәсіпкерлік ортаның жұмысын жақсарту, сондай-ақ, мәселелерді сараптай келе Жаңаөзен кәсіпкерлерінің картасын жасақтап, оны атқарушы органдармен бірлесіп, тез арада шешімін табуына көмек беру – «Жаңаөзенге – жаңа серпін» жобасының басты мақсаты. Жергілікті әкімдіктің қолдауымен жүзеге асырылатын, кәсіпкерлермен кешенді жұмыс жүргізуді көздеген жоба жұмыспен қамту аясында кәсіптік-техникалық оқыту және қайта даярлау мәселелерін жүзеге асыруды да қарастырған.
Жоба аясында Жаңаөзендегі шағын және орта бизнес өкілдерімен, өз ісін жетік меңгерген тәжірибелі, әлеуетті кәсіпкерлермен және жастармен кездесу үшін арнайы жұмыс тобы құрылды. Он екі адамнан тұратын жұмыс тобы құрамында Ақтөбе, Атырау, Оңтүстік Қазақстан және Маңғыстау облыстарынан келген сарапшылар, «Маңғыстау» кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығы басшысы, Астанадан арнайы өкілдер бар, олар әр салада, яғни кәсіпкерлікті ашу, жүргізу, тендерлерге қатысу, сатып алу, бизнесті жүргізуде инфрақұрылым қолжетімділігі, сот істерін қарау, оның ішінде кәсіпкерлердің құқықтары мен мүдделерін қорғай білуі, кедендік реттеу, салық салу, жұмыспен қамту жөнінде кәсіптік-техникалық оқыту, қайта даярлау мәселелері бойынша кәсіпкерлерге кеңес беріп, күрмеуін таппаған мәселелерін бірге шешуге көмек беретін болады. Бір айға жуық Жаңаөзен қаласында тұрақтайтын жұмыс тобы келушілерді қабылдап, олармен қолайлы жұмыс жүргізу үшін арнайы жұмыс бөлмелерімен қамтылды. Бағдарлама аясында «атамекендіктер» жаңаөзендік кәсіпкерлерге кеңес берумен қатар, «Бастау бизнес» мектебін іске қосу бойынша өзін-өзі қамтыған кәсіпкерлер мен ісін жаңа бастаған тұлғалардың кәсіпкерлік белсенділігін арттыру үшін оқыту, сондай-ақ, арнайы консультациялық орталық ұйымдастыру арқылы бастаушы және жұмыс істеп тұрған кәсіпкерлерге барлық шаралар бойынша қаржылық және қаржылық емес қолдау көрсету мәселелері қамтылса, «Бастау кәсіп» жобасы аясында жұмысшы кәсіптер бойынша жұмыссыздарды оқыту, әсіресе жастарды оқыту мәселесі жүзеге асырылады, яғни мектептен соң жоғары оқу орнына түсе алмай қалған жастардың белгілі бір кәсіпке машықтанып, жұмыс орнын табуына ат салысады. «Бір терезе» қағидасы бойынша кәсіпкерлерге сервистік фронт-офис ұйымдастыру арқылы барлық мемлекеттік органдардың, даму институттарының қызметтерін қолжетімді ету, мемлекеттік қолдау шаралары бойынша тұрғындарға көшпелі презентациялар өткізу, «Атамекен Сервисес» мобильді қосымшасының мүмкіндіктерін жаңаөзендік кәсіпкерлерге таныстыру сынды 30-дан астам іс-шараны жоспарлаған.
Жаңаөзен қаласында өткен жобаны іске қосу жиынында сөз алған «Атамекен» ҰКП басқарма төрағасы А.Мырзахметов «Жаңаөзенге – жаңа серпін» жобасының мақсаты мен жүзеге асырылуы, алдына қойған міндеттері туралы жан-жақты баяндады. Жаңаөзендегі жұмыс тобы арқылы кәсіпкерлермен жасалып жатқан жұмыстардың күнделікті қадағаланып отыратындығын жеткізген ол, кәсіпкерлердің өздерін толғандырып жүрген мәселелер бойынша жауап алуларына кең мүмкіндік ашылғандығын жеткізді.
Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары Р.Әміржанов жоба жұмысына сәттілік тілесе, Жаңаөзен қаласының әкімі Е.Әбілов «Атамекен» ҰКП қолға алған Жаңаөзендегі жобаның нәтижелі болатындығына сенім білдіріп, аталмыш жұмыстарға әкімдік тарапынан қажетті қолдау көрсетілетінін жеткізді.
– 2016 жылдың 9 айында жұмыссыздыққа 4137 адам тіркеліп, оның 2601-і жұмыспен қамтылды. 2013-2016 жылдар аралығында ісін жаңадан бастаған 20 кәсіпкерге 57,1 млн теңге көлемінде мемлекеттік грант берілді, 82 кәсіпкерлік жобалардың пайыздық мөлшерлемесін субсидиялауға 160,4 млн теңге, кәсіпкерлікті дамытуға жәрдемдесу бойынша 56 кәсіпкерге 165,7 млн теңге көлемінде 6 пайыздық шағын несие берілді. Нәтижесінде қаламызда жаңадан «Жаңаөзен» ойын-сауық орталығы, «Зиба» ойын-сауық кешені, «Өзен» сауда орталығы, «Заңғар» сауда орталығы, екі қабатты дәріхана, «Астана» көлік жуу орталығы, Рахат ауылында көлік жуу орталығы, «Шапағат-2012» бизнес орталығы және басқа да ірі нысандар бой көтеріп, 577 жаңа жұмыс орындары ашылды.
Жаңаөзен қаласының өндірістік аймағынан өнім өндіруші кәсіпкерлерді бір жерге шоғырландыру мақсатында, жалпы ауданы 30 гектар құрайтын жер телімі бөлініп, өндірістік алаң құрылды. Бүгінгі таңда өнім өндіруші 6 шағын субъектіге алаңнан жер телімдері беріліп, 3 жеке кәсіпкер дәретхана қағазын өндіретін және пластмасса қалдықтардан құрылыс материалдарын өндіретін цехтарының құрылыс жұмыстарын бастады.
Алдағы уақытта, 30 өнім өндіруші кәсіпкерді орналастыру, жұмыспен қамту орталығынан 300-ге жуық жұмыссыз тұрғындарды жұмыспен қамту жоспарлануда, деді Жаңаөзен қаласының әкімі.
Жаңаөзенде қазіргі таңда шағын және орта бизнеспен айналысатын кәсіпкерлер саны 7 958 адам болса, оның 6510-ы жеке кәсіпкерлер. Жеке кәсіпкерлер көтерме және бөлшек сауда саласында, көлік жөндеу, көлік және қойма бағыты, ауыл, орман, балық шаруашылығы, сондай-ақ, қаржы және сақтандыру қызметі, тау-кен өнеркәсібі, сумен жабдықтау, электр жүргізу, газ тарту секілді қызмет түрлерін көрсетумен айналысады.
Жаңаөзен – жас қала. Себебі, Теңге, Рахат, Қызылсай елді мекендерін қоса алғанда, қалада 14-29 жас аралығындағы 38 мыңнан астам жас тұрады. Осынша жастардың 272-і жеке кәсіпкерлікпен айналысса, 1550-і жұмыссыз екен. Барлық жанның мұнай саласына жұмысқа тұруы мүмкін де, міндетті де емес. Осындайда асыл дінімізге қатысты бір тәмсіл еске түседі. Алла әрбір пендені жарық дүниеге жібергенде, екі уысына толтырып тірлігінде терер ырыс-несібесін ұстатып жібереді екен. Ана құрсағынан шыққан сәби қос қолын ашып, болашақ ырыс-несібесін шашып жіберіп, кейін өмірінің соңына дейін соны ғана терумен өтеді екен. Демек, мұнай алаңынан дәм теру бұйырмаған жан өз нәсібін басқа кәсіп төңірегінен іздегені жөн.
«Атамекен» ҰКП қолға алған бастама жұмыс көзін іздеген талай жастың арманына жол ашады деп ойлаймыз.
Гүлайым ШЫНТЕМІРҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан»
Маңғыстау облысы